Өлгендер қайтып келеді…

07 қазан 2016, 16:54

Арагідік: «Қаламгер қаншалықты көп болғанымен, нағыз жазушылар саусақпен санарлықтай ғана» деген сөзді де еститініміз жасырын емес. Бір себептен, мұның шындығы да жоқ емес шығар.

Оның үстіне, ғасырлар тоғысындағы алмағайып заманалар тұсында сөз қадірі қашыңқырап, әдебиет беделі түсіңкіреп кеткені рас. Десек те, ғаламшар кеңістігінің көксеңгір құздарымен қатар шоқысы мен адыры, өрі менен ылдиы алмаса беретіні секілді, ақын-жазушылардың қалам қуатының әркелкілігі де заңдылық қой.

Әйтеуір, әдебиетіміз әлеміндегі сонау әйгілі алыптар тобымен жапсарлас заңғар шыңдар шоғыры сонадайдан көз тартады. Солардың бірі – Бердібек Соқпақбаев шыңы. Және оны өзге биіктермен шатастыру да қиын. Атақты аспантаулар өлкесі – Нарынқол өңірінде, Хан Тәңірі баурайында туып-өскен еңселі тұлғаның тек өзіне ғана тән айбыны алыстан-ақ аңғарылатындай.
Біз бұл жолы тағдыры күрделі қаламгердің алғашқы зайыбы Бәшен Баймұратқызымен тілдесіп, жазушы өмірінің бұрын көп айтыла бермеген кейбір қалтарыс қырларына көз жүгіртіп отырмыз.
Бәшен апай Бекеңмен алғаш сонау 1947 жылы Алматыдағы Мәншүк Мәметова атындағы Қыздар педагогикалық училищесінде оқып жүрген кезінде танысқан көрінеді. Аталған училище «Гауһар» алтын дүкенінің дәл қасында орналасқан екен. (Мұны айтатын себебіміз – осы атау арада қырық жылдай өткенде жазушының «Қайдасың, Гауһар?!» хикаятына өзек болады). Ол кезде Бердібек ҚазПИ-дің үшінші курс студенті. Қысқасы, болашақ жазушы тал шыбықтай бұралған қарақат көз бойжеткенді қатты ұнатып, арада бір жыл өтер-өтпесте ретін тауып алып қашады. Алатау бөктеріне Өскемен жақтан оқу іздеп келген қыз да қағылез қара баланың бұл әрекетіне онша кет әрі болмаса керек.

foto-3

 

АСТАРЛЫ ӘЗІЛГЕ ӘУЕС-ТІН

Бердібек белгілі ақындардың өлеңдерін өзгертіп айтуға шебер еді. Студент кезінің өзінде оның Абайша жырлаған:
Көңілім қалды арақтан, шараптан да,
Ауыртпаған бірі жоқ таң атқанда.
Сосын тағы кіржиіп,қиналасың,
Қалтадағы тиынды санатқанда.

Арақтан көңіл шіркін аянған ба,
Кім тұрар милиция таянғанда.
Жатасың кең көшеде мол көсіліп,
Пальто да, кәстөм де жоқ оянғанда, –
деген сияқты өлеңдері болатын. Бірақ ол ішкіштердің қатарына қосылмайтын. Достармен бас қосып қалғанда ел қатарлы көңілді отырғаны болмаса, артық мінез көрсеткен емес. Өлеңдегі жолдар жалпы шындықты айтқаны да.
Біздің студент кезімізде қазіргі «Алтын алма» ресторанының орнында «Алматы» деген ресторан тұрды. Соның кең бір залында сырттан келген ерлі-зайыпты екі адам Алматы жастарына бал билерін үйретті. Сол үйірмеге қызығушылық танытып, бәріміз бардық. Кейде сабақтан шыға сала, асығыс би сабағына жүгіретінбіз. Сондай бір күндері Бердібекке соқсам, ол қасындағы балаға:

– Сен Әкімбайға айт –
Бердібек асықты де!
Жумай кетті
Тарелка, қасықты де, –
деп Сәбитше тапсырма беріп жатыр екен. Асығып айтылса да, өлең жолдарын өзгертіп жаңа жағдайға икемдеу оның айрықша қабілетін танытатын еді.
(Бердібек Соқпақбаевтың жастық шақтан бергі досы, академик Серік Қирабаевтың естелігінен).
Қиындығы мен қызығы мол сол кезеңдерді аса бір қимас сезіммен еске алған Бәшен тәтеміз жолдасының өте ақкөңіл, аса балажан болғанын елжірей әңгімелейді. Жас жұбайлар сонау 1953 жылы Нарынқолдағы отау үйлерін өз қолдарымен тұрғызған екен. Тәтей осы үйді бертінде жиі ойлайтын секілді: – Сол жайымызды ылғи түсімде көремін. Алғашқы ортақ шаңырағымыз болғандықтан шығар. Үйді тура мектептің қарсысынан тұрғызып еді. Кірпішті өзіміз құйдық. Нарынқол тоғайлы жер ғой. Ағаш жағынан тапшылық көре қоймайсың. Бердібек балташылық өнерден де кенде емес-тін, жаңа баспананың төбесін де өзі жапты, еденін де өзі салды. Үйдің айналасының бәрі көкпеңбек тал-терек. Нарынқолдағы көзге көрінетін бірінші үй біздікі-тін. Керемет. Бердібек үйдің сәулеттік жоспарын Алматыға арнайы барып әкеліп, құрылыстың ойдағыдай болуы үшін көп еңбектенді. Бірақ мұнда екі жылдан аса ғана тұрдық. Түрлі жағдайларға байланысты Алматыға қайта ауыстық. Онда жазуға енді-енді ғана құлшына кіріскен кезі. «Қазақфильмге» редакторлық жұмысқа орналасты. Самал, Жанар есімді екі қызымыз бар. Өзіміз тұрғызған үйді саттық та, «Тастақтан» екі бөлмелі жай алдық…
Бұл тұста көпшілік назарынан тыс тағы бір жәйт еске түседі. Кенесары хан тақырыбын қаузағаны үшін қуғынға ұшыраған атақты ғалым Ермұхан Бекмаханов сол елуінші жылдары жер аударылып, Нарынқолға мұғалім болып барады. Бұрын мектепте жұмыс істеп көрмегендігінен шығар, бір кезең дәрменсіз күй кешкен тарихшы сонда Бердібекке көбірек арқа сүйейді. Жиі жолығып, одан сабақ жоспарын жасаудың ретін үйренеді, білмеген басқа да тіршілік түйткілінің мәнін осынау жас досынан сұрап-білуді дағды қылады. Бірақ сырт көзге әрекеттері «тосын» бұл екеудің бір-бірімен тез табысуы білім шаңырағы басшысының жүйкесіне тисе керек. Сондықтан, ол енді «халық жауымен ауыз жаласты» деп Бердібекті түртпектеуге кіріседі. Міне, болашақ үлкен жазушының Алматыға тезірек ірге тебуіне осындай келеңсіздіктер де себеп болған тәрізді.

bashen-apaj-1-2
Тегінде, жазушы мұндай кереғарлықпен жастайынан-ақ жиі беттескен. Және жетім өскен сезімтал бала тұрмыстың ауыртпалығы мен қоғамдағы әділетсіздіктер сырын нәзік жүрек сүзгісінен ерте өткізеді. Төңірегіндегі құбылыстар мәні туралы терең толғана жүріп, тас шайнап жетілген буынның қайсар өкілі біртіндеп шебер жазушыға айнала бастағанын өзі де аңғармай қалса керек:
– Жазумен, тіпті жетінші кластан бастап-ақ айналысыпты. Анау «Балалық шаққа саяхат» шығармасы өз өмірінің тұнып тұрған шындығы. Бұл кітапты көңіл толқытпай оқу қиын. Ең балауса балғын шақтағы тағдыр теперіші, қасындағылардың өктемдігі мен озбырлығы Бердібектің жас жанын уландырып, қайғыға бөлеген…
Суреткер Соқпақбаевтың әдебиетке деген ересен дайындығы да тым ертеден-ақ басталғандай. Жазушыны өзімнің ұстазым деп санайтын Сайын Мұратбеков Бекеңнің әлем классиктері еңбектерімен жастайынан сусындағанын әңгімелер еді. Сол секілді Мұзафар Әлімбаевтың: «Мәскеуге барып оқығанның пайдасын көрген бір қазақ қаламгері болса, ол осы Соқпақбаев Бердібек. М.Горький атындағы жоғары курсты 1958 жылы тәмәмдаған Бердібек Алматыға классик болып оралды десем, ақиқаттан ауытқығаным емес» деп жазғаны да мәлім. Өкінішке қарай, жазушының қалам қуатын жақын жолдастары мойындағанымен, коммунистік идеалдарға өле берілген тікбақай басшылық қауым лайықты бағалай алмайды. Керісінше, оның шығармаларын сонша шіміркене қабылдап, өзін қалайда тұқыртып ұстауға тырысқан. Мұның жөнін де жағдаймен жақынырақ таныс Бәшен тәтемізден білгіміз келді:
– Талант жолы қашан да ауыр жол ғой. Бердібекті де қақпайлаушылар көп болды. Мысалы, сонау 1963 жылы Алматыға жолы түскен бір француз азаматы ҚазТАГ тілшісіне: «Француз оқырмандары қазір қазақтың ұлы классик жазушылары Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Бердібек Соқпақбаевтарды ана тілінде оқи бастады» деп сұхбат беріпті. Со кезде редакцияларға телетайп арқылы келетін мұндай хабар көпшілік телерадио, баспасөз редакциялары жетекшілерінің төбе шашын тік тұрғызса керек. Олардың әлгі сәтте: «Бұл не сұмдық! Соқпақбаев деген қашаннан бері ұлылар қатарына қосылып еді!» деп түршіккенін соңырақ естіп жүрдік. Әрине, бір есептен, оларды кінәлай салу да орынсыз. Уланған, қисайған сана оңайшылықпен оңала ма. Дәл сол кезеңде олардың Бердібек шығармашылығы сырын ұғуға өрелері жетпеген болып тұр ғой…
