Алматыдағы Hyundai Trans Almaty зауытында жетілдіру жұмыстары жүргізілді. Мұнда енді жүк көліктерін, автобустар мен күрделі етіп құрастырылған фургондарды көптеп шығаруға болады. Зауыттағы негізгі жаңартулардың бірі – катафорездік сырлау цехы. Мұндағы осы сияқты өзгерістер машина жасау саласы мен еңбек нарығына жағымды әсер етейін деп тұр.
Машина жасаудың мәні
Елімізде машина жасау саласына айрықша мән беріледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы халыққа Жолдауында экономиканың маңызды салаларындағы, соның ішінде машина жасаумен байланысты жобалардың қарқынын арттыруға сырттан инвестиция тарту арқылы жол ашылғанын, сол үшін Үкімет жанындағы Инвестиция штабына мол өкілеттілік берілгенін атап өтті.
Мемлекет басшысы сондай-ақ 2023 жылдың мамыр айында Қазақстан машина жасаушыларының XI форумына жолдаған үндеуінде экономиканы әртараптандыру мақсатында инновация мен озық технологияға негізделген өңдеу өнеркәсібін қарқынды дамыту аса маңызды екенін атап көрсетті. Аталған салаға инвестиция салуға қолайлы жағдай тудырып, машина жасау өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттігіне тоқталды. «Сол үшін менің тапсырмаммен кешенді жоспар әзірленді. Онда көрсетілген іс-шаралардың табысты іске асуы осы саланың тың қарқынмен дамуына және еліміздің өркендеуіне барынша ықпал етеді деп сенемін. Өз өндірісімізді жандандыру, терең өңделген өнімдерді көбірек шығару және біртіндеп сыртқы нарыққа шығу – біздің басты міндетіміз» , – деді.
Бүгінде үкімет отандық машина жасау өндірісін дамыту, оның елдегі бүкіл өнеркәсіптің дамуына қосар үлесін ұлғайту мақсатында бірқатар шараларды жүзеге асыруда. Соңғы мәліметтер бойынша, өткен жылдың 11 айында машина жасау өндірісінің көлемі 4 триллион теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 6,9 пайызға артқан. Салаға тартылған инвестиция көлемі 165 миллиард теңгеге көбейген. Жалпы машина жасау ісінің еліміздің өңдеуші өнеркәсібіндегі үлесі 20 пайызға жетеқабыл.
Енді осы салаға өңірлік деңгейде де үлкен мән берілетінін айта кетейік. Таяуда Алматыда Hyundai Trans Almaty зауытында жүргізілген жетілдіру жұмыстарының нәтижесі таныстырылды. Осы мақсаттағы кездесуге қала әкімі Ерболат Досаев, өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері, «Астана Моторстың» негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов қатысты.
Шаһар басшысы қосымша құны жоғары өнім шығаратын және жоғары білікті мамандарға жұмыс орнын ашатын кәсіпорындардағы автомобиль кластерін жүзеге асыруға басымдық берілетінін атап өтті. Е.Досаевтың айтуынша, мұндай жобалар қашанда мемлекеттің тиісті қолдауынан тыс қалмақ емес.
Ал өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Олжас Сапарбеков Президент айтқан терең өңделген өнімдердің көлемін арттыру Қазақстандағы өнеркәсіпті дамытудың негізгі бағыты болып саналатынын жеткізді.
«Үкімет еліміздің өндіріс саласын дамыту қарқынын арттыруға қатысты шаралар қабылдап жатыр. Өндірісте жаңа технологиялық үдерістерді игеру, қайта жасау ісін нығайту және оқшаулау соған септігін тигізеді. Қазір біз «Астана Моторстың» нақты жұмысын көріп отырмыз. Бұл компаниядағылар осы істі бар ынтасымен атқарып, автомобиль өндірісіне айтарлықтай үлес қосуда. Кәсіпорынға инвестия салып, өндірісті дамытып әрі жаңа жұмыс орындарын ашып жатыр. Жергілікті өнеркәсіпті дамытуға көмектесіп, шағын және орта бизнеске қолдау білдіруде», – деді министр орынбасары.
Өндірістегі өзгерістер
Жоғарыда жазғанымыздай, бұл кәсіпорындағы соңғы өзгеріс еліміздегі тұңғыш коммерциялық техниканы жасауға арналған катафорездік сырлау цехы салынып, пайдалануға берілуі еді. Осындай инновацияның арқасында енді зауыт мамандары дөңгелектерінің аралық ұзындығы әртүрлі жүк көліктері мен автобустарды, сондай-ақ кез-келген күрделі үлгіде құрастырылған фургондарды жасап шығармақ. Атап айтқанда, мұнда қаңқа (рама) құрылғыларын шығаруға арналған желі орнатылған. Сонымен қатар дәнекерлеу мен сырлау бойынша қосымша технологиялық операциялар енгізілді.
Аталған желіде 9 ванна, 3 кептіргіш камера және кабинаны бояйтын жүйе бар. Цехтың аумағы — 1296 шаршы метр. Өнімділігі – сағатына 1 шанақ (кузов).
Жетілдіру жұмыстарынан кейін кәсіпорынның өндірістік ауданы үш есе дерлік кеңейді. Айталық, бұрын ол 7 мың шаршы метр болса, енді 19,4 мың шаршы метрге жеткізілген.
