Мәңгілік махаббат мекені

23 қараша 2017, 17:33

 Үндістанға барғанда міндетті түрде «алтын үштаған» аумағын аралау керек.  Оған Дели (Нью-Дели), моғол империясының астанасы болған Агра  және Раджастан корольдық штатының бас қаласы Жайпур кіреді. Біздің елімізден барған бір топ журналист осы үш қаланы араладық. Төрт күнге созылған сапар барысында көрген-білгеніміз көп, алған әсер мол. Төрт күн төрт жылға бергісіз. Қағазға түсірсең, кішігірім кітап шығатын түрі бар. Бірақ бізге дейін үнді елі туралы талай әфсана жазылған. Бізден кейін де жазылатыны сөзсіз. Сондықтан барынша қысқартып баяндауды жөн көрдік.

 Бірінші күн. Дели

 Бұрын мән бермеппіз, Үндістан соншалықты қашық емес екен. «Эйр Астананың» самұрық құстай ұшағы ертегілер еліне небәрі 3 сағат 50 минутта алып келді. Жайлы ұшақта отырып, сымбатты да сыпайы стюардессалар ұсынған дәмді аспен алданасың. Арасында біраз қалғып алам дегенше уақыттың қалай өткенін байқамайсың да.

Алып шаһардың үстін мұнар басқан. Қараша айына тән құбылыс. Бұл уақытта жел соқпайды. Сондықтан қала төбесінен түтін кетпейді.

Дели көшелері көлік кептелісінен көз ашпайтын сияқты. Біздегідей белгілі бір уақытта тұрып қаламыз деген әңгіме жоқ. Бір-бірін озуға тырысқан мәшине, автобус. Екі аяқты мотоциклге екі-үшеуден мінгесіп алғандар. Кейде ерінің арқасына жабысқан әйелдің қолтығынан кішкентай баланың басы не башпайы көрініп қалады. Жасыл-сары түсті тук-тук көп. «Тұра тұршы, мен қалып қоймайын» дегендей  алға ентелейді. Рөлде отырғандар келсін-келмесін гудок беріп, азан-қазан шудан құлақ  тұнады. Біраздан соң бұған да құлағымыз үйренді.

Хумаюннің мазары . Ырғалып-жырғалып жүруге уақыт қайда, түстен кейін қаланы аралауға шықтық. Жолбастаушы  Вед Кумар бізді Нью-Делидегі  ең  бір көрнекті орындардың бірі – Хумаюн мазарына алып келді. Үндістандағы ұлы моғол империясының негізін салған Әмір Темірдің ұрпағы Бабыр патшаның баласы Хумаюннің мәңгілік мекені бұл. ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұрасының тізімінде. Сәулеті жағынан  атақты Тәж-Махалға ұқсас деседі. 47 жасында баспалдақтан құлап мерт болған күйеуіне арнап Хамида Бану Бегім салдырыпты. 1562 жылы құрылысы басталып, 8 жылға созылған. Қызыл құмтастан тұрғызылған әсем мазарда тек Хумаюннің ғана емес, Хамида Бану Бегімнің, басқа да жақындарының мүрдесі қойылған.

Келуші көп. Шетелдіктер, жергілікті халық жосылып жүр.

Кешкі 5-тен кейін мұнда ымырт үйіріле бастайды. Көлік кептелісі күндізгіден сұмдық. Тасбақаша жылжыған автобус терезесінен шаһардың тыныс-тіршілігі тіпті қарбалас көрінді. Екі аяқты мотоциклдер лек-легімен қозғалғанда үндінің көзтаныс фильмін көріп отырғандай әсер қалдырды.

Екінші күн. Дели

 

Құтыб минар.  Бізге Құтыб минар қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Индия очерктерінен» таныс. Енді, міне, өз көзімізбен көруге жазыпты.  Жартылай құлаған Қуатүлислам мешіті де осы арада. Мұнараны Құтыб-әд-дин салдырған деседі. Шыққан тегі құл болса да, өзінің жағымды мінез-құлқымен Мұхаммед Гүри сұлтанға жаққан. Сол үшін де сұлтан Құтыб-әд-динді үнді жерінде жаулап алған аумақтарға губернатор етіп тағайындаған. Құрылысы 1199 жылы басталған мұнараның биіктігі 72,5 метр.Әлемдегі ең биік мұнара. Қызыл-сары құмтастан тұрғызылған мұнара ерекше өрнегі һәм мәрмәр әшекейімен көз тартады. Осы кешеннің аумағында биіктігі 7 метрлік  темір діңгек тұр. Таза темірден 4-ғасырда тұтас етіп құйған. Тат баспайды. Осы діңгекке қатысты мынадай ырым бар: оған арқаңды беріп құшақтасаң, арманың орындалады.  Әркім барып сүйкене бергесін бе, қазір қоршаулы. Соған қарамастан, алыстан ырымын жасап жүргендер де табылады. Құтыб минар туралы жолбастаушымыз  айтып берген қызық әңгіме көкейде жатталып қалды.

Ақшардам . Сән-салтанаты келіскен сарайдың сыртқы келбетіне қарасаң,  көне ескерткіштей. Әйтсе де, ол —  қазіргі заманның ғимараты. Құрылысына 500 миллион доллар жұмсалған. Сіңірі шыққан кедейі көп елде мұндай қаржы қайдан?  Қайыр-садақадан. Ақшардам – әлемдегі ең үлкен индуизм храмы. Гиннес кітабына енген. Ақшардамды салушылар «Тәж-Махалды ұмытыңдар, біз Үндістанда одан асып түсетін ғимарат салдық» дейді екен (әйтсе де,  Тәж-Махалдың орны бөлек қой). Алқызыл тастан қашалған Ақшардам жүздеген мүсінмен безендірілген. Іші алтынмен апталып, ақ мәрмәрмен қапталған. 7000 жұмысшы күні-түні тыным көрмей, бес жыл салған деседі.

Бір қызығы, кіру тегін. Тек қолыңдағы заттың бәрін арнайы қоймаға тастап кетесің. Суретке түсіруге болмайды. Кірер кезде үсті-басыңды арнайы құралмен тексереді.Қысқа етек кигендерге бір жапырақ мата ұстатады.  Жалпы бұл елде қауіпсіздік мәселесіне айрықша мән беретіні байқалды. Әлбетте, лаңкестік өршіп тұрған заманда бұған қуанбасаң, ренжімейсің.

Кетер кезде жарқыраған сарайға тағы бір көз тастап, ертегіде айтылатын патша сарайы осындай болған шығар деген ой келді.

 «Эйр Астана» — Дели төрінде

Үндістан астанасындағы саяхатымыз осымен тәмам болды. Ертең Аграға жүреміз. Бәріміз де Тәж-Махалды бір көруге асықпыз. Кешқұрым «Эйр Астана» компаниясы қонақасы берді. Бұл кешті компания бекерге ұйымдастырып отырған жоқ. Биыл Алматы-Дели-Алматы бағытының ашылғанына 13 жыл толды. 2004 жылдың қыркүйегінен Эйрбас 320/321 және  Эмбраер-190 (2011 жылдан бастап)  ұшағымен биылғы жылдың қазан айына дейін 500 мыңнан астам жолаушы, 555 мың тоннадан астам жүк тасымалданған. Санкт-Петербор, Мәскеу, Киев, Бейжің, Ыстамбул, Үрімжі, Тбилиси, сондай-ақ еліміздің басқа қалаларынан Делиге ұшқысы келетін жолаушылар үшін тиімді. Билет құны 80 620 теңгеден басталады. Ұшу уақыты – 3 сағат 50 минут. Айта кету керек, үстіміздегі жылдың он айы ішінде Алматы-Дели-Алматы бағытында 68 623 жолаушы тасымалданды. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 22 пайызға артық.

Ал биылғы  2 шілдеде Астана-Дели-Астана бағыты іске қосылды. Елорданың тұрғындары енді Алматыға келіп уақытын жоғалтпайды. Мәскеу, Санкт-Петербор, Ыстамбул, Киев, Франкфурт, Үрімжі, Баку, Бейжің, Омск жолаушылары үшін транзит есебінде пайдалануға ыңғайлы. Билеттің бағасы 80 472 теңгеден басталады. 2 шілдеден қазан айына дейін  «Эйр Астана» 7,5 мыңнан аса жолаушы, 10 мыңнан астам жүк тасымалдап үлгерген.

