«Саясатта математика жүрмейді. Содан шығар, екіні екіге қоссаң төрт болмайтыны». G20 саммитінен қайтар жолда түрік журналистеріне осы сөзді айтқан Ердуан құбылмалы ұстанымды меңзесе керек.
Мұнай саясаты да сондай. Кешегі одақтас бүгін экономикалық бәсекелес. Немесе керісінше. Аса ықпалды мемлекеттердің басшылары жиналған кездесуде бизнес әлемі күтпеген келісімге қол қойылды. Ресей мен Сауд Арабиясы өзара ынтымақтас жөнінде уағдаласты. Мәмілеге сәйкес, тараптар өндіріс көлемін азайтады. Бұған қоса мұнай нарығында тізе қосуға әрекет етеді.
Ханжоуда жасалған келісім екі сипатымен ерекшеленеді. Біріншіден, «қара алтынды» ең көп өндіретін екі ел күні кеше бір-бірімен дүрдараз еді. Мәскеудегі саясаткер мен хабар-ошар құралдарының мұнай бағасының құлдырауына «саудиялықтар кінәлі» деп жатқаны күні кеше еді. Екіншіден, Ханжоудағы дүбірлі жиынға Барак Обама да барды. Араб дүниесіндегі сенімді серіктестің Мәскеумен ымыраға келуі біраз сауалды көлденең тартады. (Әр – Рияд) бұдан былай мұнай саясатында Вашингтонмен кеңесіп тон піше ме? Дәл осы сұрақ сарапшы атаулыны көбірек толғандырады.
Ресей президенті В. Путин мен Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин Салман арасында жасалған уағдаластық бойынша арнаулы жұмыс тобы құрылады. Ол «қара алтын» базарының тамырын басып, тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін тиісті ұсынысты айтып отырады. Осы мәміледен кейін арзандай бастаған мұнай бағасы ептеп көтерілді. Бір баррельдің құны 50 долларға қайта жақындады. Бағыты мен бағдары қара майға «байланған» рубль мен теңге біраз еңсесін тіктеді.
Мұнай төңірегінде жүрген мамандар бұл баға баянды ма? – деген сауалға, әрине, кесімді жауап айтпайды. Орыс пен араб компаниялары күнделікті өндіріс көлемін азайтса, біраз түсімнен қағылады. Өйткені, осы көрсеткіш бойынша екі әлемде көш басында. Ресейде өткен айда тәулігіне 10,713 млн баррель өнім өндірілсе, саудиялықтардың үлесі бұдан сәл көбірек. Екі ел арзан болса да, «қара алтынды» көбірек сатып, қазынаға американ ақшасын түсіруді көздейді. Дейтұрғанмен, Александр Новак (Ресей энергетика министрі) ең тиімді тәсіл өндіріс көлемін шекті мөлшерден асырмауда деген пікірде.
Санкция алынғалы Иранға да өндірісті шектеу тиімсіз. Содан болар, Иран ұлттық мұнай компаниясының (NIOC) халықаралық байланыстар бойынша директоры Муһсин Гхамсари «Нарықтың талабына сәйкес шикі мұнай өндірісі мөлшерін» арттыра аламыз» деді. Яғни сұраныс болып жатса, Теһран бірнеше ай ішінде күн сайын 4 млн баррель өндіруге дайын. Шектеу енгізілгенге дейінгі көлем осындай еді. Иран аз уақыттың ішінде күнделікті өндірісті 3,8 миллион баррельге жеткізіп тастады.
Мақала басында айтылған мәміледен кейін мұнай 50-60 доллар шамасында болады деген болжам қайта айтыла бастады. Қазіргі баға имантаразы. Бірақ өнімнің өзіндік құны қымбатқа түсетін кейбір елдер үшін бұл да төмен. Соның салдарынан «қара алтынның» арқасында қамсыз өмір сүрген Норвегия экономикасында өсім қарқыны тежелді. Деректерге жүгінсек, биылғы екінші тоқсанда бұл елдегі жалпы ішкі өнімнің көбеюі небәрі 0,4 пайызды құрады. Әлемдік мұнай нарығына ықпал ете алатын Нигерияның да жағдайы мәз емес. Жылдар бойы жинаған қоры таусыла бастаған терістік көршімізде кенші мен фермердің ереуілге шығуы тегін емес. Кремль мұнай бағасының құлдырамауына мейлінше мүдделі. Алайда әлемдік нарыққа геосаясатқа бағынбайды. Америкадағы тақтатас мұнайын өндірушілерге әлгі 50-60 доллар тәуір баға. Өйткені, өндіріске көп шығын көп кетпейді. Сондай-ақ төңкеріс пен қақтығыстан енді ес жиып жатқан Либия да құм астындағы қырғын байлықтың игілігін көргісі келеді. Жаңа үкімет Біріккен Ұлттар Ұйымымен келісім жасады. Сөйтіп, қара май өндірісін жандандырып, өнім сатуға рұқсат алды. Жақын арада Либия биржадағы бағаға ықпал етуі мүмкін. Айта кету керек, бұл елдегі мұнайда күкірт жоқтың қасы. Таза майға сұраныс та жоғары екені белгілі.
«Қара алтын» бағасының болашағы осы айдың соңында өтетін ОПЕК-тің кезектен тыс жиынында айқындалуы тиіс.
Сол Ханжоуда Елбасы жағымды жаңалықты жария етті. Қашаған кенішінде өндіріс қайта жалғасқан соң Қытайға жөнелтетін мұнай көлемін үш есе ұлғайтып, 20 млн тоннаға жеткізуге мүмкіндік туады. Қазіргі көрсеткіш – 7 млн тонна. Сонымен қатар шығыстағы көршіге табиғи газ экспортының да әлеуеті мол. Өйткені, Қытай экономикасы түрлі сәуегейлердің болжамын теріске шығарып, өсім қарқынын тоқтатқан жоқ. Керісінше, қазіргі ахуалға тез бейімделіп, көпмиллиардтық инвестициялық саясатымен ғаламдық нарықтың беталысын айқындайтын жетекші күшке айналды. Алдағы 26 қазаннан бастап юань доллар, еуро, йена және фунт секілді резерв валютаға айналады. Ендігі жерде валюта айырбастайтын банктер қытай ақшасын сатып алуға міндетті. Бұл Аспан асты елімен екіжақты сауда-саттық көлемін арттырып, шикізаттан тыс салаларда дайын өнім шығаруды көздейтін қомақты жобаларды қолға алған еліміз үшін тиімді-ақ.
Әзірге мұнайға көбірек иек артқан отандық экономика жаңа жағдайда қалай әрекет етеді? Осы сұрақтың жауабын бүгін Елбасының қатысуымен өтетін үкімет жиыны беріп қалар. Үкіметте болған кешегі өзгеріс те үлкен бетбұрыстың белгісі секілді. Сәтін салса, бұл туралы газеттің алдағы нөмірінде кеңірек әңгімелейміз.
Срайыл Смайыл