– Құлагердің тағдырын қайталасын деген шығар, мені Құдай Құлагерге байлағалы жиырма жылға жуықтап қалды. Көк үйлердің бірінен табасың. Балконнан қарап тұрамын. Жеткеніңде хабарлас, – деді Жәркен ағам. Ақын Жәркен Бөдешті айтып отырмын. Бір күн бұрын сұхбатқа келіскенбіз. Айтқан уақытында жеттім. Балконда күтуге шыдамы жетпеді ме екен, есік алдына шығып алыпты.
– Аяғым бастырмайды. Бірақ демеп жіберсең, шауып кетемін, – деп қолын созды. – Таяққа сүйеніп жүрмедіңіз бе? – деп ақынды қолтықтадым. – Жоқ, ғұмыр бойы өлеңге сүйеніп өмір сүрдім. Енді таяққа сүйенгенім жарамас. Күлдім. – Сен күлесің. Менің көзімнен жас тоқтамайды, – деп жан қалтасынан шыт алып көзін сүртті. – Неге тоқтамайды?
Сұхбатымыз осылай басталып кетті.
Ж.Бөдеш: Е, көздің жасы сарқылмайды екен. Бұл сағыныштың, мұң-қайғының көз жасы. Не көзден, не сөзден шығады екен ғой, бұл бәле.
Jas qazaq: Жәйірдің сағынышы ма?
Ж.Бөдеш: Иә, сол Жәйірдің сағынышы ғой таусылмайтын. Жәйірімді, туған жерімді сағынамын.
Jas qazaq: Соңғы рет қай жылы бардыңыз?
Ж.Бөдеш: Ой, біраз жыл болды ғой. Қабдеш аға екеуміз бірге бардық. Сексенінші жылдардың басы болу керек.
Jas qazaq: Өзіңіз жетпісінші жылдардың басында өткен жоқсыз ба, бері қарай?
Ж.Бөдеш: Иә, 1960 жылдардың соңы мен 70-жылдардың басында өттім ғой. Шекара бұзып, ол жақты шулатып өттік. Айта берсең, сөз көп, қайтесің? Біреулер: «Жұрт 1962 жылы шекара бұзбай өтті. Сен неге 70-жылы шекара бұзып өттің?» дейді. «Неге?» дерің бар ма? Сен де осыны сұрағалы отырсың ғой.
Jas qazaq: 1970 жылдары шекара жабылып қалған уақыт. Кеңес Одағы мен Қытайдың арасы қырғиқабақ. Сондай кезде қалай өтіп жүрсіздер?
Ж.Бөдеш: Әке-шешем орта дәулетті адамдар еді. Қытай сол бір кезеңде дәулеттілермен алысты ғой. «Мәдениет төңкерісі» деген солшыл күрес жүрді. Ақын-жазушылардың, зиялы қауымның бәрі айдалды. Қашпасақ, ұсталатын, түрмеге жабылып, Тарымның құмына айдалатын болдық. Өйткені мен Шыңжаң университетін бітірген адаммын. Қазақстан, туған жер, Отан туралы қытайларға жақпайтын өлең жазып жүргенбіз. Көзге түсе бастағанбыз. Әкем соны сезді. Көп оқыған, зиялы, мектеп директоры болған кісі ғой. Заманның қалай құбылып бара жатқанын білді. Содан маған: «Есің барда еліңді тап. Өлеңіңе бұл жақтан өріс таппайсың. Ана жаққа бар, сол жақтан ақын боласың» деді. Әкемнің тілін алдым. Үрімжіден оқу бітіріп келіп алғанмын. Ауылда бір газетте тілші болып жұмыс істеп жүрген кезім.
Jas qazaq: Шекарадан кімдермен бірге өттіңіз?
Ж.Бөдеш: Ойбой, кім-кім дерің бар ма? Бес-алты адам қаштық. Ауылдан атпен шыққанбыз. Әкем мені Жабақ дейтін кісіге тапсырды. Жабақ осы жақта туып-өскен кісі. Жолдың жайын жақсы біледі. Шекараға жеткенде нағашым сыйға берген астымдағы атым артына бұрылып кісінеп-кісінеп жіберді. Шекараға жеттік деген белгі. Жабақ: «Болды, алдымызда шекара. Енді бұдан ары атпен жүре алмаймыз. Аттардың жүген-ноқтасын басына түріп, үзеңгісін қайырып байлап, ер-тоқымымен айдап салыңдар», – деді. Аттарды жібердік. Үйден бірге еріп шыққан көк төбет бар еді. Ол да кетті. Кейін естісек, аттар да, ит те аман-есен ауылға жетіпті. Көк ит үйге жетіп, табалдырыққа иегін артқан күйі жан тапсырыпты.
