Мұхамеджан Тазабек: Қоғамның діниленуі — қауіпті процес

23 қазан 2016, 0:06

snimok

— Мұхамеджан Оразбайұлы, кездесуге дайындалар сәтте кейіпкерімнің бұған дейінгі айтқан сөздерін бір қарап шығатын әдетім бар. Қарап отырсам, сіз — журналистерге сұхбат беруден жалықпайды екенсіз. Мұныңызға журналистер қауымының атынан рахмет айтам, әрине. Екіншіден, әлеуметтік желідегі белсенділігіңіз бар. ВК дейсіз бе, инстаграмм, твиттер, фейсбук дейсіз бе. Сұхбат болсын, пост болсын, уағыз, насихат, ақыл, кеңес айтқанды жақсы көреді екенсіз. Неліктен? Мінезіңіздің ерекшелігі ме? Пиар қажеттілік пе?

— Біріншіден, журналистерді әдейі іздеп жүретін адам емеспін. Бірақ, бәлки, журфак-филфак боп араласқан кезден бергі тілші достарымның көптігінен болар, қазіргі белді қазақстандық ақпарат құралдарын басқарып отырған аға-әпкелерімнің, іні-достарымның маған деген құрмет-ілтипатынан болар, «біздің арнаға, біздің газетке сұхбат берсеңіз» деген қолқа, рас, жиі түседі. Бірақ бәріне бірдей келісіп, бәріне бірдей үлгеріп сұхбат берудемін деп те айта алмаймын. Тіпті сіздің оқып жүрген сұхбаттарыңыз маған өтініш білдіріп жатқан журналистердің оннан біріне ғана берген жауабым болуы мүмкін.

Ал ол сұхбатардың насихатқа жақындау құрылатын себебі — маған өзі сұрақтар солай қойылады. Шоу-бизнестің, экономиканың немесе спорт саласының өкілі емеспін ғой. Отбасылық, рухани бағыттағы арнаны басқарып отырғандықтан, жұмысым ағартушылықпен тікелей байланысты болғандықтан сауалдар да соған орай туындайтын шығар. Мүмкін, сол себепті жауаптарым насихат типтес көрініп жатқан болар. Оның үстіне төңірегімізде жаһанданудың жалыны лаулап тұр. «Ойлан да, біл» емес, «ойна да, күлдің» заманы боп тұр. Ақыл айтқың келгеннен емес, ақыры жаман болмаса екен деген жанашырлықтан сөз арнайсың…

— Демек, бұл — мінезіңіздің ерекшелігі емес қой? Мысалы, достарыңыз, туған-туыстарыңыздың арасында «қарапайым адамсыз» ба?

— Білесіздер, кішкентайымнан жұрт алдына айтыскер ақын ретінде шықтым. Орындаушы, жыршы-термеші ретінде емес, жеке өз ойымды жұртқа паш етуші адам ретінде танылып, ойлануға, жұртпен өз ойымызбен бөлісуге бейім болып, шығармашылық дамудың даңғылына түстік. Әрі үйдің үлкені болғандықтан, барлық қазақы шаңырақтардағыдай бала кезден-ақ іні-қарындастарыма жанашыр, ақылшы болуға міндетті болдым. Сөйтіп жүріп, кейіннен олардың да отбасыларына қал-қадарымызша сөз көмек жасай бастадық. Және ағайындарымның арасында алғашқы болып намазға келіп, былайша айтқанда, руxани толыса бастағасын, ата дінімізге деген құрметтен болар, әулетіміздің үлкені де, кішісі де көп мәселеде мені алға салып, ақылдаса бастады… Ал кішкентайыңнан жұртты үйіріп айтыс жасап, қоғамның қордаланған проблемаларына үн қосу, үнемі айналаңа қам көңілде жүру — адамның мінезіне, болмысына тікелей әсер етеді. Себебі, тілден не нәрсе көп шықса, жүрекке сол нәрсе көп әсер етеді.

— Құпия болмаса, қай жасыңыздан бастап намаздасыз?

— Жиырмадан аса бере намаз оқып бастадым. Және бұл – ерте бастағандық емес. Білесіз, қазақ «он үште — отау иесі» дейді. Яғни, енді бала емессің, азаматсың дегені. Өз жүріс-тұрысыңды жөнде, айналаңа да қарайлай жүр, «қолыңды мезгілінен кеш сермеп» қалма дегені. Қазақтың дәстүрлі отбасылық құрылымында, байқасаңыздар, әр әулеттің алға сүйрейтін көшбасшысы болады. Біздің шаңырақта да әкем бір кездері жас інілеріне жол көрсетіп, бауырларына қамқор болған еді…

— Естуімше, ол кісі дүниеден ерте кетіп қалған-ау деймін…

— Ия, әкем дүниеден өткеннен кейін сол отбасылық дәстүр сәл үзіліңкіреп барып, менің бойымнан көрініс тапты. Кішкене атым шығып, елге танылып, жұртпен араласа бастағаннан кейін бауырларымды тартып, басының өзара ұйымшыл болуына әсер ете бастадық. Айтыссүйер ағайын жақсы білетін де болар, осы қазақтың атамұра өнерінің себебінен он-он бес автокөлік мінгенмін. Солардың көбін туысқандарыма, достарыма таратып бердім, айтыстан алған қомақты жүлделерімді де ағайындарымның керек-жарақ, жоқ-жітігіне жаратуға тырыстым. Бұны үлгі үшін айтып отырмын, Алла риядан сақтасын.

today.kz

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала