Көлік тұрмақ, сайтан да жоқ!

12 мамыр 2022, 13:50

(Утилизациялық алым деген сылтаумен халықтың қалтасын қағып алған миллиардтаған қаражат қайда кетіп жатыр?)

Жеңілдетілген автонесиенің «болғанынан боладысы» қызық болып тұр. Сәуірдің аяғында іске қосылуы тиіс мемлекеттік бағдарлама әлі басталған жоқ. Есесіне, «Қазақстанда құрастырылған көліктерді сатып алуға 100 миллиард теңге бөлінеді» дегенді естіген автоөндірушілер көлік бағасын аспандатып жіберді.

Бір жылдан бері жаяу жүріп, табаны тозған пенде ретінде 4 пайызбен көлік алуды көптен күтіп жүргендердің бірімін. Айына бір мәрте көлік сататын салондарға барып, бағаларды да бағамдап қоямын. Бірақ сапар сайын салым суға кетеді. Өйткені көлік бағасы ай сайын қымбаттап барады. Мәселен, наурыз айында Алматыдағы Hyundai орталығына барып, Elantra көлігін көздеп кеткенмін. Сол кезде орташа жабдықталған (базовый комплектация) темір тұлпардың бағасы 9 090 000 (тоғыз миллион тоқсан мың) теңге болған. Қазір тағы 900 мыңға қымбаттап, 9 990 000 (тоғыз миллион тоғыз жүз тоқсан мың) теңге жетіпті. Айналасы бір айдың ішінде шамамен бір миллион теңге қосылған. Hyundai Trans Kazakhstan компаниясының өкілдері барлық автокөліктер орташа есеппен 10 пайызға қымбаттағанын мәлімдеді. Өйткені доллардың қымбаттауы, тасымалдың қиындауына байланысты корей елінен келетін қосалқы бөлшектердің бағасы өсіпті-мыс. Тек Hyundai Creta және Hyundai Accent көліктері ғана өз бағасын сақтап қалды деп ақпарат таратты. Бірақ бұл жерде бір кілтипан бар. Аталған екі көлік түрі Алматы маңындағы Hyundai зауытында қазір құрастырылмайтын болған. Өйткені қосалқы бөлшектері Ресейдің Петербор қаласынан әкелінеді екен. Теріскейдегі саяси ахуалға байланысты тасымал тоқтапты. Дилерлік орталықтағы менеджерлер 2-3 айдан бері бұл көліктердің шығарылмай жатқанын айтты. Ең сорақысы, көлік салондарында дайын көлік жоқ. Тіпті қолма-қол ақша алып барсаң да қалаған тұлпарыңды тақымдап кете алмайсың. Тапсырыс беріп, кемінде 2-3 ай күтуге тура келеді.

Бір жыл жаяу жүрдім ғой, қырқына шыдаған жаным, қырық біріне де шыдар деп ойлағам. Бірақ осы тұста екінші кілтипанның құлағы қылтиды. Тапсырыс берген көлік қолыңызға тигенше бағасы тағы қымбаттап кетуі бек мүмкін екен. Алдын ала төлем жасап, дәл қазіргі бағасына келісіп шарттасу, уағдаласу деген мүлде жоқ. Бүгін 10 млн теңгеге көрген көлігіңіз 1-2 айдан кейін 12-13 миллионға қымбаттап кетпесіне ешкім кепілдік бермейді. Оны қалтаңыз көтере ме жоқ па, ол да белгісіз.

Ескі-құсқыға ұрынбай, жаңа көлік алсам дегенім арманым осылайша алыстап барады. Алғашқы жарнасыз, 4 пайызбен жеңілдетілген автонесие береді дегенде бөркімді аспанға атып қуанғандардың бірі едім. Өйткені бағасы сапасына сай емес, 10-15 жыл жүрілген ескі көлік алуға ниет жоқ. «Қозғалтқышы май жемей ма, шанағы шірімеген ба?» деп біреудің қаңсығын таңсық көргенше, салондағы су жаңа көліктің тек түсін ғана таңдауға бас ауыртатын шығанрмын деп ойлағам. Бірақ ол да бұйырмайды екен.

Ең қызығы дейсіз бе, сорақысы дейсіз бе, салонның сыртында жүрілген мәшине толып тұр. Бірақ бағасы жаңасына қарағанда 1,5-2 миллион теңгеге қымбат. Айлап көлік кезегін күткісі келмейтіндер соған ұрынып жатыр. Мәселен, Hyundai Elantra көлігінің су жаңасы салонда 11 290 00 теңге тұрады. Ал 2021 жылы шығарылған, 20-30 мың шақырым жүрілгені 12 290 000 теңгеден сатылып жатыр. Осыған қарап, отандық автоқұрастырушыларға мінілген көліктерді алып сатқан пайдалы ма деген ойға қалады екенсің. Тіпті бағасы қымбат, жүрілген машиналарын өткізу үшін қолдан тапшылық жасап отыруы да мүмкін ғой. Өйткені Алматыдағы Hyundai зауыты іске қосылғанда «жылына 30 мың көлік құрастырамыз» деп Алты алашқа сауын айтқан. Алайда көлік салонындағы менеджерлер «2-3 айда небәрі 30-40 көлік қана дайын болып жатыр. Оның өзі бүкіл Қазақстандағы салондарға екі-үштен таратылады» дейді. Тіпті жаңа мәшине алғысы келетіндер жылдап кезекте тұр. Былтыр тамыз айында тізімделіп кеткендерге әлі көлік тауып бере алмай отырмыз деп қат-қат кезек дәптерін де көрсетті.

2015 жылдан бері «Оператор РОП» деген жеке серіктестікке утилизациялық алым есебінен 691,9 миллиард теңге жиналыпты. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, осы қаражаттың 339 миллиард теңгесі отандық автокөлік өндірушілерді қолдауға жұмсалған. Алайда Hyundai Trans Kazakhstan компаниясы үкіметтен көк тиын көмек алған жоқпыз деп без-без етеді. Компания өкілі Ксения Воронина: «Зауыт 2020 жылы жұмысын бастады. Жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 30 млрд теңгеден асады. Оның 34 пайызы (10 млрд теңгеден астамы) –«Астана Моторс» компаниясының меншікті қаражаты, 66 пайызы (20 млрд теңге) — «Қазақстан Даму Банкі» АҚ мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-нан тартылған несие қаржы. Отандық автокөлік өндірісі кейбір салықтардан босатылған, бірақ субсидиялар жоқ», — деп түсіндірді.

Сонда утилизациялық алым деген сылтаумен халықтың қалтасын қағып алған миллиардтаған қаражат қайда кетіп жатыр? Әзірге бұл сұрақтың басы ашық. Жыл басында ғана мемлекет меншігіне өткен қазіргі «Жасыл Даму» компаниясы жеңілдетілген автонесиеге 100 млрд теңге қаржы бөлді. Бір апта бұрын ғана индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мамырдағы мерекелерден кейін бағдарламаның басталатынын айтты. Бірақ сәрсенбі күні (11.05.2022 жыл) банктердің біразын шарлап шықтым. Әзірге 4 пайызбен несие беріп жатқан ешкім жоқ. Сәуірдің соңында ашылады деген бағдарлама осылайша сағызша созылатын сияқты.
Айтпақшы, қашпаған сиырдың уызын сұрап, көлік кезегіне жазыла салдым. Әзірге 575-ші болып тіркелдім. Алда-жалда банктер несие беріп жатса, көлікті қалай рәсімдеу керектігін жазамын.

Диас Нұрақын,
арнайы Jas qazaq үшін

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?