Көрерменді адастырмаңдар!

20 қыркүйек 2019, 10:35

Біздің қазақта «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» дейтін адамның өңменінен өтетін сөз бар. Көкжәшікке қатысты ойға осы сөз оралып отыр.

Жалпы, мен көкжәшіктің көп шақырылатын қонағына жатамын. Ел-жұрттың сол арқылы танып, сыйлайтынын да жасырмаймын. Бірақ солай екен деп, елдік мүдде тұрғысынан бәріне көз жұмып қарауға арым жібермейді. Сондықтан жанашырлықпен жаным ауырып айтқан пікірім «су ішкен құдығыма түкіргендік» бола қоймас.
Нені көре берсең соған көз үйренеді. Көз үйренген нәрсе қалыпты жағдайдай болып кете береді. Көп уақытын көкжәшіктің алдында өткізетін біздің аңғал ағайындар кейде мені тоқтатып алып көкейдегі сұрақтарын қойып, көңілге қонатын хабарлардың жұтаңдығын айтып, мен шешетіндей шер тарқататыны бар. Оны кімге айтарсың?!
Соңғы жиырма жылда Қазақстанда қаншама телеканал ашылды. Бірақ мемлекет құраушы негізгі ұлт – қазақтың кешегі бодандық жұтқан ұлттық намысы мен жігерін, кеткен есесін, жоғалтқан адами құндылықтарын түгендеуге, қайта жаңғыртуға, жаңа қазаққа жаңа көзқарас қалыптастыруға бағытталған жүректен жүрекке жететін жүйелі бағдарламаларға деген зәрулік бәз баяғы қалпында.
Қазір көзіқарақты көрермен бірінен-бірі өткен, уақыт алатын, алдарқатқыш хабарларға қолды бір сілтеп, өз алақанындағы ғаламторға біржола көшіп алған. Салалық биліктегілер болмаса, басқа дөкейлердің көбі көкжәшікті көреді деп ойламаймын. Әйтпесе, көргенділік жасап халықтың көзін ашуға бір пәрмен жасайтын уақыт әлдеқашан жетіп еді ғой, неге бәрі дәрменсіз, неге бәрі қауқарсыз?
Өзіне ғана сенуді талап ететін талғампаз ғасырда «жаңа адам – жас ұрпақты алысқа қарайтындай, алқалы топқа, аламан бәйгеге қосатындай ата-аналар, ата-әжелер, аға-апалар, тәрбиеші-мұғалімдер көкжәшіктен не көріп, не алып, не түйіп отыр?» деп, қарекет етер бір қайсар ұл тумағандаймыз.
Жас жүрек жастардың ой-санасын сілкіндірер, ішкі бұлақтарының көзін ашып алға ұмтылдырар қай каналда қандай хабар бар, айтыңыздаршы?
Әр буынның өз ортасы, өз тақырыбы болады. Өскелең ұрпақ дер кезінде топқа түспесе ой жарысы, білім жарысы, сөз жарысы, өнер жарысы дейтін «көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен» қылатын өсу жолдарынан қалай өтпек? Неге жастар қатысатын пікірталастар, интеллектуалдық бағдарламалар, токшоулар, өнегелі, дарынды жастар туралы жеке сюжеттер жоқ?
Тәуелсіз елдің ұл-қыздары – қазақ мектептерінде, қазақ университеттерінде оқитын жастар бүгінде көрікті ой, көркем тіл түгіл, дұрыс байланысқан сөйлем құрай алмайтын хәлге жетті. Сөздік қордан жұрдай. Оған кез келген ортаға түскенде бадырайып көрініп тұратын коммуникабельділікті ескермеуді, яғни адаммен қарым-қатынастағы бейімсіздікті қосыңыз. Осындай қоздай беретін қордалы ойлардың бірден-бір емшісі – көкжәшік болуы тиіс еді. Ол салқын саясат пен әлжуаз әзілкештерді, қосақталмаса дауыстары шықпайтын әншісымақтарды, ащы ішектей шұбатылған сериалдарды, қайдағы бір жарнамаларды көрсетіп, рейтингі қуудан әрі аса алмай отыр. Көрерменнің деңгейін осылай құрттық.
Канал басшылары өз есептеріне мықты шығар, бірақ танымдық, патриоттық, тәрбиелік хабарларсыз көкжәшіктің құны көк тиын екенін түсінетін уақыт жетті.
Авторлық бағадарламалардың ауадай қажеттігін де сезінеміз. Және оны ауызы дуалы, сөзі уәлі, «мынау не деп тұр?» демейтіндей, елге сөзі өтетін, кітап оқып, білім тоқыған майталман маман жүргізсе дейміз, суфлердің сөзін оқып тұратын көйлегі әдемі әртіс пен әнші емес. Сонда ғана «сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деген Абай хакімнің тілегі орындалмақ. Мен бір өлеңімде:
Тазаларды білмейді ел өнердегі,
Танитыны – өнердің өлермені.
Білмеймін билік қайда қарайтынын,
Тозып бітті көкжәшік көрермені, —
деп өкініш білдіріппін. Иә, көпшілік сүйсініп көретін саусақпен санарлық жақсы хабарлар бар. Бірақ олар топырлаған тобырлық көрсетілімдердің тасасында қалып келеді. Өйткені аздың аты аз. Осы, біз – мәдениетіміздің мәнсіздігін қашан түзейді екенбіз? «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген бабалар сөзін ескерер, көкжәшіктің көсегесін көгертер арда азаматты қайдан тапсақ екен? Білмеймін…

Қымбат ӘБІЛДӘҚЫЗЫ,
«Айгөлек» балалар журналының автор-редакторы

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген