Соңғы үш жылда ел экономикасы тұрақты түрде дамып келеді. Айталық, 2023 жылғы көрсеткіш 5,1 пайыз, 2024 жылы 5 пайыз болса, биылғы нәтиже де жаман емес. Бұл туралы 2026-2028 жылдарға арналған респбуликалық бюджет және трансферт көлемі талқыланған Мәжілістің пленарлық отырысында айтылды.
Олжас Бектенов Үкімет тарапынан экономиканың тұрақты да серпінді дамуын қамтамасыз ету үшін барынша күш салынып жатқанын атап өтті. «Бәйтерек» холдингі арқылы 8 трлн теңгеге аса маңызды инфрақұрылымдық және индустриалдық жобаларды іске асыру бағдарламасы қабылданған. Өзге де кешенді шаралар қолға алынды. Биыл жалпы құны 1,5 трлн теңгеге 190 өнеркәсіп жобасы іске қосылады. Түрлі сала бойынша 1681 ірі жоба жүзеге асып жатыр. Осы жобалардың шеңберінде 40 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылды.
Премьер-Министрдің айтуынша, макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау да маңызды. Ең әуелі инфляцияны ауыздықтауға арналған шаралар шұғыл түрде қабылдануы тиіс. Бұл орайда Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп тиісті жоспар дайындаған көрінеді.
Жиында Премьер-Министрдің орынбасары-ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин алдыңғы үш жылға арналған экономикалық даму болжамын ортаға салды.
Оған сәйкес, келесі жылы ЖІӨ (Жалпы ішкі өнім) 5,4 пайыз, 2028 жылға дейінгі орташа жылдық өсім 5,3 пайыз деп күтіледі. Номиналды ЖІӨ 2026 жылы 183,8 трлн теңгеден 2028 жылға қарай 229,8 трлн теңгеге өседі. Экономикалық өсім негізінен өндіріс пен қызмет көрсету саласы есебінен қамтамасыз етіледі.
Экспорт көлемі келесі жылы 77,1 млрд доллардан 2028 жылы 83,7 млрд долларға көбейеді. Сондай-ақ импорт 67,7 млрд доллардан 75,2 млрд долларға ұлғаяды.
Жұманғариннің айтуынша, инфляция деңгейі 2026 жылы 9,0-11 пайыздан 2027 және 2028 жылдары 6,0 пайызға дейін төмендейтіні күтіледі.
Сондай-ақ вице-премьер макроэкономикалық көрсеткіш негізінде 2026-2028 жылдарға бюджет пен Ұлттық қор өлшемдеріне жасалған болжамға тоқталды: «Салық-бюджет саясаты мемлекеттік қаржының тұрақтылығы мен тепе-теңдігін қамтамасыз етуге, бюджет тапшылығын азайтуға, Ұлттық қордан қаражат алмауға бағытталады. 2026 жылы бюджеттің кіріс бөлігі 19,2 трлн теңгеге немесе ЖІӨ-нің 10,5 пайыз деңгейіне жетеді деп болжанды».
Ағымдағы жылмен салыстырғанда, кіріс 4,7 трлн теңгеге көбеюі тиіс. 2028 жылға дейін 23,7 трлн теңгеге артып, өсім 20,8 пайызды құрайтыны болжанып отыр. Республикалық бюджетті өзіндік табыс есебінен биылғы 63,7 пайыздан 2028 жылы 83,5 пайызға жеткізу көзделді. Ұлттық қордан алынатын кепілді трансферт көлемі жыл сайын 2 770 млрд теңге шамасында.
2026 – 2028 жылдары республикалық бюджет шығыны 108,7 – 109,3 пайыз көлемінде тұрақтайды. Келесі жылы бюджет шығыны 27,7 трлн теңге (ЖІӨ-нің 15,1 %), 2027 жылы – 28,8 (ЖІӨ-нің 14 %), 2028 жылы 29,8 трлн теңге (ЖІӨ-нің 13 %) құрауы тиіс. Бюджет шығыны осы болжам шегінен аспауы керек. Сонда Жұманғариннің айтуынша, бұл Ұлттық қордан мақсатты трансферт түрінде қосымша қаржы алмауға болады.
Мәжіліс отырысында сондай-ақ аймақтардағы бюджет кірісі сөз болды. Өңірлердің дамуы жергілікті басқарумен тікелей байланысты екенін айтып өткен Серік Жұманғарин әкімдіктер экономикалық өсімді қамтамасыз етуге белсенді түрде атсалысуы қажет екенін еске салды.
«Әкімдік жұмысы ең алдымен өзіне тиесілі салық салу базасын дамыту. Біз тұрақты түсетін салықтың бәрін жергілікті жерге бердік. Биыл акциздерді көбейтіп, оны да бердік. Сондықтан өңірлерді дамыту ең алдымен оны басқарып отырғандардың қолында», — деді вице-премьер.
Оның айтуынша, өңірлерде донорлардың пайда болуына бірқатар себептер кедергі келтіреді. Бір жағынан, экономикалық көрсеткіш жоғарылаған кезде шығыс жағынан міндеттеме көбейеді. Екінші жағынан, өңірлердің тарихи дамуы әр түрлі. Сондықтан бюджетті толтыруға қомақты үлес қосатын аймаққа айналу ұзаққа созылатын үрдіс. Дегенмен өзін-өзі қамтамасыз ете алатын аймақтардың қатарына Маңғыстау және Павлодар облыстары қосылуы – жағымды жаңалық.
Сөйтіп бүгінгі Мәжіліс отырысында 2026-2028 жылдарға арналған үш жылдық бюджет қабылданды. Құжатта доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 540 теңге, ал мұнай бағасы барреліне 60 доллар деп көрсетілді. Бюджеттің кіріс бөлігі экономикалық өсім есебінен 3,6 трлн теңгеге ұлғаятыны болжанды.
Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, алғаш рет шығыс бөлігіне бюджеттік шолу жасалды. Мемлекеттік органдардың шығындары қайта қаралып, 68 млрд теңге қысқартылды. Ағымдағы әкімшілік шығынның үлесі 15 пайыздан 12,3 пайызға азайтылып, үнемделген қаржы даму бюджетіне бағытталады.
Наргүл Мырзахмет
Сурет: Үкіметтің баспасөз қызметі