
Бүгін Астанада Конституциялық комиссияның кезекті отырысында Қазақстанның жаңа Конституциясының бірінші жобасы қаралды. Оны дайындау кезінде соңғы 6 айда келіп түскен азаматтардың, қоғамдық ұйымдардың, саяси партиялардың және сарапшылардың ұсыныстары, сондай-ақ Комиссия мүшелерінің пікірлері, ескертулері мен ұсынымдары ескерілді.
ҚР жаңа Конституциясының бірінші жобасын отырыста Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов таныстырды. Оның айтуынша, жаңа Конституция кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады.
Конституцияның Преамбуласы толығымен жаңарды. Адами капиталды, білім беруді, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде танылды.
«Конституциялық құрылыстың негіздері» атты бірінші бөлімге еліміздің мемлекеттік ұйымдастырылуын айқындайтын, егемендігі мен дербестігін нығайтатын іргелі ережелер қарастырылған.
«Құжатқа сәйкес, Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет. Басқару нысаны – президенттік республика деп тұжырымдалды. Осылайша бұрын бірқатар ғалымдар мен мамандардың басқару нысанын нақтылау қажеттігі туралы ұсынысы жүзеге асты», – деді Бақыт Нұрмұханов.
Бір палаталы Парламент моделіне арналған нормалар төртінші «Құрылтай» деген бөлімде жинақталды. Онда заң шығару органының өкілеттіктері бекітілді, сонымен қатар Құрылтайдың сессияларына және оның қызметін ұйымдастыруға қатысты баптардың барлығы дерлік жаңартылды.
Конституция жобасының бесінші бөлімі «Үкіметке» арналып отыр.
Алтыншы бөлім екі баптан тұрады және Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты мәселелерді реттейді.
Жетінші бөлім «Конституциялық Сотқа» арналған.
Конституцияның сегізінші бөлімі – «Сот төрелігі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері» аясында сот төрелігінің конституциялық қағидаттары айтарлықтай күшейтілген.
Конституцияның жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару мәселелеріне арналған тоғызыншы бөлімі Құрылтайдың құрылуы және елімізде жүргізіліп жатқан әкімшілік реформаны ескере отырып қайта қаралды.
Бұдан бөлек, Бақыт Нұрмұханов Конституцияда жаңа, оныншы бөлімнің пайда болғанына назар аударды. Бұл бөлім Негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібіне арналады. Сондай-ақ ол «Қорытынды және өтпелі ережелер» деп аталатын он бірінші бөлімнің мазмұнына тоқталды.
Атап айтқанда, бұдан былай Конституцияға өзгерістер Президенттің шешімімен және тек жалпыхалықтық референдум арқылы ғана енгізіледі. Сонымен бірге референдум өткізу бастамасын көтеретін субъектілер қатарына Халық Кеңесін қосуды көздейтін норма қарастырылған.
Сондай-ақ отырыс барысында Мемлекеттік кеңесші, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин жаңа Конституциядағы Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттарын атады.
Оның айтуынша, адам құқықтары мен бостандықтары, заң мен тәртіп үстемдігі, жалпы ұлттық бірлік, халықтың әл-ауқатын арттыру, жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясы, еңбек, прогресс, білім құндылықтары, жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасының негізгі бағдарларына айналады. Жаңа Конституция жобасының мәтіні азаматтардың тікелей қатысуымен кеңінен талқылау үшін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Азаматтар Ата заң мәтінімен танысқаннан кейін Конституциялық комиссия жұмысын жалғастырады.
JQ-Aqparat
Сурет: Конституциялық сот