Ала жаздай ауылдан қарға адым ұзамай, пима басатын Қонысбайдың қолы босағаны осы. Онда да бармауға лажы болмаған. Қанша дегенмен, жиен. «Жиен назары қатты болады» деп қазақ тегін айтпаған. Араласпаса ағайынның өзі жылдар өте келе жатқа айналады екен. Әдейілеп емес, әрине. Жер шалғай болғандықтан, жыл аралатып қана жүздесіп жүр. Балалар бірін-бірі танымайды да.
Пима басатын Қонысбай жол жөнекей облыс орталығына соққан. Жұмыс күні болса да орталық базар құмырсқаның илеуіндей құжынап жатыр. Аяқ басатын жер жоқ, осы жұрттың жұмысы қайда екен деп ойлады ішінен. Жалпы, Қонысбайдың өзге жұртта шаруасы шамалы. Бұл өзі пима басатын болғандықтан жол-жөнекей базардағы сатарманның қолында өзінікіндей зат бар ма екен, әлде жоқ па соны білгісі келген. Тап бұл басатындай жеп-жеңіл, қонышы қайырылған, кейпі сүйкімді пима жоқ екен. Бір бұрышта қырғыздың келіншектері 2,5-3 мың теңгеден сатып тұр. Олардікі бұзаубас, қонышы әнтек кең, әрі үлкен, өңсіз, сұрықсыздау екен. Шамасы ауылда тұратын ағайындар болса керек, екі-үш қазақ жаңағы көрер көзге сүйкімсіз пимаға саудаласып жатты. Одан өзге көзге ештеңе түскен жоқ. Бір-ақ жерде, оның өзінде де қырғыз пимасы.
Облыс орталығынан Бұландыға сапар шеккен Қонысбай жол бойы базарда көргенін ой елегінен өткізді. Біздің жақта қыс ұзақ. Ақ мұрт ақпан келіп, ағзаңды аяз қарығанда сұлуынан жылуы жақсы емес пе. Денсаулыққа пимадан қолайлысы жоқ. Тек бір өкініштісі, қазіргі жастар пима ки десе аза бойы қаза болады. Әйтпесе, оймақтай қылып, қолдан басқан, жеп-жеңіл, жып-жылы пиманың не жамандығы болсын. Өзімізде қойдың күзгі жүні мен көктемгі жабағысы жан адамға керек болмай іріп-шіріп жатқанда, ең аяғы пима екеш пиманы да қырғыз ағайындар тасып беріп жатыр. Сонда деп ойлады Қонысбай, біздің ең болмағанда әр үйдің ауласында шашылып жатқан жүнді де іске жарата алмағанымыз-ау.
Алыстау салса адасып кететіндей бір-біріне иықтастырып салынған өңкей сұрғылт үйлі Макинск көңілінен шықпайды-ау бұның. Жиен жеңгесі жадырай қарсы алған. Әуелі ұзынсонар амандық-саулық. Содан соң шай. Аттанарға тағы бір шай.
–Екі жерге қант, екі жерге май қойып, дастарханды гүл қылып жіберген жоқпын ба,–дейді жеңгесі Сәнім қуақыланып,–Жиен ағаңның еңбекақысы «жаңа қазақтардың» мейрамханадан ішкен асына төлегенінің сдашысы сияқты ғой. Әйтеуір, соны жеткізіп отырмыз. Ер жеткен екі бала жұмыссыз. Алды 30-ға келсе де әлі күнге дейін күнкөрістері мүгедек әкелерінің мойнында.
Қонысбай келген шаруасын тәмамдаған соң кейін қайтқан. Макинскіден Астанаға асатын жолдың қос қапталында саңырауқұлақ, бал, әртүрлі тосаптар, қайың жапырағынан буылған шыпыртқы сататындар самсап тұр. Еріксіз бұрылған. Әуелі ермек үшін. Әншейін базар нарқын бағамдамақ болып. Бір литр таңқурай 1,5 мың, ара балының 1 литрі 2000, қайың шыпыртқы 150 теңге, жидектің 2 литрлік тосабы 3500 мың, картоптың 10 литрлік шелегі 1000 теңге, балға батырылған қарағай бүртіктері салынған 1 литрлік бәнке 1500 теңге және үлкенді-кішілі ыдыстарда тұздалған саңырауқұлақтың түр-түрі толып тұр.
–Әрбір маусымда 1 миллион 200 мыңнан 1 миллион 500 мыңға дейін табыс табамыз,–дейді кәсіпкер Нина Владимирова,– жаз бойы қол қусырып қарап отыру деген жоқ. Біздің Бұланды өңірінің табиғаты тұнып тұрған байлық қой шіркін.
Қонысбайдың кісінің қалтасындағы ақшасын есептейтін әдеті жоқ еді. Қашан да бақай есептен, қызғаныштан ада. Осы арада ала жаздай орман аралап, жер ананың ырыздығын теріп, жеп жүргендерге кереметтей разы болмасы бар ма. Шынында да бәрі еңбекпен келетін дүние ғой. Жаңа ғана жиен ағасының үйінде өз көзімен көрген жадау тіршілік, жүдеу дастархан, салы суға кеткен қаракетсіздік туралы ойлады. Ал, мынау жол жиегіндегі таңның атысы, күннің батысы құмырсқадай қыбырлап, бір қарағанда болымсыз көрінетін, бірақ, шынтуайтында отбасын асырауға қауметі қаптал жететін таза еңбектің үлгісі көріп, шын ниетімен разы болды. Жиен ағасының үйінде тепсе темір үзетін екі азамат шыбық басын сындырмай бос отыр. Осыдан кейін барып өмірге өкпелейміз, қоғамға кінә артамыз.
Қонысбайдың өзі де өлмес кәсібін тапқан. Баяғы Айыртау өңірінде әркімнің үйін салып, қорасын шабатын ақсақ Андрейден қалған сабау, күзем жүнді тарайтын, тістері сойдиған ат тарақ, жүн жуатын шұңғыл бөшке асырап тұр. Ал, жүн дегеніңіз тіпті, тегін. Қолдан басқан пиманың рахатын ел көреді. Еңбегінің жемісін мұның отбасы, несі жаман?!.
Шыбын тайып жығылатын теп-тегіс асфальт жолмен келе жатып, ойына небір жайлар оралған. Біздің қазекең деп ойлады Қонысбай. Сөзге ғана мықты ғой. Шіркіндерді сөйлетіп жіберсең, Таяу Шығыстағы проблемадан бастап Ливияның Каддафиіне дейін таратып береді. Өткенде айттың шайын ішіп отырған. Кешегі кеңес кезінде жылқы баққан Есенбай есіп отыр. Былтыр дейді ол қарагер атымды суаруға барғанмын. Ескі баз жақтан қасқыр-қасқыр деген дауыс шықты. Содан қарагерді суармастан жайдақ міне салып тура қудым. Құдай біледі бір өтірігі жоқ, Жарқын көліне дейін қуып жеттім. Қара жерде қасқырға қуып жету үшін астыңа мінгенің тұлпар болуы керек қой. Қуып жеттім де, үзеңгімді суырып,–дей бергенде, қасында отырған Бозкеннің Серігі қолын ұстай алды:
–Сен мана жайдақ шығып едің ғой,–деді. Айттың шайында ошарылып отырған отыз адам күлкіге көміліп қалды.
Қазақ болып өмір сүру де қызық қой, шіркін…
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Ақмола облысы, Бұланды ауданы