Жұмыстан қайтайын деп жиналған сәтім еді. Есік ақырын ашылып,аяғының басқан дыбысы да естілмей, жарқын жүзді әжей кірді. «Рұқсатпа, мен осы қабаттағы заңгерге келіп едім, күте тұрсам бол ма?» – деп, өзінің сыпайылығын байқатты. Арқасында дәу қара рюкзак. Қолында үлкенекі пакеті және бар. «Мирине» қоғамдық қорының төрайымы, экономика ғылымының докторы, «Алтын жүрек» ұлттық сыйлығының иегері Күләш Сәрсембаевамен таныстығым осылай басталды.
Ес білгелі қиындыққа тап болған адамдарға көмектесуден аянбай келе жатқанын естігенде, әжеміз еріктілер қатарында баяғыдан жүргенін сезіндік. Өз өміріндегі таршылыққа да қарамаған ол кісі жақсылық жасауды ғана алдына мақсат етіп қойыпты.
– Мен 1945 жылы Омбы облысында, Шарлақ деген жұмысшы поселкесінде дүниеге келдім. Қоғамдық жұмысқа бала кезімнен араласып келем. Мектепте сабақты жақсы оқыдым, үлгерімі жағынан қалып бара жатқан балаларға көмектесетінмін. Көркемөнер үйірмесінеде белсене араластым. 7 сыныпты бітірген соң, ағам Ленинградқа оқуға түсіп, мені де сол жаққа ала кетті.
Ленинградта ауылшаруашылығы техникумының экономика бөліміне түстім. Мұнда да қоғамдық шараларға үзбей қатыстым. Техникум музыкалық комедия театрының жанында орналасқан еді. Театрдың Семен Фраткин деген артисі бізде көркемөнер үйірмесіне басшылық етті. Мен өнерге қатысы бар барлық үйірмеден дәріс алдым. Кез-келген оқушыға көмектесу менің бойымда сол жылдары қалыптасқан дағды еді. 1964 жылы оқуымды бітіріп, Алматыға келдім.
Осында Алматы Халық шаруашылығы институтына оқуға түстім, топтың комсоргі болдым. Ауылдан келген кейбір студенттер орысша жақсы білмегендіктен оқуда қиналатын. Ал мен орысшаға жетік болдым. Тіпті кейбір студенттерді үйге алып келіп, сабақтарына көмектесетінмін. Сол қыз-жігіттер сабақтарын 4-5-ке тапсырып жүрді.
Институт бітірген соң Мемлекеттік жоспарлау мекемесіне (Госплан) жұмысқа жіберді. Сол уақыттағы жоспарлау күшті болды.
Жоспарлау және стандарттау ғылыми-зерттеу институтының машина жасау бөліміне қызметке тұрдым. Мемлекеттік жоспарлау мамандары іссапарға барғысы келмейді (жымиып күлді), үнемі бізді жіберетін. Павлодар трактор зауытына, Шымкент автоматтандыру зауытына, Талдықорғандағы зауытқа талай рет бардым. Ондағы жоспардың дер кезінде орындалуын тексеретінбіз.
Сырттай аспирантураға түстім. Өйткені машина жасау менің диссертациялық тақырыбыма сай еді. Украина, Ленинград, Белоруссия трактор зауыты, Киевтің машина жасау зауыты, әйгілі Киров зауытында тәжірибеден өттім. Диссертация тақырыбын алты жыл зерттедім. Ол уақытта ғылыми жұмысты қорғау өте қиын болатын. Диссертация 150 бет болса, 150 құжат жинап тапсыруың керек. Сол құжаттарды дайындауға қаншама уақыт кетеді. Диссертацияны жазғанда дұрыс жетекшімде болған жоқ. Өйткені менің тақырыбым бойынша Алматыда, жалпы Қазақстанда маман болмады. Сондықтан өзіме жазуға тура келді. Сөйтіп 250 бет жазып тастаппын. Кейін мамандар «бұл докторлық еңбек» деп күлді. Алайда кенеттен жұмыстан шығып қалдым.
Диссертацияны қорғауға қажет құжаттардың ішінде қайда жұмыс істейтінің жөнінде анықтама да болу керек еді. Мәскеу не Ленинградқа тапсырайын десем, ол жаққа жету қиын. Ол кезде Мәскеу, Ленинградта, Киевте ғылыми жұмыстарым, мақалаларым белгілі газет-журналдарда жарық көрген. Қаражаттың бәрі диссертацияға кетіп жатты, жұмыста жоқ. Қатты қиналдым. Өмірімнің 20 жылында кіші ғылыми қызметкер болдым. Сөйтіп 1990 жылы ғана диссертациямды қорғадым. Ары қарай қайта құру кезеңі де басталып кетті.
«Мирине» мейірімі
Ерікті болу – адамның жүрек қалауы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады. Өте жақсы бастама. Өйткені еріктілердің жұмысы оңай емес.
