Лаңкестікке қарсы күрес – ортақ міндет

05 желтоқсан 2016, 10:21

Қандай да болмасын қылмыстық әрекеттер мемлекетіміздің, қоғамымыздың өркендеп өсуіне кедергі келтіретін тежегіштер екені белгілі. Сол қылмыстардың ішіндегі елімізге ең ауыр тиетіні терроризмге байланысты жантүршігерлік әрекеттер. Осы жағдайлардың соңғы кезде етек ала бастағаны сот жүйесін де алаңдатады. Соттарға келіп түсіп жатқан терроризм мен экстремизмге байланысты қылмыстық істердің қаралу барысы енді төменде сөз болмақ.

Жоғарғы Соттың жұмыс кестесі бойынша 2014-2015 жылдардағы және 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында соттардың терроризм және экстремизмге байланысты қылмыстық істерді қарау тәжірибесі зерделенді. Осы шарадағы басты мақсаттар – сотқа тартылғандардың қылмыстық әрекетін заң шеңберінде саралау, дәлелдерді жете тексеру, кінәлі содырларға заңды жаза тағайындау және ауыр қылмыстардың жасалу себебін айқындап, болашақта олардың алдын алу шаралары жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныс жасау еді.

02675012d923995d2b0d2fdff38abc83-big
Негізінде Қылмыстық кодекстің (ҚК) 255-бабында (1997 жылғы редакцияда 233-бап) терроризм қылмысы келесідей сипатталады: «Терроризм актісі, яғни жарылыс жасау, өрт қою немесе адамдардың қаза табуы, елеулі мүліктік залал келтіру не қоғамға қауіпті өзге де зардаптардың туындау қаупін төндіретін өзге де әрекеттер жасау, егер бұл әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру, мемлекеттік органдардың, шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның шешімдер қабылдануына ықпал ету, соғысқа арандату, халықаралық қарым-қатынастарды шиеленістіру мақсатында жасалса, сондай-ақ аталған әрекеттерді дәл сол мақсаттарда жасау қатерін төндіру».
ҚК-тің 1997 жылғы редакциясымен салыстырғанда жаңа ҚК-тің 255-бабының 1-тармағында «Терроризм актісі…соғысқа арандату не халықаралық қарым-қатынастарды шиеленістіру мақсатында жасалса» – деп толықтырылғаны көрінеді. Осының өзі терроризм ел ішіне іріткі салумен тынбай, қазіргі таңда трансұлттық қылмыстық топтар мен ұйымдар арқылы мемлекеттердің арасына от салу, діни ағымдарды бір-біріне қарсы қою бағыттарымен ірі-ірі қақтығыстар ашып, әрі кеткенде жер жүзінде соғыс ашу пиғылы бар екенін көрсетеді.
Қолданысқа енген жаңа ҚК-тің 255-бабының 4-бөлігінде «Терроризм актісі қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның шешімдер қабылдануына ықпал ету, соғысқа арандату, халықаралық қарым-қатынастарды шиеленістіру мақсатында жасалған, адам өміріне қол сұғу, сол сияқты дәл сол мақсаттарды, сондай-ақ мемлекет немесе қоғам қайраткерінің мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметін тоқтату. Осындай қызметі үшін кек алу мақсатында жасалған оның өміріне қол сұғу, халықаралық қорғауды пайдаланатын адамдарға немесе ұйымдарға, ғимараттарға, құрылыстарға шабуыл жасаумен, адамды кепілге алумен, ғимараттарды, құрылыстарды, қатынас және байланыс құралдарын басып алумен, әуе немесе су кемесін, жылжымалы теміржол составын, өзге де қоғамдық көлікті айдап әкетумен, сол сияқты басып алумен ұштасқан адам өміріне қол сұғу» болып табылады.
Бүгінгі күні терроризм мен экстремизм қылмыстармен күресудің құқықтық негіздері Ата заңда, 1997 жылдың 16 шілдесіндегі, 2014 жылдың 3 шілдесіндегі шыққан Қылмыстық кодекстердің баптарында, 1999 жылғы 13 шілдедегі «Терроризмге қарсы іс- қимыл туралы», 2005 жылғы 18 ақпандағы «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарында, Жоғарғы Соттың 2001 жылғы 21 маусымдағы «Соттардың бандитизм және қылмысқа қатыса отырып, басқа қылмыстар жасағаны үшін жауапкершілік туралы заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулыда айқындалған.

