Көгілдір отынның көңілсіз кикілжіңі

23 ақпан 2018, 13:13

Елімізде табиғи газға бірыңғай баға бекітілуі тиіс! Мәжіліске «Монополия туралы» заң жобасын әкелген ұлттық экономика вице-министрін депутаттар қыспаққа алды. Өйткені, ай сайын коммуналдық тарифтердің шарықтағанын айтпағанда, баға әр өңірде – әр түрлі. Батыста газ арзан, оңтүстікте бірнеше есеге қымбат. Сондықтан, халық қалаулылары осы айырмашылықты дереу жоюды талап етіп отыр.

Газ бағасы Атырауда – 8 теңге, Оңтүстік Қазақстанда – 34 теңге болса, Көкшетауда «көгілдір отын» – 70, автогаз – 65 теңгеден сатылуда.

Облыс орталығы Көкшетау қаласында да тоқсаныншы жылдары берекесі кеткен орталықтандырылған газбен жабдықтау жүйесінде кикілжің көп. Облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, бүгінгі таңда Ақмола облысында 25 газ тарату компаниясы жұмыс істейді. Олардың 13-і Көкшетау, үшеуі Степногорск, біреуі Атбасар қалаларында. Ал 8 компания Астана қаласында тіркелген.
Осы 25 компанияның 10-ы Қазақстан Республикасы энергетика министрлігінде аккредиттеуден өткізілген. Оларға үкімет тарапынан бағасы арзандатылған газ бөлініп тұрады. Осы он компания арзан бағамен алған газын аккредитациялары жоқ компанияларға, сондай-ақ тұрғындарға үстеме баға қосып сатады да, жай жатқан батпан құйрыққа, яки байлыққа белшесінен батады. Астаналық компаниялар газ баллонымен күнелтіп отырған Көкшетаудың көпқабатты үйлерін орталықтандырылған газбен жабдықтауға мүлдем ынталы емес. Өйткені өздеріне бөлінген арзандатылған газдан ақша жасап отырғанда, оны қайтсін. 25 газ таратушы компанияның 22-і осы бір маңызды шаруадан ат-тонын ала қашып отыр. Енді қалған үш компания мен облыста есепте тұрған 436 газ тарату қондырғысын жедел жөндеп, іске қосу мүмкін емес. Облыста ай сайын жоғарыдағы компаниялар 4500-4990 тонна сығымдалған газ сатады. Осы газдың шамамен 1550 тоннасы газ баллондарына құйылады. 1000-1050 тоннасы – жанар-жағармай стансаларында сатылатын автогаз. Осыншама газдың бар болғаны 260 тоннасы ғана көпқабатты үйлердегі топтық-резервуарлық қондырғыларға құйылады екен. Осы бір цифрдің өзі-ақ қала тұрғындарының басым көпшілігі әлі күнге дейін газ баллондарын пайдаланып отырғанын көрсетеді. Шындығында, мұның өзі өте қауіпті жай. 2013-2017 жылдары облыста газ баллоны жарылған жеті оқиға тіркелген. Осы бір оқыс оқиғалар кезінде 13 адам жараланып, үш адам қаза тауыпты. Қазір де Көкшетаудың көпшілік үйлері газ баллондары қашан жарылады екен деп, иненің үстінде тұрғандай әсерде. Басқа амал жоқ. Орталықтандырылған газ жүйесінің қашан тартылатындығы әзірге белгісіз. Рас, мардымсыз ғана жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ оның өзі тым баяу. 70 қондырғысы бар Щучинск, 20-дан сәл ғана астам қондырғысы бар Атбасар мен Ақкөл, Степногорск пен Макинск және Есіл қалаларында мұндай жұмыстардың ізі де жоқ. Топтық газ тарату қондырғыларының басым көпшілігі Көкшетау қаласында. Облыс бойынша есепте тұрған 436 қондырғының небары 54 пайызы.
«КөкшетауТрансГаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысының мәлімдеуіне қарағанда, орталықтандырылған газ жүйесін тартудың машақаты көп. 21 көпқабатты үйдегі пәтерлерге газ жабдықтарын орнату үшін ішіне ену мүмкіндігі жоқ. Кейбір пәтерлер мүлде жабық. Кейбіреулері жұмысшыларды пәтеріне кіргізбейді. Осындай келеңсіздіктің салдарынан екі жүздей пәтер орталықтандырылған газ жүйесіне қосылмай отыр.
Облыста тұрмыстық қажеттілік үшін айына орта есеппен 150 мың газ баллоны құйылады. Көкшетау қаласының өзінде ғана көпқабатты үйлерде тұратын 227 мың адам газ баллондарын пайдалануда. Бұл көрсеткішке жаңадан пайдалануға беріліп жатқан үйлерді қосса, көлемі әлдеқайда арта түсер еді. Ал мамандардың айтуына қарағанда, газ баллондарын екінші қабаттан жоғары пәтерлерде ұстауға мүлде болмайды. Алайда оған қарап жатқан ешкім жоқ. Тіпті төбесімен көк тіреген тоғызыншы қабатта да газ баллондарын пайдаланып жатыр. Газ таратушы компанияның 17-і осындай газ баллондарын сатумен айналысады. Оның 9-ы ғана техникалық жағдайды тексеріп отыруға рұқсат алған. Қалған сегізінің мүлдем жұмысы жоқ. Оларға газ баллондарын оңды-солды сатып, пайда тапса болғаны. Көкшетау қаласының өзінде бірыңғай апат қызметі жұмыс істемейді. Мұндай қызмет тек «Газ Қызмет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ғана бар. Оның өзі қызмет көрсететін кәсіпорын ұйымдарының апатты жағдайларына ғана жауап береді. Осының өзі-ақ қауіптің құлағы қылтиып тұрғанын көрсетпей ме? Бұрынғы тәртіптің адыра қалғаны соншалықты, газ плиталары мен су жылытатын колонкаларға профилактикалық жұмыс та жүргізілмейді. Мұндай шаралар жылына бір рет атқарылып тұруы тиіс.
Қазіргі уақытта осы салаға жауапты орындар газ таратушы қондырғыларды қайтадан қалпына келтіру үшін алақандарын жайып, бюджеттен қаржы сұрауды да қойған. Мұндай келеңсіздікке коммуналдық шаруашылық саласы басшыларының жиі ауысатыны себеп.
Жекешелендірудің екінші кезеңіне байланысты газгольдерлер тиісті құжаттамалары дайын болғаннан кейін сенімді басқаруға берілмекші. Бірақ бұл арада да біраз қиындық бар. Көпшілігі меншіктің қай түріне жататындығы белгісіз, анықталмаған. Қысқаша айтқанда, тиісті құжаттары мүлде жоқ.
– Қазір бұл жұмыстардың бәрін қайта қолға алып жатырмыз. Бүгінгі күнге дейін 41 конкурсқа толық әзірлеп қойдық. Таяуда конкурс өткізілмекші, – дейді Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Иван Юрченко.
Облыс орталығында газбен жабдықтау жүйесін қайтадан қалпына келтіру жұмыстары тек 2013 жылы ғана қолға алынған. Сол кезде облыстық әкімдіктің қолдауымен үш жылдық бағдарлама түзіліп, осы мақсатқа 738,8 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржының 129,5 миллион теңгесі арнайы бюджеттен қарастырылса, 62903 миллион теңгесі – газ таратушы компаниялардың қаржысы. Өкінішке қарай, осы қыруар қаржы тиімді пайдаланылды деп айта алмас едік. Оған себеп – бағдарлама әкімшілері энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мен Көкшетау қаласы әкімдігі тарапынан тиісті бақылау болмай отыр. Мәселен, газ тарату қондырғыларын жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар жасалмады. Жап-жақсы бағдарламаның орындалмауы себепті облыс орталығындағы 235 газ таратушы қондырғы қайта қалпына келтірілген жоқ. Осындай келеңсіздіктің нәтижесінде 598 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған газдан қағылды.
Көптеген газ таратушы компаниялардың өздері де орталықтандырылған жүйеге көшуге ниетті емес. Оларға газды баллондарға құйып сатқан әлдеқайда тиімді. Қалтасының қамын ойлаған кәсіпкерлер қарапайым халықтың қатерге басын тігіп отырғанын қайтсін.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Ақмола облысы

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген