
Күллі дүниенің назарын өзіне аударған Таяу Шығыстағы шырғалаң энергетикалық қауіпсіздіктің тағдыршеш міндет екенін тағы да қаперге салды. Қазақстан да бұл мәселеге айрықша мән беріп отыр. Үкімет күні кеше Көмір генерациясын дамытуға арналған Ұлттық жобаны бекітті. Айта кету керек, өңірлердің даму драйверіне айналуы тиіс аталған жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт-Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайда берген тапсырмасы негізінде жүзеге асады.
Аталған құжатты just-in-time, яғни халықаралық экономикада жиі жүгінетін терминге сүйеніп, дер кезінде қабылданған шешім деп бағалаған абзал. Өйткені, бүгінгі геосаяси ахуал өз күші мен әлеуетіне сенгеннің ғана көші ілгері жүретінін көрсетіп отыр.
Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойған қаулы еліміздің 2030 жылға дейінгі энергетикалық қауіпсіздігінің стратегиясын айқындап, әсіресе, индустриаландыру және цифрлық экономиканың дамуымен еселене түсетін қуат көздеріне деген тапшылықты жоюға бағытталған. Бұл ретте елімзде IT-секторы өркендеп, деректерді өңдеу орталықтары құрылып жатқанын, сондай-ақ, жер-жерге жасанды интеллект енгізілетінін ескерсек, бұларға тұрақты да орнықты энергия көзі қажет. Көмір кен орындарын жауып, атом энергиясынан бас тартқан кейбір елдің ащы тәжірибесі көрсеткендей, мұндайда тек жаңғыртпалы энергия көздеріне арқа сүйей алмайсың. Сондықтан бұл мәселеде дәстүрлі отынға басымдық беріліп отыр.
Ал көмір бізде жетіп артылады. Үкіметтің есебіне жүгінсек, оның қоры – 110 млрд тонна. Тіпті, 300 жылға жетеді. Тек атам заманғы тәсілмен, құр жаға бермей, замануи технология арқылы қоршаған ортаға зиян келтірмей пайдаланатын жүйеге көшу керек. Ондай әдіс бар. Оған ілгеріде тоқтала жатармыз.
Жоғарыда айтылғандай, Ұлттық жоба ең алдымен өңірлердің өркендеуін қамтамасыз етеді. Осы мақсатпен түрлі аймақтарда қуаты 7,8 ГВт-қа жететін өндіріс ошақтарын салу және қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғырту көзделуде. Атап айтқанда, Павлодар облысына қарасты Екібастұзда қуаты 2640 МВт-қа жететін кәсіпорын салынады. Оған қажетті отын жеткілікті. Осындағы «Богатырь» және «Северный» кен орындарында ашық әдіспен 42 млн тонна көмір өндіріледі. Ал есептелген көмір қоры 2 млрд 377 млн тоннаны құрайды.
Абай облысындағы Курчатов қаласын жылу және электр энергиямен қамтамасыз ететін жаңа ГРЭС-тің қуаты 700 МВт болады. Бұл өңір жыл сайын 8 млн тоннаға дейін тас көмір беретін Қаражыра кен орнымен танымал. Ал Ұлытау облысының орталығы Жезқазғанда қуаты 500 МВт-қа жететін жылу-электр орталығы бой көтереді. Жалпы, Ұлттық жобаға сәйкес, жаңа сегіз кәсіпорын бой көтереді деп жоспарланып отыр. Солардың қатарында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында салынатын қазіргі заман талабына сай жылу және электр орталықтары да бар.
Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған Ақсу ГРЭС-і, Екібастұз 2-ГРЭС-і және Қарағанды энерготорабы сияқты 11 станса күрделі жаңғыртудан өтеді. Бұл өз кезегінде аталған саладағы негізгі жабдықтардың тозу деңгейін 2030 жылға қарай 12 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Осы арада жаңғыртудың Екібастұздағы өндіріс ошағы үшін маңызы зор екенін атап өткен жөн. Қаладағы 2-ГРЭС-те әрбірінің қуаты 500 мегаваттқа жететін 2 энергоблок толық қуатымен жұмыс істеп тұр. Өткен жылы стансада өндірілген электр энергиясының көлемі 5,3 млрд киловатт-сағатқа жетті. Биыл осы көрсеткішті 6 млрд киловатт-сағатқа жеткізу көзделіп отыр. 1,5 мыңға жуық адам жұмыс істейтін стансаның ендігі межесі – үшінші және төртінші энергоблоктарды орнату. Сол кезде бұлардың әрқайсысы қосымша 50 мегаватт электр энергиясын береді.
Қолға алынып жатқан шаралардың нәтижесінде 2-ГРЭС-те осылайша электр энергиясын өндіру көлемі арта түсті. Ал инвестиция тарту және цифрландыру арқылы жылу-электр стансаларының тозу деңгейі төмендеп келеді.
Мұндай ауқымды жоба қомақты қаражатты қажет ететіні белгілі. Үкімет қазынаға салмақ салмай, оңтайлы жолды тауыпты. Инвестиция тарту арқылы осы жобаларды қаржыландырады. Жалпы қаржы көлемі 7,5 трлн теңгені құрайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ұлттық жобада экология мен «таза көмір» технологиясын енгізуге айрықша мән беріледі. Құрылыс барысында замануи технологиялық тәсіл қолданылады. Соның арқасында өндірістің тиімділігі қамтамасыз етіліп, ауаға тарайтын зиянды шығарынды мөлшері барынша азаяды. Бұған қоса, жоғары технологиялық электрсүзгілер (фильтр) орнатылып, азот тотығын катализаторлық тәсілмен қалпына келтіру жүйесін қолдану, сондай-ақ, газдарды дымқыл жолмен күкірттен арылту қолға алынады. Халықаралық талаптарға сай келетін мұндай амалдар өндірісте қалдық мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді.
Көмір генерациясы, сөз жоқ, өндірістік өңірлер үшін аса маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге септігін тигізеді. Ең бастысы, жаңа әрі тұрақты жұмыс орындары ашылады. Атап айтқанда, 4,5 мыңға жуық маман жұмыспен қамтамасыз етіледі. Оларды баспанамен қамту жайы да қарастырылған. Бұл орайда «Отбасы банкімен» бірлесіп, көмір электр стансаларында жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған жеңілдігі бар ипотека жүйесі енгізіледі. Баспана мәселесінің шешілуі, әсіресе, шағын қалаларға кәсіби маман тартуда маңызды фактор екені мәлім. Бұған қоса, энергетика жүйесіне кадр даярлайтын жоғары орындарында жүйелі түрде біліктілікті арттыру қолға алынады.
Осылайша, көмір генерациясы өңірлерде энергетика жүйесін дамыту арқылы тұрмыс сапасын жақсартып қоймай, экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан да өркендеуіне де септігін тигізеді.
Талап Тілеген
Сурет: pixabay.com