Коронавирус пандемиясы айылын жимай тұрған қазіргі уақытта барлық бастаманың болашағы жоқтай көрінеді. Бірақ бұл алға ұмтылуға, жоспар құруға, армандауға кедергі емес. Өз соқпағыңнан шықпай, көтеріңкі көңіл-күймен алға ұмтылу қажет. Атақты альпинист, альпинизм спортының еңбек сіңірген шебері, әлемдегі барлық 14 «сегізмыңдық» шыңды бағындырған, Қазақстан Қарулы Күштерінің майоры Мақсұт Жұмаевпен әңгіме-дүкен осы тақырып төңірегінде өрбіді.
– Мақсұт, сіздің кәсібіңіз үнемі дайындықты, алға ұмтылуды, саяхат жасауды талап етеді. Қазіргідей шекара жабық, шектеу көбейген кезеңде оларсыз қалай өмір сүріп жатырсыз? Бойдағы күш-қуат пен психологиялық формаңызды қалай сақтап келесіз? Сізге қарасам, салыңыз суға кетпеген секілді.
– Эпидемиологиялық ахуалдың алғашқы күндерінен бастап мен жұмыс істеуді тоқтатпадым. Өйткені қазіргі қызметім қазақстандық жауынгерлік топты халықаралық «АрМИ-2020» әскери ойындарына дайындықты ұйымдастырумен тығыз байланысты. Ол осы биылғы 23 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында өтеді. Бұл күштік құрылымдар арасындағы кешенді жарыс. Дода барысында сайыстың отыздан астам түрі 11 мемлекеттің аумағында өтеді. Оның ішінде Ресейде де. Сол елде Қазақстанның әскерилері бақ сынайды. «АрМИ-2020» ойындары шеңберінде тау құрылымдары арасында «Эльбрус сақинасы» атты жарыс өтеді. Бұл байқауда біздің әскерилер бұған дейін бірнеше рет үздіктер сапынан көрінген. Жыл сайын медальсіз қайтқан кезіміз болған емес деп айта аламын. Жалпы алғанда, бұл жарыс әскери құрылымның біліктілігін арттырып, рухын көтеруге көмектеседі.
Әрине, биылғы жаттығудың жөні бөлек. Әу бастан құрылым ішіндегі қатаң карантин қағидасына сәйкес оқшауландық. Бірақ базамыз, яғни Тау дайындығы орталығы – Іле Алатауында орналасқандықтан, басқа адамдардан оқшау, бөлек жағдайда дайындалуға мүмкіндігіміз бар. Жалпы тау жағдайындағы дайындық еліміздің барлық арнайы жасақтың бағдарламасына енгізілген. Сондықтан жұмыс жеткілікті. Әр минутымызға дейін жазылып қойылған.
– Қазіргідей жағдайда кейбіреулер не істерін білмей, қолын бір сілтеп жатқан жайы бар. Сізге де кейде бәрін тастап, тып-тыныш зейнеткерлікке шығу туралы ой келмей ме? Көп саяхатшылардың бүгінде көңіл-хошы жоқ сияқты.
– Иә, рас, мұндай көңіл ауаны да жоқ емес. Өйткені барлық экспедициялар, шыңдарды бағындыру, алыс сапарлар, соның ішінде менің биыл Аляскаға жоспарлаған демалысым кейінге шегерілді. Тек пандемия іргемізден кеткен соң ғана бәрі қайта жанданады. Биылғы жыл барлық экспедициялар мен тауға шығатындар үшін жайсыз болды. Енді 2021 жылы қайта бастаймыз деп үміттену керек. Ал бәріне бірақ қол сілтеп кету жөніндегі ойға келсек… Осыдан бірнеше жыл бұрын шынында да әскерден кетіп, туризмге білек сыбана кіріссем деген ой болған. Бірақ қазір бұрынғыдай әскери салада жүргеніме қуанамын. Мұнда менің жауапты жұмысым бар. Әрі табысым да тұрақты.
– Өмір бәрібір өз ағысымен жылжи береді. Сіздің тау мен экспедицияларға, жаңа жаттығуларға қатысты жоспарыңыз бар ма?
– Біз үнемі бабымызда болуға тиіспіз. Өйткені тауға баратындардың қатары көбейіп келеді. Кейде төтенше жағдай туындайды. Сондай сәтте көмекке жету үшін үнемі дайын болуың керек. Мәселен, жоғалған жандарды іздеу барысында. Былтыр әскери ойындардан келе салысымен, бірден Жеңіс шыңында қиын жағдайға тап болған жігіттерді құтқаруға кірістік. Біздің біліктілігімізге бәрі сенеді. Сондықтан оны әрдайым дәлелдеп отыруға тиіспіз.
Алыс экспедиция мен нақты жоспар жайында айтуға әлі ерте. Дегенмен, ойда бар. Одан бас тартқан емеспін. Әзірге осы күзде өзімді шыңдай түсейін деген мақсатпен Талғар шыңына барып қайтсам деймін. Әрдайым сақадай-сай дайын болуың керек. Шетелдік бағыттар жабық. Оның үстіне Қазақстан төңірегінде ауқымды экспедиция жасақтауға қомақты қаржы қажет. Ал дайындыққа Талғар шыңы жарап тұр. Оның үстіне бұл – Іле Алатауындағы ең биік шың.
– Тау және туризмді дамыту туралы жергілікті жаңалықтардан хабардарсыз. Оны өз аккаунтарыңызда жариялап та отырасыз. Осы тұрғыда көпшілік қызығушылық танытып отырған Іле Алатауы ұлттық саябағындағы экотуризмді дамытуға бағытталған «Гужавин жобасына» көзқарасыңыз қалай?
– Таудағы туризмді дамытуға арналған кез келген бастамаға көзқарасым түзу. Меніңше, тауда инфрақұрылымның болуы біреудің өмірін құтқаруға көмектесе алады. Сонымен қатар, таудағы демалысқа қатысты тұрғындарымыздың бойында дұрыс көзқарас қалыптасады. Бұған Александр Гужавин мен BI Group жобасының да тікелей қатысы бар. Одан бөлек, таудағы инфрақұрылымды дамытатын, таудағы бағыттардың өрісін кеңейтетін жобаларды да осы тізімге қосыңыз. Бір кездері өзім де осындай іспен айналыссам деп армандайтынмын. 2012 жылы Австриядағы Альпі қауымдастығымен байланыс жөнінде меморандумға қол қойдым. Ол экологиялық демалыс жүйесіндегі трансферді «Альпин-клуб» таулары арқылы өткізуді көздеген. Бұл әлеуметтік идеяны жүзеге асыруға мемлекеттік қызметте жұмыс істегендіктен,бізге бір жерінде білім, бір жерінде қаржы, бір жерінде уақыт та жетпей қалды. Бірақ бұл идеяны таудағы экотуризмге бей-жай қарамайтын басқалар іліп әкетті.
Еуропадағы «Альпин клуб» жүйесінің маңызы неде? Ең бастысы, таудың бағыттары реттеліп, сипатталады, картаға түсіріледі. Навигациясы бар. Осы жүйе жетілгендіктен Альпі тауының биік шыңында да адасып кетпейсіз. Қолыңызда карта мен бағыттың сипаттамасы болса, сіз экстремалды спортпен шұғылдануды немесе бала-шаға, ата-анаңызбен көркем табиғатта серуендеп қайтуды жоспарлай аласыз. Еуропа мен Америкадағы Ұлттық саябақтарда ақпараттық орталық бар. Онда келген туристке қауіпсіздік қағидасы, сол аумақ туралы тиісті мағлұмат беріледі. Бізде бұл жұмыс енді қолға алынып жатыр.
Орындықтар мен жаяу жүргіншілер жүретін жерлерде бағыттап отыратын алаңқай жасау, кемпинг пен экологиялық насихат жүргізу орталығын құрудың маңызы зор. Мұндай жүйе бізде әзірге жоқ. Оны қолға алғысы келетіндердің жұмысын қолдаймын. Сол үшін де Гужавиннің жобасына көмектесуге тырысып жатырмын. Жылдар бойы көп мемлекетте сыннан өткен жүйенің біздің тауда пайда болғанын қалаймын. Таудағы инфрақұрылым тек жергілікті туристер үшін емес, әрбір шетелдікке де түсінікті болуы аса маңызды. Әу бастан әлемдік стандартты негізге алу керек. Егер біздегі бағыттар дұрыс белгіленіп реттелсе, саяхатшыларға арналған әлемдік каталогтарға кіруі мүмкін. Бұл өз кезегінде Қазақстанға табиғатқа жауапты қарайтын жаңа туристерді тартуға жағдай туғызады.
Ұлттық саябақтарымыздағы қай визит-орталық болмасын, солардың бәрінде біздің таудан ләззат алуға келетін адамдарды көріп, өз білгенімізді оларға жеткізе алатындай сәтті елестеткім келеді. Бұл жерде білімнен бұрын, әлемге деген көзқарасымды, тау туралы түсінігімді жеткізуді қалаймын. Мен үшін визит-орталық – өзімнің әлеуметтік жауапкершілігімді терең сезініп, мен секілді тауға құштар жандармен бір алаңқайда жұмыс істеу.
– Осы тақырып төңірегінде неге үнемі қызу пікірталас, кейде дау-дамай туындап жатады? Оған тіпті өздері ешқашан тауда болмаған адамдар араласатыны неліктен?
– Меніңше, бұл жерде әңгіме консерваторлар туралы. Көбі біздің тауларды меншіктеп, тек «өз адамдары» келгенін қалайтындай. Олар мұнда басқаларды көргісі келмейді. Тауға келіп, қоқыс тастап кететіндер де жетерлік. Бұл «тек өзінікі, ешкімді емес» дейтін біздің, өкінішке қарай, социалистік жауапсыздықтан алған «мұрамыз». Егер бұл ешкімдікі болмаса, оны сындыруға да, бүлдіруге де болады. Таудағы жаңа жобалардың басты мақсаты – адамды табиғатқа қамқор болуға үйретуі тиіс. Менің еуропалық әріптестерім ол жақта тіптен Ұлттық саябақтың жері сатылатынын айтты. Бірақ ол жерге ешнәрсе істей алмайды. Қоршауға, құрылыс жүргізуге рұқсат жоқ. Бұл бір жағынан қайырымдылық. Бір адам сатып алса, оның қаржысы сол аумақты қорғауға қосқан үлесі боп есептеледі. Тереңірек ойлансақ, мұның түпкі мақсаты – «Жер менікі, оны мен қорғауым керек» деген түсінік қалыптастыру.
Көбісі, неге екені белгісіз, мұндай бастамаларды теріс пиғылмен қабылдайды. Осыған дейін қаншама жыл ешкім тауға назар аударған жоқ. Ал қазіргі мүшкіл ахуалды өзгерте алатын қандай да бір тартымды жоба пайда бола қалса, кейбіреулердің наразылығын туғызады. Ал менің жеке пікірім мынадай: таудағы инфрақұрылымды дамыту қажет. Осыған дейін айтқанымдай, алаңқаймен жабдықталған, жаяу жүргіншіге арналған арнайы жолы бар, заманауи кемпингі жеткілікті, экологиялық насихат жүргізетін орталықтар қажет. Бұл – таза әлеуметтік жоба. Қазір тау туризмі қарқынмен дамып жатыр. Бірақ әлгіндей жағдайдың болмауы адамдардың тауда мерт болуына әкеп соғуда. Адамдар қайда бара жатқанын білмейді. Ал тау қателікті ешқашан кешірмейді. Мұндайда кәсіби мамандардың өздері қауқарсыз.
– Табиғатты қорғау деген ұранмен саябақты жабу, келушілерді кіргізбеу ақылға сыйымсыз боп көрінеді. Әлемдік тәжірибе, керісінше, қорғауға алынған саябақта адамдар демалатындай және табиғат жапа шекпейтіндей модель енгізу қажеттігін көрсетті. Сіз айтып отырған мәселе осы төңіректе ме?
– Меніңше, жаңа жобалардың жақсы жағын мүлде жоққа шығаруға болмайды. Керісінше, оның пайдасы туралы көбірек айту керек. Оның үстіне, әрдайым шетелдік тәжірибеге қараймыз. Егер бізде Еуропа, Америка, Канаданың ұлттық саябақтарындағыдай қорғауға алынған, тыныш жерге баратын, жануарлар мен түрлі өсімдікті тамашалайтын, арнайы жолмен жүретін, өз келуіңмен табиғатқа ешқандай зиян тигізбейтін, романтикалық көңіл-күймен ұйқыға бас қоятын, арнайы жерлерде демалатын, табиғатты тамашалайтын бақылау алаңқайы бар инфрақұрылым 10 жылдан кейін пайда болса, онда мұндай жобаларды қолдайтындар анағұрлым көбейер еді. Бізге «Альпин-клубтардағы» достарымыздың, әріптестеріміздің тамаша тәжірибесін жиі айтып, көрсетіп, насихаттап отыру керек. Олар, мәселен, 150 жылдан астам уақыт бойы тауды қорғап, аялап келеді. Олар қаншама адамды рухани тазару, дене қимылы мен қозғалысты арттырып, айналаға зиян келтірмей, танып-білуді үйретті.
– Сіздің ойыңызша, біздің таулардың көркемдігін тек қана альпинистер тамашаламай, әртүрлі жастағы адамдарға да қолжетімді болуы үшін елімізде не істеу керек?
– Менің бүкіл арман-тілегім мен ой-түсінігімді тау инфрақұрылымы қашаннан бері баурап алған. Арнайы сілтеме, жүретін жолдардың болғанын қалаймын. Келген адам осында демалып, үйіне оралған соң жағымды әсердің жетегінде көтеріңкі көңіл-күймен жүрсе екен деймін. Жақын келешекте солай болатынына күмәнім жоқ. Біздер, альпинистер, түрлі шыңдарды бағындыру арқылы басқалардың біздің ізімізді басуына себепші боламыз. Егер тау жағымды әсер тудырмаса, онда ешкім бармайтын да еді. Табиғат бәрінің бастауында тұруы тиіс. Адам онда өзін қонақ ретінде сезінуі керек. Біз өзімізді табиғаттың қожайыны деп айтамыз. Бірақ олай емес! Керісінше, біз қонақпыз. Тауға көтерілген кезде сыпайы, әдепті болған жөн. Альпинистер оны жақсы біледі. Егер көкірегіңді керіп, «Мен сені бағындырамын» деп кеудемсоқ қожайыны сияқты сөйлесең, онда тау саған құшағын ашпайды. Осындай астамшыл оймен барған қанша адамның денесі тауда қалды…
Экотуризмді, тау туризмін сауатты дамыту үшін бізге тілдесу, пікіралмасу жетпей жатыр. Өйткені жұрт табиғатты фильм, телебағдарлама, интернет арқылы түсіне алмайды. Байланыс керек. Бір жұтым таза ауа қажет. Ештеңе кимей, жүріп өте алатын жалаң аяқ қажет. Бұлақтың сыңғырлап аққан мөлдір суын рахаттана жұтып, бетіңді жуа алатын қол керек. Біз табиғатпен етене араласуды, аялауды үйренуіміз керек. Ал ешнәрсе істегісі келмей, кежегесі кері тартатындар дамуды, келесі жаңа кезеңге аяқ басуды қаламайды. Бәлкім, оны қалай дұрыс істеу керектігін білмегендіктен, оған дайын емес те шығар. Меніңше, адамзатты дамытудың жаңа кезеңіне өту – табиғатпен үндестікте өмір сүре білуде!
Сұхбаттасқан Талап Тілеген