Коллектордың қулығы

14 тамыз 2020, 12:43

Өткен апта жұмыс бабымен Талдықорған қаласына шықтым. Түнде кеш жатып, ерте тұрғандықтан көзіме ұйқы тығыла берді. Тегіс жолда қалғып кетпейін дегенмен сақтықпен шаһардың шыға берісінде қол көтеріп тұратын жолаушыларды іздей бастадым. Бар ойым әңгіме айтып, жол қысқартатын адам жолықса. Бір қарасам, екі баласымен орта жастағы келіншек тұр екен. Тоқтай қалдым.

– Сәлеметсіз бе! Қай жаққа барасыз?
– Негізі Жансүгіров ауылына. Сізбен Талдықорғанға дейін жетіп алсам бола ма?
– Әрине, отырыңыз.

3-4 жастағы бүлдіршіндердің тәтті ұйқысын еріксіз қиып, қинала оянғаны іскен көздерінен көрініп тұр. Көліктің бір ырғақпен орнынан қозғалуы сол-ақ, екеуі де аналарының тізесіне басын қойып ұйқы құшағына кетті. Жайлап келіншекті әңгімеге тарттым. Стандартты сұрақтардан кейін бір сәт карантин кезінде несие төлеу кейінгі шегерілгені жөнінде тақырыптың шетін қозғадық. «Несие демекші» деп жолаушымның ақтарылмасы бар ма? Сөйтсем, алаяқ коллекторлардың қақпанына түсіп қала жаздағанын айтты. Басқаларға да сабақ болар әңгімені өз аузынан, бірінші жақтан баяндайын.

«Балам, өзім екі жерде еден жуып күн көремін. Үлкен ұлым келер жылы мектеп бітіреді. Одан кейін артынан ерген мына екі қарындасы бар. Шыны керек, жәрдемақыны айтпағанда, айлық шайлыққа жетпейді. Оның үстіне әлі күнге жалдамалы пәтерден пәтерге көшіп жүрміз. Осыдан бірер ай бұрын телефоныма белгісіз нөмірден қоңырау шалынды. Тұтқаны көтерсем «Құттықтаймыз! Сізге аз қамтылған отбасы ретінде пәтер берілетін болды!». Не дерімді білмей аң-таң болдым да қалдым. Есім кіресілі-шығасылы күйде «шын ба?» деп қайта-қайта сұраймын. Ол «шын болмағанда ше, мен әкімнің көмекшісімін» деп одан сайын сендірді. Үкімет бізді ескеретін күн бар екен ғой деп қатты қуанғаннан барлық туған-туысыма хабарласып, сүйінші сұрадым. Келесі күні өзін «әкімнің көмекшісімін» деп таныстырған жігіт қайта хабарласып, пәтерді алудың шартын түсіндірді. Оның айтуынша, үйдің негізгі бөлігінен көбін үкімет төлейді. Ал қалғанынан мен екі жылдың ішінде айына 13 мың теңге төлеу арқылы құтылады екенмін. Ішімнен «тамаша емес пе» деп қоямын. «Қосымша ақпаратты тағы айтармын» деп тұтқаны қойғаннан кейін араға екі күн салып қайта хабарласты. «Үйді сізге рәсімдей алмай отырмыз. Бір кедергі бар» деді. «Не болып қалды» десем, осыдан сегіз жыл бұрын алған 50 мың теңге несиемді төлемегендіктен қазір 103 мыңға дейін айыппұлымен өсіп кеткен екен. Ол кезде бір танысымның баласы біреудің көлігін соғып, шұғыл ақша керек болғасын өз атымнан алып бергенмін. Аңқау басым-ай, одан кейін олар телефонын өшіріп, таппай қалдым. Сөйтіп, онсыз да ол кезде 45 мың жалақыға қараған басым несиені төлей алмай, осылайша банк алдында қарыз болдым. Соны айтсам, әлгі қақылдап қояр емес. «Төлемесеңіз, пәтеріңіз көз алдыңыздан бұлбұл ұшады, бір аптаға ғана уақытыңыз бар» деп онсыз да толқыған көңілдегі үрейді үдетеді. Бірнеше күн сыпайы сөйлескен жігіт бір кезде менің ақталуыман қажыды ма, «ең болмаса 74 мың теңгені төле!» деп дүрсе қоя берді. «Олай болмаған жағдайда, сіздің атыңыздан «үйден бас тартамын» деген арыз жазамын, одан қалды жәрдемақыңызды төлетпей, қарызға аудартамын» деп қорқытпасы бар ма. Соңғы күндер көтеріңкі болған көңілім әп-сәтте су сепкендей басылып, пәс тартты. «Мәселенің тігісін жатқыза алады» деп банктегі бір қыздың нөмірін айтты. Оған қоңырау шалсам, «қарыз бар, қайтарыңыз» деп жаңағы жігіттің сөзін қайталады. Бар ойым үйден қайтсем де айырылып қалмау. Құрғыр қарызды қазір-ақ қайтарайын десем, қаржы қолбайлау. Басым қатып, таныстарыма шығып, заңгердің кеңесіне жүгіндім. Сөйтсем, мені имандай сендірген анау барып тұрған алаяқ екен. Қазір көптеген коллекторлық компаниялар берешекті қалайда қайтару үшін осындай қулыққа барады екен».

