«Күйзеліс көзге көрінбейтін, жан-дүниеңді қажытып, бойыңды, ойыңды үрей мен қорқыныш билеп, өмірден түңілдіретін дерт», – дейді Әлібек.
Осыдан екі жыл бұрын жер-дүниеге тәжтажал тарағанда 30 жастағы Әлібекті белгісіз ауру діңкелетеді. Жан-дүниесі аласұрып, әлдебір мазасыздық пайда болады. Ұйқыдан қалады. Осыны бәрі апталдай азаматты қажытып жібереді. Жас адам секілді ойнап-күлу былай тұрмақ, тамаққа да қарай алмай, үрей құшағында жүрген Әлібек қатты жүдейді. Үш баланың әкесі жүрегім кейде әлсіз соғып, кенеттен қайта дүрсілдеп, тынысым тарылып, тіршіліктен күдер үзіп, тұйыққа тірелгенде көңілі құлазып, өмірмен қоштасуға бел буғанын да жасырмайды. Жүрегіндегі зілден арылғысы келіп, бойын жайлаған сырқатқа шипа іздеген науқас бірнеше медициналық тексеруден өтеді. Дәрігерлер барлық тексеру қорытындысын зерттеп, оның денсаулығынан кінарат таппайды. Бірақ жігіттің үрейі күшейіп, уайымы үдей түседі.
«Кейін білдім, ел аузында «паникалық үрей» аталып кеткен аурумен алысыппын. Әлгі тұншығу, үрей, ұйқысыздық, бойкүйездіктің бәрі сол аурудың нышаны екен. Ішкі әлемің алай-түлей болып жатқанда ата-анам да, бауырларым да сырқатқа шалдыққаныма тіпті сенген жоқ. Жұбайым ғана жылы сөзімен демеп, көмектесті. Психолог Жұлдызай Мұратбекқызына келдім. Ол «невроз» деген диагноз қойды. Бастапқыда мазасыз көңіл-күйді құбылтқан «паникалық үрейден» өзім құтылыппын. Коронавируспен ауырғаннан кейін бұрынғы кесел күйзеліске ұласқан. Сол асқынып, өмірден тағы түңілдім. Қазір айына 4-5 мәрте психологтың көмегіне жүгінемін. Бұл аурудың бар екенін бұған дейін білмеппін. Күйзеліс – жан-дүниенің кеселі. Сырт көзге көрінбейді. Ештеңеге қуана алмайсың. Ұдайы сары уайымға салынып жүресің. Үйден шығуға қорқасың. Тұншығып, жүрегің тоқтап қалатындай күй кешесің. Қазір сол үрейден, уайымнан арылдым. 20 келі салмақтан айырылдым», – деп Әлібек басындағы жағдайды тәптіштеп айтып берді.
Жан күйзелісіне түскен жалғыз Әлібек дейсіз бе? Әлем бойынша күйзелістің шырмауына түскен 280 миллион адам бар. Күнделікті өмірде қиын жағдайға тап болған кезде адамның көңіл-күйінің өзгеруі, зауқы ештеңеге соқпай, ашушаң болуы, енжарлыққа бой алдырып, өзгелерден оқшаулануы күйзелістің алғашқы белгілері дейді мамандар.
Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының психологы Жұлдызай Мұратбекқызының айтуынша, психикалық көңіл-күйі құбылған немесе бұзылған науқастарды емдеудің бұрыннан белгілі, тиімді әдістері бар. Өкінішке қарай, науқастар емделуге асықпайды, әрі психологиялық қызметке жүгінуге намыстанады.
Өз тарапымыздан біз маманға көкейдегі бір-екі сауалымызды қойдық.
– Көктем мен күз психикалық ауруларға әсер ете ме?
– Ел аузында көктем мен күзде әртүрлі психикалық аурулар асқынып, көбейіп, науқастардың шамадан тыс ашушаң және қоғамда олардың жайлы жиі айтылады. Жыл мезгілінің адамның мінезі мен жан-дүниесіне әсерін сол кезеңдегі адамдардың көңіл-күйіндегі өзгерістерден бақылауға болады. Мұндай асқынулар көбінесе маниакалды-депрессивті психоздар кезінде, биполярлы бұзылыстар, шизофренияның әртүрлі деңгейінде, кейде депрессия жағдайында жиі болып тұрады. Одан кейін суицидалды әрекеттерге бейім науқастардың көбеюі көктем мен күзде жиі байқалады. Бұдан әйелдер немесе ерлер көбірек зардап шегеді деп нақты айтуға дәлел жоқ. Ал жас ерекшеліктері бойынша көбіне жасөспірім шақта, 28-40 жаста мінез-құлықта және адамдармен қарым-қатынасында өзгерістер, сонымен бірге көңіл-күйдің тез құбылуы жиі байқалады.
Күннің ұзаруы немесе қысқаруы, көктем мен күзде ауа райының күрт өзгеруі, әсіресе, күз кезінде ауру асқынады.
– Жанындағы адамдар мұны байқай ала ма?
– Науқаспен қоян-қолтық араласатын адамдар байқай алады. Күйзеліске түскен адамның кенеттен көңіл-күйі бұзылып, ұйқысы бұзылады. Өмірге қызығушылығы азайып, селқос күйге түседі. Өз-өзіне көңілі толмай, үрейленіп, бөлмесінен шықпай оқшаулана бастайды. Сәл нәрсеге ашулануы да мүмкін. Егер мінез-құлықта осындай өзгерістер болып, үдей түссе, онда міндетті түрде дәрігерге қаралу керек. Психолог мамандарға барған дұрыс.
Адамның ішкі жан-дүниесі аласұрып, құтын қашырған күйден арылудың бір жолы – тұрақты түрде психологтың көмегіне жүгіну. Әзірге мамандар психикалық ауытқуы бар адамдардың дерті көктемде немесе күзде асқынады деген ел арасында кең тараған сөздің ғылыми тұрғыда зерттелмегенін алға тартады.
Бірақ психологтар күйзелістің емі бар дейді. Науқас мамандардың көмегіне неғұрлым ертерек жүгінсе, соғұрлым жылдам сауығып кетеді.
Бүгінде еліміздегі психиатриялық ұйымдарда депрессия диагнозымен 1400 науқас динамикалық бақылауға алынған.
Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталықтың мәліметінше, 17 өңірде психикалық денсаулық орталықтары жұмыс істейді. Аудандарда осы бағытта 204 кабинет көмек көрсетеді.
Дүниежүзінің ғалымдары қазір әлемде жүрек ауруынан кейін екінші орында психикалық аурулардың көбейгенін жиі айтады. Адамзат жүйкесінің әлсіреуіне әсер ететін факторлар да әртүрлі. Психологтар құрығы ұзын депрессияның құрсауына ілінбес үшін жағымсыз ойға берілмеуге, зиянды әрекеттерден аулақ болуға және спортпен шұғылдануға кеңес береді.
Жазира Бегалы,
журналист