Бердібек Соқпақбаевтың басты ерекшелігі – ол бәрінен бұрын қаны сорғалаған нақты өмір көріністерін бүкпесіз баяндауға шебер қаламгер еді. «Мокай свое перо в правду!» деп Василий Шукшин айтатын қағиданы ертеден-ақ берік ұстанған:
– Иә, шыншылдығымен – ерекше, бірақ сол шыншылдығымен де көпшілікке жақпады. Өзінің де жазатыны бар «шыншылдықты табиғаттан үйрендім» деп. Адалдыққа өмірдің өзі баулыды дейтін-ді. Өзі де ұрлық, өтірік, мақтаншақтық, жағымпаздық дегенге жаны қас еді ғой. Еңбектері көзі тірісінде-ақ қайта-қайта басылған адам, егер сәл жылпостау болса, талай жерден орден-медаль алып, жырғап жүрмес пе еді. Мен мұны әлгі «жоғалған пышақтың сабы алтын» деп айтып отырған жоқпын, жалпы, ол әуелден-ақ жан-жүрегі кіршіксіз таза, өте әділ адам-тын. Отбасында да бірдеңені ұнатпаса баттитып айта салатын. Біреулердің қиянатына төзу, ересек, бұзақы балалардың жол-жөнекей ақшасын тартып алатыны, жетімек деп ұрып кетуі, үстіне киген киімін мазақтауы сияқты қорлық-зорлықтың бәрі оны турашылдыққа, күреске үйреткен. Мінезі тік. Сыпайысып тұрмайды. «Сен құсап мәймөңкелеуді білмеймін» дейтін-ді маған да. «Менің атым Қожада» да алғаш кейбір нашар жеңгелерінің атын ашық жазды. Соны оқығанда: «Ойбай! Мынауың масқара ғой! Бұл кісілер тірі жүр емес пе!» деп тіксіндім. Ақыры өзгертті. Қазір бүркеншік аттарымен жүр…
Болмыс-бітімі бөлек, тумысы тылсым талант иелерінің мінез-құлқын әдеттегідей «жақсы» немесе «жаман» дей салсақ қателесер едік. Солай бола тұра, Бәшен апайымыздан жолдасының ең жағымсыз деп саналған әдетін сұрадық:
– Енді, «адамнан жасырғанды Алладан жасыра алмайсың» дейді, жеңілтектік жағы басым болды…
Бәшен Баймұратқызы «жеңілтек» дегенде, ерінің кезіндегі шамадан тыс еркіндік сүйгіштігін, былайша айтқанда, шалқар «серілігін» айтатын секілді. Біз бұл тұста Бердібек ағамызды ақтай жөнелуге құмартпадық. Жүген-құрыққа көне қоймаған жазушы бір кезең еркіндіктің де шегі бары екенін естен шығарып алды ма, кім білсін. Оның үстіне балалық, жастық шақтары аса ауыр тұсқа тап келген буынның, әсіресе Ұлы Жеңістен кейін бір мезгіл сауық-сайран құруға, бой жазуға бейім тұрғаны да дәуір шындығы. Жалпы, бұ кісілердің аса күрделі өмір драмасын бірауыз сөзбен түйіндей салу қиын. Әйтеуір, амал не, он үш жылдай отасқан осынау жұптың арасы күндердің бір күнінде ажырап тыныпты.

