Жуырда Астанада Қоғамдық кеңестердің І республикалық мәжілісі өтті. Онда қоғамдық кеңестер тәжірибесі және мемлекет пен қоғамның өзара әрекеттесу тетіктері талқыланатын панельдік және пленарлық отырыстар өтті.
Оған Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров, Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев, дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерел және қоғамдық кеңестер мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері, мемлекеттік мекемелер мен халықаралық ұйым басшылары, жалпы саны 500 делегат қатысты.
Шараның ашылу салтанатында Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың құттықтау хатын оқып берді. Онда «Баршаңызды қоғам, Парламент және атқарушы билік өкілдерінің басын біріктірген І республикалық қоғамдық кеңестер мәжілісінің өтуімен құттықтаймын. Бүгінгі таңда «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында түрлі деңгейде 229 Қоғамдық кеңес құрылды. Олардың құрамында 4 мыңнан астам адам қызмет етеді. Қоғамдық кеңестер қызметі мемлекеттік мекемелердің жұмысында ашықтық пен билікке деген сенім деңгейін ұлғайтуға, іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен бастамалар туралы жариялылықты арттыруға, сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік басқаруға кеңінен қатысуына мүмкіндік берді. Бүгінгі мәжілістің сындарлы ой мен салиқалы пікір алмасу, тәжірибе бөлісу алаңының бастауы болатынына үлкен үміт артамын. Республикалық қоғамдық кеңестер мәжілісі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық процестерді дамытуға үлес қосып, мемлекеттік және қоғамдық институттардың тиімді жұмыс істеуіне жаңа серпін беретініне сенімдімін», — делінген.
Сондай-ақ Орталық коммуникациялар қызметінде қоғамдық кеңестердің алғашқы республикалық мәжілісінің нәтижесі талқыланған баспасөз мәслихатында дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Азаматтық қоғам комитетінің төрайымы Әлия Ғалымова қоғамдық кеңестер жиі талқылайтын ең өзекті 5 мәселені атады.
Ол «Біздің тәжірибеміз көрсетіп отырғандай, ең біріншіден қоғамдық кеңес көтеретін ең өзекті мәселелердің алдыңғы қатарына қоғамдық көлік мәселесін жатқызуға болады. Екіншіден, пәтер иелері кооперативіне қатысты мәселелер өте өзекті. Үшіншіден, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына қатысты барлық сұрақты жатқызуға болады. Демек, су тарту, су құбырларының мәселесі дегендей… Төртіншіден, тарифтерге қатысты сұрақ жиі көтеріледі. Бесіншіден, азық-түлік бағасы», — дейді. Ә.Ғалымова қоғамдық кеңестердің І республикалық мәжілісінің негізгі міндеті — қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру бойынша оң тәжірибе мен ұсыныстарды ортаға салу, пікір алмасу екенін айтады. Спикер қоғамдық кеңестердің, бірінші кезекте, тұрғындар мен мемлекеттік мекеме арасындағы байланысты ұйымдастыру үшін құрылғандығын атап өтті. Екі жыл жұмыстың ішінде қоғамдық кеңестер осы міндетті іске асырудағы тиімділігін дәлелдеген.
Ал «Болашақ» халықаралық қозғалысы мен «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәурен Бабамұратов еліміздегі 229 қоғамдық кеңестің құзыры артса, бүгінгіден де көп іс тындырар еді деген пікірде. Ол
«2015 жылы «Қоғамдық кеңестер» туралы заң қабылданғаннан кейін Қоғамдық кеңестер өздерінің жұмыстарын бастаған болатын. Сол кезде біз де Алматы қаласындағы Қоғамдық кеңестің құрамына өтіп, іске кірістік. Нәтижелі тәп-тәуір жұмыстарды атқарып жатырмыз деп ойлаймын. Енді бүгін Мәжілісте өте өзекті мәселелер көтеріліп жатыр. Соның бірі — Қоғамдық кеңестің құзырын кеңейту. Яғни, қоғамдық кеңестің құзыры қазіргі уақытта — ұсыныс беру ғана болып отыр. Демек, қаланың дамуы немесе саланың өркендеуіне қатысты қоғамдық кеңес тек қана ұсыныс бере алады. Ал енді осы құзырды кеңейтетін болсақ, қоғамдық кеңес бүгінгі жасап жатқан жұмысынан да ауқымды істерді тындыратынына мен сенімдімін», — дейді. Оның айтуынша, құзырды көбейту үшін қоғамдық кеңес бүгінгі заңның аясындағы қызметін нәтижелі түрде көрсете білуі керек.
Еске сала кетсек, 2016 жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы диалогтың нысаны ретінде Қоғамдық кеңестер құрылған еді. Қоғамдық кеңестер — халық пен билік арасын дәнекерлеуші, билік пен қоғамды байланыстырушы құрылым. Олар әкімдер мен министрлердің есептерін тыңдап, сан алуан мәселелерді шешуге атсалысады. Атап өткен жөн, елімізде республикалық және жергілікті деңгейде 229 қоғамдық кеңес жұмыс істейді (16 республикалық, 213 өңірлік). Қоғамдық кеңес құрылған сәттен бері 213 облыс, қала және аудан әкімдерінің, 16 орталық және 1300-ден астам жергілікті атқарушы орган басшыларының есебі тыңдалды, 600-ден астам өзекті мәселе қоғамдық тыңдаулардан өткен және 9 мыңнан астам нормативті акті жобаларына ұсыныс енгізілген.
Зарина Кибаева