jasqazaq.kz

Майдан аға тағы да майдан даласына аттанды

19 сәуiр, 21:17

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әр жылғы түлектерінен құралған «Мемориалдық аймақ» іздестірушілер жасағы 47-ші рет қазба жұмыстарын жүргізу үшін майдан даласына аттанды. Жасақ командирі, ЕҰУ профессоры Майдан Көмекұлы Құсайынов 83 жаста болса экспедицияның ең кіші мүшесі 57 жаста. Бағыттары сол баяғы Лениград облысының әйгілі Синявино биіктігі.

Есімін майданнан қайтқан әкесі Майдан деп қойған екен. Қазақтың ырымы қырын кеткен бе, осынау есім кейін оның өмірлік мақсаты мен ұстанымын дәл айқындап берді.   «Әкем Көмек Волхов майданында 310-шы атқыштар дивизиясының құрамында рота командирінің саяси істер жөніндегі орынбасары болып соғысқа қатысқан. 1942 жылы Ленинград қоршауын бұзуға бағытталған алғашқы шайқаста ауыр жараланып, бір аяғынан айрылғасын елге қайтады. 1943 жылы мен, сосын үш бауырым дүниеге келді. От пен оқтың  ортасынан  оралған ол бізді отаншылдық рухта тәрбиелеп-өсірді және адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғысты ешқашан ұмытпауды өсиет етіп кетті. Біз нағыз майдангерлердің әңгімесін тыңдап өстік. Тарихи оқуылықтар мен сол тұстағы советтік баспасөзде жазылмаған небір шындықтар мен сұмдықтарды солардың аузынан естідік. Соның бір менің жадымда мәңгі жатталып қалды», — дейді Майдан аға.

1977 жылы аспирант Майдан Құсайыновтың алдында Киев немесе Ленинград деген таңдау тұрғанда әкесі өзі қорғаған Ленинградқа баруға кеңес береді. Бұрынға ұрыс қимылдары өткен жерлерді көзбен көріп қайт деп, қаруластарымен бірге сол аймақтың карта-сызбасын жасап, қолына ұстатады. Әкесі аманат еткен аймаққа Майданның аяғы алғаш рет 1978 жылдың көктемінде  тиген екен.

«Бұл Ақмолада жасақталған 310-ші және 317-ші атқыштар дивизияларының жауынгерлері ерлікпен шайқасқан даңқты Синявино биіктігі болатын. Мұндағы көрініс мен өте қатты толқытты. Шайқас кеше ғана біткендей каскалар, қару-жарақтар, жарылмай қалған снарядтар шашылып жатыр.  Бұған дейін ұрыс қимылдары жүріп өткен Севастополь және тағы басқа талай жерде болғанда онда тап-таза, соғыстың ізін де көрмеп едім»,- деп еске алады Майдан Көмекұлы.

Содан бері ол жыл сайын жазда студент жастардан отряд жасақтап алып Синявино биіктігін бетке алатын болды. Тек пандемияның кезінде ғана экспедиция жорыққа шықпай қалды.

Осы жылдар ішінде іздестіру тобының жауынгерлері мен оның командирі бес атқыштар дивизиясының отыздан астам бауырластар зиратының координаттарын анықтап, көптеген кеңес жауынгерлері мен командирлерінің сүйегін қайта жерледі.

Көп жылғы қажырлы еңбектің арқасында Еуропада тұңғыш рет ауданы 120 шаршы шақырымды құрайтын  және төрт маршруттан тұратын ұзындығы 54 шақырымдық «Үміт» мемориалдық аймағы құрылды. Бұл маршруттар бойымен Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің бауырластар зираттарының басына обелисктер мен ескерткіш белгілер орнатылды. Хабар-ошарсыз кеткен 3224 боздақтың майдандағы тағдырлары анықталды.

М.Құсайыновтың қаламынан шыққан «Синявино батпағы мен биіктігінің құпиясы», «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстанның әскери тарихы» және басқа да еңбектерді атап өтуге болады.  Бұл кітаптар Германиядан, Бундесвердің мұрағатынан алынған деректерімен де құнды.

ҚР ҚК Әскери-тарихи музейінде өткен  «Мемориалдық аймақ»  жасағын салтанатты түрде аттандырып салу жиынына ЕҰУ әскери кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттері де қатысты.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев,  Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай және басқалар осынау сауабы мол сапарға бел шешкен ізгі ниетті азаматтарға ақ жол тіледі.

Сексеннің сеңгіріне шықса да әлі де тың, әлі де қолынан қаламы мен күрегін қатар сілтеп жүрген профессор Майдан Көмекұлының Құсайыновтың өмірі жастарға үлгі-өнеге екені сөзсіз.

Әбубәкір Смайылов,

ЕҰУ Әскери кафедрасының оқытушысы

27 тамыз, 12:47
The Guardian: Темірлан Анарбеков «Қайратты» Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне алып шықты
26 тамыз, 15:56
Баланың психологиялық саулығы – қоғамның басты құндылығы
22 тамыз, 14:11
Өнер өмірге құштарлықты арттырады немесе «Ақжайық» мектебіндегі музыкатерапия
20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы - басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті