Лашықтағы өмір

08 ақпан 2019, 15:53

Бас қаладағы басты мәселе – баспана. Елордаға арман арқалап келген ағайынның көбі қала іргесін жағалап, біреудің уақытша тұрғызған лашығын, біреудің тоқал тамын паналап отыр. Шаһар ішіндегі пәтерлерді ай сайын жалға алу құны 80-100 мың теңгеден басталады. Ал оны тиын-тебен санап отырған қарашаның қалтасы көтермейді. Амалсыз осындай жатаған үйді паналайды. Оның жағдайы талапқа сай емес. Астанадағы бес балапанның өмірін жалмаған алапат өрт осындай лашықтан тұтанған.

Осы оқиғадан кейін төтенше жағдайлар қызмет атқа қонып, қала іргесіндегі жекеменшік үйлерге қатаң режиммен рейд жүргізе бастады. Бір топ журналист соларға қосылдық. Бағытымыз – Сарыарқа ауданына қарасты Көктал-1 тұрғын алабы. Жеке үйлерді аралап келеміз. Жағдайды өз көзімізбен көрдік. Мұндағы әлеуметтің әлеуетін тұрып жатқан лашықтарынан-ақ байқауға болады. Тіпті бір ауладағы төрт есіктің қайсысы үй, қайсысы қора екенін ажырату қиын. Сыртқы есіктері бірдей болғанмен, бірі монша, екіншісі қора, қалғандары үй болып шықты.
Тағы бір бараққа бас сұқтық. Қуықтай бөлмені паналап отырған Оспан Тарғынов деген азаматтың отбасы екен. Сөзге тарттық. 14 шаршы метр бөлмеде әйелі және ұлы мен келіні, оқушы немересі тұратын болып шықты. Бір бөлмеге осынша адамның қалай сыятынына таңдандық. Сөйтсек, бір үйлі жан ауысыммен жұмыс істейді екен. Мұндағы жалға берілген 10 бөлменің қол жуатын жер мен ас бөлмесі, әжетхана да бәріне ортақ. Әлгі аядай бөлмеге ай сайын 20 мың теңге төлеп тұрады. Ал кейбір лашықтарда электр сымы қалай болса солай тартылған. Көбінде санитарлық жағдай нашар. Пеші де талапқа сай салынбаған. Бір сөзбен айтқанда, жайсыз әрі қауіпті. Бірақ жалдау ақысы арзан. Сондықтан қалтасы жұқалар осындай жерге келеді. Рейд кезінде көрген тоқал тамдардың бәрінің жағдайы осындай…
Елордада 22 267 жеке тұрғын үй бар. Мамандардың айтуынша, қаладағы өрттің 50 пайыздан астамы осы жеке тұрғын жайлардан шығады. Олар жылыту маусымы басталысымен сенбі-жексенбі күндері осы аудандарды аралайды. Астана қаласы Сарыарқа ауданы төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Қуаныш Тоқсарин БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережесі түсіндіріледі. Бірақ олар сонда да қауіпсіздік талабын ескермейді. Жаңа бір үйге кіргенімізде қауіпсіздік ережесі мүлде сақталмапты. Пештің маңайында аяқ киім мен үйілген отын жатыр. Үстіңгі жағынан жіп тартып, кір жайып қойыпты. Бұл – өте қауіпті. Мен ескерту жасап жатсам да, үй иесі сөзіме құлақ аспады. Аяқ киімін пеш жанынан алмады. Жалпы, тұрғындардың көпшілігі сөйтеді. Рейд кезінде ескерту жасасақ, басын шұлғиды. Бірақ сол үйге қайта айналып соқсақ, бәрі сол қалпында жатады. Оларға тек ескерту жасаумен ғана шектелеміз», – деп ренішін жеткізді.

Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы. Жұрттың жанды жерін пайдаланып, заңға қайшы болса да, ауласында құжаты жоқ төрт қабырғаны қалқайтып, көлеңкелі кәсіпті нәсіп етіп, ақша тауып жүрген пысықайлар да жетерлік. Бұдан былай олардың барлығы қатаң тексерілмек.
Елдің ет жүрегін езген, қызыл жалын өмірін қиған балапандардың үлкені 12-де болса, кенжесі аузынан ана сүті арылмаған сәби. Амал қанша?! Бұл жағдай күллі халықтың қабырғасын қайыстырды. Қайғыдан қан жұтқан отбасын жұрт болып жұбатып жатыр. Көпшілік қаржылай көмек көрсетті. Астананың бас имамы Наурызбай Тағанұлы бұл отбасыға мешіт атынан пәтер алып беретіндерін хабарлады. «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Мақсатбек Қайырғалиев те көмек ретінде жиналған 13,4 млн теңгенің осы жанұяға табысталатынын айтты. Ал қаптаған қорлар мен байшыкештер әзірге үнсіз. Біреудің қайғысын пайдаланып, жылу жинап, қалтасын күйттеп жүрген алаяқтр пайда болды.
Пәлекет қызыл жалыннан кеп тұр. Өткен жылы еліміз бойынша 9595 өрт тіркеліп, 322 адамның өмірін жалмапты. Олардың арасында 34 бала бар. Қаңтардың тоғызында Қызылордадағы саяжайлардың бірінде үйдің үш ұлына иіс тиіп көз жұмды. Күні кеше Баянауылда 4 адам иіс тиіп көз жұмды. ТЖД мамандарына салсақ, өртке тұрғындардың өзі кінәлі.
Астанадағы қайғылы жағдай қоғамға қозғау салды. Көпбалалы аналар әкімдікке жеткізді. Олар «Баспаналы болуымыз үшін көпбалалы аналарға жеңілдік қарастыру қажет» деген талап қойды. Жергілікті билік өкілдері олардың өтініш-тілектерін жазып алды.
Осыған орай, қоғам қайраткері Амангелді Айталыдан пікірін сұрадық. Ақсақал: «Біздің елде неге тек төтенше жағдайдан кейін ғана қозғалыстың болатынын түсінбеймін? Көпбалалы ата-аналар мен жас отбасылардың жағдайы елдің стратегиялық мақсаты болуы тиіс емес пе?!. Елдің болашағы – жастардың қолында. Қаралы отбасыға түрлі көмектің қарастырылып жатқаны жөн. Бірақ басқалары соның буымен басылып қалмауы керек. Еліміздегі әр ана әлеуметтік жағынан қорғалуы тиіс», – деді.

Нұрдәулет ТАЛҒАТҰЛЫ,
Астана

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген