Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған ең өзекті мәселенің бірі – қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру тапсырмасы берілген болатын. Осыған орай бүгінге дейін бірнеше алфавит түрі ұсынылып, ел арасында талай талқыға салынды. Нәтижесінде мемлекет басшысы соңғы ұсынысты қабылдап, 26 қазанда қазақ тілі әліпбиін латынға көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Жарлықта көрсетілгендей латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшуді тапсырды. Қалың қауым жаңа әліпбиге жеке-дара көшуін хат алмасудан бастауда. Бұған Алматыдағы бір топ зиялылар да өз пікірін білдіріп, қолдайтынын жеткізді.
Шөмішбай Сариев, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
«Бұл тақырыпқа байланысты біздің ұжымда, яғни М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында шара ұйымдастырылды. Институт директоры Уәлихан Қалижанұлы сөз сөйледі, мен өлең оқыдым, тағы бірнеше ғалымдар, соның ішінде Еркін Ғалымов деген жас ғалым пікірімен бөлісті. Латын қарпіне көшу – бұл жаңа құбылыс, жаңа бір дәуірдің басталғандығы. Біз латын қарпін бұрын да қолданғанбыз, бірақ сол кездегі империяның күштеуімен кириллицаға өттік. Енді, міне, тәуелсіздігіміздің тұсында әлемдік тілмен үндесуімізді қолдаймыз. Бұл қазақ халқының өз үні, өз дауысы, өз дыбысы бар екендігін білдіреді. Латын әліпбиі бұл ғасырлар бойы қалыптасқан, өмірлік тәжірибесі бар қаріп. Сондықтан, Елбасының бұл бастамасын ақын ретінде, азамат ретінде қолдаймын.
Шәмша Беркімбаева, Қазақстанның бұрынғы білім министрі:
«Латын әліпбиіне көшу үлкен дайындықты, жанжақтылықты қажет ететін жұмыс. Сол себепті де қанша уақыт бойы халықтың талқылауынан өтіп, түрлі ғалымдар мен тіл мамандары бұл жұмысқа жұмылдырылды. Осы өткізілген жұмыстардың нәтижесі ретінде бүгін Елбасымыз Жарлыққа қол қойып, халық назарына соңғы нұсқаны ұсынды. Осыған орай Елбасымызды, елімізді осынау жаңа қадаммен құттықтаймын. Ендігі мәселе – халықты ақпараттандыру, олардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу болып отыр».
Уәлихан Қалижанов, М.Әуезов атындағы
әдебиет және өнер институтының директоры:
«Біз Елбасының қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру нұсқасына қол қойғанынан кейін, бір күннің ішінде митинг өткізіп қолдау білдірдік. Мен бұған дейін де, 20 қазан күні «Ұлт әліпбиі» деген тақырыпта «Егемен Қазақстан» газетіне мақала жариялаған болатынмын. Біз,
М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты Елбасының бұл бастамасын ұжым болып қолдаймыз».
Төрегелді Шарманов, Алматы қаласының «Құрметті азаматы», Тамақтану академиясының директоры:
«Елбасы латын әліпбиіне өту туралы Жарлыққа қол қоя отырып, болашаққа үлкен әрі нақты қадам жасап отыр. Бұл біздің, ұлтымыздың рухани кодексі десек те болады. Бұл Елбасының бастамасы мәні зор, келешектің бақытты көрінісі, мақтанатын нәрсе. Латын ол қазіргі жаңа технологияның, ғылымның, тіпті әдебиеттің тілі. Осы бастаманы Нұрсұлтан Әбішұлы қолдап отырғанына қуаныштымын».
