30 тамыз – ҚР Конституция күніне орай «Жастар ресурстық орталығы» М.Әуезов атындағы ОҚУ жастар орталығының ұйымдастыруымен «ХХІ ғасырдың конституциясы – құқық үстемдігі, адамның құндылығы және мемлекеттің тиімділігі» тақырыбында конференция өткізді.
Конференцияға «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Мағжан Исахов, Шымкент қалалық прокуратурасының 3 басқарма бастығының орынбасары Батыр Ергешов, Шымкент қаласы Полиция департаменті кадр саясаты басқармасы бөлімше бастығы полиция подполковнигі Қанат Сапарбеков, Шымкент қаласы Полиция департаменті Қаратау ауданы полиция басқармасы кадр саясаты бөлімшесінің бастығы полиция капитаны Бағлан Мырзабаев және қаламыздың белсенді жастары қатысты.
—Конституция – мемлекеттің ең жоғары заң күші бар негізгі заңы. Биыл 30 тамызда Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 27 жыл толады. Негізгі Заңның мерейтойы қазақстандық мемлекеттілікті дамытудағы айтулы оқиға. Ата заңға ұсынылған өзгерістерді азаматтардың басым көпшілігі қолдады. Референдум жоғары деңгейде өтті. Реформалар құр атақ-абырой үшін қолға алынған жоқ. Мұның бәрін ҚР Президенті Жаңа, Әділетті Қазақстан құру үшін жасады. Жастар «Жаңа Қазақстанның» келешек келбетін қалыптастыруда. «Жаңа Қазақстан» дегеніміз – барлық адамға тең мүмкіндік беру, экономика мен саясаттағы жасанды монополияларды жою, елдің саяси өміріне белсене араласатын мықты азаматтық қоғамы бар тиімді әрі өркениетті мемлекет құруға әрбір жасты өз үлесін қосуға шақыру, — деді М.Исахов.
Тәуелсіздік кезеңіндегі табыстарға береке-бірліктің арқасында ғана қол жетті. Бұл-егемен еліміздің баға жетпес байлығы. Сондықтан бұл қастерлі құндылықтар әрдайым айнымас темірқазығына айналған. Ал ішкі саяси тұрақтылық — әрбір қазақстандықтың зор жауапкершілік пен белсенділік танытуының нәтижесі.
Жиын соңында жастар Ата заң аясында туындаған сұрақтарын қойып, ой-пікірлерімен бөлісті.
Тоқтар Жақаш