Негізі «Эйр Астана» компаниясы  қандай да бір жаңа бағыт ашарда әбден зерттеп, пайдасы мен зиянын електен өткізеді. 31 ұшағы бар әуе компаниясы 65 халықаралық және ішкі бағыттағы рейстерді жүзеге асырады. Сондай-ақ маман даярлау жағын да назардан тыс қалдырмайды. Бұрын да талай мәрте жазғанбыз, тағы да айта кетейік. Бәлкім, кең байтақ еліміздің бір бұрышында ұшқыш болуды армандайтын қарадомалақтардың бірі болмаса, бірінің көзіне шалынар.  «Эйр Астана» ab-inito бағдарламасы бойынша Испания мен Ирландияда ұшқыштарды, Германия, Ұлыбритания және Қазақстанда бортжүргізушілерді дайындауды жүзеге асырады.  Келесі жылы Астанадағы инженер-техникалық орталығында PART-66  стандарты бойынша авиатехниктерді оқытуды бастайды. Осы орайда компания жуырда ғана «Арманыңды іске асыр!» шарасын қолға алды.

Дели төрінде өткен кеште қазақтың киіз үйі тігіліп, күйі күмбірледі. Елден жырақ жүргенде бұл да жүрекке жылы тиді.

 

Үшінші күн. Агра

Тәж-Махал.  Аграға біз тапа-тал түсте жеттік. Жолбастаушымыз Вед Кумар бірден Тәж-Махалға алып келді. Өйткені уақыт аз, көретін тағы бір-екі жер бар. Тәж-махалға бірден кіре салмайсың. Маңына көлік жолатпайды. Шағын электрлі автобус  ары-бері тасиды. Адам көп. Гид «автобус келгенде шабуылдаймыз» деп үйретіп жатыр. Бірақ біз сияқты ұмтылғандар көп.  Әйтеуір, екіге жарылып  мінсек те, жанына жеттік-ау. Ұзын-сонар кезек. Бір тәуірі, шетелдіктерге арналған кезек бөлек. Мұнда да тексеру. Осының бәрі әжептәуір уақыт алады. Тәж-Махалды аралауға  30-40 минут қана берілді.

Мәңгілік махаббат пен адалдықтың символына айналған жеті кереметтің  бірі алдымыздан жарқ етіп шыға келді. Аршыған жұмыртқадай аппақ сарайдың әсемдігін ауызбен айтып жеткізу қиын. Оны әркім өз көзімен көруі керек. Жаһан шах сүйген жары Мұмтаз махалға арнап осындай сәулетті сарай салдырғанда,  кейін оның мәңгілік махаббат мекеніне айналатынын білді ме екен?

Агра қамалы. Агра – өзіндік тарихы бар  ежелгі қала. Бабырдың немересі Әкбар шах осы қаланы өз орталығына айналдыруды ойлаған.  Тәж-Махалдан 25 шақырым жерде орналасқан Агра қамалы осы Әкбардың есімімен тығыз байланысты.

Қамал емес, құдды кішігірім қала. Үнді билеушісі Сикарвар Раджпутс салдырған.  ХІІІ ғасырдың соңында Сикандер Лоди сұлтан Аграға көшіп, осы қамалды мекендейді. Сол кезде Агра сұлтанаттың екінші астанасына айналады. 1517 жылы Сикандер өлгеннен кейін баласы Ибраһим бекініс аумағында мешіт пен құдық салдырды. 1526 жылы Ибраһим ұрыста қаза болады. Дәл сол жылы моғолдар Аграны, оған қоса осы қамалды басып алады. Асыл қазынаға толы қамалда ағылшындар алып кеткен «Кохинор» гауһары болған деседі. 1558 жылы моғол императоры Әкбар астанасын осы Аграға көшіреді. Соғыста күл-талқаны шыққан қамалды қалпына келтірді. Қазіргі  тұрпаты сол заманнан қалған.  Агра қамалында Жахан шах соңғы күндерін өткізді. Сол жерде отырып Тәж-Махалға  көзі талғанша қарайтын. Шынында да, бекіністің бір тұсынан Тәж-Махал көрінеді.

Көненің көзі Агра қамалы естен кетпес әсер қалдырды.

 Төртінші күн. Жайпур

 Әмбер қамалы. Аградан таң атпай шығып кетіп, Жайпурға түске таман жеттік. Бірден Әмбер бекінісіне бағыт алдық. Қамал Жайпурдан он шақырымдай жерде, биік төбеде. Оған джиппен не пілмен жетуге болады деп естігенбіз. Піл көзімізге шалынбады. Джиптің жүргізушілері біздің таксистер сияқты пысық. Бес-алтаудан отырғызып алды да, тар көшемен төбеге қарай алып жөнелді.

Әмбер қамалы  4 бөліктен тұрады. Әрқайсысының өз кіре берісі мен ішкі ауласы бар. Қамалдың шығыс жағындағы «Күн қақпасы» әмірші мен ақсүйектерге арналған. Екінші аулада екі қатарлы бағанасы бар үлкен зал орналасқан. Осы арада адамдар раджаға арыз-шағымын айтуға жиналатын. Қамалдың үшінші бөлігі әміршінің жатын орны. Қабырғадағы ою-өрнек көздің жауын алады. Ұсақ айнамен әдіптелген залынан туристер айналшықтап кеткісі келмейді. Рас-өтірігін қайдам, қараңғыда бір шырақ жаққанда жап-жарық боп кетеді дейді.  Төртінші бөлік әміршінің әйелдеріне арналыпты.  Жолбастаушының айтуынша, әмірші құпия галерея арқылы кез келген ханымына жасырын бар а алған.

Жел сарайы. Жайпурда көрнекі орын көп. Соның бірі – 1799 жылы салынған Хава махал немесе Жел сарайы. Қызыл түсті сарай мыңға жуық балкон-эркермен көмкерілген. Теледидар, интернет жоқ заманда махараджаның ханымдары жай халықтың өмірін көру үшін селдір тордың ар жағынан сығалапты. Шыжыған ыстықта да ішінде жел кезіп жүретіндіктен салқын. Атауы да содан шыққан.

Махараджа сарайы.  Моғол және раджпут сәулет өнері ұштасқан керемет сарай.  Әр жылдары басқарған махараджалардың  сурет галереясы, қару-жарақ, киім-кешек және кілем музейі әміршілердің тыныс-тіршілігін алдыңа жайып салады. Әттең, мұның бәрін суретке түсіруге тыйым салынған.

Тек музейден тыс қойылған жәдігерлерді суретке түсіруге болады. Соның бірі — адам бойымен бірдей алып құмыра. 340 келі тартатын күміс құмыраға 4000 литр су сыяды. ІІ Савай Мадо Сингх  махараджа Англияға барарда арнайы жасатқан. Темзаның суын харам көріп,  Ганга өзенінен қос құмыраға су толтырып өзімен әкеткен.

Осы арада төрт күн бойы бізге жол көрсетіп, әңгіменің көрігін қыздырған Вед Кумар мырза туралы бір-екі ауыз айта кетейін. Әскерде қызмет еткен адам үшін тәртіпке бағынғысы келмейтін тілші қауымын алып жүру оңайға соқпағаны анық. Бірақ ол бәріне төзді. Сол үшін де алғысымыз шексіз.

 Сөз соңында

Меніңше, Үндістанда болып қайтқандар екі топқа бөлінетін сияқты. Не басын алып қашады, не осы елге ғашық болып тынады.  Бірақ бей-жай қалмайды. Өз басым екінші топқа қосылдым. Ғасырлар бойы әркімнің отарында болып келген көнбіс халық өз болмысын, салт-дәстүрін бұлжытпай сақтап қалыпты. Үнді халқының қиындыққа мойымай, айналаға жымиып қарайтын жайдары мінезі кімді болса да тәнті етеді. Келген адамға бір қырын көрсетіп қоймай, екінші қырымен бұрыла салатын, бір сөзбен айтқанда,  мың құбылатын үнді елінің махаббатты бәрінен де биік қоятынын осы сапарда түсіндім. Өзіміз аралап шыққан тарихи орындар да соған меңзейді.

Гүлнар Ахметова

Алматы-Дели-Агра-Жайпур-Дели-Алматы

(Суреттерді түсірген автор)

 

 

 

 

30 сәуiр, 13:50
Алмасбек Нұғыман: Парламенттің қуатты болуы – халықтың қолдауынан
28 сәуiр, 14:24
Сары атлас көйлек
24 сәуiр, 14:22
Талғат Байеділов: Халық үніне әрдайым құлақ асамыз
24 сәуiр, 11:46
Сүтпен шай – дәстүр ме, әлде денсаулыққа қауіп пе?
16 сәуiр, 12:17
II Орталық Азия медиафорумы - ақпараттық ынтымақтастыққа арналған бірегей алаң
10 сәуiр, 14:02
"Қазпошта" алаяқтардың асына айналған ба?
07 сәуiр, 14:29
Көктемде психикалық аурулар неге асқынады?
01 сәуiр, 19:13
Саудада достық жоқ
31 наурыз, 16:10
Мақта кластері: Шикізаттан –дайын өнімге