Қысқы Олимпиада ойындарынан жүлдесіз оралу біздің делегация үшін таңсық емес. Бұған дейін де екі рет күркіреп барып, күмілжіп қайтқанбыз.
Бейжің қысқы Олимпиадасы біз үшін несімен есте қалғанын қайдам, елден барған спортшыларымыздың салтанатты шерудегі киген киімі біраз абың-күбің әңгіме болды. Әсіресе, ту ұстаушылар шорт-трек спортынан сынға түскен Абзал Әжіғалиев пен конькиші Екатерина Айдованың киіп шыққан қазақы нақыштағы ою-өрнекпен әдіптелген киімі көпшіліктің таңдайын қаққызғаны рас. Айдова сақ патшайымы Тұмар бейнесінде, Абзал қазақ батырларының кейпінде көк туымызды желбіретіп шықты. Былтыр Токиода өткен жазғы Олимпиада ойындарына қатысқан делегацияны салтанатты рәсімде бастап шыққан ту ұстаушылардың киімін тіккен дизайнер-модельер Виолетта Иванованың қолынан үш айда шыққан шедеврі көз тартарлық. Бірақ бізге Олимпиада жүлдесін киімімізге қарап таратпайды. Мата орнына бөз өтетін заман болса, мейманамыз таситын еді ғой.
Айтпақшы, ту ұстап шыққан шорт-трекші Абзал Әжіғалиев 4-орын алғаннан кейін әлеуметтік желідегі парақшасында базынасын айтты. Талантты спортшының ашынғаннан шыққан ащы жазбасын ықшамдап ұсынып отырмыз.
Абзал Әжіғалиев, Бейжің қысқы Олимпиадасының 4-орын иегері:
Бәйге күтсең, баптай біл
«Ең алдымен туған еліме қысқы Олимпиаданың жүлдесін тарту етсем деген мақсатым берік еді, бұйырмады. Енді біз қысқы Олимпиада ойындарына қалай әзірлік өткіздік, соған тоқталайық. Бізде шорт-трекшілердің жаттығу өткізуіне сай келетін кешен – «Алау» мұз айдыны. Бірақ бізге астанадағы мұз айдынында толыққанды жаттығу өткізіп, алаңсыз әзірлік жасауға мүмкіндік берілмейді. Кәсіби спортшы болған соң азанда және кешке күн сайын жаттығу жасауымыз керек. Шорт-трек құрамасына арналмағандықтан «Алау» да бізге есігін жиі ашпайды. Өйткені мұз сарайы жеке кәсіпкердің иелігінде, қалай өрістетемін, кімге рұқсат беремін дейді өзі шешеді. Жалға алу ақысын ауырсынбай төлеуге ұлттық құрамада қаржы жетпейді. Жаттығуды айтасыз, киім ауыстырып, затымызды қоятын орын да таппай қиналамыз. Амал жоқ, Еуропаның елдеріне барып, жаттығу өткіземіз.
Рас, Бейжің Олимпиадасына дайындықты «Алауда» өткіздік. Бірақ бізге мұз айдыны тек қысқы аламан басталарда ғана керек емес, үнемі жарау аттай зар күйімізде жүру міндет. Сонда ғана нәтиже көрініп, жетістік бұйырады. Шорт-тректен ұлттық құрама мүшелері ғана емес, жастар мен жасөспірімдер құрамасындағы жеткіншектердің де басындағы осы кеп. Біздегі бастың сақинасы секілді ауруға айналған мәселе осы спорт кешенімен қамти алмауда жатыр. «Нәтиже қайда, тым болмаса, бір медаль бұйырмады» деп жер түбіне жеткізгендер көп. Бізде қысқы спорт түріне арналған әлемдік стандартқа сай келетін кешен жоқ. Кейбір жанкүйер қысқы спорттың мұндай түрі барынан да хабарсыз.
Ауызды қу шөппен сүртуге болмас, еліміздің бірнеше қаласында мұз айдынының кешені бар. Бірақ оның барлығы да шорт-трекпен кәсіби шұғылданатын спортшылардың талабына сай келмейді. Тіпті Қысқы Универсиада үшін салынған Алматыдағы қос арена да сай емес. Айдын жиегіндегі қоршау мат емес борт. Сүрініп кетіп соғылсаң, омақа асасың. «Алауға» кіріп жаттығу жасау үшін уақыт жоқ болса, Алматыдағы аренада да сондай.
Шорт-трек спортына қажетті құрал-жабдықты да заңда рұқсат берілген нормада ғана алады. Мұз айдынының есігінен енуден кейінгі мәселе осы сырғанауға қажетті жабдықты алу. Кәсіби спортқа тек Олимпиада қарсаңында ғана көңіл бөліп жақауратуға болмайды, үнемі назарда ұстап қамқорлық көрсету қажет. Бізге велоспортшылардың әзірлігі ауадай қажет. Велостанок, велосипед, тіпті конькиіміз мұзда лыпып тұру үшін қайрайтын қайрақ гейч, қайратымызды бақылайтын техника керек. Өзге елдің спортшылары мұның бәрімен қамтылған, қайдан алам деп бас ауыртпайды. Біз осындай жоқтың арасында жатып, олардан озып та жүрміз. Әлгі айтқан саймандарды алу керек деп айтсақ, мемлекеттік сатып алу процесінің кешігуімен байланыстырады. Әлемдік дода біздің жабдығымыз түгел емес деп тоқтап қалмайды, межелі мерзімінде өтеді. Кейде механиктеріміз біз үшін өз қаржысына конькиге қажеттіні сатып алады. Өзім талпынып, демеушілерге шығып едім, қолдау танытпады. Бізде спортты дамыту керек деп көп айтады, алайда қысқы спорт жазғы спорт түрлерінің тасасында қалады.
Қысқы спорт түрінің насихаты кемшін, шорт-трек туралы көп адам тереңдей білмейді, бізді тек Олимпиада кезінде ғана насихаттамай, үнемі айтылса, жазылса деп армандайсың. Шорт-тректен әлем кубогының кезеңдері өтіп тұрады, әлем чемпионаты секілді додаларда үздік ондыққа енеміз, Олимпиада чемпиондарынан да озамыз, бірақ қолдау кем, айту аз, құрметтеу шамалы.
Спортшының басты жауы – жарақаты. Бізде сүрініп кетіп жығылсаң, жарақаттансаң, ешкімге керегің де жоқ, құның да көк тиын. Иә, бізге бұл жолы медаль бұйырмады, бірақ командалық сында 5 орын, жекелей сайыста 4-орын алу тарихи жетістік. Енді біз келесі қысқы Олимпиададан жүлде аламыз десек, тек жарты жыл бұрын ғана әзірлікке кіріспей, кешенді түрде, жылдар бойы үздіксіз жаттығу керек.
Менің арманым – еліміздің көк туын желбіретіп, әлемдік ареналарда Әнұранымызды шырқау. Ауыл, аймақтағы жеткіншектерге де спортпен шұғылдануға мүмкіндік жасалса деймін. Егер сен ірі додадан олжамен оралып, медаль тағынып қайтсаң ғана құрметтісің, марапатқа да кенелесің. Ал енді бәйге тілейсің бе, сәйгүліктің бабын келтіру керек емес пе! Күйің келмесе, қалай қайратыңды көрсете аласың? Мен өз командама, бапкерлеріме алғыс айтамын. Біз мұнымен шектелмейміз, шығар шың, алар асу алда. Бұған дейін де қаншама қиындық, кедергіні бұзып-жарып өттік. Жетістікке жету үшін ештеңеден аянбаймыз. Қолдау көрсеткен халқыма, жанкүйерлеріме зор алғысымды айтамын».