Аягүл Миразова, Қазақстанның Еңбек Ері:
«Бүгін Қазақстан халқы үшін ерекше күн деп санаймын. Себебі Елбасымыз көптен бері талқыға түсіп отырған қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіруге байланысты шешімге қол қойды. Дүние жүзіндегі халықтардың 70% латын қарпіне көшкені белгілі. Сол себептен бұл бізге қажет дүние. Елбасымыздың өзі бүкіл қазақ халқының тіл бірлігін сақтауымыз керек деп айтып жүр. Қазақтардың үштен бір бөлігі шетелдерде дейтін болсақ, бәріміздің басымызды тек тіл ғана біріктіре алады. Тілде бірлік болмаса, ұлттық бірегейлік болмайды. Осы тұрғыда түрлі ғалымдарымыздың, тіл мамандарының, қоғам қайраткерлерінің тағы да басқа көптеген тұлғалардың пікір білдіріп, қолдауы еліміздің келешегіне бейберекет қарамағандығы деп қуанамын. Қазірдің өзінде еліміз әлем көшімен қатар даму үстінде. Халықаралық деңгейде ЭКСПО көрмесін өткізуіміздің өзі мемлекетіміздің қуаттылығын көрсетсе, латын қарпіне көшуіміз соны нығайта түседі деп ойлаймын».
Алтынбек Қоразбаев, композитор:
«Бүгін қол қойылған Елбасының латын әліпбиіне көшу туралы Жарлығы біз үшін қуанышты жаңалық болып отыр. Біз бұған дейін де латын қарпіне көшуіміз керек еді, әлі де болса кеш емес. Осы тұрғыда бұл дер кезінде қабылданған шешім. Себебі бізге болмаса да балаларымызға, кейінгі ұрпаққа латын қарпі өте қажет дүние.
Сондайақ бізге тән латын әліпбидің нұсқасын дайындау және бекітуді көп созбай, тиянақты жұмыс атқарылғаны қуантарлық жағдай».
Жадыра Дәрібаева, ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері:
«Мен бүгін қол қойылған Елбасының Жарлығын және бұл шешімін қолдаймын, толық келісемін. Себебі латын қарпіне көшудің уақыты келді. Ел болып, халық болып талқылауға қатыстық. Сондықтан қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру дер кезінде қабылданған шешім. Біздің қарқынды дамып келе жатқан мемлекетіміз үшін заман ағымымен қатар жүру басты міндеттердің бірі. Қазақ тілі өте бай тіл, ал латын әліпбиіне көшу арқылы біз соны көрсете аламыз деп ойлаймын.
Сонымен қатар өзге халықтармен, соның ішінде туыстас түркі халықтармен етене араласуымызға жол ашылған секілді. Осы жасаған қадамнан біз жақсылық болмаса, жамандық көрмейміз».
Ислам Байрамуков, Олимпиада ойындарының жүлдегері:
«Елбасының бүгінгі латын қарпіндегі жаңа әліпбиді бекіту туралы Жарлығын, ондағы үкіметке берілген тапсырмамен танысып, қуанып қалдым. Жалпы, бұл өзгерісті толығымен қолдаймын. Елімізге керек нәрсе деп санаймын және бұл бастама келешек ұрпақ үшін өте маңызды. Тарихты зерттеу үшін, ғылым мен көркем өнерді дамыту мақсатында көп көмек болатыны анық. Сонымен қатар білім алуда да жеңілдіктер болады деп ойлаймын. Мысалы, Әзірбайжан, Түркия елдері еш қиындықсыз осыған өтті. Шетелден келген қонақтарға да латын әліпбиінде жазылған көшелерді, мекен жайларды оқу, олармен пікір алмасу өте оңай болады».
Түйін
Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі Алматы қаласы елімізді алға сүйрелейтін бастамаларды әрдайым қуана қабылдайды. Латын әліпбиі, біздің дүниежүзілік ғылым, жаңашылдық, рухани әлеміне өтуіміз үшін қажет дүние. Дүниеде бүкіл халықтың 80 пайызы латын әрпіне көшіп кеткен. Экономика, ноухау, рухани әлем осы бойынша дамып жатыр. Осындай ауқымды, біздің балашаға үшін өзекті мәселеге келгенде жауапты болып, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» өзіміздің өресімізді көрсету қажетақ. Осы тұрғыдан алғанда еліміздің алып шаһары саналатын Алматыдағы ұлт зиялыларының да пікірі оңды деп ойлаймыз.
Салтанат Шырынхан