Өткен апта еліміз үшін де, жетісулықтар үшінде табысты болды. Астана төрінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» атты ұлттық телекөпір өтті. Шара аясында еліміздің барлық өңірінен 11 тікелей көрсетілім жүргізіліп, индустрияландыру картасына енген маңызды нысандарды таныстырды. Олардың қатарында металлургия, өнеркәсіп, құрылыс материалдары, машина жасау, көлік және логистика салалары бойынша 25 жоба көрсетілді.
Телекөпірде Жетісу өңірінен PSI STROY INDUSTRIES ЖШС мен «Қора СЭС» ЖШС іске қосылса, «Алтын сапа» және «Парыз» байқауында «Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын» аталымында Алматы облысындағы «Жаркент крахмал зауыты» ЖШС орта кәсіпкерлік субъектілері арасында үздіктер қатарынан көрінді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Ұлы дала елі» шатырлы брендімен марапатталғандардың қатарында жетісулық «Рыбпром» ЖШС бар. Осы ұйым алғаш рет тағайындаған «Кемел іскер» сыйлығын еншілегендердің ішінде де жерлестеріміз. 2000 жылы құрылған, дәрі-дәрмек препараттары бар өнімдерін елімізбен бірге Өзбекстан, Әзербайжан, Ауғанстан мемлекеттеріне жеткізетін «АбдиИбрахимГлобалФарм» ЖШС аталған марапатты иеленді.
Сонымен қатар, облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен аудан мен қала әкімдерінің есебі тыңдау үрдісі басталды. Онда өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша он ай ішінде атқарған жұмысы сараланып, алдағы жылы жүзеге асырылатын іс-шара пысықталды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша айтқарылған жұмыстар да сарапқа салынды. Бір аптадағы қарбалас жұмыстың арасынан уақыт тапқан облыс басшысы мен оның орынбасарлары бірнеше қала мен аудан әкімінің атқарған жұмысын саралап, нақты бағасын берді. Бұл бастамада Тұңғыш Президент күні бастау алғанын жақсы ырымға жорыдық. Сондықтан бұл ретте оқырмандарымызды осы жаңалықтармен таныстыруды жөн көрдік.
ӘКІМДЕР ЕСЕП БЕРІП ЖАТЫР
Іле ауданының әкімі Қыдыркелді Медеуовтың есебі тыңдалды. Қыдыркелді Өміржанұлының айтуынша, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы барлық салада тұрақты сақталған. Он айда 201 млрд теңгеге өнеркәсіптік өнімдері өндіріліп, бұл көрсеткіш жыл соңына дейін ірі өндіріс орындарының есебінен біршама өспек. Он жеті өнеркәсіптік нысандар пайдалануға беріліп, жұмыс істеп тұрған оннан аса кәсіпорын кеңейтілген. Нәтижесінде бес жүзден аса жаңа жұмыс орындары құрылып, талай адамның еңбекпен қамтылуына жол ашылған. Ауыл шаруашылығында да өркендеу бар. Мәселен, бұл саладағы жалпы өнім көлемі 67 млрд. теңгеге жетсе, 2018 жылы 73 млрд теңгеден аспақ. Төрт түлік мал басы өсіп, күзгі жиын-терін науқаны ойдағыдай аяқталған. Ауылшаруашылығы өнімдерін өндіретін отыздан аса кәсіпорындарда жыл аяғына дейін 42,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілмек.
Жыл басынан бері тоқсан тоғыз жеке қосалқы қожалықтарын тарта отырып, төрт ауылшаруашылығы кооперативі құрылған. Алдағы жылы «Береке» индустриалды аймағында ет комбинаты және картоп өңдеу зауытының құрылысы басталады. Сондай-ақ, ауылшаруашылығын өрістету үшін «Бақ-Дәулет» ауылдық несиелік серіктестік арқылы 12 ауылшаруашылығы тауар өндірушілері 106,3 млн. теңге несиеге қол жеткізіпті. Пайдаланылмай жатқан жер телімдерін қайтару бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес және ол үнемі бақылауда. Ветеринарлық іс-шараларды жүзеге асыру бағытында бюджеттен қомақты қаражат қарастырылып, бүгінде соның басым бөлігі игерілген. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 46,6 млрд теңгені құраған.
Құрылыс жұмыстарының көлемі де артып, 60,4 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша облигациялық қарыз есебінен 60 пәтерлі несиелік баспананың құрылыс жұмыстары аяқталып, Өтеген батыр ауылында 50 пәтерлі несиелік үйдің құрылысы басталған. Бүгінгі күнде келесі жылға өтпелі екі 60 пәтерлі жалгерлік тұрғын үй жобалануда. Тұрғындар сапалы ауыз сумен жүз пайызға қамтылған. Білім, денсаулық сақтау, денешынықтыру, спорт, мәдениет саласы және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жобасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстар да ретімен жалғасуда. Бір сөзбен айтқанда, елге тигізер пайдасы мол игі қадамдар келесі жылы да жалғасып, өңір дамуына оң әсерін тигізбек.
Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбековтың есебі тыңдалды. Талғат Қанатұлы алдымен қала тұрғындары санының жыл сайын өсіп, демографиялық ахуалдың жақсарып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, туризм, тағы басқа салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Әкімнің сөзінше, мемлекеттік бюджетке 13694,0 млн теңге көлемінде қаражат түскен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш тағы өсе түспек. Негізгі капиталға 19,5 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама жоғарылаған.
Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі он айда 44,7 млрд теңгені құраған. Өңдеуші өндіріс өнімдерінің көлемі өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда, 10,1 пайызға артқан. Инвестициялық жобаларды іске асыру және жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарының есебінен екі жүзден аса жұмыс орындары құрылған. Ауылшаруашылығында 10,9 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты индекс көлемі 102,0 пайызды құраған. Бүгінде қала экономикасын өркендету бағытында шағын кәсіпкерлікті дамытып, туризм саласын жандандыруға ерекше көңіл бөлінген. Қала адамдары санының өсуіне байланысты тұрғын үй салу жұмысы кезек күттірмейтін мәселенің бірі. Осы ретте «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2,8 млрд теңгеге төрт жоба жүзеге асырылған.
Сондай-ақ, шаһарды жылу, су және газбен жабдықтау, автокөлік жолдарын жөндеу бағытында да атқарылып жатқан жұмыстар ретімен жалғасуда. Алдағы уақытта білім саласы бойынша мемлекеттік тапсырыс негізінде «Балапан» бағдарламасын іске асыру үшін 65 орынды екі жекеменшік балабақша ашу көзделген. Сондай-ақ, Ы. Алтынсарин атындағы нөмірі бірінші орта мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Аталған бағдарламаны іске асыруда келесі жылы мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен 97,9 пайызға қамтылмақ.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласы бойынша биыл 2542 аса жаңа жұмыс орындарын ашу көзделсе, бірінші қарашаға дейін соның 2144-і құрылған. Өткен жылға қарағанда, жұмыссыздар саны біршама азайып, келесі жылыда жұмыссыздық деңгейі төмендемек. Алдағы уақытта өнеркәсіп, ауылшаруашылығы өнімдерінің, негізгі капиталға салынатын инвестициялардың, меншікті кірістер көлемін арттыру және мектепке дейінгі сапалы тәрбие және оқытумен толық қамту, жұмыссыздар санын азайтып, жаңа жұмыс орындарын құру істері жандана түспек.
Талғар ауданының әкімі Райхан Садықова жылға жуық уақытта атқарылған шаруалар жайын баяндап шықты. Сөз арасында келесі жылға жоспарларын да тілге тиек етті. Оның айтуынша, Алматымен іргелес жатқан ауданда тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі өзекті. «Өткен 10 айда 71,2 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Жыл соңына дейін оның көлемін 146 мың шаршы метрге жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы болжамды құрылыс ауқымы 17,1 млрд теңгені құрайды», – деді аудан әкімі.
Есеп беру аясында Р. Садықова Талғар қаласындағы саябақты жаңғыртуға қосымша қаржы керек екенін жеткізді. Алайда облыс әкімі жобаның жай-жапсарымен таныса отырып, жоспардағы нұсқасын көрсетуді сұрағанда, онысы дайын болмай шықты. Бұдан әрі баяндамашыға көңілі толмаған Амандық Баталов:
– Әр жобаны таныстырғанда оның дайын суретін немесе эскизді-жобасын ала келулеріңіз керек. Құры сөзбен айтқаннан ештеңе шықпайды. Одан да дайын нұсқаны осында көрсетіп, жоба барысындағы әрбір ескеретін жайттарды бірге талқылауымыз тиіс. Қаражатты да соғай орай бөлуді ойластырамыз, – деді.
Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі Ысқақ өз есебін ұсынды. Ауылшаруашылығы дамыған аймақта көкөністің көп түрі қысы-жазы өсіріледі. Бүгінде ауданда 18,3 гектар аумақты қамтитын жылыжай бар. Келер жылы оның көлемін тағы қосымша 85 гектар жерге жеткізу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, баламалы энергия көздерін пайдалануда да жағымды жаңалық байқалған. Одан алынатын энергияның мөлшерін баяндаған Бинәлі Ысқақ келесі кезекте ауданның әлеуметтік, мәдени өміріне тоқталды.
– Аудандағы бірнеше ауылда жекенің қолына өтіп кеткен мәдени және спорттық нысандар бар. Енді соларды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, бірнеше елді мекенге жаңадан мектеп салыну қажеттілігі туындап отыр, – деді аудан басшысы.
Жыл сайын мектеп табалдырығын аттайтын шәкірт саны артып келе жатқандықтан, оларды оқу орнымен қамту міндетті де күшеймек. Сонымен бірге, елді мекендерде қазіргі жағдайы тіптен сын көтермейтіндіктен, ауданда жаңадан бірнеше мектеп салудың қажеттілігі туындаған. Осы орайда, облыс әкімі көтерілген мәселелердің өзектілігін талдап-таразылай келе, келер жылғы бюджетке енгізуді тапсырды.
– Айтылған мәселелердің бәрі хаттамаға жазылады. Жан-жақты зерделеп бюджетке кіргізуді ойластырайық. Ең алдымен халыққа қажет нысандар салынуы тиіс. Әсіресе, білім ошақтарының жағдайын жақсартуға баса назар аударуымыз керек, – деді Амандық Баталов.
Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ қант қызылшасын себу, жинау, өңдеу науқанындағы жетістіктерді жүйелей отырып, қант зауытын газға қосу мәселесін көтерді. Оның пікірінше, осы арқылы қаржылай шығынды азайтып, табысты тағы еселей түсуге мүмкіндік тумақ. Өңір орталығына тиіп тұрған бұл ауданда да жөндеуді қажетсінетін, жаңадан салынуы тиіс әлеуметтік нысандар баршылық.
Соның бірі, тарихи орын – Төрткүл қалашығының орны Жарлыөзек ауылдық округінде. Үш мыңға жуық адам тұратын үлкен ауылда бүгінде не клуб, не Мәдениет үйі жоқ. Әсілі, қазіргі практикалық игі бастамалар бойынша мұндай мәселені шешуде мемлекетке алақан жаюдың да реті жоқ. Демеуші тауып, жомарт жандар көмегіне сүйенген абазал. «Туған жер» бағдарламасы сол үшін бастау алған. Бірақ бұл жобаны жүзеге асыруда Көксу ауданы белсенділік танытпай отыр. Аудан әкімі есебіне сүйенсек, биыл бір ғана жекеменшік балабақша ашылған. Осыған орай, облыс әкімі Амандық Баталов аудан басшысы Алмас Әділге енді осы және өзге де салаларда табысты жұмыс атқаруы үшін нақты тапсырмалар берді.
Панифилов ауданының əкімі Бердəулет Абдулдаев өңірдің əлеуметтік-экономикалық дамуы туралы хабарлама жасап, қолға алып жатқан жобалар туралы айтып берді. Мəселен, ауданда биылғы 10 айда өнеркәсіп саласы 11,3 млрд. теңгеден астам өнім өндіріпті. Ауданда жүн өңдеу ісімен шұғылданып отырған «Ақсұңқар» ЖШС 351 тонна жүн өңдеп, іргесін кеңейте түскен. Десе де, сөз арасында облыс басшысы өңірде ұсақ мал басы көп болғанымен оның жүнін тазалап, өңдейтін кəсіпорындар тапшы екенін тілге тиек етіп, Алакөл секілді шалғай аудандарда жүн қабылдау пукттерін де ашып қойса, мал өсірушіге де, серіктестікке де тиімді болатынын атап өтті. Ағымдағы жылы аталған ауданда жоспарланған екі өнеркәсіптік нысан іске қосылып, 61 жұмыс орны ашылған. Ауылшаруашылығын да бүгінге дейін 29,8 млрд. теңгенің өнімі шығарылған. Егіс көлемі артып, асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылықтардың жұмысы жақсара түскен. Бүгінгі күні күзгі өнім жинау науқаны аяқталып, диқандар мол өнімнің қызығын көруде. Мал шаруашылығы саласында да өсім жақсы, мал қоңды, қысқы жемшөп қоры жоспардан асыра дайындалған. Биыл аудан шаруашылықтары 3,6 млрд. теңге мемлекеттің қолдауын алса, «Жаркент несие» серіктестігі арқылы 51 шаруа қожалығы 406,1 млн теңге несие алған. Шағын кәсіпкерлікке жан бітіп, құрылыс саласына қан жүгірген. Негізгі капиталға тартылған инвестиция 47,5 млрд. теңгені құрап, қауырт жұмыстар атқарылып жатыр. Бюджетке түсетін түсім артып, баспанамен қамту мәселесі өткен жылдарға қарағанда жақсы нәтижелермен өрілуде.
Әсіресе, сапалы ауызсумен қамту, жол жөндеу жəне басқа да əлеуметтік нысандарды жұрт игілігіне беруде Панфилов ауданы алда келеді. Аудандағы «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан сумен қамту жүйелерін жаңғырту жəне құрылыс жұмыстары көңіл қуантады. Бұл жұмыс Пенжім, Лесновка, Ақжазық, Алмалы ауылдарында жүргізілуде. Осы жобалардың аясында электр жүйелерінің құрылысы мен трансформаторлық подстанциясын орнату жұмыстары қатар жүріп жатыр. «Алматы – Көкпек – Көктал – Қорғас» автожолындағы көпір мен «Алматы – Шонжы – Көктал – Қорғас» автожолын күрделі жөндеу жұмысы қарқын алған. Жаркенттің басты көшесі – Жібек жолы даңғылында жарық шамдарын ауыстыру, жол маңын абаттандыру, билбордтарды жаңалау, жол жиегін ретке келтіруге баса назар аударылуда. Аудандағы бірқатар білім беретін мекемелер мен денсаулық сақтау нысандарына күрделі жөндеу жасалуда.
Алдағы атқарылған жоспарлар да аз емес. Сол қатарда білім мен денсаулық сақтау, мәдениет нысандарын жаңғыру, ауылдарды ауызсумен қамту, ауылдық округтердің ғимаратын жаңалау, жол жөндеу сияқты жоспарлар жетерлік. Жиын барысында облыс басшылары тарапынан бірқатар сауалдар қойылып, ұсыныс айтылды. Жиынды қорытындылаған облыс басшысы Амандық Баталов:
– Облысымыздың əлеуметтік-экономикалық дамуындағы стратегиялық маңызы бар өңірдің бірі – Панфилов ауданы. Осы ауданның аумағында Мемлекет басшысының бастамасымен теңдессіз жоба – «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағы жүзеге асырылды. Оның ауданның дамуында жаңа мүмкіндіктерге жол ашқанын атап өту керек. Маңызы айрықша «Құрғақ порт» та осы аудан аумағында бой көтерді. Сондықтан қазір бұл шекаралық аймақтың болашағы зор. Атқарылып жатқан жұмысқа көңілім толды. Дегенмен, тиісті сала жетекшілері мен аудан басшылары, ел арасына жиі шығып, халықпен етене жұмыс жасаңдар, қай жердегі қандай нысан жөндеуге мұқтаж, халықтың білгісі келген сұрақтары қандай, соның бəрін қадағалап, белсенді жұмыс істеңдер, – деді.
Райымбек ауданының да жетістігі көп. Биылғы он айда шекара шебіндегі өңір тұрғындары 17 млрд 280 млн теңгенің өнімін өндіріп, кіріс көлемін еселей түсті. Мал өсіруге шұрайлы жері мол ауданның ауылшаруашылық саласының өркендеуі де көңілге қонымды. Биыл сала бойынша 32 млрд. 82 млн. теңгенің өнімін өндірген райымбектіктер келесі жылы бұл көрсеткішті 40 млрд. теңгеге жеткіземіз деген жоспар қойып отыр. Ауданда егістік жер аса көп болмағанымен төрт түлікті мыңғыртуға жағдай мол. Биылғы жылы олар 779 шаруақожалығын біріктірген 12 ауылшаруашылық кооперативін құрып, мал басын көбейтудің жоспарлы жолына ауыса бастады. Айта кетерлігі, аудандағы суармалы егістік алқаптарының деніне аралық каналдар арқылы су жеткізіледі. Кейде тозығы жеткен каналдардың сапасыздығынан осы тұрғыдан келеңсіз жағдайлар туындап қалып жатады. Сондықтан аралық каналдарды күрделі жөндеу жұмысы күн тәртібінен түспей келеді. Жиналыс барысында аудан әкімі осы каналдарға күржелі жөндеу жұмысын жүргізу жөнінде ұсыныс айтып, керекті қаржы бөлуді облыс әкімінен сұрады. Егер аудан әкімінің ұсынысы қабылданып, каналдарға күрделі жөндеу жүргізілсе ол арқылы егістік алқабын емес, жайылымдарды суғару болады. Тіпті өз мақсатында пайдаланылмай жатқан жерлерді де керекке жаратудың жолы ашыла түсер еді.
Расында Райымбек ауданы туралы айта бастасақ, әңгімені мал шаруашылығы турасынан бастай жөнелетініміз бар. Алайда бүгін де аудандағы шағын және орта бизнестің өркендей түскенін назардан шығарып аламыз. Аудан әкімінің айтуынша, қазірде ауданда 5282 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Бұл кәсіпкерлердің табысын еселей түссе, 4 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылып, салық түсімдері артқан. Білім, денсаулық, мәдениет, туризм, әлеуметтік саладағы жетістіктер ел еңсесін көтерді. Құрылыс саласындағы қарқынды істердің нәтижесінде аудан орталығы, ауылдар түрленіп келеді.
Айта кетерлігі, Райымбек ауданын екіге бөлу туралы жұрт құлағдар. Жиналыста осыған қатысты жұмыстардың ұйымдастырылуы туралы да сөз болды. Облыс әкімі осы мақсатта бөлінген қаржы есебі мен атқарылған жұмыс барысын сұрастырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нурханов жиналыста өңірдегі өзгерістер мен өркениет желісін тізіп шықты. Қарадалалықтардың да қарқыны басым. Оның айтуынша, ауданда ауыз толтырып айтар жаңалық көп. Әсіресе, кәсіпкерлік жағындағы жетістіктері басқаларға үлгі болатындай. Ыстық судың игілігін көріп отырған жұрт басқа салада да өзгеге үлгі болып келеді. Әсіресе, аудандағы жүн және тері өңдеу зауытының табысы жыл сайын еселеніп, өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайын түзеуге сеп болуда. Сонымен қатар егін егіп, малын мыңғыртып, бақ өсіріп қалтасын қаржыға толтырып отырғандар да молынан табылады. Шағын және орта бизнес саласындағы жетістігі арқылы жерлестеріне жұмыс тауып беріп отырғандар да көп. Ірі шаруашылықтар мен іргелі кәсіпорындардың қатары да артып келеді. Ең бастысы, ауданның кіріс көлемін туризм саласы арттырып отыр. Өйткені ауданда жұрт қызығатын, шетелдіктер таңдана келетін табиғи туристік орындар жетерлік. Өкінішке қарай, көбінің жағдайы келушілерді қызықтыратын деңгейде емес. Инфрақұрылымы жүдеу. Аудан әкімі осы жұмыстарға басымдық беріп, алдағы уақытта Қарадала өңіріндегі туризмді түбегейлі өркендетуге қатысты жоспарларын айтып өтті.
Текелі қаласының әкімі Бахтияр Өнербаев ағымдағы жылдың өткен 10 айының қорытындысы бойынша өндірістік өнім көлемі 11,2 млрд теңгені, нақты көлем индексі 104,4 % құрағандығын атап өтті. Бұл тұста атап өтер болсақ, қаланың жылдық өндірістік өнім көлемі жоспар бойынша 14,1 млрд теңгені құрауы тиіс. Сонымен қатар «Достық» индустриалды аймағын дамыту бойынша нақты істер қолға алынуда. Индустриалды аймақ аумағында алдағы уақытта бірнеше өндірістік нысандарды орналастыру көзделуде. Олардың қатарында «Қаженов» шаруа қожалығының алманы сақтау және қайта өңдеуге арналған зауыты (жобаның жалпы құны – 719,8 млн. теңге), жылына 35 мың дана кірпіш шығаратын қуаттылығы бар «Амангелді Қуаныш» жеке кәсіпкерінің лего кірпіштерін шығаратын цехы және өзге де кәсіпорындар бар. Б.Өнербаевтың сөзінше 2017 жылдың 10 айында негізгі капиталға 4,3 млрд. теңге инвестиция тартылған.
Қала әкімі атқарылған жұмыстар мен жоспарларына тоқтала келе, қолдауды қажет ететін бірнеше жобаларды қолдауды сұрады. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілер жолы мен қаланың орталық көшелері тротуарларының ағымдық жөндеу жұмыстары, балаларға арналған ойын алаңдарын салу, жаңа кітапхана ғимаратының құрылысы туралы аталып өтті. Баяндамашыны тыңдаған облыс әкімі Амандық Баталов аталған жобалардың әлеуметтік маңызға ие екендігін атап, ұсыныстарды жіті қарап, оларды бекіткеннен кейін осы жобаларды жүзеге асыру мақсатында келесі жылға қажетті қаражатты қарастыруды тапсырды.
Сондай-ақ өңір басшысы шағын несиелендіру, қысқа мерзімді курстарды оқып шыққан қала азаматтарын тұрақты жұмыспен қамту және «Туған жер» бағдарламасының іске асырылуына қатысты бірнеше ескертулер жасады. Облыс әкімі жыл соңына дейін барлық көрсеткіштер бойынша жоспарланған көрсеткіштерге жетуді, үстіміздегі жылға жоспарланған іс-шаралар жоспарында көзделген әрбір жоба мен айтылған ұсыныстардың іс жүзінде халыққа өз пайдасын тигізетіндігіне көз жеткізетіндігіне кәміл сенімді болу үшін сұраныстарды қайта қарап шығуды тапсырды. Өңір басшысы Текелі қаласын газдандыру жұмыстарына қазірдің өзінен қамдана бастауды ескертті. Газ жүйесінің тарамдарын қалаға жеткізу жұмыстары мен қалаішілік газ құбырларының құрылысын қатар жүргізуді тапсырды.
Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиевтің айтуынша, алдағы 2018 жылы өндірілген ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі 46,2 млрд. теңгені құрамақ. 550 млн. теңге ивестиция тарту арқылы қосымша 3 гектар аумақта «АгроИмпэксАлатау» ЖШС-нің жылыжай кешенінің жобасы іске асырылатын болады. Халықты жұмыспен қамту бағытында да ауыз толтырып айтар жетістердің барын жеткізді. Мәселен, ағымдағы жылдың 10 айында аудандық жұмыспен қамту орындарына өтініш берген 3589 азаматтың 2580-і жұмыспен қамтылып отыр.
Осыдан кейін аудан әкімі Махаббат Бигелдиев күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, мектептердің құрылысы, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту, апатты қоқыс алаңдарын жою және топырақтың құнарлығын қалпына келтіру, жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы, әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізуге арналған жер телімдерін қарастыру туралы ұсыныс білдірді.
Баяндамашыны тыңдаған өңір басшысы Амандық Баталов, айтылған барлық өтініштер мен ұсыныстарды егжей-тегжейлі қарастырып, бірінші кезекте кейінге қалдыруға болмайтын өзекті мәселерді анықтап, келесі жылдың жұмыс жоспарына енгізуді және кезең-кезеңімен күн тәртібіндегі өзге де қордаланған мәселелерді өз ретімен іске асыру үшін қажетті шараларды қолға алуды тапсырды.
Сондай-ақ Қарасай ауданының әкіміне заңсыз құрылыс пен жер бөлу мәселелерін күнделікті бақылауда ұстауды, еш жағдайда заңсыз құрылысқа жол бермеуді, білім сапасы мен ана өлімінің орын алмауына ерекше көңіл бөлуді тапсырды.
Кербұлақ ауданы әкімі Бағдат Әлиевтің баяндамасынан білгеніміздей, кейінгі жылдары Күоеңбел өңірінде беделіңді көтеретін жақсы дүниелер көптеп жасалыпты. Әсіресе, Алматыдан ауылға кіреберіс тұстағы мемлекеттік бағдарламамен қаз-қатар салынған жаңа тұрғын үйлер, жол бойындағы саябақ, ондағы өңірден шыққан ұлы тұлғалаларға арнап жасалған аллеяны басқа аудан орталықтарынан көре қойған жоқпыз. Ал жаңадан бой көтерген халық банкінің ғимараты, спорт кешені, балабақша мен мектеп құрылысы ауылдың ажарын аша түскені анық. Балаларды балабақшамен қамту 93 пайыз орындалған ауданда алдағы уақытта 900 орынға арналған мектеп құрылысы пайдалануға беріліп, үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесі түбегейлі шешілген.
Осы жылдың 10 айында Күреңбелдіктер өнеркәсіп саласы бойынша 2 млрд 191 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Аудандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер толық игеріліп, өнім еселеніп, қамбаға астыққа, жайылым малға толған. Ауылшаруашылығында 26 млрд. 970 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, дихандардың қоржыны қаржыға толған.
«Сыбаға» «Құлан» бағдарламалары ойдағыдай орындалған. Ауданда 1118 мүшесі бар 8-кооператив құрылып, жыл бюасынан бері 230 тонна сүт дайындап, өңдеу кәсіпорындарына тапсырылды. Ағымдағы жылы 3 млрд. 807 млн. теңге инвестиция тартылып, ел еңсесін биіктеткен. Биыл 4152 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, үйсіз-күйсіз жандардың қуанышын еселеу түскен. Салық түсімдері артып, аудан бюджетіне 1 млрд 279 млн теңге түскен. Ауданда 3090 шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Олар тарапынан есепті мерзімде 6 млрд. 442 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, қызметі көрсетіліпті. «Бизнестің Жол картасы – 2020 » бағдарламасы аясында құны 101 млн. теңге 6 жоба қаржыландырылған. Сондай-ақ, денсаулық, білім, мәдениет, спорт саласындағы игілікті жұмыстар жұрт көңілінен шығып келеді. Тіпті, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында Кербұлақ ауданы алды да келеді.
Тағы бір айта кетерлігі, осыған дейін мал мен егін шаруашылығынан напақа тауып келген күреңбелдіктер кәсіпкерлік саласына ден қойып, ірі өндірістерді аша бастапты. Әсіресе, қатарынан екінші жыл жұмыс жасаған облыстық кәсіпкерлік палатасы Кербұлақ аудандық филиалының көмегімен кәсіп көзін ашып, ауылдастарын ажарлы іске жұмылдырған азаматтардың табысын көргенде өңірдің келешегіне тәнті боласың. Басқасын айтпағанның өзінде биылғы жылы олар жеті бағытта жетістікке жеткен. Айталық, ауданға инвесторлар тарту арқылы инвестиция жоспары толық орындалса, Сарыөзекті сумен жабдықтаудың схемасын қайта қарап 4-ші кезекке жобалау жұмыстары басталған. «Сарыөзек — Қорғас — Қоғалы — Қарабұлақ» бағытындағы 15 шақырым жолды орташа жөндеу жүзеге асыып, Шоқан Уәлиханов музейіне баратын жол жөнделген. Сарыөзектегі 250 орындық емхананы жобалау жұмыстарын қолға алынып, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ғимаратын күрделі жөндеу жоспарға сай жүруде. Тек Басши ауылдық округіндегі Аралтөбе, Үйенкөл су қоймаларын күрделі жөндеу жұмысы ғана орындалмай тұр. Оған түрлі себептерге байланысты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында конкурс өтпегендіктен тиісті қаржы қаржының бөлінбеуі қол байлау болып тұр.
Демек, ауданда атқарылған жұмыстар реті жеткілікті. Десе де, кейбір келеңсіздіктер де кездесіп жатады. Десе де, оның бәрі мезгілдік қиындықтар болғандықтан бәрі де өз деңгейінде шешімін табады. Қысқасы, Кербұлақтықтардың әр қадамы табыс пен жетістікке толы деуге болады.
Жаңа жобалар іске қосылды
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қатысуымен «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» атты ұлттық телекөпір өтті. Онлайн режимінде ұйымдастырылған шара аясында елдің әр аймағында жаңа индустриялық-инновациялық, инфрақұрылымдық, энергетикалық және агроөнеркәсіптік жобалардың тұсауы кесілді. Елбасы телекөпір кезінде нысандардағы өндірісті іске қосуға рұқсат беріп, ақжол тіледі.
Аталған жобалардың екеуі Алматы облысында. Соның бірі Қарасай ауданының Елтай ауылдық округіне қарасты Жармұханбет ауылының жанынан бой көтерген «Қарасай машина жасау зуыты». Шараға облыс әкімі Амандық Баталов қатысты. Телекөпір байланысы кезінде сөз алған жоба жетекшісі Павел Беклемишев елді индустрияландыру бағдарламасы аясында Қарасай ауданында іске қосылатын зауытқа 6,7 млрд. теңге инвестиция құйылып, өндіріс жылына 18 мың тонна дайын өнім шығаруға қабілетті екенін атап өтті.
Жаңадан бой көтерген зауыт өз бағытындағы елдегі бірегей кәсіпорын екендігі дау туғызбайды. Атап айтқанда, халықаралық стандарттарға жауап беретін жоғары сапалы өнім шығаруға бағытталған өндіріс соңғы үлгідегі әлемдік технологиямен жабдықталған. Мұнда Германияның «Кальтенбах» компаниясы, Италияның «ФИЧЕП» және «Нуова СММ», Польшаның «Ремикс», Швецияның «ЭСАБ» және АҚШ-тың «Линкольн» компанияларында жасалған құрыш металдарын өңдеу, дәнекерлеу құрылғылары орнатылған. Ал, металл өнімдерін ыстық кезінде мырышпен қаптау әдісі оның ұзақ мерзім қызмет атқаруына мүмкіндік береді. Бүгінде жаңа кәсіпорында үлкен өндіріс нысандарын, фермаларды, көкөніс және өзге де заттарды сақтайтын қоймаларды, құс фабрикаларын, элеваторларды тұрғызуға арналған металл құрылғыларын шығару қолға алынып отыр.
Болашақта машина жасауға қажет күрделі бұйымдар өндірісін жолға қою жоспарланған. Мұндай озық технологиялы өндірісте жоғары білікті мамандар ғана жұмыс істейтін болады. Сол себепті зауыт жанынан кәсіби білікті дәнекерлеуші, слесарьлар даярлайтын оқу орталығын ашу көзделуде. Жыл сайын бұл орталықта 100-ге тарта адам мамандық меңгеріп шығатын болады. Зауыт өнімдері өндіріс орындарын салумен бірге, ауылшаруашылығы нысандарын тұрғызуға кеңінен пайдаланылады. Демек, мұнда шығарылған өнімдер үлкен сұранысқа ие болмақ.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Индустрияландыру күніне орай онлайн режимінде өткен телекөпір арқылы Текелі қаласындағы «Қора» СЭС жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің деривациялық үлгідегі заманауи су электр стансысы да іске қосылды. Салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов және салаға жауапты лауазымды тұлғалар қатысты.
Алдымен елдің экономикалық дамуы жан-жақты таныстырылып, қысқаша мағлұмат берілді. Онда мәлім болғандай, елде жыл басынан бері 1,9 триллион теңгелік 127 жоба іске қосылып, 10 мыңнан аса тұрақты жұмыс орындары құрылған. Бұдан соң Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, жаңа іске қосылатын жобалардың алғашқы қадамына сәттілік тіледі. Жалпыұлттық телекөпір байланысы кезінде «АСПМК – 519» компаниясының бас директоры Виктор Сычев сөз алып, елде мыңдаған кәсіпкердің өз бизнес-идеяларын жүзеге асырып, орта және шағын бизнестерін дамытуға мүмкіндік туғызып отырған Мемлекет басшысына көпшілік атынан алғыс айтып, жаңа жобаны іске қосуға рұқсат алды.
Осылайша, Текелі қаласында жаңа су электр стансысы іске қосылды. Айта кетейік, бұл жоба облыста қуаттылығы жағынан «Мойнақ» СЭС-нен кейін екінші орында. Электр стансысы құрылысына екі жүз елу адам жұмылдырылыпты. Ендігі кезекте, бұл жерде жиырмадан аса адам жұмыс істейтін болады. Өндірілген электр қуаты толығымен ішкі нарыққа жұмсалмақ. Жоба қуаттылығы 28,5 МегаВатт. Аталған су электр стансысы Елбасының «Қазақстан –2050» стратегиясы аясында елде қалпына келтірілетін энергия көздерін көбейту тапсырмасы негізінде қолға алынған. Жоба құны 7,1 млрд. теңгені құрайды. Қаражаттың жетпіс сегіз пайызы жеке инвестиция болса, қалғаны несиелер. Құрылыс жұмыстары 2015 жылдың қараша айында басталған. «Қора» СЭС-інің бас мердігері «АСПМК-519» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Түйін
Астанада өткен телекөпірде Елбасы:
–Үшінші жаңғыру бағдарламасы еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыруды, біздің тауарлардың экспортын кеңейтуді талап етеді. Индустриалды саясаттың негізгі бағыты 4.0 технологияларын енгізуге қатысты болып отыр. Бұл бағыттың мән-жайын тыңғылықты түсіну керек. Осыған байланысты «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы дайын. Сондықтан оны жүзеге асыруға барлығы қатысуы керек, яғни әрбір министрлік, әкімдік, сондай-ақ Қазақстандағы әр компания қамтылуы тиіс, – деді.
Демек, жетісулықтарда алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды ширата түскені жөн. Бұл жайлы алдағы уақытта жазатын боламыз.
Қажет Андас,
Алматы облысы