Курсант болуға жастар неге құлықсыз?

11 қараша 2022, 11:43

Қарулы Күштердің ардагерлері құрметті демалысқа шықса да әлі әскери сапта. Олар еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласып, отаншылдық рухты насихаттау, ардагерлер мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік мәселелерін шешу жөнінде нақты істермен айналысуда. Қорғаныс министрлігімен қоян-қолтық жұмыс істеп, әскери қызметтің беделін арттыруға қолдарынан келгенше қолдау көрсетіп жүр. Біздің бүгінгі қонағымыз – «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлері» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, генерал-майор Марат Нағұманов.

– Марат Сералыұлы, сіз бүкіл саналы ғұмырыңызды армияға арнап, Отан қорғау жолында сарп еттіңіз. Әріге бармай әңгімені төтеннен бастасақ, қазір сізді не толғандырады?
– «Айтпаса сөздің атасы өледі» дейді қазақ. Біз айтуын айтып-ақ жатырмыз-ау, бірақ нәтиже жоқ. Өзекті мәселе көтерілді ме, ол шешілуі керек. Бізде көбінде сөз жүзінде қалады. Биылдың өзінде қос палаталы Парламенттің қорғаныс істеріне жауапты комитеттерінің бірнеше отырысына қатыстым. Соңғысында, осы жылғы 1 қараша күні, Сенатта сөз кезегі жетпегесін ойымды қағазға түсіріп, тастап кеттім.

Қаңтар оқиғасынан кейін Мемлекет басшысы әскери қызметтің беделін көтеру жөнінде тапсырма берді. Енді қазіргі жағдай қалай? Біз жастардың дені сарбаз болғысы келмейді дейміз. Мен айтар едім, олар офицер болуға да ынталы емес. Мәселен, биылғы жылы еліміздің жоғары әскери оқу орындарына балалар бармай, көп орын бос қалды. Тек Құрлық әскерлері әскери институтының өзінде 52 курсант жетіспейді. Бұл деген 1500-ден астам сарбаз командирсіз қалды деген сөз. Сарбаздар құрамы үнемі ауысып тұрады. Ал офицер дегеніміз – бәріне ұйтқы болатын армиядағы тұрақты және негізгі тұлға. Сол институтта мен қызмет атқарған 90-шы жылдары бір орынға 10 бала құжат тапсырып, емтиханға келгенде бір орынға 3 талапкер таласатын. Неге қазір жағдай басқаша? Бір ғана мысал айтайын, азаматтық прокурор да Қарулы Күштердің офицерімен бірдей жеңілдіктер мен артықшылықтарға ие. Бірақ оған офицер сияқты полигонда оқ атып, шаң жұтып, түрлі ауыртпалықтар мен қиыншылықтарға төзудің қажеті жоқ. Сондықтан жастар әскери оқу орындарына бармайды, оның орнына азаматтық жоғары оқу орындарының заң факультетіне түседі.

Отан қорғау ортақ парыз екені белгілі. Дегенмен ынталандыру, әлеуметтік қамсыздандыру жағын да ұмытпау керек.

– Демек, еліміздің «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңына өзгеріс енгізу керек қой.

– Әлбетте. Әскери қызметшілерге, ең алдымен офицерлік құрамға қатысты жеңілдіктер қайта қаралуы керек. Жоғарыда айтылған теңсіздіктер жойылуы тиіс.

Асыраушысынан айрылған әскери қызметшілердің әйелдеріне зейнетақыларының 30 пайызын қайтарған жөн. Бұл жеңілдік 1999 жылы жойылды. Алыс гарнизондардағы әскери қызметшілердің әйелдеріне әрдайым тұрақты жұмыс табыла бермейді. Осылайша, олар мемлекеттік жоғары мүдде үшін зейнетақы жинақтау жылдарын жоғалтады.

Осы жылдың ақпан айында Мәжілісте өткен отырыста да бұрын қолданыста болған заңнама нормаларын қалпына келтіру және оларға бірқатар өзгерістер енгізу туралы мәселе көтердік. Мысалы, Қарулы Күштердің ардагерлерін азаматтық емдеу мекемелерінде кезекте тұруға мәжбүрлемей, оларды бұрынғыдай әскери госпитальдар мен емханаларға қайтару қажет. Сондай-ақ жаңа бас әскери-медициналық кешенді госпиталь мен республикалық Бас әскери емхананың құрылысын бастау қажет. Сонымен бірге, елімізде әскери-теңіз госпиталі де жоқ, ол Ақтау қаласында міндетті түрде болу керек.

«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңның атауын «Жалпыға бірдей әскери қызмет туралы» заң атауымен өзгерткен абзал. Бұл әрбір азаматтың Отан алдындағы жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазір елімізде жастар жасы 29-дан 35-ке дейін көтерілуде. Бұл – халықаралық үрдіс. Тиісінше, мерзімді әскери қызметке шақыру жасын 27-ден 30 жасқа дейін көтеру қажет.

Қазіргі әскери қақтығыстарда ұрыс жүргізу тактикасы түбегейлі өзгерді. Жаңа технологиялар барған сайын тиімді және кеңінен қолданылуда. Осылайша қазіргі сарбаздың келбеті де өзгеріп отыр. Қазақстанға барлық жағынан дамыған, дайындалған сарбаздар қажет. Олар неғұрлым ересек болса, соғұрлым толысқан, моральдық-психологиялық тұрғыдан ұстамды, білімді, мамандықтары мен дағдылары бар азаматтар болады.

Шешімін таппай жүрген тағы бір түйін – бұл дүниеден озған әскери ардагерлерді жерлеу мәселесі. Осы күні оларды ақырғы сапарға аттандыру үшін Алматы қаласынан жер сатып алып жүрміз. Дүниежүзілік практикада әдетте әскерилердің бөлек зираты болады. Сондықтан бізде де, әсіресе, Алматы мен Астана сияқты үлкен мегаполистерде осы мәселенің шешімін қарастыру керек.

– «Белгісіз қазақстандық сарбаз» монументін салу туралы ұсынысты таратып айтсаңыз.

– Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған бір жарым миллион қазақстандықтың 630 мыңнан астамы майданда опат болды, 270 мыңнан астамы хабар-ошарсыз кетті. Қаза тапқан жауынгерлердің жерленген жерлері де белгісіз. Олардың аты-жөндерін түгел қалпына келтіру енді мүмкін емес. Осыған байланысты, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында «Белгісіз қазақстандық сарбаз» монументін орнатуды ұсынып отырмыз. Осылайша, біз соғыста қаза тапқан боздақтардың алдындағы азаматтық парызымызды орындаймыз. Бұл ескерткіш хабар-ошарсыз кеткен немесе қайда жерленгені белгісіз барлық қазақстандықтардың рухына тағзым ететін көпшілік орынға айналар еді.

– Ардагерлер ұйымы атынан Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажыға хат жазуға не түрткі болды?

– Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы ғой. Сондықтан да дін өкілдерін жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу сияқты ортақ істі бірлесіп атқаруға шақырдық. Біздің өтінішімізден кейін Наурызбай қажы Тағанұлы аймақтардағы мешіт имамдарына келесідей нұсқау берді: жұма намаздарын, уағыздарын өткізу кезінде жігіттерге ер адамның борышы, оның Отанды қорғау жөніндегі міндеттері туралы айту, жастарды әскери борышын орындау жөніндегі әскери қызметке шақыру, ұлдарды Отанды қорғауға дайындықта тәрбиелеу, әскери міндеттен өту қажеттілігі туралы ата-аналарына түсіндіру (намазда, ас беруде, уағыз айту кезінде және т.б.).

– Сөз соңында «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің қызметі туралы қысқаша айта кетсеңіз.

– Халық қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың басшылығымен біздің бірлестік пен өңірдегі филиалдарымыз өскелең ұрпақты әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу ісіне елеулі үлес қосып келеді. Мысалы, Тәуелсіздіктің 30-жылдығына орай Маңғыстау филиалы Ақтау қаласында екінші Дүниежүзілік соғыста құрбан болған қазақстандықтарға арнап Аллея ашты.

 


Қарулы Күштердің 30-жылдығы қарсаңында Ардагерлер қорының қаржысы есебінен Александар Бектің «Волоколам тасжолы», Бауыржан Момышұлының «Соғыс психологиясы» кітаптарын шығарып, әрбір әскери бөлім мен әскери институттарға, «Жас ұлан» мектептеріне тараттық.
Бірінші қыркүйекте біздің ұйымның ардагерлері барлық өңірлердегі мектептерде «Ерлік сабақтарын» өткізуге қатысты. Тек Шымкент қаласы бойынша 60-тан астам мектеп қамтылды.
Ағымдағы жылы Алматы және Шымкент қалаларының филиалдары, Маңғыстау, Түркістан, Ақмола облыстық филиалдары және тағы басқалары белсенді жұмыс істеді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Әбубәкір Смайылов,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия университеті
әскери кафедрасының
аға оқытушысы

19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген
15 қазан, 14:20
Армения - уақыт сынынан өткен жақын серіктес
30 қыркүйек, 23:28
Жұлдыз Сүлейменова: Жайбасарлыққа жол беруге болмайды!
30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс