Ақтөбеде көмір бағасы өзара келісіммен қымбаттауы мүмкін деген күдікпен тексеріліп жатыр. Ақтөбе облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті үш тасымалдаушы ұсынған бағаны сараптайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Елімізде көмір тапшылығы сезіліп, баға күрт өсті.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қысқа дайындықты тексеріп, көмір жеткізу, сату, әлеуметтік нысандар мен облыс тұрғындарын қатты отынмен қамтамасыз ету жұмысын қарап шықты. Бұған дейін хабарлағанымыздай, өңір басшысы Бердібек Сапарбаев әр тонннасын 9-10 мың теңгеге сатып алып, 15-16 мыңгеге сату кезінде бағаны кім белгілейтінін сұрады. Кейін Ақтөбе облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті тексеруді бастады. «Ақтөбе облысы бойынша үш тасымалдаушы компания тексеріліп жатыр. Департамент сұраныс жіберіп, баға туралы жан-жақты ақпарат жинайды, кейін сараптайды. Олар бағаны өзара ақылдасып, келісіп көтерген болуы мүмкін. Көмір тасымалдап, сататын тағы бірнеше компания анықталды. Олар да тексеріледі»,- деді Ақтөбе облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті басшысының орынбасары Сағындық Ерғалиев. Ақтөбе облысының басым бөлігі көгілдір отын пайдаланады. Бірақ шалғай ауылдар үшін көмір әлі де қажет. «Байғанин ауданында көмірдің әр тоннасы 17 мың теңгеге сатылып жатыр. Аудан орталығынан ауыл тұрғындары алып келеді. Оны тасымалдау қосымша шығын. Қатты отынды ауылға жеткізу үшін қосымша 5-6 мың теңге қажет болады»,- деді ауыл тұрғыны Сұлтанбек Молбаев. Айта кетейік, Ақтөбе облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті картоп бағасының өсу себебін анықтап жатыр. Себебі Ақтөбеде картоп бағасы келісіне 110-120 теңгемен сатылуда.