Масылдық психологиядан қалай арыламыз?

21 ақпан, 16:51

Масылдық психология – қоғамның қауіпті дерті. «Алма піс, аузыма  түс» дейтіндер бүгінде бар, кеше де болған. Бұл қоғамның дамуын тежеп, еліміздің өркендеуіне кері әсер ететін құбылыс. Кейбір екі қолға бір күрек ұстағысы келмейтін жандар табыс таппағаны үшін өзін емес, өзгені кінәлап, мемлекет көмегінен дәмеленеді. Масылдық психологияны қалай жеңеміз? Қоғамдағы патерналистік көңіл күйден арылу үшін қайтпек керек? Біз осы сауалдарды әр сала мамандарына қойып көрдік.

Ләззат Махаметқызы, дәрігер: Масылдық психологияны әлеуметтік желідегі коучтар өршітіп жатыр 

«Қазір бізде қоғамда еңбек еткісі келмей, әлеуметтік жағдайын түзеуге ниеті жоқ отбасылар бар. Бұл шындық. Өкінішке қарай, мұндай адамдар арамызда бар. Өз салам бойынша айтайын. Біз дәрігер болғаннан кейін жыл сайын босанатын келіншектерге кеңес береміз. Өмірге сәби әкелгеннен кейін кемінде екі жылдай әйел ағзасы демалуы керек. Біз болашақ аналарға бала тууды жоспарлауға кеңес береміз. Бірақ біздің  сөзімізге құлақ аспай, тіпті денсаулығына зиян келіп тұрса да көп балалы болғысы келетін келіншектер бар. Тіпті кейбіреулері мемлекет төлейтін жәрдемақыға бола, бала туғысы келетіндерін жасырмай айтады. Осындай мысалдар өте көп. Бұл, әрине, қоғамдағы масылдық психологияны үдете түсуде. Бір жағынан, демографиялық өсімге әсер етеді деп қуанамыз. Ал оның екінші жағы да бар емес пе?  Өйткені кейбір аналарға жүктілік кезінде баласының денсаулығында ақау бары анықталып,  жүктілікті тоқтатуға кеңес беріледі. Сондай кеңеске құлақ аспай, өз денсаулығына зиян келсе де өмірге кемістігі бар сәби әкелетіндер бар. Кейін сол ана баласының ауырғанына мемлекетті, қоғамды кінәлап шығады. Тіпті дер кезінде кеңес берген дәрігерлерді де айыптайды.

Қоғам болғаннан кейін әр түрлі адамдар бар. Біз саналы әрі сапалы ұрпағымызды, болашағымызды ойлайтын отбасылар көп болса екен дейміз. Одан бөлек, бүгінде масылдық психологияны дамытып жатқан әлеуметтік желідегі түрлі психологтар мен коучтар дер едім. Олар тез баюды, өзіңді табуды, мидағы блоктарды шешуді, тіпті ата-анаңа  деген ренішіңді, бала кездегі жан-жараңды емдеуді насихаттап кетті. Өзге елдің психологиялық тәсілдерін бізге тықпалайды. Қазіргі жұрттың назары соларға ауды. Телефонға телміріп-ақ өмірін өзгерткісі  келеді. Жұмыс туралы  жарнамаға хабарласып, қабілеті жететін жұмысқа орналасқысы келмейді. Әйтеуір, жұрттың бәрі тез әрі оңай жолмен байып кетудің қамымен жүр. Әрине, мұның барлығы — уақытша құбылыс. Түптің түбінде адам санасы еңбек етудің маңызды екенін  түсінеді».

Айдана Әбдіхалықова, мұғалім: Масылдық санадан арылуды көбірек насихаттауымыз керек

«Еңбек етудің маңыздылығы бізге бала күнімізден айтылатын. Біздің ұстаздарымыз еңбек етсең ғана тұлға болып қалыптаса алатынымызды құлағымызға әбден құйды.  Осы тәрбиені қазір өзім де оқушыларымның санасына сіңіргім келеді. Оларға еңбек етудің маңыздылығын барынша  түсіндіруге тырысамын.

