Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр

21 ақпан, 14:48

«Президенттік жастар кадр резервінің негізгі көздеген мақсаты – мемлекеттік аппаратты жетілдіру және басшылардың жаңа буынына жол ашу. Бүгінгі жастар – мемлекеттік басқару жүйесінің болашағы. Әрқайсыңыздан елді дамытуға тың серпін беретін жаңа идея мен нәтижелі жұмыс күтеміз».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев

 

Президенттік жастар кадр резерві – егемен еліміздің дамуына елеулі үлес қосам деген жастарға мүмкіндік беретін бірегей жоба. Жоба іріктеуінен өткен жастар бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде мемлекеттік қызметте жұмыс істеуде. Jasqazaq.kz тілшісі  Астана қаласында  мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жатқан Президенттік  жастар кадрлық резервіне енген Мақсұтбек Пірметовпен сұхбаттасып, жобаға қатысудағы мақсатын сұрады.

— Мақсұтбек мырза, Президенттік  жастар кадрлық резерві  жобасына қалай келдіңіз? Мемлекеттік қызметкер болуды бала кезден армандадыңыз ба?

Мен киелі Түркістан қаласының тумасымын. Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет істер агенттігінде стратегиялық әзірлемелер және халықаралық бағдарламалар департаментінің бас консультанты қызметін атқарамын.

Кез келген жасөспірім болашақта жұлдыз болсам, үлкен жетістіктерге жетсем дейді. Үйдегі бала көбінесе әке-шешесіне, ағаларына қарап өседі ғой. Менің әкем мемлекеттік қызметші, мен де әкем сияқты мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, еліміздің гүлденіп-көркеюіне пайдам тисе деген ойдамын. Ал анам мұғалім. Менің де алғашқы мамандығым мұғалім. Еңбек жолымды ұстаздықтан бастадым. Өзіңізге белгілі, 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Президенттік жастар кадрлық резерві жобасы жүзеге асты. Мен де өзімді мемлекеттік қызметте сынап көргім келіп, жобаға өтінім бердім. Мұғалім болған кезде оқушылармен қоса, ата-аналармен де тікелей қарым-қатынаста боласың. Олардың болашағына әсер ете аласың. Ал мемлекеттік қызметте тек қана оқушылар мен ата-аналар ғана емес, жалпы халықтың әл-ауқатын арттыруға күш саласың. Кейде жұрттың мемлекеттік қызметкерлерге көңілі толмай жатады. Осы олқылықтың орнын толтырып, қандай пайда келтірсем? Халықтың сенімінен қалай шығуға болады? Міне, осындай жұмыстарды атқарып көргім келді.

— Конкурсқа қатысу барысында   қандай кезеңдерден өттіңіздер? Есіңізде ерекше сақталған сәтпен бөлісе аласыз ба?

— Алғашқы кезеңде логикалық және вербальды сұрақтар болды. Мен өзім қазақ-түрік лицейінің түлегі болғандықтан, маған логикалық сұрақтарға жауап беру қиын болмады. Өйткені біз жаратылыстану бағыты бойынша логикалық сұрақтарды көп шешетінбіз. Келесі кезеңдерде эссе жазу, жобаларды қорғау бөлімдері болды. Әлі есімде, эссе жазу отызыншы қазанға, ал әңгімелесу келесі күнге белгіленіпті. Мен әңгімелесуге үлгеру үшін ертерек жолға шығуым керек болды. Пойызға отырғаннан кейін кейбір жерлерде интернет ұстамайды. Теміржол бекетінің біріне келіп, интернетті қосып, сол жерде отырып эссе жазғаным бар. Әйтеуір, келесі күні әңгімелесуге үлгердім.  Мұғалім болғаннан кейін эссе жазуға қабілетіміз бар. Бұл кезеңнен соның арқасында сүрінбей өттім деп ойлаймын.

Әр кезеңнен өткен сайын менде сенім мен жауапкершілік арта түсті. Президенттік жастар кадрлық резервінде бірден бастық болу керек, үлкен лауазымды иелену керек деп ойламаймын. Уақыты келгенде, дайын болғанда жауапты қызмет те келеді. Біз конкурстың іріктеуінен өттік. Еліміздің болашағына үміт ретінде біз таңдалдық. Жобаның да мақсаты — мемлекеттік қызметке жастарды тарту. Сондықтан біздің басты міндетіміз — ел игілігі жолында қызмет ету. Осы іріктеуден мемлекеттік қызметке өткен жастар өзінің біліктілігі мен  білімін көрсетуі керек деп санаймын. Қазір бізге артылған жауапкершілік өте жоғары. Өйткені бізге, біздің жұмысымызға бүкіл халық қарап отыр. Қиын сәттерде де біз өзіміздің біліктілігіміз арқылы, сол қиындықты жеңіп шығуымыз керек.

— Жаңа орта, жаңа  мамандықты игеру жағы қалай болды? Жалпы болашаққа жоспарыңыз қандай? Президенттік кадрлық резервке қатысы келетін жас буынға қандай кеңес бересіз?

Мемлекеттік қызмет ортасы болғаннан кейін, қызметкерлер әр аймақтан келеді. Бірі батыстан, бірі шығыстан. Өзім, әлгінде айтқандай, оңтүстіктен келгенмін. Әр өңірдің өз менталитеті бар. Дегенмен қызмет барысында бірте-бірте ортаға сіңіп, әріптестеріммен ашық-жарқын араласып кеттім. Өзімнің жұмысыма тоқталатын болсам, күнделікті таңертең жұмысқа келіп сол  күнге жоспар құрамын. Өзіме жүктелген маңызды тапсырмаларды рет-ретімен орындаймын. Әкемнің үнемі айтатын сөзі бар. «Мемлекеттік қызметкер адал жұмыс істеуі керек» деген. Сол кезде халық та сыйлайды, елдің алдында басыңды тік ұстап жүре аласың. Алдағы уақытта білімімді жетілдіріп, ел игілігі үшін аянбай қызмет еткім келеді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте өз-өзімді әрі қарай дамытқым келеді.

Ал Президенттік жастар кадрлық резервіне енгісі келетін жастарға айтарым, ең алдымен мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге дайын болуың керек. Білімің мен біліктілігіңді еліңнің дамуына арна. Әрбір жас ең алдымен өз жолын, бағыт-бағдарын айқындап алуы керек. Өйткені мемлекеттік қызмет – зор жауапкершілік.

— Әңгімеңізге рахмет!

Мақпал Ноғайбаева

 

 

 

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?