«Естімеген елде көп» деген рас екен. О заманда, бұ заман моланың басына қойған тасты ұрлағанды кім көріпті? Өскеменде сондай жағдай болды. Әлдебір сауда үйінің еденіне құрылысшылар бейіт басына қойған ескерткіш тақтаны кесіп әкеліп, бөлшектеп төсеп берген. Әдетте, зәулім сауда үйлері мен кейбір әйдік ғимараттардың табанына төселетін суретті тас тақтаның ою-өрнегі мен гүлдестесіне қызыға қарайтынымыз рас. Бірақ аяқ астына төселген мына тастақ та оған ұқсамайды. Адам суреттерінің жарты бөлшектері аяқ астында жатыр. Біреуінің басы кесіліп қалған, енді бірінің жарты жүзі, тағы бір тас бөлшегінде адам бейнесі бүлінбей, толық күйінде сақталған.
Еденге төселген тас тақтадан өз әкесінің бейнесін бірден таныған қала тұрғыны жергілікті полицияға шағымданыпты. Ондағылар қылмыстық тергеу жүргізілу-жүргізілмеуі белгісіз екенін айтқан. Өйткені, бұған дейін осы жағдайды айтып, ешкім арызданбаған көрінеді.
Сауда үйінің еденінен әкесін танығандардың бірі – Наталья Андреева. Ол 15 жыл бұрын қайтыс болған қамқоршысының бейнесі аяқ астында жатқанын көріп, қатты қамыққан. Келіншектің айтуынша, әкесінің басына қойған құлпытасты жақсы біледі. Себебі олар осыдан 5 жыл бұрын ғана құлыптасты қалпына келтіру үшін суретші шақыртқан. Алайда шебер қайта қалпына келтірудің орнына жаңа портрет салуды ұсыныпты. Ол «Ескерткішті қайта жасауға алып кетті. Шебер ескі суретті қайтарған жоқ. Біз оны кәдеге жаратты деп ойладық», – дейді. Ол бейіт басына қойған ескерткіш тақтадағы адам суреттерінің алынбай, сол күйінде жерге төселгенін түсіне алар емес.
Айтпақшы, «бұл жағдайға қатысты ешкім арызданбады» деген жергілікті тәртіп сақшылары басшыларының әлеуметтік желідегі жазбасын оқымайтын көрінеді. Өйткені, 25 қазан күні Өскемен қалалық полиция департаментінің басшысы Дәуір Ыбыраев Instagram парақшасында аталған оқиға вандализм бабы бойынша тексерілетінін айтқан.
Ақша үшін адам баласы не істемейді? Біреудің үйін тонайды, банкке түседі, қорадағы малын алады. Ондай қылмыстың кейбірін ақтап алуға болар. «Жоқшылықтан, аштықтан ұрлық қылды, сұғанақтық жасады» деген сияқты желеу айтуға келеді. Алайда бейіттегі тасты ұрлағандарды қалай ақтау керек? Бұл заң алдында ғана емес, ар алдында да ауыр қылмыс. Тиын табудың жөні осы екен деп бейіт басына қойған тасты құлатып, оны бөлшектеп сату, шынында, адамгершілікке жат.
Қазақ «Ашыққаннан құныққан жаман» дейді. Мына жағдай құныққандардың ісі. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген де сөз бар. Өлілердің әлемінен қорықпай, көктасын кесіп, көкқағазға айналдырып жүргендер күндердің бір күні өздері де сол жаққа баратынын ойламай ма екен?!
Жарас ШӨКЕ