Бірге өткен жігіттерден тарихшы – Әлімғазы Дәулетхан, Айтан Нүсіпхан болды. Алакөлдің тұсынан өткенбіз. Ол кезде шекарашылар да ет жүректі адамдар еді ғой: «Қорықпаңыздар, біз сіздерді ешқандай қылмыскер деп есептемейміз. Өз елдеріңізге келдіңіздер», – деді. Бізді Алакөлге алып келді. Туыстары барларын жақындары келіп алып кетті. Ешкімі жоқ Әлімғазы, Айтан үшеуімізді Көкшетауға қой бағуға әкетті.
Қой бағып жүр дегенше,
Ой бағып жүр дегейсің.
Қойны-қоншын өлеңге
Қойма ғып жүр дегейсің, – деген өлеңімді сол кезде жазғанмын.
Jas qazaq: Алматыға қалай келдіңіз?
Ж.Бөдеш: Алматыға келуіме Қабдеш Жұмаділовтың көп көмегі тиді. Көкшетауда жүргенде Қабдешке хат жаздым. Қабаң мені Жұмекенмен таныстырды. Жұмекен Тахауиға алып барды. Өлеңдерімді оқып бердім. Жұмекен маған жұмыс сұрады. Тахаң өлеңімді тыңдап болып, азырақ мақтап: «Ертең Қоғалыға картошка теруге бір топ қыз жіберуші едім. Соның бастығы болып бар», – деді. Маған бәрібір емес ме?! Бойдақ адаммын. Қыздарға ердім де кеттім. Жұмысты жақсы істеп, олардан мақтау қағаз алып, Тахауиға әкеп бердім. Ары қарай бәрі қолдап кетті. Мұзафар Әлімбаев алғаш болып өлеңдеріме пікір жазды. Марқұм Оразақын Асқар бастығым болды. Өлеңдерім үлкен газеттерге шыға бастады. Сөйтіп жұрт тани бастады.
Jas qazaq: Әңгімеге кері оралайықшы, Қытайға қайта барғаныңызда әке-шешеңіз болды ма? Сіздің ақын болғаныңызды естіді ме екен?
Ж.Бөдеш: Қайта барғанымда әке-шешем болған жоқ, қайтыс болыпты. Ақын болғанымды естіді ғой. Бірақ қашып кеткеннен кейін тірісінде қайта қауыша алмадық. Бұйырмады. Басына барып қара топырақты құшақтап, егіліп жыладым. Ол заманда жұрт Қытайға шақырту арқылы ғана барады. Інім Сәйім шақыру жіберді. Ел-жұртпен кездестік. Әке-шешемнің көзін көрген кісілерді көріп, мауқымызды бастық. Кейін інімнің жалғыз ұлын осында шақырып алғанмын. «Қасымда бол, серік бол, өлгенше қасымда жүр» – дедім. Оған көнбеді. «Әкеме көмектесемін» деп кетіп қалды. Қайтып келмеді. Інім Сәйім де қайтыс болды. Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек, бірге өлмек жоқ екен. Соған көзім жетті. Әкем Қызырдың тегін жалғаған Сәйімнің сол жалғыз ұлы.
Jas qazaq: Сонда әкеңіздің аты Қызыр болды ғой. Бөдеш кім, атаңыз ба?
Ж.Бөдеш: Қызыр – әкемнің аты. Бөдеш – әкемнің туған ағасы. Бөдештен ұрпақ болмады. Мені бауырына басып алған ғой. Қазақтың дәстүрі. Тұқымы үзілмесін депті. Бөдештің атын мен жалғадым. Қызырдан бірге туған Сәйім мен бір апайым болды. Екеуі де қайтты. Сәйімнің баласы мен немерелерінен басқа ол жақта да, бұл жақта да аталас ағайыннан ешкімім жоқ. Жалғыз қалдым. Жәйір жалғыз, мен жалғызбын.
