Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресуді мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде белгіледі. Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру. Бұл үшін заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құрамыз десек, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. Президент жемқорлықты жою үшін оған бүкіл ел болып қарсы тұру қажеттігін айта келе, «Жемқорлықпен күреске бүкіл қоғамды жұмылдыру керек. «Жемқорлық – індет, онымен күресу – міндет» деген қағиданы жұрт санасына орнықтыру – барлық мемлекеттік органның ортақ жұмысы. Бұған бір реттік науқан ретінде қарамау керек», — деді.
Міне, қоғамды алаңдатқан әлеуметтік кесел мен қылмыстың алдын алуға бағытталған осы қағида елімізде біраздан бері тиімділігін көрсетіп келеді. Бұл, әсіресе, қоғамның белсенділігін паш ететін еріктілер (волонтер) қозғалысынан айқын көрінеді.
Енді дерек пен дәйекке кезек берейік. Өткен жылдың тамыз айында іске қосылған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» атты жоба өз қатарына 2,7 мыңнан астам белсенді азаматты тартты. Жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, парақорлықпен күреске жұмылған еріктілер 7 млрд теңгенің тауары мен қызметіне бағаны орынсыз көтеруге жол бермеді. Сөйтіп қазына қаржысының қолды болуына тосқауыл қойып, жанашырлық пен азаматтық белсенділіктің үлгісін көрсетті. Атап айтқанда, Орал қаласы әкімдігі 45 млн теңгеге бейнеконференц байланыс жабдығын сатып алмақшы еді. Жемқорлыққа қарсы қырағы белсенділер мұны дер кезінде байқап, күмәнді сатып алуды тоқтатып тастады. Өйткені осыған ұқсас жабдықтың нарықтағы бағасы шамамен 4 млн теңге екен. Осылайша, еріктілер бюджеттің 41 млн теңгесін сақтап қалды.
Шымкент қалалық білім басқармасы мен шаһардағы бірнеше мектеп жетім балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру барысында қайта сатып алуға жол береді. Белсенді азаматтар мұны байқап қойып, 78 млн теңгеніні құрайтын қазына қаражатының пысықайлар қалтасына түспеуін қамтамасыз етті.
Қулығына құрық бойламайтын сұғанақтар өңешін толтыру үшін коммуналдық қызмет көрсету саласын құлқын қамы үшін пайдалануға тырысады. Мәселен, Түркістан қаласында жылу энергиясына төлемақы негізсіз көтерілген. Қазанның құлағын ұстағандар көпқабатты тұрғын үйлерде есептегіш құрал орнатылғанына қарамастан, әр шаршы метрге есептеу жүргізілген. Соның нәтижесінде баспанадағы жылыту құнының өсуіне әкеп соқты. Еріктілердің араласуымен тексеру жүргізіліп, қаладағы көп қабатты 32 үйде тұратын 2 мыңнан астам тұрғын үшін 13 млн теңгеге қайта есептеу жүргізілді.
Мұндай игілікті шарадан Елордадағы белсенді азаматтар да шет қалған жоқ. Астаналық еріктілер «Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша берілген 30 пәтердің сапасы мен жағдайын електен өткізді. Тексерудің нәтижесінде баспанада радиатор мен электр розеткасының жоқтығы, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарының аяқталмағаны, басқа да ақаулардың бары анықталды. Еріктілердің дабылынан кейін мердігер компаниялар қордаланған кемшіліктерді жойды.
«Қоғамның өзегіне түсетін жегіқұрт» деп атайтын жемқорлық деректерін анықтауда комплаенс-офицерлер институтының маңызы зор. Компания немесе ұйымның ішкі аудитін жүргізіп, қаржы, салық, антимонополиялық заңнама талаптарының орындалуын қадағалап отыратын бұл қызметті қоғамдық бақылаудың тимді жолы деуге де болады. Қарапайым тілмен айтсақ, комплаенс-офицер Директорлар кеңесі немесе Қоғам басқармасының құрамына кірмейтін сол ұйымның қызметкері. Ол тек Директорлар кеңесіне ғана есеп береді.
2020 жылы еліміздегі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда алғаш рет жемқорлыққа қарсы комплаенс институтын құру көзделді. Жаңа құрылымның басты міндеті – құқық бұзушылық пен парақорлықтың алдын алу, сонымен қатар, квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың орындалуын қамтамасыз ету. Қазір комплаенс-қызметтер осы салаға қарасты 6 мыңнан астам ұйымда жұмыс істейді.
Қолға алынған ауқымды шаралардың нәтидесінде аталған құрылымның өкілдері тарапынан 2,2 мыңнан астам жемқорлық тәуекелдері анықталды.
Комплаенс-офицер қызметінің өкілеттігін кеңейту мақсатымен олардың атқарушы органнан тәуелсіздігі қамтамасыз етілді. Былтырдан бастап аталған институттың қызметін үйлестіру және бірыңғай үлгілік ережені әзірлеу құзыреті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне берілді. Бұған сәйкес, үйлестіру әдіснамалық қолдауды, оқыту және ақпарат алмасу сияқты іс-шараны қамтиді. Өткен жылы комплаенс-офицерлердің біліктілігін арттыру мақсатында 10-нан астам конференция мен семинарлар ұйымдастырылды.
Еліміздің барлық өңірлерінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс мектептері» ұйымдастырылған, онда жетекші отандық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен дәріс өтеді. Тиімді тәсіл өз жемісін беріп жатыр. Тек былтырдың өзінде комплаенс-офицерлер 2,2 мыңнан астам жемқорлық тәуекелдерін анықтады
Бұлардың арасында мүдделер қақтығысына кеп тірелетін 70 заң бұзу дерегі, сондай-ақ бұрын жемқорлыққа қатысты құқық бұзған адамдарды жұмысқа қабылдау бойынша 5 факті бар. Аталған деректер бойынша тиісті шара қабылданды. Квазимемлекеттік сектордағы құрылымның 5 басшысы әкімшілік жауапкершілікке, ал 57 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Осы институттың қызметін жетілдіруге көңіл бөлініп отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тарапынан комплаенс-процестерді автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл тәуекелдерді азайтуға, есеп беру және бақылау ісін жақсартуға, соныменқатар, ашықтық пен тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Әңгімені түйіндей келе, заң мен тәртіпті қамтамасыз ету, кез келген құқық бұзушылықтың алдын алуда тиімділігін дәлелдеген комплаенс институтының елімізде қанат жайып келе жатқанын айтқан абзал. Бұл салада қолға аллынып жатқан жатқан шаралар корпоративтік парасаттылықты арттыруға және жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге септігін тигізеді.
Жемқорлықтың алдын алу ісінде азаматтарымыздың құқықтық мәдениетін арттырудың маңызы зор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұл мәселеге де баса назар аударып отыр. Атап өткен жөн,
Өткен айдың соңында жыл сайынғы «Халық заңгері» республикалық акциясы өткізілді. Сөйтіп,еліміздің 150 мыңнан астам азаматы тегін заңгерлік кеңес алды. Өңірлерде ұйымдастырылған іс-шараға мемлекеттік органдардың 2 мыңнан астам өкілі, сондай-ақ, құқық саласындағы 1 мыңға жуық жетекші сарапшы тұрғындардың су тасқынына қарсы қолға алынған іс-шаралар бойынша сауалдарына жауап беріп, заңгерлік кеңесін берді. Айрықша атап өткен жөн, игілікті шараны ұйымдастыруға елдің ертеңі, қоғамның ең белсенді бөлігі — жемқорлыққа қарсы еріктілер қатарынан 700-ге жуық студент қатысты.
Талап Тілеген