Атыраудағы газ-химия кешенінің экономикадағы нақты секторға қосып жатқан үлесі зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді полипропиленмен толық қамтамасыз етіп, артық өнімді Ресей, Қытай, Түркия және басқа елдерге жөнелтіп жатқан осы өндіріс ошағының қызметін жоғары бағалаған болатын. Jasqazaq.kz интернет-басылымының тілшісі KPI зауытының Жоба директоры Ерназар Құлназаровпен кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігі, өндірістегі озық технологиялар, жергілікті кадрлар жөнінде әңгімелесті.
— Елімізде полипропилен өндіретін тұңғыш ірі кәсіпорын – «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» (KPI) және осы алғашқы газ-химия кешенінің отандық экономиканы әртараптандырудағы маңызы қандай?
— Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бағыттардың бірі һәм бірегейі – шикізатты терең өңдеу. Соның ішінде полипропилен өнімін шығару — ел ертеңі үшін қажетті жоба. Осы бағытта 2018 жылы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқаруымен полипропилен өндіретін біріктірілген газ-химия кешенінің құрылысы басталған-ды. Бұған 40-тан астам қазақстандық компания, 4 мыңға жуық жергілікті тұрғын қамтылды. Сөйтіп, Қазақстан экономикасының ірі-жобасы — KPI зауытының құрылысы сәтті жүзеге асып, кешенді 2022 жылы 8 қарашада Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев іске қосты. Жаңа өндіріс орны заманауи құрылғылармен жарақталған, цифрлық технологиялармен басқарылады. Зауыт жылына 500 мың тонна полипропилен өндіруге қауқарлы. Биыл жарты жылда зауыт 219 372 тонна полипропилен өндірді. KPI қазақстандық өңдеушілер үшін негізгі шикізат жеткізуші ретіндегі орнын нықтап, еліміздегі полипропилен нарығына елеулі өзгеріс енгізді. 2025 жылғы алғашқы жартыжылдықта компанияның ішкі нарықтағы үлесі 70 пайыздан асты. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 57 % болған. KPI іске қосылған сәттен бастап Қазақстан полипропилен импортына тәуелділікті сенімді түрде азайтып келеді. Болжам бойынша, жылдың аяғына дейін импорт үлесі 5 пайызға дейін қысқарады. Бүгінде KPI өз өнімдерін Еуропа, Түркия, Ресей және Қытайға экспорттап отыр. Әрі қарайғы өсім үшін инфрақұрылымды дамыту, кадр даярлау, жабдықтарды жаңғырту және шағын мен орта бизнесті қолдау салаларында мемлекет пен бизнестің бірлескен жұмысы қажет. Сұраныстың артуына қайта өндірушілерді қолдауға арналған жаңа бағдарламаларының іске қосылуы, полипропилен маркалары ассортиментінің кеңеюі және KPI тарапынан техникалық сүйемелдеу себеп болуы тиіс.
2025 жылдың алғашқы бес айында ішкі нарықтағы полипропиленді өңдеу көлемі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 28%-ға артты. 2022 жылдың аяғында КРІ іске қосылғаннан бері өңдеуші кәсіпорындар саны 80-нен 130-дан астамға дейін өсті. Биыл KPI сатылымының шамамен төрттен бірі жаңадан ашылған компанияларға тиесілі. КРI-дың басты міндетінің бірі — өңдеушілерге сапалы өніммен қатар ертеңгі күнге деген сенімділік беру. KPI нарықпен бірге дамуда және осы саланың дамуына серпін беріп отырғанын мақтан тұтады. КРІ өндіретін полипропилен еліміздің әр аймағына және шетелге, атап айтар болсақ, Еуропа, Қытай, Ресей мен Түркияға экспортталуда. Бүгінде компания 628 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Мердігер компанияларда 1 мыңға жуық адам қызмет етеді. КРI өндіретін полипропиленді еліміз бен шетелдік кері өңдеушілер құрылыс, машина жасау, медицина, электр техникасы және орама материалдар, контейнерлер, талшықтар, құбырлар, кеңсе жабдықтары, бақша, кеңсе жиһаздары өндірісінде, сондай-ақ тоқыма және тамақ өнеркәсібінде қолданып отыр.
— Бүгінде полипропиленнің 10-нан астам түрін шығаратын кәсіпорынның өндірістік көрсеткіштеріне тоқтала кетсеңіз.
— КРІ-да полипропиленнің 13 маркасы игерілді. Бүгінде өнім ассортиментінде полипропиленнің 15 маркасы бар (2 марка омологацияда тұр, яғни өнім тұтынушылардың технологиялық және техникалық талаптарына сәйкестігі бойынша тексерілуде). Бұл өнімдер техникалық сипаттамасы мен қолдану аясы бойынша әртүрлі салада жоғары сұранысқа ие. Атап айтқанда, бұл полимерлер орама материалдары, контейнерлер, талшықтар, тоқыма және иірімжіп өнімдері, инженерлік бөлшектер, электр жабдықтары, кеңсе бұйымдары, құрылыс пен медицина салаларында кеңінен қолданылады. Зауыт жылына 500 мың тонна полипропилен өндіруге қауқарлы. Бұл көлем —- әлемдік полипропилен өндірісінің шамамен 1 пайызын құрайды. KPI өндірісті біртіндеп толық қуаттылыққа жақындатып келеді.
— Зауытты дайын өнім шығаруға қажетті шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету ісі қалай жүзеге асырылып жатыр?
— Зауытқа күн сайын Теңіз мұнай кен орнынан теміржол арқылы сұйық пропан тасымалданады. 95% тазалығы бар газ-полипропилен өндіруге арналған негізгі шикізат. Шикізатты қабылдау процесі — жүйелі жұмыс. Ең алдымен, теміржол арқылы келген цистерналарды пропанды құю және сақтау өндірісінің (ПҚСӨ) жұмысшылары қарсы алады. Жылжымалы құрам эстакадаға қойылғаннан кейін, вагон-цистерналарға құю траптары түсіріліп, жабу ысырмаларына жеткізіледі. Қауіпсіздік мақсатында жерге тұйықтау орнатылады. Келесі маңызды кезең — жүкті қабылдау. Пропанды жеткізушіден зауытқа дейін тасымалдауға PTC Holding компаниясы жауапты. Дәл осы компанияның қызметкерлері цистерналардағы пломбаларды кесіп ашады. Содан кейін іске тәуелсіз SGS зертханасының мамандары кіріседі. Олар цистерналардан сынама алып, пропанның технологиялық талаптарға сәйкестігін қатаң тексереді. Зауыт тәулігіне шамамен 72 цистерна, яғни 2300 тонна шикізат (пропан) қабылдайды.
— Елімізде пластик бұйым шығаратын бірқатар кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ететін KPI-дің экспорттық әлеуеті қандай дәрежеде?
— KPI ішкі нарықты жоғары сапалы полипропиленмен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуеті жоғары кәсіпорын. Қазірдің өзінде өнімдері Түркия, Қытай, Еуропа және ТМД елдеріне жөнелтіліп жатыр. Биыл өндірілген өнімнің — 178 461,03 тоннасы экспортқа жөнелтілді. KPI шет елдердің ішкі талаптарына сәйкес өте сапалы өнім шығарып отыр және жоғары бағаланады. Негізінен КРІ үшін ішкі нарық толықтай қамтамасыз ету маңызды. Еліміздегі қайта өңдеушілерді қолдайтын «Форсаж» бағдарламасы бар. Бағдарлама шағын және орта бизнестің алдына қойылған кедергілерді азайтуға, полимер өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Оның аясында отандық өндірушілер KPI өнімін арнайы бағамен сатып ала алады.
— Заманауи өндіріс циклы мен маркетингтің жемісті болуы логистикаға байланысты екені белгілі. Логистиканы дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала кетсеңіз.
— KPI компаниясы логистиканы өндірістік және коммерциялық үдерістердің маңызды бөлігі ретінде қарастырады. Зауыттың дайын өнімді сақтайтын арнайы қойма кешені жұмыс істейді. Бұл — Орталық Азиядағы алғашқы толық роботтандырылған мұнай-химия өнімдерін сақтайтын қойма. Заманауи автоматтандырылған жүйелер мен роботтар енгізілген. Роботтар паллеттерді орналастыру, сұрыптау және тиеу жұмыстарын атқара отырып, процестің жылдамдығы мен дәлдігін арттырады.
Қойма толығымен автоматтандырылған және интеллектуалды WES (Warehouse Execution System) платформасымен басқарылады. Бұл жүйе өндірістік желілермен тікелей интеграцияланған, және логистикалық процестерді нақты уақыт режимінде оңтайландырады. Паллеттерді тасымалдау, сақтау және тиеу жұмыстары ішінара адам қатысуынсызда орындалады: роботтар орама желілерінен қойма аймақтарына және тиеу алаңына дейін салмағы 1,5 тоннаға дейінгі паллеттерді өз бетімен жеткізеді. Бұл — өңірде бұрын-соңды болмаған инновациялық шешім. KPI өнімдері бүгінде автокөлік пен теміржол арқылы Қазақстанның барлық өңірлеріне, сондай-ақ Түркия, Қытай және Ресейге экспортталып жатыр. Логистика жүйесін күшейту мақсатында компания Астана мен Алматы қалаларында өңірлік қоймалар ашты. Бұл қоймалар арқылы жергілікті клиенттерге өнімді жылдамырақ және икемді түрде жеткізу мүмкін болды. Жақын арада Шымкент қаласында жаңа қойма іске қосылады.
— Кез келген кәсіпорынға білікті әрі сапалы маман қажет. Осы орайда, жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарту жағы қалай шешіліп жатыр? Отандық мамандардың жалпы қызметкерлер арасындағы үлесі қандай?
— КРI компанияның негізгі штат саны – 628. Оның 83 пайызы, яғни 585
маман Атырау облысының жергілікті тұрғындары. Қызметкерлердің қалған 17 пайызы еліміздің түкпір-түкпірінен келген. Атап айтар болсақ, мамандардың 4 пайызы Астанадан, 3 пайызы Павлодардан, 2 пайызы Алматыдан және қалған төрт пайызы өзге облыстардан келген мамандар. Қазір барлығы да кешеннің сапалы жұмысы жолында қызмет етіп жатыр.
Кәсіпорында жастарды оқыту, кәсіби қайта даярлау және тәжірибе алмасу бағытында арнайы бағдарламалар жүзеге асырылады. Сондай-ақ KPI еліміздің техникалық жоғары оқу орындарымен серіктестікте маман даярлау жұмыстарын жалғастырып келеді.
— Әңгімеңізге рахмет!
Талап Тілеген
Суреттерді ұсынған KPI компаниясының баспасөз қызметі