Әлеуметтік желіде, басқа да әрқилы әңгімеде «Қыз Жібек» қайта экрандалатын көрінеді» деген сөз шығып жүр. Бірден айтайын, ащы әжуа, күлкі тудыратын жай. Қандай қажеттілік бар? Егер бұрынғы «Қыз Жібек» сәтсіз түсіріліп, түрлі бұрмалаушылықтар болса, қайта тәуекелге баруға болатын шығар. Құдайшылығын айтсақ, дүниежүзі қазақты осы фильм арқылы таныды. Қазіргі фильмдер әйгіледі деудің қисыны келмейді. Осындай сумақай сөздің шығатынын сезді ме екен, бірде Дулат Исабеков: «Қазір «Қыз Жібекті» түсірсе не болар еді? Құдай сақтап кезінде түсіріп алғанымыз қандай ақыл болған» деп еді. Сол кісі айтқандайын, енді қанша жерден кім де болсын таланты тасып туса да, халықтың қанша буынының сүйіспеншілігіне бөленіп, мәңгілікке жадында қалып қойған киноклассика «Қыз Жібек» тумайды.
Орыстардың «Тағдыр тәлкегін» қайта түсіргені сияқты, өзгеге көзсіз еліктеудің түкке қажеті жоқ. Әбден ессіз еліктеу мен солықтаудан өтіп болған жоқпыз ба? Ізденген адамға тақырып қазақтың эпосында, ауыз әдебиетінде, жазба әдебиетінде жыртылып, айрылады. Қазақтың қаһарман қыздары – Алаш амазонкаларын түсіріңіз. Тіпті Дулат Исабековтың «Бөртесін». көріңіз. Осы спектакль кілтін тапсаңыз, фильмге де сұранып тұр. Әлгіндей бөстекі сөз қайдан шығады? Еріксіз мынадай ой туады. Біз әлі күнге «Қыз Жібектің» қадіріне жетіп болған жоқпыз-ау. Болмаса, бұл не түртпек? Айталық, қырғыз фильм кеше де, бүгін де өз тұғырынан түскен емес. Қырғызда кино, қазақта театр озық болған жылдар да есімізде. Сол қырғыздың фильмдерін аузының суы құрып мақтай беретін бір ағамызға, шамасы Болот Шәмшиев пе екен, қырғыздың бір мықтысы «есесіне сендерде «Қыз Жібек» бар ғой» депті (Бұл жауапта да бір қыжыл бар. Заманында осы «Қыз Жібекті» қырғыздар түсірмек болып, Мәскеумен екі ортада тартыс болғаны да бір хикая). Қазақтың барша элитасы, қаймағы мен қаспағы, тайлы-таяғымен жабылып жүріп түсірген «Қыз Жібек» туралы толғанысты тоқтату мүмкін емес.
Сол қырғыздар Ш.Айтматовтың туындыларынан бірінен-бірі өтетін он шақты фильм түсірді. Ал бізде ондай туындылар жоқ па? Жоқ, бізге қайтадан «Қыз Жібекті» түсіру керек. Мен шаршағанда «Шаншарды» көремін. Демаламын. Ол жөнінде бірнеше мәрте қалам да тербедім. Ал қанша жерден күлкі іздесе де «Қыз Жібекті» пародиялап, қарабайыр күлкіге айналдырғанына налығаным рас. Сондықтан енді түсірілетін «Қыз Жібектің» де одан қалай асып түсетінін шамалайсың. Мақала тақырыбына «Қыз Жібек» тұздық болғанымен, қазіргі қоғамда осындай ұлт жанына тиетін кеспірлі кесірге негізделген әуейі әңгімелердің тууына себеп бірнеше факторлар бар. Қазақ киносын өлшеусіз табыс табу, дұрысы – бизнес, майшелпекке айналдырып қана қоймай, оған қауіп-қатер төндіру өзі қалай, қайдан басталып еді? Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы отыз жыл бойы қазақ байларының, олигархтарының көзқұртына айналды.
Тіпті студияны Талғарға көшіру де жоспарланған. Бір бөлігінен өрт те шықты. Қайсыбір жылы Сатыбалды Нарымбетовтің көзі тірісінде А.Әшімұлы бастап, ұлттық киноның адам төзгісіз жағдайын ашып айтып, жоғарыға дабыл түсірді. Бұл салада жылдар бойы қалыптасып, қордаланған мәселелер ақыр соңы киношыларды митингіге шығуға мәжбүр етті. Тіпті оларға сес көрсетіліп, оның ақыры сүргінге ұласып, сотқа сүйреді. Айыппұл арқалады. Бұл қазақ киносы тарихында бұрынсоңды болмаған аса сорақы жағдай еді. Мәселенің шектен шыққаны сонша, қазақтілді киногерлерді «қой мен итке» теңеп, арнайы арандатушылық сурет жасап, әлеуметтік желіге салды. Бұл «Кино туралы» заң қабылданған соң құрылып, күні бүгінге дейін басынан дау кетпеген «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» басшыларының іс-әрекеті еді. Кейбір сенімді дерек көздеріне қарағанда, Үкіметтің ұлттық киноға бөлетін қаржысы аса қомақты көрінеді.
Өкінішке орай, осынша қаржы ту-талақайға түсіп келген. Мәселен, қазақ тіліндегі фильм жобаларға жасалған қиянатының бір көрінісі – 153 өтінімді негізсіз қабылдамай тастаған. Тіпті істің насырға шапқаны сонша, ұлттық құндылықтарды, мемлекеттік тілді менсінбеу ашықтан-ашық жүргізілген. Оның үстіне киноның көркемдік деңгейі емес, оған кеткен қаржы көлемі сөз болған. Киноны ең алдымен өнер деп тану, көрерменнің одан алатын рухани ләззатын назардан тыс қалдырып, науқаншылдық, уақыттың тығыздығын алға тарту дағдыға айналған. Қысқасы, орталық көркем дүние жасаудан гөрі киноның өндірісіне баса назар аударып кеткен тәрізді. Жалпы тарихи телесериалдар түсіруде телеарналарда соңғы жылдар мұғдарында көш ілгерілеушілік бар. Алайда телеарналар мен үлкен форматта тапсырыс қабылдайтын орталықтың мүмкіндігін салыстыруға бола ма? Телесериалдарда өнер бола бермейді, оның өз мүмкіндігі бар.
Телеформат пен үлкен экранға негізделген туындылардың айырмашылығы жер мен көктей. Қысқасы, ұлттық киноның осындай іштей булығып жатқан жағдайы Мемлекет басшысына дейін жеткеніне оның Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайда айтқан мына сөзі айқын дәлел болса керек. «Кино мамандары пайда табу үшін өте арзан фильмдер түсіруге мәжбүр. Сондықтан құны арзан, мазмұны арзан фильмдер пайда болуда. Отандық киноның дамуына жаңаша көзқарас, тың серпін керек. Мысалы, киноға барған көрермен санын есептейтін цифрлық жүйе енгізуге болады. Мәдениет және спорт министрлігіне жуық арада осы жүйені дайындап, қолданысқа енгізуді тапсырамын. Шынында айтуымыз керек, соңғы кезде түсірілген тарихи фильмдердің олқылықтары көп. Сол үшін мамандармен ақылдасып, жалпы кино саласын реформалау керек», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Президенттің бір ауыз сөзінің өзі-ақ бұл саланың бүгінгі деңгейі сын көтермек түгілі, айтуға тұрмайтынын айқын аңғартып тұрған жоқ па? Өскен, өнген елдердің бәрінде өнердің ішінде кино алға шыққан. Киномен саясат жасап отыр. Басқасын былай қойғанда, АҚШ-тың Голливуды мен Үндістанның Болливудын айтсақ та жеткілікті. Бұл елдерде мемлекеттен киноға бөлінетін қаржы қорғаныс саласымен деңгейлес.
Арнайы кино министрлігі, академиясы бар. Бізде ең құрығанда Лениннің «Өнердің ішіндегі ең маңыздысы – кино» деген сөзін еске алып тұрсақ болмас па? Абай телеарнасының «Руханият» бағдарламасын бір жылға таяу жүргізіп, елу бес хабар дайындадым. Соның бірі «Киноның тілін» көрермен жақсы қабылдады. Ютубта жақсы қаралды. Осының өзі қоғамның қазіргі рухани сұранысын, деңгейін байқатпай ма? Айтпағым, әлгі маңызды деген сөзге екпін беру. Хабарға қатысқан марқұм Сатыбалды Нарымбетов «Ұлтты әлемге әйгілейтін екі өнер түрін білемін, ол – кино мен музыка», – деп еді. Расында, солай ғой. Сен өз фильміңде қандайлық адамзаттық, ғаламдық мәселені көтердім дегенмен, оны дүниежүзі қабылдай қоюы екіталай. Өйткені ол оған таңсық емес. Сен кімсің, қазақсың ба, онда оған сол қазақ керек. «Жарығым, ботам, құлыным, алтыным» деген сөзді қазақтан артық ешкім айта алмайды. Дүниежүзі сол сөздің қазақтың қанында қалай бүлкілдеп жатқанын сезінуі керек. Еуропада дала, бала деген ұғым аса жоғары деңгейде айтылмайды. Міне, сен соны көрсетуің керек.
Дүниені жасанды интеллект, жасанды технология, цифрология билеп бара жатқанда біз адамзат бойынан қашып бара жатқан табиғилықты қайтаруымыз керек. Ол үшін ұлттық киноны дилетанттар, маргиналдар, демагогтардан тазалауымыз керек. Президент айтқандай, бұл салада реформа, төңкеріс керек. Қазақ киносындағы сол реформа 70-ші жылдары басталып, 90-шы жылдарға дейін ғана созылды. Өйткені киноның басында Камал Сейітжанұлы Смайыловтай реформатор тұлға тұрды. Саптыаяқтан қарауыл қойған заманның өзінде Камалдар ұлтқа жұмыс кстеудің жолын тапты ғой. Ал енді бұрын-соңды болмаған мүмкіндік беріліп отырғанда қазіргілерге не жорық? Бірде Илья Жақанов «енді ұлттық композитор тумайды» дегенде біреулер сын айтқан болып еді. Неге тумасын, ел болған соң туады ғой. Бірақ мына түрімізбен ол процесс ұзаққа созылмасына кім кепіл!? Сол секілді Камалдардан кейін қазақ киносының басынан не өтпеді? Ақыр соңы қалай болғаны белгілі. А.Әшімұлы күнделігінде «Кинода Камалдай қайраткер болған емес» деп жазыпты. Ендеше бір Камал, бір кемел билемесе, жағдай мүшкіл. Соңғы күндерде ұлттық кино саласында ауыс-түйістер болып жатыр. Бірақ олар Камалдар салған сара соқпақпен жүре ала ма. Кешегі ұлттық киномызда жоқ емес, бар классикалық үлгіні ұстанып, ұлт рухын, бекзат болмысын бедерлейтін жаңа көзқарас, соны ізденістерге құлаш сермей ала ма?
Қали Сәрcенбай, Қаламгер