Кәсіпорындағы осынау жағымды өзгерістерге қомақты көлемде құйылған инвестицияның арқасында қол жеткізілді. «Астана Моторс» компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаевтың айтуынша, бұл жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына да септігін тигізген.
«Біз Hyundai Trans Almaty зауытын жетілдіруге 12,8 миллиард теңге инвестиция салдық. Жаңа құрал-жабдықтар орнатып, қосымша 100 жұмыс орнын аштық. Hyundai Trans Almaty – заманауи арнаулы техникаларды жеткізуші. Сонымен қатар мегаполиске жолаушы автобустарын беріп отыр. Осылайша, кәсіпорын қала алдындағы барлық міндеттемелерін орындауда. Қала да өз кезегінде Алматыда коммерциялық техника өндірісін дамытуға қолдау білдіруде. Біз бұл қолдауға ризамыз. Өнеркәсіпті дамытуды жалғастыра береміз», – деді Бекнұр Несіпбаев.
Компания мәліметінше, өткен жылы коммерциялық техника зауытында автобустың шағын тораптық өндірісінің (дәнекерлеу, сырлау, ішкі бөліктерін құрастыру және тағы басқалар) үлесі 21 пайыз, ал жүк көліктерінің шағын тораптық өндірісінің үлесі 67 пайыз болған. Енді мұнда дәнекерлеу мен бояу әдісі бойынша, сонымен бірге басқа технологиялардың көмегімен машина жасап шығарудың үлесі арта түспек.
Бұлардан бөлек, Hyundai Trans Almaty зауытында Hyundai Porter жүк көлігінің кабинасын дәнекерлеуге арналған, Sammi K (Корея республикасы) компаниясында жасалған желі іске қосылды. Онда әр шанақты дәнекерлеудің 943 нүктесі бар. Желі құрамында дәнекерлеу орыны, 26 Obara дәнекерлеу құралы, дәнекерлеу кондукторлары және басқа да қондырғылар орнатылған. Бұл желінің өнімділік көлемі – сағатына бір кабина.
Hyundai Porter-дің өзіне келсек, ол – шағын және орта бизнеске арналған сенімді, үнемді, аз тонналық жүк көлігі. Бағасы 14 миллион теңгеден басталады. Отандық кәсіпорында жасалған осы жүк көлігін сатуға шығару келесі айға, яғни сәуірге жоспарланып отыр.
Сонымен қатар зауытта қондырмалар өндірісі де жетілдірілді. 2252 шаршы метр жерде мынадай цехтар орналастырылған:
— плазмалық кескішпен жабдықталған металл өңдеу цехы;
— автоматтандырылған жүйемен және вакуумдық үстелмен жабдықталған ағаш өңдеу цехы;
— материалдарды желімдеудің еліміз үшін бірегей механикалық желісі бар сэндвич-панель өндіру цехы.
Қондырмалар шығаратын цехтың пайдалануға берілуі арқасында мұнда енді жасалатын техникалардың түрі көбеймек. Олар – өнеркәсіп тауарларына арналған және изотермалық фургондар, автокран, құрылғы кран, көлік тиегіш, қоқыс тасығыш, автоцистерна, қар тазалау машинасы, автогидрокөтергіш. Цехтың өндірістік қуаты жылына 700 бірлік болады.
Өзіндік орны бар кәсіпорын
Hyundai маркалы жүк көлігі мен автобус шығаратын Hyundai Trans Almaty зауыты 2011 жылдың қаңтар айында ашылған еді. Содан бергі 14 жылда бұл кәсіпорын нарықтағы өзіндік орнын едәуір нығайтты. Осы уақытқа дейін мұнда 300 адам жұмыс істеген. Жаңадан ашылған 100 орынды қоссақ, енді олар 400 адам болды. Қазір мұнда инженер, құрастырушы, технолог, электрші, газбен дәнекерлеуші мамандықтарын кәсіби тұрғыда меңгерген буын қалыптасып келеді.
Жоғарыда өндірісті жетілдірудің арқасында зауытта жасалатын техникалардың түрі көбейгенін және олардың қандай көліктер екенін айттық. Ал мұнда бұрыннан жасалып келе жатқан техникалар мыналар: реанимобиль, автобус, су тасығыш, көлік тиегіш, жүк көліктері. Мұның бәрі адамның күнделікті тұрмысы мен жұмысына қажет екені мәлім.
Қазақстан автомобиль одағының мәліметі бойынша, елімізде биылғы қаңтар айында 126,7 милллиард теңгеге 9 606 көлік құралын шығарған. Олардың 8 929-ы – жеңіл автомобиль, 237-сі – жүк көлігі, 171-і – автобус, 231-і – тіркеме және жартылай тіркеме, 38-і – арнаулы техника. Ал солардың ішіндегі 4 875 жеңіл көлік пен коммерциялық автомобиль Hyundai Trans Kazakhstan мен Hyundai Trans Almaty-ғы тиесілі.
Енді жалпы 2025 жылы елімізде көлік құралдарын шығару көлемін 149 мыңға дейін жеткізу жоспарланған. Салыстыра кетсек, 2024 жылы бұл көрсеткіш 147 431 болды.
Оразәлі Баймұрат,
Алматы
Суреттер: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі