jasqazaq.kz

«KitapХАН». Түркістандағы өрендерді рухани құндылыққа баулитын жоба

13 маусым, 11:59

Балалар мен жасөспірімдердің суицидіне жол бермеу, осы бір қорқынышты іс-әрекеттің алдын алудың бір жолы – оларға дұрыс тәрбие беру. Тәрбие ісінде жас ұрпақтың санасына рухани құндылықтарды сіңірудің маңызы зор.
Кейбір ата-ана үшін баласына рухани құндылықтарды үйрету деген аса бір қиын шаруа сияқты көрінуі мүмкін. Ал негізінде үрейленетін ештеңе жоқ. Бұл — күнделікті тәрбие, әңгімелесу, жақсы істеріңмен үлгі көрсету.
Сондай үлгінің бірі – баланы жастайынан кітап оқуға үйрету. Қазіргі технология дамыған заманда кітап оқуға құштарлықтың біршама бәсеңдеп қалғаны рас. Дегенмен соңғы жылдары бұл бағытта зор серпіліс байқалады. Қазір әр аймақта жас буынды кітап оқуға баулитын түрлі жобалар қолға алынып, өз нәтижесін бере бастады. Сондай бір жобаны Түркістан қаласындағы білікті ұстаз Бақытжан Төлімбет жүзеге асырып келеді.
Осыдан екі айдай уақыт бұрын Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы болып тағайындалған оның білім беру саласында 17 жылдан астам тәжірибесі бар. Бақытжан Нұрмаханбетұлы елде де, шет елде де жоғары білім алған. Нақты айтсақ, Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филилогия факультетін бітіріп, Лондон университетінде білімін жетілдірді. Еңбек жолын қарапайым мұғалім болып бастаған ол қазіргі уақытта білім саласына түрлі жаңашылдық әкелуімен танылып отыр. Оның жобалары қазір аймақ деңгейінде кеңінен қолданылуда.
Бақытжан Төлімбеттің «KitapХАН», «Өскенде кім боласың?», «TOnline Adisker», «45 минут», «Ыбырай жазулары», «IntellectumDD2» атты авторлық бағдарламалары бар. Қазір олар Түркістан қаласында кеңінен жүзеге асырылып жатыр. Бұлардың арасында, әсіресе, «KitapХАН-ның» жобасының орны бөлек. Аталмыш жоба бойынша оқу жылы бойы ұстаздар мен шәкірттердің кітап оқу деңгейін анықтау мақсатында байқау өткізу дәстүрге айналған.
«KitapХАН» кітап оқыту әдісі – білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен оқушыларының кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында қолға алынған бастама. Бұл идея, шын мәнінде, қазіргі жастардың сөздік қорының төмендеуі, логикалық ойлау мен көркем сөйлеу дағдысының әлсіреуі сынды алаңдатарлық жағдайлардан кейін туындаған.
Бақытжан Төлімбет:  «KitapХАН» атауы туралы айтар болсам, кітап оқудағы бірінші адам, кітаптың Ханы, лидері деген ойға саяды. Мысалы, ағылшындар «big reader», «book lover» деп жатады. Сол сияқты кітап оқуды да сәнге, бұқаралық мәнге айналдыра отырып, нағыз KitapХАНдарды анықтау, дәріптеу. Оған қоса, кітапхана сөзімен де ассоцияциаланады», — дейді.
KitapХАН кітап оқыту әдісі еліміздің әділет министрлігінде тіркелген, енді Оқу-ағарту минситрлігінің №514 бұйрығына енгізіліп, басқа облыстарға тәжірибе таратылып, республикадағы әріптестерімізде де қатысу мүмкіндігі болады.

«Біз кітап оқу мәдениетін жаңғыртып, оны заман талабына сай қызықты үлгіде ұсындық. Жоба төрт жылдан бері жалғасып келеді. Қыркүйек айында басталып, мамырға дейін жалғасады. Жыл бойы онлайн ZOOM платформасында өтетін жоба бірнеше кезеңнен тұрады және финалға нағыз «big reader-лер» шығады. PISA, PIRLS-тің оқу сауаттылығын арттыруға жанама түрде тиімділігі болатыны да айтылады. Әлем және ел әдебиетінің сараптамадан өткен тізімі таңдауға беріледі. «KitapХАН» әр мектепте арнайы креативті кітап бұрыштарын жасақтап, оқушылар өзара пікір алмасатын «оқырман клубтарын» құру жоспарда бар», – дейді Бақытжан Төлімбет.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайда жариялаған «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» және «Балалар кітапханасы» ұлттық бағдарламасы аясында Түркістан өңірінде мұғалімдер мен оқушыларға арналған KitapХАН әдісі қолданылып, кітап оқу мәдениеті кең тарап, бұқаралық сипат алып келеді. Әр мектепті оқуға жұмылдыра отырып, сыни және креативті ойлануды дамыту, күнделікті оқу дағдысын әдеттендіру, оқуға құштар ұлт жасауға қадам қалыптастыруға зор серпін береді.
Баланы кітап оқуға баулитын әдіс бес бағыттан тұрады.Олар:
1. Бастауыш сынып оқушылары
2. Жоғары сынып оқушылары
3. Мұғалімдер мен тәрбиешілер
4. Білім беру ұйымдарының басшылары
5. Ата-аналар
Бақытжан Төлімбет жоғарыда аталған басқа жобалар туралы да айтып берді. Олардың әрқайсысы білім беру саласына тың серпін беруге бағытталған. Түркістанның бас ұстазы әр жобаның мақсат-мүддесін төмендегіше түсіндіріп өтті:
«Өскенде кім боласың?» – аты айтып тұрғандай, кәсіптік бағдар беру жобасы. Бұл бастама арқылы жоғары сынып оқушылары түрлі сала мамандарымен онлайн тілдесіп, болашағын саналы түрде жоспарлай алады. Мамандық таңдау – өмірлік маңызды шешім. Сондықтан біз оқушыларға кәсіби ортаға ертерек бейімделуге жағдай жасап отырмыз.
«TOnline Adisker» – әдістемелік қолдау көрсететін онлайн кеңес беру алаңы. Бұл жобаның басты артықшылығы – әдіскер мен мұғалім арасындағы бейресми, достық байланыс орнату арқылы оқуға ынтасын арттыру.
«45 минут» – мұғалімдерге арналған әдістемелік көмек жобасы. Біз әрбір 45 минуттың сапасын арттыру үшін ашық сабақтар, шеберлік сыныптар, инновациялық тәжірибелер базасын қалыптастырдық.
«Ыбырай жазулары» – қазақ білімінің атасы Ыбырай Алтынсариннің рухани мұрасын жаңғыртатын жоба. Білім саласында қызмет атқарып жүрген мамандардың өз тәжірибесімен бөлісетін, ғылыми-педагогикалық мақалаларды, жинақтарды жариялайтын кеңістік.
«IntellectumDD2» – директорлар көшбасшылығын күшейтуге бағытталған инттеллектуалды дебат. Мектеп басшыларына оқу-білім, тәрбие мен менеджментке қатысты тақырыптар беріледі. Бұл жердегі идея — басшыларды шаруашылық жұмыстан негізгі білім мазмұны жағына назар аударту болатын.
Айта кететіні, былтыр облыс әкімінің қолдауымен облыстағы 700-ден аса мектеп басшылары «Көшбасшылық – заманауи өзгеріс» бір айлық курсынан толық өтті. Бұлай бірден барлық директорды оқыту соңғы уақыттарда басқа облыстарда болған емес».
Автордың айтуынша, бұл жобалардың барлығы негізінен мектеп бағдарламасынан тыс, әдістемелік көмек ретінде жүргізіледі. Алайда кейбірі сабақ үстінде де тиімді интеграциялана алады екен. Сонымен қатар әзірге Түркістан өңірінде жүзеге асырылып жатқан осы жобалар болашақта елдің басқа аймақтарына да таралуы мүмкін.
«Сабақ үстінде де қолданылатындарына келсек, мысалы, «45 минут» мұғалімнің күнделікті сабағына әдістемелік көмек болса, «KitapХАН» оқу сауаттылығы пәнімен үндесіп жатады. Қазіргі таңда бұл жобалар Түркістан қаласы мен облысында жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. Болашақта Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, басқа аймақтарға да бейімдеп ұсыну жоспарда бар», – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы.
Бақытжан Нұрмаханбетұлы: «Түркістан – тек тарихи қала емес, сонымен бірге білім мен мәдениеттің де ордасы болуы тиіс. Ол күн санап көркейіп келеді. Биыл ерекше мәртебе алған қала осы өрлеуге сай білім беру жүйесі бойынша да заманауи талаптарға жауап беруі керек. Болашақтағы басты жоспарымыз – цифрлық мектеп моделін толық енгізу, директорлар корпусын қалыптастыру, мұғалімдердің кәсіби дамуына ерекше көңіл бөлу, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту және инклюзивті білім беру бағытында нақты жобалар жасау. Сонымен қатар мұғалімдерден де, оқушылардан да олимпиада резервін құрып, оған дайындық базасы ретінде өңірдегі лагерлерді жыл он екі ай тиімді пайдалану жоспарда бар», – дейді
Киелі мекендегі білім мен тәрбие саласында жаңашылдық көп. Креатив кеңістігі барынша кеңейіп, жас ұрпақты рухани құндылықтарға тәрбиелейтін түрлі бастамалар көбейіп жатыр. Олар ретімен жүзеге асырылуда. Ал біз Бақытжан Төлімбеттің баланы кітап оқуға баулып, рухани жағынан байытатын жобасы ел ішінде қанат жайса дейміз.

Оразәлі Баймұрат

Суреттер: Бақытжан Төлімбеттің жеке мұрағатынан

13 маусым, 13:49
Түркістан: Инклюзивті қоғам құру бағытында
13 маусым, 11:59
«KitapХАН». Түркістандағы өрендерді рухани құндылыққа баулитын жоба
12 маусым, 14:57
Түркістан: Әлеуметтік нысандар көбейіп келеді
12 маусым, 14:46
Түркістан: Арыста биыл 26 инвестициялық жоба жүзеге асырылады
12 маусым, 14:04
Қытай сапары аясында Түркістан облысында сарымсақты терең өңдеу ісін бастау бойынша келіссөздер жүргізілді
11 маусым, 12:59
Түркістан: Әлеуметтік дамудағы қарышты қадамдар
11 маусым, 12:57
Түркістан: Отырар мен Созақ аудандарында жол жөндеу жұмыстары қарқынды
10 маусым, 18:22
Айдын Сайлаубай: «Жайлы мектеп» – баланың болашағына салынған инвестиция
10 маусым, 14:57
Түркістан: Экономиканың дамуына серпін беретін туризмді дамыту – басты назарда