Мақала жазсам, фамилиясын атамауды өтінген Сәуле есімді келіншектің басынан өткен осы әңгімесінің жетегінде Қапшағайдан өтіп, Арқарлы асуынан қалай асып кеткенімізді байқамай қалдым. Талдықорғанға жетіп, аз да болса таныс, сұхбаттас болған отбасымен қоштастым. Оңаша қалғанда ойға кеттім. Қазір алданатын кім? Заң тұрғысынан сауаты аз әлеуметтің осындай тобы. Оған не себеп? Бәлкім, қара басының, бала-шағасының қамымен нан табам деп жүріп басқаны елеуге, екшеуге уақыты да, жағдайы да болмауы. Алматыға оралғасын, әккі коллекторлардың тың тәсілі туралы зерттеп көрдім. Шынында, қазір бұрынғыдай бірден телефонмен қорқытатындары азайған. Айлаға көшкенге ұқсайды. Бірақ олардың осылай алдау арқылы қарызды қайтартуы заң тұрғысынан қаншалықты дұрыс? Тұрғындардың осы тектес түрлі сұрақтарына жауап беріп жүрген заңгер Бердімұрат Хасенұлына арнайы хабарласып, сұхбаттастым. Ол да мұндай жағдайдың талайынан хабардар екен:

«Мәселен, сіз тілге тиек еткен келіншекке үкіметтен үй бөлінсе, оның атынан ешкім де бас тартамын деп арыз жаза алмайды. Ол үшін азаматтың өзі нотариусқа барып арызын тіркетіп, сосын тиісті мекемеге апарады. Жәрдемақыға келсек, заң бойынша оны ешкім қарыз төлету үшін кесіп тастай алмайды. Ол келіншектің жағдайында, коллекторлар сотқа беріп, ешнәрсе өндірмесін білгесін, осындай қадамға барған. Өкінішке қарай, олардың мұндай қулығына әзір заң бойынша жаза қолданылмайды. Өйткені былай қарағанда коллекторлар артық ақшаны алмайды, тек несиеден қарыз соманы аудартады».

Заңгердің ойы осындай. Әрине, таяқтың екі ұшы бар. Біз әңгіме еткен Сәуленің жағдайында ол өзгелердің сеніміне кіріп, кейін лақтырып кеткен жауапсыздығынан жапа шегіп отыр. Егер де өтірігімен үй сыйлап, алдаған коллекторға айтқан ақшасын қарызданып-қауғаланып аударса не болар еді? Онсыз да өлместің күнін кешкен келіншек күйіктен мүлде баз кешіп кетер ме еді? Үйлі болам деген үміті мен қуанышы күл болды. Сеніміне селкеу түскесін ендігі бір нәрсеге сеніммен қарауы екіталай. Ол секілді алданғандар қаншама? Заңгерлер осындай күмәнді қоңырау шалынса, алдымен үй бөлді деген мекемеге, одан қалды заңгерлердің кеңесіне жүгінуге кеңес береді.

Асқарбек Қазанғап

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген