jasqazaq.kz

Күрежолды дамытудағы жаңа бағыт

Бүгін, 16:02

Елімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен соңғы жеті жылда жол инфрақұрылымының ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Осы мерзім ішінде 25 мың шақырымнан астам республикалық және жергілікті маңызы бар автокөлік жолдары салынды және қайта жаңғыртылды.

Ел ішінде жалпы қолданыстағы автокөлік жолдары 96 мың шақырымды құрайды. Оның 25 мың шақырымы — республикалық, 71 мың шақырымы — жергілікті маңызы бар жолдар. Соңғы жылдары жүзеге асқан ірі инфрақұрылымдық жобалардың арқасында жаңа көлік дәліздерін құруға, өңіраралық байланысты кеңейтіп, жол желісінің сапасын жақсартуға қол жеткізілді. Көлік министрлігінің мәліметіне сүйеніп, осы жобалардың бірқатарына тоқтала кетейік.

Жолды жаңғыртудың маңызы

Ең ірі қалалар Астана мен Алматыны жалғаған «Қарағанды – Алматы» автожолы жобасының шеңберінде трассаның жекелеген бөліктері кеңейтіліп, көпірлер мен эстакадалар жаңғыртылды. Жаңа жол айрықтары салынды.

«Талдықорған – Өскемен» автожолында заманауи асфальбетон жабынды төселіп, жол инфрақұрылымы жаңғыртылды.
Өткен жылы «Қалбатау – Майқапшағай» трассасының реконструкциясы аяқталды. Қытаймен шекараға апаратын бұл күрежол шығыс бағытындағы транзит әлеуетін күшейтуге септігін тигізеді.

Сондай-ақ соңғы жылдары жүзеге асқан ірі жобалардың ішінде «Қостанай – Денисовка», «Ақтөбе – Қандыағаш – Атырау», «Астана – Павлодар», «Ақтау – Жетібай», «Мерке – Бурылбайтал», «Атырау – Астрахань» бағыттарын айтуға болады. Бұл күрежолдар өңіраралық қатынас пен ел ішіндегі экономикалық байланысты нығайтуда маңызды роль атқарады.
«Үшарал – Достық» автомобиль жолын жаңғырту жобасы Қазақстан-Қытай шекарасындағы логистикалық тораппен көлік байланысын жақсартуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырды.
«Ұзынағаш – Отар» жобасы жемісті аяқталып, соның нәтижесінде Алматы мен Шымкент қалалары арасындағы негізгі көлік дәлізінде төрт жолақты қозғалыс іске қосылды.

Сонымен қатар Бұқтырма су қоймасындағы ең ірі көпір және Шақпақ ата асуындағы автомобиль тоннелі пайдалануға берілді.
Соңғы жылдардағы ірі инфрақұрылым жобаларының бірі Үлкен Алматы автокөлік айналма жолы (БАКАД) екені белгілі. 2023 жылы ашылған бұл жолдың көп бөлігінде алты жолақты, кей бөлігінде төрт жолақты қозғалыс енгізілген. Жоба шеңберінде жеті жол айрығы, он шақты көпір және өткелдер салынды. Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік форматында жүзеге асқан БАКАД Орталық Азиядағы ең ірі инфрақұрылым жобасына айналды. Ең бастысы, транзит көліктерін Алматының сыртына шығару арқылы қаладағы көлік қозғалысын айтарлықтай азайтты.

Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен республикалық маңызы бар автокөлік жолдарында орташа жөндеу жұмыстарын жүргізудің ауқымды бағдарламасы жүзеге асып жатыр. 10 мыңдай шақырымды қамтитын жөндеу жұмыстары негізгі көлік бағыттарында, атап айтқанда, «Жезқазган – Петропавл», «Қарағанды – Қарқаралы» «Қостанай – Мамлютка», «Усть-Каменогорск – Семей» автокөлік жолдарында жүргізілуде.

Қызылордада жол құрылысы қарқынды

Қызылорда облысында «Қызылорда — Жезқазған» автожолы қайта жаңғыртылды. Бұл өңірде республикалық маңызы бар көлік жолдарын жаңарту және қайта жаңғырту жұмыстары өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға және аймақтар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар облыстың транзиттік әлеуетін күшейтіп, тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз жол қатынасын қалыптастыруға мүмкіндік бергенін айтқан жөн.

«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметтің мәліметінше, Қызылорда облысындағы республикалық автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1 049 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта оның 128 шақырымында қайта жаңарту жұмыстары, ал 98 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өңірдегі маңызды жобалардың бірі – Қызылорда қаласының айналма жолын қайта жаңарту. Бұл жоба биылғы жылдың 11 наурызында басталды. Жобаның жалпы ұзындығы 25 шақырымды құрайды.
Сәкен Ділдахмет: «Жобалық шешімдерге сәйкес, оның 14,6 шақырымы І-б техникалық санат талаптарына жеткізілсе, ал қалған 10,4 шақырымы ІІ техникалық санат параметрлеріне сәйкес қайта жаңартылады», — деді.

Сонымен қатар айналма жолдың салынуы жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, облыс аумағындағы елді мекендердің көлік байланысын жақсартуға ықпал етеді. Жобаны толық іске асыру 2026–2029 жылдарға жоспарланған.
Өңірдегі тағы бір маңызды жол жобасы – «Қызылорда – Жезқазған» автожолы. Өткен жылы аталған жолды қайта жаңарту бойынша негізгі жұмыстар аяқталып, 192 шақырым жолда көлік қозғалысы ашылды.

«Қазіргі уақытта жол бойында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар жолдың толық пайдалануға берілуін қамтамасыз етеді», – деді Сәкен Ділдахмет.

Жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Биыл облыстағы тағы бір маңызды бағыт Қызылорда – Сексеуіл автожолын қайта жаңарту жоспарланып отыр. Бұл жоба өңірдегі көлік қатынасын жақсартып, елді мекендер арасындағы байланыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, Қызылорда облысында жүзеге асырылып жатқан жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізуде. Жаңартылған жолдар жүк және жолаушы тасымалының тиімділігін арттырып қана қоймай, өңірдің транзиттік мүмкіндігін де кеңейтеді.

Жақсы жол өңірді дамытады

Ел ішіндегі жобаларға келсек, көлік министрлігінің биылғы жоспары бойынша құрылыс, жаңғырту және жөндеу жұмыстарымен 11 мың шақырымнан астам автожол қамтылады.

Ең ірі жобаның бірі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асатын «Орталық – Батыс» автожолы. Бұл бағыттың ұзындығы – 896 шақырым. Жоба шеңберінде 19 көлік торабы, 17 эстакада, 40 көпір, 654 су өткізетін құбыр, 48 мал айдайтын жол және екі жер асты жолы салынады. «Орталық – Батыс» Астананы батыс өңірлермен жалғап, Транскаспий бағытына жол ашады.

«Бейнеу – Сексеуіл» жобасы 559 шақырымды қамтиды. Жаңа бағыт Ақтөбе арқылы өтетін қазіргі бағытқа қарағанда қашықтықты 900 шақырымға қысқартады.
572,6 шақырымға созылатын Жезқазған — Қарағанды автожолының құрылысында 52 көпір, 72 эстакада, 28 көлік торабы және 8 демалыс алаңы қарастырылған.
Ірі жобалардың ішінде төрт жолақты 233 шақырымға созылатын Ақтөбе – Ұлғайсын автожолы бар. Мұнда 17 көпір, 16 эстакада, 14 көлік торабы, 374 су өткізетін құбыр және 13 ауыл шаруашылығы техникасына арналған өткел салу көзделген.

Осындай ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде өңірлерде жылдам әрі қауіпсіз қатынасты қамтамасыз ететін стратегиялық көлік дәліздері қалыптасып, жаңғыртылды. Сондай-ақ еліміздің халықаралық көлік бағыттарына интеграциялануына мүмкіндік берді. Қазіргі кезде Қазақстан аумағы арқылы сегіз халықаралық автокөлік дәлізі өтеді. Олардың жалпы ұзындығы 13 мың шақырым шамасында.
Соңғы жылдары жергілікті жол желісін дамытуға ерекше мән беріле бастады. Сондай жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі – «Қарағанды – Үштөбе – Құрылыс» жолы, Қызылорда әуежайына, Амангелді ауылына жеткізетін жол және тағы басқа нысандар.

Республикалық және жергілікті маңызы бар жолдар құрылысының экономикалық нәтижесі де көзге көріне бастады. Мәселен, бизнестің көлік шығыны азайып, жүк тасымалының жылдамдығы артты. Аймақтар арасындағы сауда-саттық өркендеп, шағын және орта бизнестің дамуы қарқын алды Өңірлердің инвестициялық тартымдылығы артқаны өз алдына. Оған қоса, заманауи автожол желісі тұрғындардың жүріп-тұруын оңайлатып, ішкі нарық пен транзит әлеуетінің нығаюы арқасында өңірлердің дамуына жағымды әсерін тигізіп отыр.

Жолды жаңғырту жалғасады

Алдағы уақытта жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары бәсеңдемейді.

Осы орайда көлік министрлігінің автокөлік жолдарын дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған басымдықтарына тоқтала кеткен жөн. Оған сәйкес, инфрақұрылымды модернизациялау, жол желісінің сапасын жақсарту және елдің транзит әлеуетін арттыруға барынша күш салынады.
Мәселен, жол жабындысы түрлерін таңдау тәсілдері қайта қаралды. Соған сәйкес, шағын елді мекендерге апаратын жолдарда қиыршық тас төсеуге басымдық беріледі. Ал көлік көп жүретін жолдарда, әсіресе, халықаралық бағыттарда аса төзімді саналатын цементбетон төселеді.

Жол инфрақұрылымы мен цифрлық шешімдердің интеграциясы – өз алдына бөлек міндет. Маңызды автокөлік бағыттарында талшықты-оптикалық байланыс дамытылып, 5G технологиясы енгізіле бастайды. Бұл интеллектуалдық көлік жүйесін әрмен қарай дамыту үшін керек. Сондай-ақ өткізу бекеттерінде көп функциялық қызмет көрсету аймақтарын құру қарастырылған. Бұл міндеттерді жүзеге асырудың нәтижесінде еліміздің транзит әлеуеті кеңейіп, көлік инфрақұрылымының тұрақты дамуы қамтамасыз етіледі.

Наргүл Мырзахмет

Фото: egemen.kz

Бүгін, 16:02
Күрежолды дамытудағы жаңа бағыт
29 наурыз, 12:17
Көмір генерациясы – өңірлердің даму драйвері
27 наурыз, 16:24
Мақсат - сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру
26 наурыз, 14:08
Әлібек Молдакәрімов: Өңірдегі жобалар негізінен өңдеу өнеркәсібіне бағытталған
26 наурыз, 12:46
АЭС құрылысы: Дұрыстығы дәлелденген тарихи шешім
20 наурыз, 11:24
Қорғаныс қабілеті мықты мемлекет ертеңге сеніммен қарайды
19 наурыз, 12:31
Әскери ынтымақтастық: Қуатты қорғаныс саясатының берік кепілі
18 наурыз, 13:39
«Таза Қазақстан» әркімнің өзінен басталады
18 наурыз, 12:56
Мирас Тоқтарханов: Абай облысында ауыл шаруашылығының барлық бағытына қолдау бар