Jas qazaq: Өз кіндігіңізден ше?
Ж.Бөдеш: Айбын, Айдар деген екі ұлым бар еді. Айдарым қайтыс болды. Сұлу жігіт еді. Қыздар көп іздейтін. Мырза, сері болып өсіп келе жатқан. Бүйрегі мен бауырынан ауырып мезгілсіз кетті. Құдайдың ісіне шараң бар ма? Тұңғышым – Айбын.
«Айбынды елде туған соң,
Айбын деп қойдым атыңды» деп өлең жазғаным сол. Қазір жасы 41-ге келді. Тағдырдың сынағы шығар, келінмен ажырасып кетті. Әлбина, Абылай деген екі немерем бар. Әлбина балетке барып жүр. Абылайым ақылды. Жаңа кітабым шыққанда үйге келіп тұрады. Екеуі де өсіп қалды ғой.
Jas qazaq: Мемлекеттік сыйлыққа түсіп жатқандардың тізімін қарасақ, кейбірінің аты Алматыдан ары аспағандар. Бұл қалай, мемсыйлықтың құнын түсіріп алған жоқпыз ба?
Ж.Бөдеш: Оның құны да түсті, қадірі де қашты. Мемсыйлықтың құны қалай түсті дейсіз ғой? Қазір өлең оқитындар азайды. Әдебиетті түсінетін үлкен адамдар кетіп қалды. Жастардың мұрнына өлең иісі бармайды. Тіпті анау сыйлыққа ұсынылып жатқандардың кейбірінен «Абайдың өлеңін оқып беріңізші» деп сұраңызшы. Жатқа білмейді. Сызданып тұрып «Абайды кейін оқимыз ғой» деп құтылады. Абайды білмеген ақын мемлекеттік сыйлыққа қалай түседі?
Jas qazaq: Мемлекеттік сыйлыққа екі рет ұсынылдыңыз. Әдеби бәйгеге қатысудан көңіліңіз қалған жоқ па?
Ж.Бөдеш: Бұл бизнес те болды, саясат та болды. Бизнес болатыны – комиссиядағылар қолдарына өткізіп алған соң, кімге беретінін өздері шешеді. Саясат болатыны – қайдан келгеніне, биографиясы мен географиясына қарайды. Бұл сыйлықтан менің көңілім баяғыда қалған. Екі рет бағымды сынадым. Жолым болмады. Тауым шағылды. Өмірде жақсылығын көрген ағаларым көп болды. Бірақ аяғымнан шалғандар да аз емес. «Қытайдан келген» деген бір ауыз сөз тағдырыма қара таңба болып жазылады да тұрады. Қайда жүрсем де көлденеңдеп алдымнан шыға берді. Мемлекеттік сыйлықты ала алмағанымның бір себебі сол ма деп ойлаймын.
Jas qazaq: «Дертіңнен кеттім жауыр боп,
Жәйірден басқа жауым жоқ» деп өлең жаздыңыз. Туған жеріңізді неге жауға теңедіңіз?
Ж.Бөдеш: Жәйірдің жауым болатыны, күнде түсімнен шықпайды ғой. Көзімді жұмсам Жәйір мазалайды, көзімді ашсам, жалғыздық жейді. Түсімде Жәйірдің тау-тасы, құба-жоны, жора-жолдастарымды көремін. Өңімде ешкім жоқ, жалғызбын. Жәйір – өрісі кең өлке еді. Маңдайыма бұйырмады.
«Дертіңнен кеттім жауыр боп,
Жәйірден басқа жауым жоқ» деп жаздым ғой содан. Сол «жауыма» барып бас ұрдым. Тізерледім. Жеңілдім. Мен өмірден бір нәрседен жеңілген болсам, ол сағыныштан жеңілдім. Адам сағынғанда сол аңсаған дүниесіне жетіп, мауқын, сағынышын басады екен. Мен олай істей алмадым. Қазір де жете алмай отырмын. Сол сағынышымнан жеңіліп, Жәйір жауым болды. Дертім жауыр болды. Дүниеде кіндік қаның тамған жерді аңсағанда соған жете алмай боздаудан ауыр қасірет жоқ екен. Жәйір туралы өлеңдерім туған жер шекарасынан асып, туған ел, Отан туралы реңге ие болды. Жәйір арқылы күллі қазақ даласын жырладым десем де болады. Бірақ соның бәрі менің сағынышыма дауа бола алған жоқ. Жүрегімнің бір түкпірінде қатқан шемен сол Жәйір.
Jas qazaq: Жәркен аға, қазақ әдебиеті қашанғы өз қазанында қайнай береді? Бізді қашан шетелдіктер сүйсініп оқып, қазақ қаламгерлерін басқа ел таниды?
Ж.Бөдеш: Қазақ әдебиетінің өз соры өзінде. Жастар Абайды танымайды, білмейді, оқымайды. Әдебиеттің алтын уықтары – үлкен қаламгерлер кетіп қалды. Қысқасы, әдебиетті түсінетін адам біздің өзіміз жетпістен асып кеттік. Жапон деген ел бар, тулақтай аралда өмір сүреді. Солардың ғылым мен техникасы қалай озық болса, әдебиеті де сондай озық. Неге? Олар әдебиетті бірінші орынға қойды. Өйткені ғылым-білімнің, жаңа техника, жаңа технология дегендеріңнің атасы әдебиет екенін баяғыда түсінген. Әдебиетпен сусындап өскен адам қай салаға барса да, нәтиже шығара алатынын бұрыннан білді. Әдебиет адамды тәрбиелейді, тәрбиесі жақсы адам ғалым болмай кім болсын? Ал қазақ әдебиетінің насихаты кемшін. Газет-журналдар жамыратып баспайды. Радио-телеарналарыңда әдеби хабар атымен жоқ. Әдеби жобалар да науқаншыл.
Қазіргі өлең жазып жүрген жастарда ұйқас түгілі, ой жоқ, ой түгілі, логика жоқ. Олар Абайды түсінбейді. Абайды оқымаған адам ақын бола ала ма? Олар үшін өлең саудаға айналып кеткен.
Jas qazaq: Ойыңызда жүрген, айтылмай қалған қандай әңгіме?
Ж.Бөдеш: Ананың мейірімін бағалай алмай жүрміз. Бала күнімізде шешем екеуміз таңертең үйден бірге шығып шөпшек теретінбіз. Үйде ошақ бар. Анам мен теріп әкелген шөпшекті ошаққа салып, үйді жылытып, бір жырғап қалатынбыз. Сондағы анамның мейірімі анау лапылдап жанып тұрған ошақтағы шөпшектің қызуынан да ыстық еді. Бала көңіліммен соны анық сезінетінмін.
Бізде бір үлкен қасқа сиыр болды. Екі желінінен екі шелек сүт сауамыз. Күнде кешке әлгі қасқа сиыр үйге мөңіреп-аңырап келеді. Шешем шелегін алып шығады. Алдымен маған екі емшегінен екі тамшы тамыздық береді. Содан кейін ғана сиырды сауатын. «Ақтан бірінші болып дәм татсаң, жасың ұзақ болады» дейтін. Ананың мейірімі деген сол.
Бір жылы қасқа сиыр бұзаулады. Апам марқұм шөпшек теріп жүріп әлі аяқтанбаған бұзаудың жілігінен басып кетіпті. Аяғы буынынан шығып кеткен. Орнынан тұра алмайды. Сиырдың көзінен жас ағып, адамша жылап тұр. Содан апам Біржан деген сынықшыны үйге шақырды. Ет асып беріп, бұзаудың аяғын салдырды. Үйдің бұрышынан үйшік жасап, бұзауды соған қамап қойдық. Жасым жетпістен асса да, бала кезімдегі сол оқиға есіме жиі түсе береді. Апамды да түсімде көремін. Өмірде сарқылмайтын бір дүние болса, ол сағыныш екен. Менің өмірім сағынышпен басталып, сағынышпен өтіп жатыр.
Jas qazaq: Жәркен аға, аман болыңыз! Бөтен емес, бірге туғандардың өзі бірін-бірі сағынбайтын заманда сіздің сағынышпен өмір сүргеніңіз қандай жақсы!
Әңгімелескен Жарас КЕМЕЛЖАН