Мен 1985 жылдан бастап ерікті болып келемін. Осы жылы 28 панфиловшы ардагерлерінің қоғамдық қоры құрылды. Сонда белсенді болғам. Соғыс ардагерлерімен көп араластым. Керемет адамадар еді. Сөйтіп 2010 жылы «Мирине» қоғамдық қорын құрдым. Ленинградта оқып жүргендегі сынып жетекшімнің құрметіне қойған едім. Өйткені мен 14 жасымда үлкен қалаға оқуға кеттім. Анамды 2 жылдан астам
көрмедім. Тек анда-санда хат жазып тұратынбыз. Қазіргідей телефон да жоқ. Сол кезде мені анамдай мейіріммен тәрбиелеген, жақсы білім берген, көп әдеби кітап оқу керектігін, мәдениет пен өнерді сүюді үйреткен, бірден бір себепші болған Мирине апайым еді. Ол неміс тілінен сабақ беретін және жәй отбасынан емес еді. Апайымның әкесі кезінде патшаның машина жасау зауытында бас инженер болыпты. Патша дәуірінде бұл өте беделді, жоғары дәрежелі маман болып саналатын. Ал анасы Парижде әнші болған. Сыныпта бәріміз апайымызды Мира Наумовна деп атайтынбыз. Кейін хат жазысып тұрдық. Бір хатында, соңында Мирине деп жазып жіберіпті. Осы толық аты болған ғой деп түсіндім. Өте білімді, мейірімді, рухани бай жан болатын. Бұл қорды құру үшін 3 жылдай уақыт жұмсадым. Құжаттарды жоғалтып, қайтадан жинаудың өзіне бір жыл кетті. Қорды тіркеу үшін қомақты қаражат керек болды.
Міне, сол қордың құрылғалы 10 жыл өте шықты. Қауқары кем ардагерлер мен қаражаты аз зейнеткерлерге, соғыс ардагерлері мен кезінде тылда жұмыс істеген майдангерлерге, Ауған соғысының ардагерлеріне, мүгедек адамдарға көмектесеміз. Үлкен фирмалар мен ірі компаниялармен келісімшартқа отырамын, хат жазамын.
Бізге көбінесе жоғары санатты дәрігерлер керек болады. Өйткені аурулар әртүрлі. Сондықтан білікті де, білімді дәрігерлер іздеп отырамын.
Әлеуметтік көмек көрсетеміз. Көбісі сүт тағамдарын апта сайын алып тұрады. Не болмаса еріктілер өздері жеткізіп береді. Еріктілер көбінесе зейнеткерлер, жастар да көмектеседі. Орта жастағы әйел адамдар үйлерін тазалап, тамақтарын жасап береді.
Жеңіс күніне мереке ұйымдастырамыз. Жылда жақсы мейрамханаларда атап өтуге тырысамыз. Мейрамханалар тегін тамақтандырып қана қоймай, сыйлықтарын да жасайды. Мереке күніне әншілерді де шақырамын.
Апта сайын келіскен мейрамханалар мен кафелерде 3-4 адам болып бас қосып тұрамыз. Үлкен адамдар үйден шыға бермейді. Осындай жылы кездесулер қарттардың көңілін көтереді. Болып жатса, тегін шипажайлар мен концерттерге, киноға да баруға мүмкіндік жасаймыз.
Уақыттың бәрі осындай мәселелерді шешуге кетеді. Әрине, жақсы адамдар көп кездеседі, сыйлайды, алғыстарын айтып жатады.
Бүгінде Президентіміздің еріктілерге көңіл бөлуі – өте жақсы бастама. Жастар ақысыз жұмысқа ерікті түрде қуана барып жатыр. Бұл дер кезінде қолға алынған, жастар арасында үлкен жетістікке жеткізетін бастама болды. Енді ерікті азаматтардың істеген жұмысына үкімет тарапынан құрмет те көрсетілуі тиіс.
Жастарға айтарым ешуақытта мойымау керек. Мен бала кезімнен әнші болуды армандайтынмын. Сол мақсатыма қартайған шағымда бәрібір бет бұрдым. Жас кезімде Ленинградта оқып жүргенде бір кісі «Адам не ақылды, не мейірімді болу керек. Егер ақылды болмаса, онда мейірімді адаммен дос болыңыз» деп еді. Сондай адамдарды таңдап, айналама жинай алдым. Жастарғада айтар ақылым осы.
Өмірде адамды алға жетелейтін ұстанымы мен ұраны болу керек. Менің ең қиналған кезім – диссертациямды қорғайын деп жатқанда, жұмыстан шығарып жібергені. Сол жаныма қатты батты. Қара түн. Не істерімді білмей, Абай атамыздың ескерткішінің алдында отырып таң атқанша жылағаным. Сол кезде өзіме «Маған адамдар көмектеседі!» дедім. Мысалы, Маргарет Митчелдің «Унесенные ветром» шығармасында бас кейіпкер қиын жағдайға түскен кезде «Таң да атар, ертең жаңа күн де туар!» дейді. Адамдар қатты қиын жағдайға түскенде өліп кетуі де мүмкін. Сондықтан балаға кішкентай кезінен дұрыс тәрбие беріп, үйрету керек. Осындай кезде әр адамға күш-жігер, қуат беретін өмірлік ұстаным қажет болады.
Әңгімені жазып алған Ғалия Қалиева