zhazushy-otbasymen
– Әрине, бастапқыда бәрін басқаша бағаладым. Әрбір пенде сияқты менің де көңілім қалды, менің де жаным ауырды. Оның үстіне біз қазақша тәрбиелеген қыздармыз ғой. Мен қатарлылардың түсінігі бойынша, үй болған адамдар жарының қасынан ешқайда шықпайды; тырп етпей отбасында отырады. Деп ойладық. Сол кезде ауыр тигені рас. Одан соң әлгі тұстағы жолдастарының бәрі аштық, соғыс ауыртпалығын көп көргендіктен бе, еңбекақы алса болды, бір сәт шалқып-тасып кетуге асығып тұратын. Мына Мәдениет паркіне барғанда Бердібекпен бірге бітірген Сафуан Шәймерденов, Мұқаш Сәрсекеев, Айқын Нұрқатов сияқты жігіттердің бәрі ылғи есіме түседі. Кейін барлығы да мықты жазушы, журналистерге айналды. Сол сияқты, өзіңіз білесіз, бір жыл кейін бітірген, мысалы, атақты Серік Қирабаев, Шәкір Амановтар да жақсы жолдастарымыз еді. Осылардың көпшілігі кешігіп үйленді. Сонда күлетінмін: «Әй, өздерің ылғи кешігіп үйленіп, Бердібекті кешке дейін далаға сүйрейсіңдер!» деп. Қазір пайымдасам, өнер адамы Құдайдың берген дарынының арқасында, мүмкін, бір мезгіл өмірден шабытын шыңдайтын жол іздейтін шығар. Сол арқылы көп образдардың, бейнелердің жиынтығын табатын болар. Білікті серіктерімен пікір таластыратын шығар. Бірақ мұның бәрін кейінірек таразылап жүрмін ғой. Және еңбектері ондаған шет тіліне аударылып, халықаралық бағалы сыйлық иеленген жазушы өз елімізде бірде-бір мақтау грамотасымен де марапатталып көрмепті. Ол қайда, тіпті кейбір ықпалды ағаларының мұның батыл көзқарасын ұнатпай: «Байқа, Бердібек!» деп мақала жазып, сес көрсеткен сәттері де кездесті. Мұндайдың бәрі, әрине, жаны нәзік адамды іштей күйзелткені анық.
Ал Бердібек ағамыздың жұмыс әдісі қандай еді?
– Бердібек өзінің әлгі «аң аулап» кететін кездерінде – жоқ. Ұшты-күйлі. Көбінде күндіз келеді. Кейде кешке дейін жұмыс істейді. Сонан кейін тағы кетеді. Қайда жүргенін білмейміз. Ондайда біреу өлтіріп кетті ме деп те мазасызданасың. Екінші бір жағы, үйде тұрақты болғанда түнімен де отырады. Әрқилы. Жалпы, өте еңбекқор еді. Атақты «Өлгендер қайтып келмейді» кітабының да жазылуына өзім куәмін. Тек бұл шығармасы баспада ұзақ жатып, бес-алты жылдан соң зорға шығыпты. Менен кеткеннен кейін жазған еңбегінің бірі – «Қайдасың, Гауһар?». Кейін мұны басқа атпен берген секілді. Ана жылы бірде менің қол астымда істейтін қызметкерім, жас келіншек: «Апай, мынау кітап сіздер туралы ғой!» дейді. – «Қайдағы кітап ол?! Мен туралы кітап жазған жоқ!». Оқысам, тұп-тура. Мен бітірген педучилищенің қасында «Гауһар» деген магазин бар. Ылғи сол жерде кездесетінбіз. Бірден байқадым, бізден кеткен сәттегі күйзеліс кезінде жазғаны көрініп тұр. Соңында барып Гауһарды өлтіріп қояды. Сонда күлгенмін. «Әлгі, өлгендер қайтып келмейді дегені сияқты мені де өлтіріп тастапты ғой» деп…
Әңгіме үстінде, арада талай көз жасын төккізген қаншама тартысты кезеңдер өтсе де, Бәшен тәтейдің кезінде сүйіп қосылған жолдасын ешбір жамандыққа қимайтынын аңдап, көңіл толқыттық. Қайта, апайымыз сәт сайын көз алдына он тоғыз жаста алғаш көрген жас Бердібектің кескінін келтіріп, шуақты бір күйге бөленетін секілді:
– Менің екі құрбым бар. Қатар оқығанбыз. Солар Бердібек екеумізді алғаш сыртымыздан көріп, «Бәшен таз тырна секілді біреуді тауып алыпты ғой!» деп күліп жүреді екен. Бердібек – шашы тап-тақыр, өзі кішкентай, әлгі «Балалық шаққа саяхатта» жазғаны сияқты өте арық болатын. Қап-қара. Бірақ өте әдемі ғой! Сондықтан шығар, әлгі қу қыздардың көп үйірсектейтіні. (Тәтей осы тұста рахаттана күлді. Одан кілт мұңая қалып, күрсінді). – Бердібек кеткенде, мынау Самалым бар… Үш бала шейіт болып кеткен… Сондай ауыр жағдайда, от жағатын үйде қалдық. Сексен сом еңбекақымен. Әрине, ауыр тиді. Сөйтіп, қыстық көйлекті – жазда, жаздық көйлекті қыста кие жүріп, сырттай оқып, кандидаттығымды қорғадым. Жалпы, азап шекпеген кезеңім шамалы. Бірақ Аллаға шүкір, сол Бердібек сыйлаған перзентімнің арқасында (Самал Соқпақбаева – білікті аудармашы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қ.М.) талай қиындық артта қалды…
Осындайда тағдыр тауқыметі қанша сілкілегенімен, еңбегі азапты жазушыға жар болып, қанша ауыр тисе де оның қым-қуыт шығармашылық ғұмырына тікелей араласудың өзі бақыт па деген де ой келеді екен. Әсіресе, Бердібек Соқпақбаевтай өлмес шығармалар жазған қазақтың маңдайалды қаламгерімен қатар өткен тәтті тірлік… кермек тірлік өзіндік мұң-наласымен де сонша қызықты, аса мағыналы сияқтанды.

Құлтөлеу МҰҚАШ

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала