

Жалғыз Көкшетауда ғана емес, тұтас елімізде жанар-жағар май мәселесі күйіп тұр. Соңғы күндері Ақмола облысы жанар май тапшылығын дендеп тарта бастады. Кеше, яғни қазанның 18-і күні облыс орталығындағы жанар-жағар май станцияларындағы жұмыс күрт тоқтады. Себеп біреу-ақ, қоры таусылған. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Досхан Әміреновтың айтуына қарағанда, облыста барлығы 194 жанар-жағар май құю станциясы бар екен. Кешеге дейін 5-6 күнге жететін қор сақталыпты. Орташа баға туралы айтатұғын болсақ, АИ-92 бензинінің бір литрі қазір облыс бойынша 152 теңгеден, ал, АИ-95 бензині 164 теңгеден сатылуда. Басшының тілге тиек еткені, 80 маркалы бензин 89 теңгеден және дизель отыны 150 теңгеден саудаға түсуде.
Бірақ, бар жағдай басшы айтқанындай емес, мәселен, бүгін АИ-92 бензинінің бір литрі «ЮНА» жанар-жағар май құю станциясында 170 теңгеден сатылуда. Ал, керісінше, АИ-95 бензинінің бағасы 163 теңге. Бірақ, екеуі де жоқ. Тек таллоны барларға ғана босатылады. Өзге жанар-жағар май құю станциялары да қаңтарылып тұр.
–Елге жаназаға кетіп бара жатыр едім, жарықтық туған құдамның қазасына. Топырақ салу да бұйырмайын деп тұр,–дейді көршілес Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданының тұрғыны Қабдірәшит Ысқақов,–мұны білгенде атпен шығатын едім ғой.
Ақсақалдың айтып тұрғаны ашумен айтылған сөз ғой. әйтпесе, 150 шақырым жерге тайға мініп тепеңдеп кім барсын.
Облыстың мұнай өнімдеріне деген қажеттілігін толық өтеу үшін 8 мың тонна АИ-92 бензині, 7-8 мың тонна 80 бензин, 11-12 мың тонна дизель отыны қажет екен. Тәулігіне шамамен алғанда, орта есеппен 800 тоннаға жуық жанар-жағар май жұмсалады. Жалпы облысқа министрлік тарапынан бөлінетін лимит тұрғындардың барлық қажеттілігін жаба алмайды. сондықтан, қалған олқысын жанар-жағар май станцияларының басшылары өздері іздеп табады. Шынтуайтында Үкімет қазір облысқа бөлінетін 80 бензиннің көлемі мен бағасын ғана реттеп отыр, қалғанының бәрі дегені болып, айдағаны жүріп тұрған кәсіпкерлердің қолында. Свидерский есімді кәсіпкердің жанар-жағар май құю станциясында АИ-92 бензині 157 теңгеден сатылған. Ал, ол кезде «Есілдегі» баға 162 теңгеге көтерілді. «Юна» әлгі екеуінен де асып, ең өтімді бензин бағасын 170 теңгеге бір-ақ көтеріп тастады. Сонда бұл мәселені кім реттеуге тиісті. Әдетте біз нарық заңына сәйкес, тауар құнын тұтынушының өзі теңгереді деп түсінеміз. Сол тұтынушың қазір шұғыл шаруасы үшін қасқалдақтың қанындай қымбат бензинді атасының құнын төлеп алуға әзір.
Білетіндер бензиннің қолма-қол ақшаға сатылмауын былайша түсінлдіреді. Кәсіпорындар мен мекемелер күні бұрын келісім-шарт жасасып, уағдаласып қойған. Егер қазір қолма-қол ақшаға сатылса, күні бұрын келіскен келісім бұзылып, дау туады. Міне, осыдан қашқан кәсіпкерлер әзірге осындай амал жасауда.
Бензин бағасы осы болғанда, көмір бағасы да көпшіліктің бас уайымына айналды. Көмір сататын базалардың иелерінің айтуына қарағанда, келе жатқан көрінеді. Жұрт қазір көмір артқан вагондарды құдаларын тосқандай жол тосып, күн салып қарап жүр. Сатармандардың айтуына қарағанда, өткен жылы тоннасы 9-10 мың теңге болған Шұбаркөл көмірінің тоннасы 16 мың теңге, Қаражыраның ауызекі тілде «сортовой» деп аталатын түрі 14 мың теңгеге көтерілген. Тұп-тура 50-60 пайыз қымбаттады. Ал, жарлы-жақыбайлардың пешенесіне бұйырып пешіне жағылатын әлеуметтік көмірдің әр тоннасы 13500 теңгеден. Бірақ, ол құм тәрізді ұп-ұсақ. Жаққаныңмен жарытып жылу бермейді. Үстіне бензин құйып жақпасаң жанбайды да.
Көмірдің қат болуы саудагерлердің айын оңынан туғызды. Қаптап сататындар пайда болды. Әр қабы 800 теңге. Олардың қайдан алып жатқанны әуелі бір Алла, содан соң өздері ғана біледі. Саусағымызды бүгіп есептеп көрдік. Әр қапта орташа есеппен 35 келі шамасында көмір бар. Сонда бір тоннаңыз 25 мың теңгеге айналады. Бір айта кетерлігі, бұл жерде құны қымбат болғанымен, қасиеті шамалы, өткен жылдан қалған немесе бағасы арзан Майкөбе, Қарағанды көмірлері сатылады. Бірақ, халық алып жатыр. Алмағанда қайтсін, Арқаның көзі Алматының қысынан бетер емес пе?!.
Қалалық емхананың жанында көптен көзі таныс азамат кездесті. Күрк-күрк жөтеліп тұр екен. Жер үйде тұрасыз ғой дедім мен. Әлгі танысым, менің бақсылығыма таңырқаған сыңай танытты. Таңырқайтын түгі жоқ, қазір біздің Көкшетауда жер үйде тұрып, пеш жағатын жұртты жөтеліне қарап-ақ жаза баспай тануға болады.
Байқал БАЙӘДІЛОВ