Кірген із бар, шыққан із жоқ

18 қантар 2019, 15:05

Жетісу жерінде қорадағы қой мен жайылымдағы жылқыны айдап әкететін барымташылар қолға түсті. Бірақ әккі баукеспелер қолды қылған малды қайтармай отыр. Неге? Бұл сұрақтың жауабын табу қиын, әрине!
Әлгі ұрылар екі жыл бойы елдің қорасына қырғидай тиген. Ақыры торға түсті. Ұрылар негізінен Алматы облысына қарасты Кеген ауданының және Талғар мен Алматы қаласының тұрғындары. Бәрі шеттерінен баукеспе: оң қолмен амандасып, сол қолмен қалтаңды қағып кетеді. Сонымен, ұрланған мал кімнің қорасынан табылды?

Ақбастаудағы дау

Малын алдырған ағайын бізді ертіп ұрының үйіне алып барды. Еңбекшіқазақ ауданының Ақбастау ауылындағы күдіктінің үйіне біз де бас сұқпақшы болдық. Қора-жайдың қожайыны – жетпіске таяған қария бізге жауап бермей, тіпті үйіне жақындатар емес. Қақпасын жауып, біздің камерамызға жабысты. Ұрланған малдың осы қорадан табылғаны анық. Малын алдырған шаруалар осында ертіп келді ғой.
– Ұрланған мал сіздің үйіңізден қалай табылып отыр, осыған жауап беріңізші! – дедік… Бірақ жауап ала алмадық.
Біз әңгіме қылып отырған ұйымдасқан ұрылар – Алматы облысының Ынтымақ, Қоянқұс, Жаңадәуір, Ащыбұлақ, Жетіген, Төңкеріс, Қапшағай, тіпті Қаскелең тұрғындарын қан қақсатып келіпті. Олар небәрі үш айдың ішінде 312 бас қойдың ізін жасырып үлгеріпті. Бұл әзірге мойындағандары. Ал ұрланған малды Ақбастауда тұратын сенімді адамдарына өткізіп отырыпты.
Ұсталғандар қолды қылған малды кімге сатқандарын да айтып берген. Полиция содан кейін ғана екі жылдан бері малын іздеп жүрген жиырма шақты тұрғынды алып сонда барған. Қораға кірген бойда қой-қозысы шаруаның көзіне оттай басылды.
Қорасындағы қойы мен жылқысын алдырған Ердан Исмағұлов «Ұрланған малымды осы үйден тауып отырмын. 108 бас қойым осы қорадан шықты. Бізді кіргізбей, есіктерін жауып алып, үйіне жақындатпай жатыр. Не істейміз енді? Күндіз-түні жүреміз бе?» – деп күйінеді.
Ашу-ызадан, шарасыздықтан қиналған шаруаның көзіне жас толса да, өзін-өзі әрең сабырға шақырып тұр.
Ұрланған қойды иесіне қайтарудан үзілді-кесілді бас тартқан алыпсатар есігін тарс жауып алды. Тіпті тәртіп сақшылары да оған «тәйт» дей алмады. Ал қораға бейберекет басып кіріп, өз малын алып кетуге бата алмаған жұрт есіктен сығалап қалды.

Еркебұлан Исапай, шаруа:

Үш күннен бері жүрміз, ала алмаймыз. Не үшін ала алмаймыз, ешкім айта алмайды. «Сатып алғанмын» дейді. Ал заң жүзінде ұрланған қойды сатып алған адамды да жауапқа тарту керек. Оны неге тартпайды? Ол үйінде жайбарақат жүр. Заңның баптары бар емес пе, ұрланған малды сатып алу, ол да қылмысқа жатады».

Тілшілердің алдында шарасыз күйін жасыра алмаған Алматы облысының тағы бір шаруасы Еркін Нүсіпов «Халықты сонша жылатып не керек? Адал еңбекпен өсірген малымыз ғой. Бұлай болмайды негізі. Адамгершілікке жатпайды. Бір рет ұрласа жарайды, үндемейтін едім. Екі рет ұрланғаннан кейін не дейсіз? Дәл қазір мына қорлықтан, басынудан жылауға шақ қалып тұрмын» деп, өзін әрең ұстап тұрды.
Сорақысы сол, алыпсатардың үйінен, тіпті былтыр көктемде ұрланған мал да табылыпты. Малшы Жанат Нүсіпов «Біз Жетігеннен 10 адам келіп тұрмыз. Он адамның малы осы жақтан шығып жатыр. Бірақ әлі ешқандай қозғалыс жоқ! Малымыз табылған үйдің иесін сақшылар әлі тергемеген. Тіпті тексермеген. Үйінде тайраңдап жүр» деп жауап берді.
Ал үйінен ұрлық мал шыққанына өзін «алыпсатармын» деген адам ұялмайтын сияқты. Керісінше, «бәле іздеп жүрсіңдер!» деп өзімізді кінәлады. Сонда біз қоярда-қоймай «Егер ол қойлар сіздікі болса, ұрланбаған болса, онда көрсетсеңізші!» деп жабыстық. Қария «Жоқ! Сау болыңыз!» деп бет қаратпады.
– Жарайды, ұрламадым, базардан алдым дейсіз, онда кімнен сатып алдыңыз?
– Сізге бұдан да көп мәлімет керек! Басқа ешнәрсе айтпаймын. Сау болыңыз!
Қорасынан ұрлық мал шыққан Ақбастау тұрғынының айтуынша, қорасындағы жүзден аса қойдың бәрі өзінікі екен. Бірақ көрсетпей жатыр. Тіпті камераны жолатпады. Мүмкін, басқа шаруалар малын көріп қойып, тартып алып кете ме деп сескенетін шығар?..
Әлгі алыпсатардың бұлай емін-еркін жүруіне де себеп бар сияқты. Өйткені, шаруалардың айтуынша, оның үлкен ұлы полицияда істейтін көрінеді. Ал қолға түскен күдіктілердің бесеуі 25-тен 38-ге дейінгі тепсе, темір үзетін жігіттер.
Әккі ұрылардың ұсталғаны да қызықты оқиға. Егер көлік құжаты болмаса күдіктілер қолға түспейтін бе еді. Өйткені кезекті түнгі жорық кезінде ұрылардың бірі түзге отырыпты. Қағаз орнына қалтасындағы құжатты пайдаланыпты. Сол қағазда көлік нөмірі мен басқа да мәліметтер жазылған екен. Ең қызығы, қолға түскендердің екеуі 7 ай бұрын дәл осы мал ұрлығы бойынша ұсталып, кейін оларды сақшылар босатып жіберген көрінеді. Бірақ одан сабақ алмағандар ескі әдетіне қайта басқан сияқты.

Сулладин Нәбиев шаруа:

Ұрылардың екеуі былтыр мамырда менің малымды ұрлап, ұсталған. Полицейлер ол кезде тергегендей болды. Бірақ кейін жібере салды. «Неге?» деп сұрағанымда, «шу шығарма, шығыныңды өтеп береді» деді. Бірақ, сол күйі өтеген жоқ. Егер тергеушілер сол кезде ұрыларды жібермегенде, мына былықтың бірі де болмас еді. Қаншама ел адал бағып отырған малынан айырылмас еді. Бұлар бәрі ауыз жаласқандар.

Әзірге кей шаруалар ұрланған малын кері қайтарып алды. Ал қалғандары тергеу толық аяқталғанша табылған төрт түлігін үйлеріне айдап әкете алмайды.

Кегеннің баукеспелері

Алматы іргесінде бес ұры ұсталып жатқанда, шалғайдағы Кеген ауданында тағы бес барымташының қолына кісен салынды. Олар қой емес, кілең жылқы ұрлапты.
Тергеу кезіндегі суық қолды ұрының бірі берген жауап:
Жалаңаш ауылынан 30 бас жылқы айдап әкеттік.
– Қайда алып бардыңыздар?
– Жетігеннің жанындағы Нұра деген ауылға жетпей.
– Жаныңызда кімдер болды?
– Жанымда Дидар, Жандос, Бауыржан деген жігіттер болды.

Жалаңаш пен Кіші Жалаңаш ауылдарын торуылдаған барымташылар бас-аяғы 87 жылқыны айдап әкеткен. Ұрыларға басқа емес, сол ауылдың адамдары көмектескен көрінеді.

Серік Үпиев, Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі:

Бірінші жолы 30 жылқы алып кетсе, екінші келгендерінде 1 айдан кейін сол Жалаңаш және Кіші Жалаңаш ауылы тұрғындарынан тағы да 57 бас жылқыны айдап әкетеді. Өзінің жолдарымен Алматы қаласы маңына жеткізіліп, сол жерде қалыптасқан жүйе бойынша сатылған.
Қазір 5 күдіктінің төртеуі қамауда отыр. Ал біреуі ешқайда кетпеу туралы қолхат жазып, бостандықта жүрген көрінеді. Олар қолды қылған 87 бас жылқының иелеріне қайтуы екіталай сияқты. Өйткені, жартысы сатылып, қалғаны етке өтіп кеткен. Десе де, ұрланған жылқыны кімдердің сатып алғаны белгілі. Оларды жауапқа тарту үшін сақшылар «жан-жақты жұмыс істеп жатырмыз» дейді. Десе де, Ақбастаудағы жағдай мұнда да қайталанбасына ешкім кепілдік бермейді.

Аруна Ортай, «Аптап» КТК

Тақырыпқа орай

Ерден Әріпов, Жоғарғы сот судьясы:

Қолымыздағы дәлел-дерек көрсетіп отырғандай, сотта 251 қылмыстық іс қаралып, 464 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 251 істің ішінде тараптардың татуласуымен 226 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылған. 203 адам сотталып, 1 адам ақталған. Сот үкімімен аталған істерде 70 адам бас бостандығынан айырылды.
Мал ұрлығы бойынша қылмыстық істердің көбі Түркістан облысындағы соттарда (71 адам), Алматы облысында (57 адам), Қызылорда облысы (91 адам), Шығыс Қазақстан (49 адам) облыстарының соттарында тіркелген. Маңғыстау облысында мал ұрлығының ең төменгі көрсеткіші байқалған (бар жоғы екі адамға қатысты 1 қылмыстық іс). Ақмола облысында (6 адамға қатысты 3 қылмыстық іс), Қарағанды облысында (12 адамға қатысты 4 қылмыстық іс) тіркелген.

(2018 жылдың 9 айлық қорытындысы)

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген