jasqazaq.kz

Мақпал мен троллейбус

06 наурыз 2020, 13:35

Жан дүниесі гүлдей нәзік болғанымен, анау-мынау ер жігіттің қолынан келмейтін шаруаны дөңгелетіп отырған қыз-келіншектер көп. Сондай арудың бірі – Мақпал Қожамсейітова. Ол қоғамдық көліктердің ішіндегі әрі ұзын, әрі кез келген жолмен жүре бермейтін, жүргізуге ыңғайсыздау троллейбус деген алып көлікті тізгіндейді. Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында, Мақпалға арнайы барып, мамандығының қиын да қызықты сәттерін әңгімелеп беруін сұрадық.

Jas qazaq: Мақпал, қоғамдық көлікті жүргізуді бала кезден армандадыңыз ба? Әлде бұл кәсіпті таңдауыңызға нақты бір себеп болды ма?
Мақпал: Ең алғаш рет мен жұмысымды қоғамдық көлікте кондуктор болып бастадым. Бірақ трамвай жүргізетін қыз-келіншектерге қызығып жүрдім. Бір жағынан, рөлді тізгіндеуге қорқатынмын. Кейін 2010 жылы көлік жүргізуді арнайы оқып, жүргізуші куәлігін алдым. Ол кезде білесіздер, Алматыдағы жүйткіген трамвайларды көбінесе әйелдер тізгіндейтін. Мен оларға қатты қызығатынмын, үнемі жандарына тұрып алып қалай жүргізетіндерін бақылап жүретінмін. Достарыма трамвай жүргізгім келеді деген ойымды айтқанда, ешқайсысы аса мән бермеді. 2010 жылы трамвай тізгіндеуді үйренгім келіп, арнайы курсқа келдім. Сол кездегі оқыту курсының директоры «Трамвайдың болашағы жоқ. Одан да троллейбус жүргізуді оқы», – деп кеңес берді. Ақыры келген екенмін. Мен барлығын үйренуім керек деген алдыма мақсат қойдым. Үш айдан астам уақыт теориялық және тәжірибелік сабақ алып, троллейбус тізгіндеуді үйренуге бар күшімді салдым.
Jas qazaq: Ең алғаш рет троллейбус тізгіндеген сәтіңіз есіңізде ме?
Мақпал: Әрине, есімде. Ең алдымен, біз екі ай тәжірибеден өттік. Тек үшінші айдан бастап жеке жүргізе бастадық. Алғашқы сәтте аяқ-қолым үйренбей, уақыттан кешіккен сәттерім болды. 2015 жылға дейін №1 троллейбусты жүргіздім. Сол жылы бір келеңсіз оқиға болып, 2 жылға жуық жүргізуші куәлігімнен айырылдым. Сол арада тырнақ әрлеуші болып жұмыс істедім. Арасында жұмыс таба алмаған күндер де болды. Бірақ бәрібір де жүрегім троллейбус тізгіндеуді қалап тұрды. Шыны керек, менің жаным қалаған кәсіп – ол қоғамдық көлік жүргізу екен. Жүргізуші куәлігімді қайта алып, сүйікті жұмысыма қайта оралдым.
Jas qazaq: Қоғамдық көлік болғаннан кейін неше түрлі жолаушылар болады. Кейде адамдар орынсыз ұрысып, жүргізушінің жұмысына риза болмайтын сәттерде не істейсіз?
Мақпал: Троллейбус болғаннан кейін, бізге зейнет жасындағылар көп отырады. Оларды білесіз, үнемі ренжіп жүреді. Ең қиын адамдар – жол ақысын төлемей түсіп кететін жолаушылар. Өйткені, кептеліс кезінде «Оңай» бақылаушылары да үлгермей жатады. Жолда біреуді қағып немесе басқа көлікті соғып кетуден қорқамын. Жолда жүргеннен кейін ондай сәтсіздік көп болып тұрады. Сол кезде уайымдап кететінім бар. Ал ондай жағдайда әріптестерім қол ұшын беріп, сөзбен болса да демеп, көмегін аямайды. Әрине, адами фактор деген бар. Темір болған соң тозады. Бірақ ол жөнделеді ғой.
Jas qazaq: Жолда жүргеннен кейін неше түрлі оқиға болады. Мәселен, қалталы, үлдемен-бүлдеге оранып, қымбат көлік тізгіндеген әйелдер жолыңызды кес-кестеген кездер болды ма?
Мақпал: Ондай сәттер болды. Одан өттім деп ойлаймын. Троллейбусты менсінбей, жол бермей, тіпті ортан терегін (саусағын) көрсетіп кететіндер жиі кездесетін. Олармен талай ұрысқан кездерім болды. Қазір басқаша. Өйткені, қоғамдық көлік жүретін арнайы жолақ бар. Көшедегі қозғалыс бағыттары да ретке келтірілген. Қазір барлық қоғамдық көлікте арнайы бейнебақылау камерасы орнатылды.
Jas qazaq: Халықаралық әйелдер мерекесіне орай, нәзік жандарға не айтар едіңіз?
Мақпал: Аналарымыз бен қыз-келіншектерді, әкпе-сіңлілерімді әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Барлық жақсылықты нәсіп етсін. Ал мен сияқты қоғамдық көлік тізгіндеген нәзік жандыларға әрқашан жасыл бағдаршам серік болсын деп тілеймін.

Сұхбаттасқан
Мақпал Ноғайбаева

18 қараша, 15:39
Түрксіб ауданы Алматының «жасыл-желегі жайқалған қала» мәртебесін нығайтып жатыр: 772 мыңнан астам ағаш егіліп, көшелер көгалданды
18 қараша, 15:30
Алматының Түрксіб ауданы осы маусымдағы ең ауқымды абаттандыру жұмысын аяқтап, тұрғындар таңдаған 32 жобаны жүзеге асырды
14 қараша, 18:02
Жасыл желек пен жарық — Алматыда Торайғыров көшесінде ауқымды жаңарту жұмыстары аяқталды
14 қараша, 17:40
Алматыда мектептің сыйымдылығы 300 оқушыға дейін ұлғайтылады
14 қараша, 17:37
"Таза Қазақстан": Алматыда «Қағаз boom» экологиялық акциясы өтті
12 қараша, 13:39
Алматының Бостандық ауданында жаңа емхананың құрылысы аяқталуға жақын
11 қараша, 11:04
Дархан Сатыбалды: Сәулеттік жарықтандыру қаланы заманауи әрі қауіпсіз етеді
10 қараша, 10:44
Дархан Сатыбалды Алматыдағы жаңа скверді аралады
31 қазан, 19:45
APEC ашық әрі әділ сауда-саттықты қолдауға шақырды