Мәнсіз өткен жиырма бес жыл (видео)

10 ақпан 2021, 14:43

Ермек атаны алғаш рет КТК арнасындағы «Дау-дамайсыз» бағдарламасынан көрдім. Тағдыр тауқыметін қамыт қылып киген қарияның тағдыры бізді бейжай қалдырмады. Бағдарламаны көргеннен кейін атаның тағдырын өз құлағыммен естігім келді.

«Дау-дамайсыз» бағдарламасының жүргізушісі Жазира Бегалыға хабарласып, мән-жайды түсіндіріп, Ермек ағаның туысы Атархан ағамен байланысқа шықтық. Ертесінде қария тұратын Жамбыл ауданы Ынтымақ ауылына келдік. Мен атаны бірден таныдым. Таяғына сүйенген қария бізді жылы қарсы алып, әпкесі Сағымбала әжейдің үйіне кіргізді. Әңгімеміз әрі қарай үйде жалғасты.

Ермек ата биыл пайғамбар жасына толады. Осы күнге дейін үйсіз-күйсіз, құжатсыз күй кешкен қария мұндай жағдайға қалай тап болды? Бір кездері ел қызметіне кезекпен жүгінетін мал дәрігері неге бүгін ешкімге керек емес? Ол кісінің өмірден баз кешіп, осындай күйге түсуіне не себеп? Осы сансыз сұрақтарды қоймасақ та, қария әңгімесін әріден бастады.

«Өзім осы өңірдің тумасымын. Орта мектепті бітіріп, 18-ге толғанда Қордай ауыл шаруашылығы техникумының мал-дәрігерлік факультетін бітірдім. Оқудан кейін әскерде болдым. Әскери борышымды Мәскеуде өткіздім, онда да медпунктте фельдшер болдым. Елге келгеннен кейін 1982 жылы үйлендім. Жарым елу қыздың ішінен таңдап алған ең сұлуы болатын. Осы аудандағы «Беріктас» мал совхозына мал дәрігері болып орналастым. Әйелім әкімшілікте хатшы болды. Үш балам өмірге келді. Тату-тәтті өмір сүріп жаттық. Мен әйелімді ешкімнен кем қылмадым. Не ішем, не жеймін деген жоқ. Тістеріне дейін алтындатып бердім. Отбасым үшін жұмыс істеп, анда-мұнда іссапарға көп кетемін. Сөйтсем, сұлу әйелім туған бауырыммен көңіл қосқан екен. Басында сенбей елдің гу-гу әңгімесі болар деп мән бермедім. Бір күні соны өз көзіммен көрдім. 1996 жылдың күз айы болатын. Ұрмай-соқпай үш баламды аманаттап шығарып салдым. Сол күннен бастап араққа салындым. Мен үшін өмірдің мәні кетті», – деді қария ауыр күрсініп. Осы арада әңгімеге Ермек ағаның туыс әпкесі Сағымбала әжей араласты.

«Кезінде қандай мықты жігіт еді. Ермектің кішкентай кезінде ата-анасы ажырасып, бұл өгей анасының қолында өсті. Бауырлары өмірге келді.

Сұлу келіншегінің кесірінен осы күйге түсті. Қазір ешкім жолатпай отыр. Әйтпесе, өзінің туған анасынан да, өгей анасынан да тараған бауырлары көп. Менің туған ағамның баласы болғаннан кейін көз алдымда өсті. Кішкентайынан маған келіп тұрады. Қазір менен басқа ешкімнің жаны ашып отырған жоқ. Көзімнің тірісінде құжатын реттеп, тым болмаса, зейнетақысын жасатып, қарттар үйіне орналастырып кетсем деймін», – дейді әжей.

Қазір Ермек ата Сағымбала әжейдің үйінде. Басқа барар жері, басар тауы жоқ. «Дау-дамайсыз» бағдарламасы арқылы құжаттарының реттеліп жатқанын айтып марқайып алды.
«Біз құжат жасатқымыз келген, бірақ әлгі әкімдіктегілер «ананы әкел, мынаны әкел» деп жоқ қағазды айтады» деп жалғады әңгімесін Ермек ата. Құжаттарын Қарғалы өзеніне ағызып алған. Туыстары құжатын рәсімдеуге әкімдікке бірнеше рет барғанымен, еш нәтиже болмапты. Оған себеп қарияның жұмыс істегені туралы құжат мұрағатта сақталмаған. Тіпті ол кісі тіркеуде де болмай шыққан.

«Жас кезімде жігіттің төресі едім. ЖенПИ-дің қыздарына ән арнап, жатақханаларының маңынан шықпаушы едік», – деп бір күліп алды. «Онда есіңізге түскен өлең жолын оқып берсеңіз» деген өтінішімізді жерге қалдырмады.

Қолыма алып домбырамды тартайын,
Алматыда өтті-ау төрт жыл, он айым.
Көшесі бар Гоголь атты сәулетті,
Сол көшенің жайын сізге айтайын.
Көшелері көше емес мақтайтын,
Но все-таки жамандауға жатпайтын.
Сол көшенің ерекшесі мынада
Бір үйі бар мыңнан астам шүйкебастан сақтайтын.
Әрбір жерден өңкей сұлу жиналған,
Бұраң қағып, көз алдыңда ширалған.
Табылса екен айдай қызға бір жігіт,
Деген оймен қайран жаным қиналған.
Өтті күндер, өтті айлар нешесі
Ерекеңнің қызға кетпес есесі.
«Әйеліңіз бар ғой, аға» демеші,

Ол үйдегі балалардың шешесі-ай,

– деп әуендетіп шырқап берді.

Жастайынан өнерге жақын ата «Алтыбақан» бағдарламасына қатысыпты.
«Кезінде Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов ағаларымның қасында жүретінмін. Дастарханымызды жайып, ағаларды күтіп алатынбыз», – деп өткен күнін есіне алды.
Ермек атаның арманы – құжаттарын реттеп, зейнетақы алып, ел қатарлы өмір сүру. «Бала-шағаммен араласып, немерелерімді бір иіскесем» дейді.

Мақпал Ноғайбаева

03 желтоқсан, 14:17
Мектепте ақша жинау мәселесіне Ғани Бейсембаев нүкте қойды
26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?