
Қазақ елінің халықаралық қоғамдастықта тең құқықты және әділетті қарым-қатынас орнату жөніндегі ұстанымын Ғаламдық Оңтүстік елдері, соның ішінде, Үндістан жоғары бағалайды. Jasqazaq.kz сайтына берген сұхбатында «Жаһандық Үндістан зерттеулері» («Centre for Global India Insights») орталығының Бас директоры, сыртқы байланыстар бойынша танымал сарапшы Маниш Чанд қос мемлекеттің бірқатар ғаламдық маңызды мәселелер төңірегіндегі көзқарасы бір арнада тоғысатынын атап өтті. Сарапшы, сондай-ақ, екі ел арасында қарқынмен дамып жатқан сауда-экономикалық, мәдени байланыстарға да тоқталды.
— Қазақстан өз сыртқы саясатында Үндістанды қоса алғанда, Ғаламдық Оңтүстік елдерімен түрлі салаларда ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береді. Осы тұрғыда Қазақстан мен Үндістан арасындағы әріптестіктің болашағын қалай бағалар едіңіз?
— Қазақстанның Ғаламдық Оңтүстік елдерімен қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған саясаты Үндістанның ұстанымымен толық сәйкес келеді. Себебі Үндістан да халықаралық аренада Ғаламдық Оңтүстіктің мүдделерін қорғау мен ілгерілетуге ерекше көңіл бөледі. Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты ірі державалармен теңгерімді байланыс орнатып, сонымен бірге дамушы елдермен серіктестікті нығайтуға бағытталған. Бұл ұстаным Үндістанның көзқарасымен үндес. Үндістан бүгінде өзін Ғаламдық Оңтүстіктің көшбасшысы ретінде танытып отыр. 2023 жылдан бастап ел «Voice of the Global South Summit» атты саммиттің үш басқосуын өткізіп, осы бағыттағы рөлін нақты айқындады. Бұл – Қазақстан мен Үндістан арасындағы ең маңызды ортақ ұстанымдардың бірі. Үндістан үшін Қазақстан — «Орталық Азиямен байланыс орнату» саясатының негізгі діңгегі, өңірдің қақпасы әрі ресурстарға бай стратегиялық серіктес. Қазіргі таңда екі ел арасындағы сауда айналымы шамамен 1 млрд АҚШ долларын құрайды. Тараптар алдағы жылдары бұл көрсеткішті 3 млрд долларға, тіпті 5 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Қазақстанның табиғи байлығы мен геостратегиялық орналасуы Үндістанның технологиялық және өндірістік әлеуетімен тамаша үйлеседі. Бұл – өзара тиімді серіктестік. Қазақстан уран, мұнай және сирек кездесетін пайдалы қазбаларға бай, ал Үндістан – технология мен инновация саласында көшбасшы. Екі ел осы бағыттарда күш біріктіре отырып, экономикалық серіктестікті жаңа деңгейге шығара алады. Сонымен қатар, жаңғыртпалы энергия көздері саласында да үлкен әлеует бар. Бұл бағыт тек екіжақты емес, тұтастай Ғаламдық Оңтүстіктің орнықты дамуы үшін маңызды. Ақпараттық технология, білім беру және адам капиталын дамыту салаларындағы ынтымақтастық та ерекше мәнге ие. Ал көлік және логистика саласында Қазақстанның Халықаралық Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізіндегі стратегиялық рөлі Үндістан үшін аса маңызды. Қазақстанның өңірдегі жетекші экономика ретіндегі мәртебесі мен географиялық артықшылықтары Үндістанмен ұзақ мерзімді, өзара тиімді әріптестікті нығайтуға зор мүмкіндік береді.
— БҰҰ Бас Ассамблеясының соңғы сессиясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау туралы бастама көтерді. Халықаралық сарапшы ретінде бұл ұсынысты қалай бағалайсыз?
— Бұл бағытта да Қазақстан мен Үндістанның ұстанымы ұқсас. Үндістан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау идеясын ұзақ жылдар бойы қолдап келеді және тұрақты мүше болуға ұмтылуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы Азия, Африка, Латын Америкасындағы ірі және орта державаларға Қауіпсіздік Кеңесінде кеңірек өкілдік беру туралы бастама Үндістанның көзқарасымен толық үйлеседі. Бұл – халықаралық қатынастарды әділ және тең дәрежеде құру жолындағы маңызды қадам. Өкінішке қарай, кей елдер осы реформаны кешеуілдетуге мүдделі. Алайда Қазақстан мен Үндістан сияқты дамып келе жатқан және орта деңгейдегі державалар реформаны жеделдетуге ұмтылады. Президент Қ. Тоқаев атап өткендей, қазіргі таңда көпжақтылық қағидаттарына деген сенім дағдарысы байқалады. БҰҰ-ның қазіргі құрылымы заман талабына сай емес. Еуропа елдерінің ықпалы басым, ал Азия, Африка және Латын Америкасы лайықты деңгейде өкілдік етпейді. Сондықтан оны реформалау – уақыт талабы.
— Пандемия әлемдік деңгейдегі тәуекелдер мен қауіптердің шынайы ауқымын көрсетті. Қазақстан биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін халықаралық агенттік құруды ұсынды. Мұндай ғаламдық институттың адамзат үшін маңызы неде деп ойлайсыз?
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы қыркүйекте пандемия кезінде ұсынған Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру туралы бастамасы өте орынды әрі дер кезінде айтылған ұсыныс. Біз COVID-19 кезінде әлемнің қаншалықты осал екенін, миллиондаған адамның өмірін жоғалтқанын көрдік. Мұндай жаһандық сын-қатерлермен бір елдің ғана күшімен күресу мүмкін емес. Сондықтан Президент Қ. Тоқаевтың идеясы уақыты келген, жүзеге асуы тиіс бастама. Қазақстанның бұл бағыттағы нақты ұсынысы ауруларды бақылау және биологиялық қауіпсіздік жөніндегі өңірлік орталық құру, стандарттарды күшейту, халықаралық ынтымақтастықты дамыту. Мұның барлығы да жаһандық тұрақтылық үшін маңызды. Үндістан бұл бастаманы толық қолдайды. Мәселен, ядролық қауіпсіздік саласында МАГАТЭ (IAEA) бар. Сол сияқты биологиялық қауіпсіздік үшін де IABS – Халықаралық биологиялық қауіпсіздік жөніндегі агенттік (International Agency for Biological Safety) секілді халықаралық институт қажет. Қазақстан, Үндістан және жалпы Ғаламдық Оңтүстік елдері осындай ұйым құру арқылы болашақ пандемиялардың алдын алуға және адамзаттың денсаулығын қорғауға үлкен үлес қоса алады. Қысқаша айтқанда, Қазақстан мен Үндістанның көзқарасы көптеген жаһандық мәселеде ортақ. Ол көпвекторлы саясат, Ғаламдық Оңтүстікті қолдау, халықаралық әділдік, биологиялық қауіпсіздік және БҰҰ реформасы сияқты бағыттарды қамтиды. Бұл өзара сенім мен серіктестікке негізделген стратегиялық байланыстардың болашағы зор екенін дәлелдейді.
— Мазмұнды да мағыналы әңгімеңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан Әбдіманап Кеңес,
халықаралық журналист