news1465445770
Жоғарғы Сотта республикадағы соттардың 2014-2015 жылдарда және 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында қараған терроризм мен экстремизмге байланысты қылмыстық істерін зерделеу нәтижесі бойынша сот жүйесі осы санаттағы істерді заң шеңберінде дұрыс тексеріп, әділ шешімдер шығарған деп тапты.
Осы санаттағы қылмыстық істер ҚК-тің 10 тарауындағы жарияланған «Қоғамдық қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстық құқықбұзушылықтар» қатарына жататынын айта кету керек. Терроризм және экстремизм жөніндегі қылмыстық істердің басым көпшілігі қатысқан қылмыскерлердің және олардың іс-әрекеттерінің көп сандылығымен, шытырмандығымен ерекшеленетіндігінен осындай істерді қарайтын судьялардың да білімділігінің, біліктілігінің жоғары болуын талап етеді.
Қоғамға, мемлекеттің абыройына, еліміздің азаматтарымызға келтіретін ауыр залалдарына байланысты кінәлі болып табылған лаңкестерге заң талабы бойынша соттардың тағайындайтын жазасы да ауыр болып келеді. Сот тәжірибесін зерделеу кезінде, терроризм актісін жасау фактілері болған жоқ. Бірақ лаңкестікті насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру (233-1-бап), террористік топ құру, оған басшылық ету және оның қызметіне қатысу (233-2-бап), экстремизм немесе террористік қызметті қаржыландыру (233-3-бап), терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау (242-бап) сияқты қылмыстық істер қаралып, кінәлі содырларға бас бостандығынан ұзақ мерзімге айыру жазасы қолданылған. Егер 2014 жылы аяқталған қылмыстық істер бойынша сотталғандардың 74% бас бостандығынан айырылып, ал 22% бас бостандығынан шектелсе, 2015 жылы сотталғандардың 84% түрмеге жіберіліп, 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында лаңкестердің 88% түзеу мекемелеріне жабылды. Сот статистикасы терроризмге қатысқан қылмыскерлерге соттардың заң шеңберінде қатаң жазаға тартуын дәлелдейді.
Айта кететін жағдай, ол бірде-бір сот үкімінің жаза тағайындау барысында қателік жасауына, жеңіл түрде жазалауына байланысты бұзылмағандығын зерделеу толық көрсетті.
Осыған орай, сот тәжірибесінде әртүрлі жағдайда лаңкестердің қармағына түсіп, аңқаулықпен білместікке бой алдырған, бірақ ауыр қылмыс жасап үлгермеген, қателігін дер кезінде өзінің түйсігімен немесе әке-шешесінің, туыстарының ақылымен түсінген адамдар үшін заң қылмыстық жазадан босануға мүмкіндік береді.
ҚК-тің 255-бабындағы ескерту бойынша терроризм актісін дайындауға қатысатын адам, егер ол мемлекеттік органдарға дер кезінде ескертуімен немесе өзге тәсілмен терроризм актісін болғызбауға ықпал етсе және оның әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
ҚК-тің 257-бабында көрсетілген. «Террористік топ құру, оған басшылық ету және оның қызметіне қатысу» әрекеттері бойынша 2014 жылы 5 қылмыстық іс, 2015 жылы 9 іс және 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында 9 қылмыстық іс соттарға түсіп, түбегейлі тексерістен кейін заңды үкімдер шығарылған.
Көрсетілген баптың 2-бөлігінде террористік топтың қызметіне немесе ол жасаған терроризм актілеріне қатысу қылмысы айқындалған. Бұл қылмыс үшін кінәлі мүлкі тәркіленіп, алты жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Заң бойынша террористік топтың қызметіне қатысудың мәні ол террористік актілер жасауда ғана емес. Егер террористік топтың құрамына кірсе, қаражат, қару-жарақ , автокөлікпен қамтамасыз етуге, нысандар табуға, ақпарат жинауға көмектесу де террористік топтың қызметіне қатысу болып есептеледі. Бұл топтың қылмыстық ой-жоспарларын біле тұра, соған мүшелікке келісім берген уақыттан бастап, бұл қылмыс аяқталған қылмыс құрамы болып табылады.
Мысалы, Атырау қалалық сотының үкімімен Ж. мүлкі тәркіленіп, 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылу жазасына кесілді. Соттың анықтағаны бойынша ол террористік топқа өз еркімен қосылып, сол топтың мүшелерімен террористік актілер жасау мақсатында бірнеше рет жарылғыш заттар дайындаған.

Жоғарыда көрсетілген заң талабы бойынша сотталған Ж. террористік актілер жасамағанмен, ол террористік топтың мақсатын біліп, соларға көмектескені үшін қатаң жазаға сотталды.
Ақтөбе қалалық сотының үкімімен М., А., Т. адамдар тобы болып, әлеуметтік және діни алауыздықты қоздыруға және азаматтардың діни сезімдерін қорлауға бағытталған қасақана әрекеттерді телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып, терроризмді насихаттағаны, терроризм актісін жасауға жария түрде шақырумен ұштасқан қылмыстар жасағандары үшін кінәлі болған.
М. ислам дінінің радикалды бағытын ұстанушы ретінде, қасақана тікелей ниетпен көрсетілген іс-әрекеттер барысында, өзінің абоненттік нөмірін қолдану арқылы террористік әрекеттерге шақырған бейнероликті Шалқар қаласының тұрғындарына жіберген. Содан кейін сыбайластары А. мен Т. қосылып, қылмыстық әрекеттерін жалғастырып, терроризмді насихаттау бағытында «Whats App» мессенджерінде бірнеше рет діни алауыздықты қоздыру үшін текстік хабарламалар таратқан.
Іс бойынша тағайындалып өткізілген сот психология-филологиялық және дін танушылық сарапшыларының қорытындысына сәйкес сараптамаға ұсынылған бейнероликтерде және текстік хабарламаларда терроризмді насихаттау, терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру белгілері толық анықталған.
Жоғарыда айқындалған дәлелдерге сүйене отырып, сот М. және А-ның әрқайсысын 8 жылға Т-ны 6 жыл 6 айға бас бостандықтарынан айырып, түзеу колониясына жіберді.
Орал қалалық соты Ж-ны терроризмді насихаттағаны үшін кінәлі деп тапты. Іс құжаттарында айқындалғандай, Ж. және У. халықаралық террорлық қоғам «Исламдық мемлекеттің» қылмыстық әрекеттеріне қатысу үшін дайындалып, Түркия арқылы Сирияға өтпекші болған. Сол мақсатпен «Ақтау-Ыстамбул» бағытындағы ұшаққа отыру кезінде әуе жайда шекарашылар қызметшілерімен ұсталған. Орал қалалық сотының үкімімен Ж. ҚК-тің 256-бабы 1-бөлігімен, 24-бабы 1-бөлігі арқылы 257-бабы 2-бөлігімен, У. ҚК-тің 24-бабы 1-бөлігі арқылы 257-бабы 2-бөлігімен белгіленген қылмыстарды жасағаны үшін екеуі де 6 жылдан бас бостандықтарынан айырылды.
Көрсетілген санаттағы қылмыстық істердің қатарында жиі кездесетіні ҚК-нің 273 (1997 жылғы редакциямен 242-бап) бабында жазылған «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» қылмысы. Бұл қылмыс та ауыр қылмыстар тобына жатады. Сот практикасында анықталғандай, жалған хабарлау басым көпшілігінде кінәлі адамдармен мастықпен жасалатыны. Түрткі болатын себептер де әртүрлі — әлдекімнен өш алу, мекемелердің, оқу орындарының уақытша жұмысын тоқтатып, жұмысқа шықпау, оқуға бармау және т.б. Кейбір кінәлілер, соның ішінде жас адамдар, өз әрекеттеріне мән бермегендіктен, балалық ойымпаздықпен жасадық деп ақталуға тырысады.
Әрине, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау ел ішінде қорқыныш туғызады. Халықты дүрліктіреді, мекемелердің, кәсіпорындардың, күнделікті жұмыс кестесін бұзады. Осындай жалған хабарлама алысымен құқық қорғау органдарының кезекші қызметкерлері, арнайы органдар қылмыс болады деген жерге жасақталып жетеді. Осының нәтижесінде моральдық, материалдық шығындар жұмсалады. Әрине, террористік актісі туралы көрінеу жалған хабарлау жасағандар бірден анықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылып сотталады, ал келтірген залалдың барлығы қылмыскерлерден өндіріледі.

Дәулен Нұралин,
Жоғарғы Сот судьясы

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде