Көзің жетпегенге сөзің жетеді

06 наурыз 2020, 13:17

Баяғыда әжем марқұм келіндеріне шай үстінде: «Көзің жетпегенді айтпа, сөзің жетеді. Жел сөзге үйір болма. Құлағыңнан құмалақ кірсе, аузыңда тас болсын» – деп отырушы еді. Баламыз ғой. Бергі жағын ғана қалқып, түпкі мәніне бойлай алмаушы едік. Сөйтсек, әжемнің әр сөзінің астарында қалың мән бар екен-ау!..
Қазір сол жел сөздің желдей есіп тұрған кезі. Басқасын айтпай-ақ қояйық, бүкіл әлемді алаңдатып отырған коронавирус туралы әңгіменің өзі жеткілікті. Кеше кешкісін көршілермен бір үйде бас қосқанбыз. Сонда «Талдықорғанда коронавируспен ауырған бір жігіт шығыпты» деп, көшеміздің басында тұратын жап-жас мұғалім келіншек соғып отыр. Әңгімесін тыңдасаң, ауырған адамды көріп, өзі емдеп келгендей. Үндемедім. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын тағы бір көршім «Мынаны тыңдаңдаршы» деп уатсаптағы тобымызға бір адамның сөзін жіберді. «Біздің Маловодныйда Қытайдан келген бір оралман жігіт тура осы вируспен ауырып жатыр екен. Дәрігерлер қорқып отыр», – дейді. Әйелдің дауысы. Анауы анандай, мынауы мынандай әңгімені айтып, отырысымыздың берекесін қашырды. Ортамызда жасы егде тартқан қария кісіміз бар еді. Бір кезде әңгімеге сол араласты.
– Айналайындар-ау, анау айтты, мынау айтты дейсіңдер. Нақты дәлелдерің бар ма? Сендердікі әшейін бос сөз. Мысалы, менің нақты дәлелім бар. Қазақстанда коронавируспен ауырған бірде-бір адам әлі тіркелген жоқ па? Жоқ. Ондай адам шықса, денсаулық сақтау министрлігі бар, басқа да мемлекеттік мекемелер бар, нақты ақпарат тарататын еді. Шынайы ақпарат таратылған жоқ па? Жоқ. Демек, ауру жоқ деген сөз. Жасырып-жауып қалатын ауыл арасындағы ұрланған тоқты-торпақ емес, бұл бүкіл әлемді алаңдатып отырған апат. Ондайды құпия сақтау біздің ресми мекемелерге не үшін керек? Маған соны түсіндіріңіздерші! – деп, гу-гу әңгімеге нүкте қойды.
Одан ары тәж тажалы туралы әңгіме пышақ кескендей сап тыйылсын.
Бұдан шығатын қорытынды не? Коронавирус деген пәлекет пайда болғалы бері алып-қашпа сөз көп. Соның бәріне сене беруге болмайды екен. Жалған ақпаратты тарататындар – әлеуметтік желіде жалған атпен тіркелген фейктер. Тіпті олар халықтың тыныштығын кетіретін, берекесін ұшыратын кез келген ақпаратқа от қойып, соны бықсытып отыруды өздеріне тұрақты жұмыс қылып алғандай. «Жұртқа ұқсап, есі дұрыс жұмыспен айналысып ақша таппай ма, түсінбейсің соларды?» – дейді көршілерін сабырға шақырған қария.
Коронавирус дегеннен шығады. Қазір дәріханада маска табу қиын. Бұл енді өзіміз зерттеген шынайы ақпарат. Алматыдағы ең үлкен дәріхана мен қоймаларға да бардық. Чайковский мен Райымбек даңғылының қиылысындағы бір-біріне қарама-қарсы орналасқан бес дәріхананың бәрінде болдық. Біреуінде ғана маска бар. Оның өзі бағасын қымбаттатып алған. Әдеттегі ең арзан 25 теңгелік масканы 150 теңгеден сатып отыр.
– Неге қымбат? Маска неге жоқ? – дедік ұзынсонар кезектен мойнымызды созып. Бәрінің берер жауабы қып-қысқа. «Жоқ деген соң жоқ» – дейді. Кейбір дәріхана бетперде іздегендерден шаршаған болса керек, кіреберіске «Маска жоқ» деген сөзді ірі әріппен, екі тілде жазып, іліп қойыпты.
Дәріхана кассасындағы қалың кезекте тұрған мосқал әйел:
«Құдай бетін аулақ қылсын! Бізге ауру жеткен жоқ. Сонда маска қайда?» – деп сатушы қыздарға дүрсе қоя берсін. Шынында, көшеден, болмаса қоғамдық көліктен де жаппай бетперде тағып жүрген жұртты көрген жоқпыз. Әлде дәріханалар әліптің артын бағып отыр ма екен? «Жаман айтпай жақсы жоқ» деген. Ауру өршігенде 25 теңгенің затын мың теңгеге саудаламасына кім кепіл? Денсаулық сақтау министрлігі бұған бей-жай қарамайтын шығар деген үмітпен, бір тал бетперде таппай кері қайттық.
Айтпақшы, Ресей бетперде мен дәке сияқты вирустың алдын алуға өте қажетті медициналық өнімдерін шетелге шығарудан бас тартыпты. Біз қайтеміз?..

Жарас КЕМЕЛЖАН

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген