Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы еліміздің рухани өміріндегі бірқатар өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарын да ұсынған болатын. Қоғамның зор қызығушылығына ие болған мақалада Мемлекет басшысы латын әліпбиі мәселесіне кеңінен тоқталған еді. Елбасы осы мақаласында «Қазіргі таңда Қазақстан қоғамының жазу реформасын жедел түрде жасауымыз керек. Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыру емес, сонымен бірге біздің заман талабына сай нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Ең алдымен қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек» деп атап көрсетті.
Еліміз 2025 жылы латын әліпбиін қолдануды бастап кетуі тиіс. Бірақ оған дейін де кезең-кезеңімен атқарылатын шаралар жетерлік. Өйткені бүтіндей бір мемлекетті бір әліпбиден басқа әліпбиге ауыстыра салу оңай жұмыс емес. Бұл – қоғамдық сауаттылықты қамти отырып атқарылатын үлкен шаруа. Түбінде латын әліпбиіне көшетініміз анық. Осы бағытта мамандардың пікірі екіге бөлінген болатын. Бірінші тарап – ақпараттық технология мамандары. Олар «ағылшын -латын бағыты бойынша қазіргі компьютер жүйесінен шықпауымыз керек» дегенді айтып, осыған қарай икемдеп жатыр. Ол үшін оң жақ, сол жағынан дәйекші қояды, таңбаларды қосақтайды. Олардың айтатын уәжі – қазіргі компьютер жүйесінен шықпау керек дегенге саяды. Екіншіден, арнайы бағдарлама жасаудың қажеті жоқ, қолжетімді болады деген пікірде. Бірақ олар бір нәрсені есепке алмай отыр. Ертең оқулық жазылады, оған әдістеме жасалады, мұғалімдер дайындалады. Сосын мектепте сабақ басталған кезде ол бағыттың қиындықтары біліне бастайды.
Біздер, тіл мамандары, өзіміздің ұлттық әліпбиді жасағымыз келді. Ұлттық әліпби дегеніміз – біздің төл дыбыстарымызды өз алдына жеке қамти алатын, емле ережесі оңай әліпби. Біз бір дыбысқа бір таңба жасауды ұсынып отырмыз. Біздің тілдік-дыбыстық ерекшеліктерімізді айқындайтын қ, ғ, ң, ұ, ү, ө сияқты дыбыстарды қалай латыншалаймыз?
Қазақи дыбысталуға тән әріптерді латыншаға қалай аударамыз деп қиналудың қажеті жоқ. Оған да біздің дайындап қойған нұсқаларымыз бар. Жазу дегеніміздің өзі – халықтардың басын ұйыстырудың үлкен амалы. Әзірбайжан мемлекеті сонау 1991 жылы-ақ латын әліпбиіне көшіп кетті. Өзбекстан 1994 жылдың 16 маусымында әліпби ауыстыру туралы шешім қабылдады. Көршілес Қырғыз елі де латын әліпбиіне көшуді жоспарлап отыр. Біз, тіл мамандары, сәті келіп тұрған кезде ұлттық әліпбиімізді жасап қалайық деп отырмыз. Сонда ғана ертеңгі күні біздің сөздеріміздің айтылымы бұзылмайды. Қалай айтылады, солай жазылып отырады. Емле ережесі қарапайым күйге түседі де, бұл балалар, жастар үшін де өте ыңғайлы нәрсеге айналады. Ұлттық әліпби қабылданған жағдайда сөздің буын, морфем тұрқы бұзылмай, сөздерді тасымалдау оңай болады. Қазіргі кирилл әрпін қолданып жатқан кездегі сөздерді тасымалдау ережеге сай емес деуге болады. Сөздің айтылымына тура келмейді. Қазіргі таңда ұлттық әліпби үлгісі дайындалды, мәтіндерінің де қалай болатыны көрсетіліп жатыр. Әйтеуір, әрекетсіз емеспіз. Әрине, тіл мамандарының ішінде де өзара талас-тартыс, талқылау болып тұрады. Бірақ ол да керек нәрсе. Өйткені дәйекті пікірлер айтылса, ортақ мәмілеге келеміз. Елбасымыз айтқандай, егер әліпбидің бір нұсқасын нақтылап алсақ, алдағы уақытта оны үйретудің әдістемелерін қолға алуды бастауға болады. Латын әліпбиін үйрену, меңгеру қиын деген де бекер әңгіме. Балалар үшін де қиын емес. Латын дегеніңіз – күнделікті оқып жүрген ағылшын әліпбиімен таңбалану жағынан бірдей. Арғы жағында, әрине, түсіндіретін бірлі-жарым таңбалар бар. Сондықтан балаларға қиын болады, ересектер үшін қиынға соғады деген әңгіме қисынсыз. Тек тәуекел деп, іске кірісіп кету керек. Қазіргі әліпбиіміз қазақ емес, орыс-қазақ әліпбиі болып кеткен. Жазуымызда да қайшылықтар көп. Кирилл әліппесі арқылы біздің сөздің үндесімі, морфем құрамы, буын құрамы бұзылып жатыр. Әдістемелік тұрғыдан да бірқатар қиыншылықтар бар. Елбасымыз айтқандай, қазақ ұлттық кодында рөл ойнайтын ең басты дүние – жазу. Жазудың ішінде – әліпби. Жазу да егемендіктің бір белгісі. Ол ұлттық болу үшін, оның әліпбиі ұлттық болу керек. Ұлттық әліпби өзіміздің төл дыбыстарымызға, заңды тілімізге икемделген, соның көрнекі көрінісі болу керек. Латынға көшу деген – қазіргі тілдегі қыруар жазба еңбектерімізді сүзгіден өткізу деген сөз. Латын әліпбиі қабылданды екен деп кириллица бірден қатардан шығып қалмайды. Қазіргі ұрпақ оны «ә» дегеннен ұмытып кетеді деп айта алмаймын. Латынға көшетін болсақ, ол процесс балабақша мен 1-сыныптан басталады. Олар ержетіп, өз қолдары өз ауыздарына жеткен уақытта таза латыншыл болып шығады. Сосын әліпби ауыстыруды бір таңбаны басқа таңбаға ауыстыра салу деп түсінбеу керек. Бұл қазіргі жазуымызға жасалған үлкен, іргелі, тарихи мәні бар реформа болмақ. Дыбысымызды түгендеп, оның әліпби үлгісін таңдап, сосын оның емле ережесін дайындап, оған сай әдістеме мен сол әдістемені лайықты түсіндіре алатын әдіскерлерді дайындау, бұл – өте күрделі мәселе. Сондықтан бұған үлкен дайындықпен келген абзал.
Заман тәжірибесі әлеми ақпарат кеңістігіне өтудің төте жолы ретінде латын жазуын көрсетіп отыр. Мұны бұрын аңғарғандар – біздің информатика мамандары. Енді, міне, өзге мамандар да оларды құптай бастады. Әліпби ауыстыруды былай қойғанда, қазақ жазуын бір саралап, пысықтап алатын мезгіл жеткендігін көпшілік, оның ішінде тіл мамандары, біліп те, түсініп те отыр. Ендеше бұл бағыттағы шараны тек әліпби ауыстыру деп қарамай, кең қамтып, жазу реформасына айналдыру қажет. Сондықтан әңгімені тек әліпби ауыстыру төңірегінде ғана қалдырмай немесе бір таңбаны екінші таңбаға қалай ауыстырамыз дегенге ғана саймай, жазу төңірегіндегі өзге де мәселелерді қамтып отыру керек болады. Әліпби ауыстырудың үш деңгейі бар: бірінші – әліпби деңгейі, екінші – таңба деңгейі, үшінші – емле-ереже деңгейі. Егер біз әліпби құрамын өзгертетін болсақ, онда оның ар жағындағы таңба және емле-ережелеріне де өзгеріс ендіруіміз керек. Таңбаға өзгеріс ендіретін болсақ, онда оның емле-ережеге әсері қандай болмақ, алдымен соны ойлап алуымыз керек. Жоғарыдағы айтылғандарға қосарым, бұл таныстырылған нұсқа жөнінде сан алуан пікірді теледидардан, интернет ресурстардан көріп, оқып жатырмыз. Бұл жақсы ой. Халықтың мәдениетіміздің алтын арқауы – әліпбиімізге бейжай қарамайтынын байқадық. Бұл – еркіндіктің, Тәуелсіздігіміз сыйлаған азаттықтың арқасы. Мамандар халықтың пікірін біліп, оларды жинастырып, сараптап, жүйелеп отыр. Ғылыми негізі бар пікірлер міндетті түрде ескеріледі. Бастысы – жаңа әліпби қабылдауға бетбұрысты батыл, шешімді қадам жасалғаны.
Әлімхан Жүнісбек,
А. Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
бас ғылыми қызметкері, филология
ғылымдарының докторы, профессор