Масылдық психологиядан қалай арыламыз? Әрине,  бұл жүйелі де жоспарлы жұмысты қажет етеді. Ең алдымен тәрбие тал бесіктен басталады емес пе? Бала ата-анасына  қарап  өседі. Сондықтан еңбек ету, баласының болашақтағы таңдаған мамандығы туралы отбасында көбірек талқылануы керек. Өйткені тәрбиені ең алдымен ата-анасы береді. Мектеп те баланың білім қабілетіне қарай болашақ мамандығын таңдауға жол ашады. Қазіргі оқушылардың сана-сезімі мүлдем басқаша. Көбінесе олармен болашақтағы мамандықтары жайлы тілдесемін. Сонда кейбірі диплом алмай, университетте төрт жыл оқымай-ақ қаржы табуға болады деп жатады.  Әзірден кәсіп ашуды ойлайтындары бар. Бұл бір жағынан қазіргі жастардың көзі ашық, батыл екенін көрсетеді. Бірақ оларға ештеңеніғ өздігінен келмейтіні, еңбек ету керектігін түсіндіру керек.

Қазір қалалық жерде жұмысың болмаса, отбасын асырау қиын. Екі жақтап жұмыс істеп жатқан отбасылар бар. Жұмыссыз адам ешкімге керек емес. Адам ең алдымен өзі үшін еңбектенуі керек. «Еңбек түбі — береке» дейді дана халқымыз. Ата-бабамыздың қанатты сөздері әлі де маңызын жоймаған. Сондықтан әрбір адам ең алдымен өзін,  отбасын ойлауы керек. Патернализмнен қалай арыламыз? Жоғарыда атап өткенімдей әр отбасы балаларына қазірден бастап еңбектің мәнін түсіндіруі керек. Біз балаларымызға нені көбірек айтсақ, түсіндірсек, миына тоқытсақ, ертең ол баланың сана-сезімі дұрыс дамиды. Санасына сіңіріп өскен бала-болашақта   еңбекқор болады. Сондықтан масылдық санадан арылуды көбірек насихаттауымыз керек. Мектептерде осы тақырыпқа орай дөңгелек үстел мен ашық сабақтардың жиі ұйымдастырылғаны дұрыс. Ата-аналармен кездесулерде де бұл жайында жиі айтылуы керек. Менің ойымша, үгіт-насихаттың пайдасы бар. Сонда жас буын болсын, тіпті ата-аналар болсын, патернализм, масылдық сияқты жаман әдеттің арты неге әкеп соғатынын білетін болады».

Дарын Жанбатыров, кәсіпкер: Қабілетіңе қарай әрекет ет

«Ел азаматтары масылдық психологиядан арылу үшін ең алдымен жұмыс орындары ашылуы керек. Ол дегеніміз зауыттар мен фабрикалар ашу. Жастарға арналған жұмыс орындары. Әрине, бұл тәжірибеде бар нәрсе. Қазір мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыс істеп тұр. Жақында жастардың өз кәсібін ашуға мемлекеттік гранттар бөлінді. Осы мүмкіндіктердің барлығы  халқымыздың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Сондықтан жұмыс жоқ деп қол қусырып отыратындарды түсінбеймін.  Жоғары білімің бар ма? Біліміңе сай қызмет ет. Қолыңнан келетін жұмысқа орналас. Қабілетіңе қарай әрекет ет. Жұмыс істеймін деген адамға әрқашанда жұмыс табылады. Тепсе темір үзетін азаматтарымыз жұмыс істегі келмейді. Бәлкім, ол жалқаулықтан болар. Жұмысың отбасыңа пайда әкелетін кәсіппен айналысу әрбір азаматтың парызы деп санаймын. Өйткені құр отырсаң, ешкім саған қаржы әкеліп бермейді. Әр адам өз өміріне жауапты. Сондықтан еңбектенуден қашпауымыз керек. Ал жұмыс жоқ дейтіндердікі бос сылтау дер едім. Өйткені қазіргі заманда жұмысың болмаса қиын. Әрбір азамат өз отбасына жауапкершілікпен қарауы керек. Әр адам еңбектену арқылы ғана отбасына, еліне пайдасын тигізеді».

Дайындаған Мақпал Ноғайбаева

 

 

 

 

 

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген