jasqazaq.kz

Мақта кластері: Шикізаттан –дайын өнімге

31 наурыз, 16:10

Мақта да мұнай сияқты. Базардағы бағаға қарайлайды. Ұсыныс көбейіп, құны құлдыраса, диқанның ала жаздай михнаты (еңбегі) ақталмайды. Шикізатқа қарағанда, дайын өнімнің саудасы әлдеқайда пайдалы екені әркімге белгілі. «Қара алтыннан» өндірілетін бензинге, «ақ алтыннан» тоқылатын матаға сұраныс ешқашан үзілген емес.

Байлық көзі — мақта бізде де бар. Түркістан облысында жыл сайын 300 мың тоннадан астам ақ ұлпа жиналады. Бірақ импорттық тауардың үлесі басым. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен елімізде мақта кластерін дамыту қолға алынды. Өңірде «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Бұл жетіде Премьер-Министр Олжас Бектенов елімізге келген Қытайдың Xinjian Lihua (Group) компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Цихаймен кездесті. Айта кету керек, аталған компания әлемге әйгілі Louis Vuitton және Gucci сияқты алпауыт-брендтермен тікелей жұмыс істейді. Демек оңтүстіктің мақтасынан иірілген жіп пен «made in Turkistan» деген белгісі бар отандық матаны әлгі компанияларға сататын күн де алыс емес.

Қытайлық инвестор өткен жылы күзде экономикалық аймақта мақта-тоқыма кластерінің толық циклын құруды көздейтін инвестициялық жобаны жүзеге асыруға кірісті. Тарқатып айтсақ, мұнда мақта өсіруден бастап, жіп иіру, мата тоқу, киім тігуге дейінгі өндірістің барлық сатысы қамтылады. Үкімет басшысы «ақ алтынды» кәдеге жаратып, дайын бұйым шығару өнімнің құнын өсіріп қана қоймай, ауыл шаруашылығында өңдеу саласының әлеуетін арттыратынын атап өтті.
Инвестициялық жобаның құны 200 млрд теңгені құрайды. Мақта өсіруге деп 50 мың гектар егістік жер бөлінген. Жоба бойынша 10 зауыт салынуы тиіс. Ақ ұлпаны өңдейтін 4 кәсіпорын егістік алқабына жақын маңда орналасады. Тағы екі зауыт ылғал үнемдейтін заманауи технологиямен тамшылап суғару жабдықтарын шығарады. Қалғаны — тігін және бояу-әрлеу фабрикаларын қамтитын тоқыма кәсіпорындары. Құрылысқа тартылатындарды қоспағанда, кешенде ашылатын тұрақты жұмыс орны 3 мыңнан асады. Жоспарға сәйкес, мұнда жылына 13 мың тонна жіп, 50 млн метр үй тоқымасы, 7 млн төсек жаймасы топтамасы дайындалады. Өндіріс қуаты артқан сайын шығарылатын бұйым саны мен түрі де көбейеді.

Кластер жүйесін қамтамасыз ету үшін мұнда ПВХ құбырларын жасайтын зауыт іске қосылып, тоқыма бұйымы кәсіпорындарының құрылысы басталды. Қытайлық инвестор, бұған қоса, суару инфрақұрылымы – арық тарту мен су айдайтын станса салып жатыр.

Тұқым сұрыптаудан бастап ақ ұлпаны жан-жақты өңдеу өндірісіне маманданған қытайлық компанияның басшысы алғашқы дайын өнімнің алдағы қазан айында тұтынушыға жөнелтілетінін хабарлады.

«Ақ алтын» — ылғал мен құнарлы топырақты, әсіресе, өңдеу ісінде шығынды барынша азайтатын замауи тәсілге мұқтаж нәзік дақыл. Былтыр облыстағы бірқатар аудандарда қытай тәжірибесі бойынша таңдаулы түрі егілді. Озық технологияның арқасында бір гектардан 60-65 центнер ақ ұлпа жинауға болады. Бұл аймақтағы орташа көрсеткіштен 2,5 есе жоғары! Бұған қоса, су, энергия, минералдық тыңайтқыш және жұмыс күшін үнемдеуге мүмкіндік береді. Өнімді ең көп беретін Мақтарал ауданындағы мақта өңдейтін кәсіпорын да қытайдың қазіргі заманғы технологиясымен жабдықталған. Өңірде ақ ұлпа өсіруді ата кәсіпке айналдырған Өзбек елінің инвесторлары да мақта кластерін өркендетуге сүбелі үлес қосып келеді.

Сарапшыларға салсақ, Түркістандағы мақта кластері нақты секторды дамытып қанай қоймай, елімізде кенже қалған жеңіл өнеркәсіптің өркендеуіне тың серпін береді.

Срайыл Смайыл,
шолушы
Сурет: primeminister.kz; dknews.kz

20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті