Биылғы 16 маусымнан бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң күшіне енді. Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді. Айталық, бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылық ретінде сараланып келсе, енді осы тектес қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Жазаға 80-ден 200 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу жатады. Жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін – 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды.
Қалай болғанда да, отбасылық ортада зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған заң — қауіпсіз және әділ қоғам құру жолындағы маңызды қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың 15 сәуірінде қол қойған Заң қоғамдағы қауіпсіздікті нығайтуға, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталып отыр. Jasqazaq.kz тілшісі Түркістан облысы Полиция департаментінің аға лейтенанты Мақсат Мақтабекпен сұхбаттасып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу бағытында атқарылып жатқан жүмыстар туралы сұрап-білді.
– Jas Qazaq оқырмандарына өзіңізді тереңірек таныстырсаңыз. Қайда туып-өстіңіз, қай оқу орнында оқыдыңыз?
– Мен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысы, Келес ауданының Абай ауылында өмірге келдім. Мектепті тәмамдаған соң Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде құқықтану мамандығы бойынша білім алдым. Университетте оқи жүріп, әскери кафедраны да қоса тәмамдадым. Бүгінгі күнде Түркістан облысы Полиция департаменті, Жетісай аудандық полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы болып қызмет атқарамын. Полиция аға лейтенантымын.
– Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторысыз, өмірде қандай келеңсіздіктер жиі орын алады?
– Ия, жұмыс барысында келеңсіздіктер жиі орын алады. Әсіресе, қоғамдық орындар мен халық көп шоғырланатын демалыс кешендері, ойын-сауық, сауда-саттық орталықтарында халықпен тығыз байланыс орнатып, түсіндіру шараларын жүргізгенде, үнпарақтар таратқанда көпшіліктің ішінде өзінен-өзі сенімсіздік пен үрей қысатындарды да аңғарамыз. Полиция қызметкерлерін көргенде бойын қорқыныш билейтіндер де жоқ емес. Сондай-ақ қорғау нұсқамасы бойынша есепте тұратын жайсыз отбасылардың тұрғылықты мекен-жайларын тексеру кезінде де дәл осы жағдайлар қайталанады. Сондықтан біз полиция қызметкерлері қашанда халыққа қас емес, керісінше дос, қорған, құқығын қорғаушы екенін, Қазақстан Республикасының азаматтарының тегіне, тіліне, дініне және нәсіліне қарамастан тең құқыққа ие екендігін және полиция қызметкерлері әрқашан көмек қолын созуға дайын екендігін айтып түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Қоғамның құқықтық сауатының нығайғаны да заңның үстемдік құруына серпін беретінін барынша түсіндіруге тырысамыз.
– Биыл «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылданғаны белгілі. Өзіңіз қалай ойлайсыз, аталмыш заң қоғамдағы қауіпсіздікке айтарлықтай септігін тигізіп отыр ма?
– Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған өзгертулер мен толықтырулар енгізілген жаңа заң жобасы бойынша халықты ақпараттандырып, хабардар ету бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп, үнпарақтар да таратылады. Қабылданған жаңа заң қоғамның қауіпсіздігіне айтарлықтай септігін тигізетініне сенімім мол. Бұл бағытта алдағы уақытта қарқынды жұмыстар жүргізіліп, жалғасын таба береді.
– Өзіңіз қызмет ететін оңтүстік өңірде ғана емес, басқа аймақтарда да қыз алып қашу үрдісі әлі де жиі орын алады. Осындай жағдайға тап болып, арыз жазатындар бар ма? Қанша тағдырға араша түстіңіздер?
– Қыз алып қашуға байланысты бір жақты түсінік, байлам айтуға менің құзіретім жетпейді. Өйткені бұл дәстүр дейміз бе, салт деп айтамыз ба, ата-бабамызбен бірге байырғыдан жасап келе жатқан ғұрып. Әрине, махаббаттың құрбаны болып, бір-біріне қосыла алмай еріксіз ажыраған мұңлықтардың сөз байласып бірге қашқандығы туралы лиро-эпостық жырлар, аңыз дастандарды оқып өстік. Дегенмен де уақыт өткен сайын қыз алып қашу үрдісі едәуір азайып келеді. Оған да тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң қатаңдатылып, жауапкершіліктің күшейгені тікелей себеп болып отыр. Кейде әйел адамдар тарапынан, қыздардан да алып қашуға байланысты арыз-шағымдар түседі. Оларға тиісті деңгейде заңдық тұрғыдан көмек көрсетіледі. Алайда алып қашып кеткен қыздың өзі болмаса, туыстары кейін жазған арыздарын кері қайтарып, шаңырақ құрып, бақытты ғұмыр кешіп жатқан жандар да бар.
– Қалай болғанда да дәстүрге теліп, салтымыз деп санап, танымайтын қыз баланы алып қашып көшеден әкете беру оның құқығына, жеке өміріне де қолсұғушылық қой. Мұны да естен шығармауымыз керек.
– Дұрыс айтасыз, біздің де басты ұстанымымыз сол – азаматтардың құқығы ешқашан тапталмауын қадағалау.
– Жасыратыны жоқ, қоғамда азаматтардың көпшілігі өзінің құқығын қорғай білмейді, заңды да жете түсінбейтіндері де жоқ емес. Осыған келісесіз бе?
– Сөзіңіздің жаны бар, халықтың көпшілігі өзінің заңдық құқығын жоғары деңгейде білмейді. Соның салдарынан да түрлі келеңсіздікке тап болады. Қандай да бір жағдайға тап болғанда, өзінің құқығын қорғай алмай сергелдеңге түседі. Сондықтан да халық арасында заңдық, құқықтық сауаттылықты қарқынды жүргізіп, жиі пікір алмасу өткізіп, байланыс орнату керек. Біз де өз тарапымыздан адамдардың өз құқықтарын қорғауға шақырамыз, бағыт-бағдар беріп, жол сілтейміз.
– Әйелдерге тұрмыстық зорлық-зомбылық көбіне отбасында, күйеуінің тарапынан орын алады. Бірақ көпшілігі жабулы қазанның қақпағы ашылмағанын, айналасы үйдегі шуды естімегенін қалап, үндемейді, арызданбайды. Сөйтіп өмір бойы таяқ жеп жүре береді…
– Қоғамның деп көпке топырақ шашқан жарамас, десе де, көптеген әйел адамдар отбасында күйеуінен зәбір көріп, тіпті таяққа жығылса да арыз жазып, өзінің құқығын қорғамайды. Отбасында орын алатын зорлық-зомбылықты сыртқа шығаруға, көпшілікке жария етуге намысы жібермей, іштен тынады. «Төркінім естісе қалай болады, танысым білсе не дейді» деген секілді қасаң қағидаға сүйеніп өзінің көрген жәбірін жария етуден ұялады. Тіпті айтқаны үшін қайыра таяққа жығыламын деген қорқынышы да мұндай қадамға баруға жібермейді. Сондықтан осы мәселе бойынша да қыз-келіншектерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ашық есік күнін ұйымдастырамыз. Соның нәтижесінде жапа шеккен жандармен ашық сұхбат жүргізіп, зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда дер кезінде полиция қызметкерлеріне немесе сенім телефонына хабарласуға үндейміз.
– Әне-міне дегенше, жыл басынан бері жеті ай да өте щығыпты. Осы уақыт ішіндегі жұмыс қорытындысына тоқталып өтсеңіз.
– Осы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өткізілді. Атап айтқанда, бірнеше білім беру мекемелерінде ата-аналар және ұстаздар мен оқушыларға, «Асыл қазына» һәм «Тең қоғам» мекемесінде зейнеткерлерге, сонымен қатар әкімдік пен мәдениет үйлерінде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөнінде бірқатар іс-шара өткізілді. Мұндай ауқымды шараларды қалың жұртшылыққа жеткізу мақсатында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жарық көрді. Сонымен қатар әлеуметтік желіде бейнеролик түсіріліп, посттар жарияланды.
– Балаларыңыз да ішкі істер органында қызмет етемін десе, қарсы болмайсыз ба? Жауапкершілігі жоғары, төзімділікті қажет ететін сала ғой қанша дегенмен.
– Еліне адал болу әр азаматтың міндеті екенін ескерсек, мен де өз балаларымның келешекте жүрек қалауымен ішкі істер органдарында қызмет істеймін десе еш қарсы болмаймын. Керісінше, қуанамын. Неге десеңіз, бұл салада еңбек ету әр адамнан қажыр-қайратты, шыдамдылықты, ерлікті, табандылық пен сабырлылықты қажет етеді. Соны ішінде заң талабын қатаң сақтап, жұмысқа жауапкершілікпен қарауды, қызметтік міндетті атқаруға деген адалдыққа аса ықыластық танытуды талап ететін сала. Әркім де Отан алдындағы борышын абыроймен атқаруға міндетті деп ойлаймын.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жазып алған Қуан Көшек