jasqazaq.kz

Кибербуллингтің алдын алу – суицидке жол бермеу

Бүгін, 11:34

Қазіргі балалар мен жасөспірімдердің өмірі ғаламтормен тығыз байланысты. Ата-ана да, мектептегі мұғалім де оған тыйым сала алмайды. Әлемдік өрмекте киберқауіп қатер төндіретіні қаперге алынбайды. Әсіресе, жас ұрпақтың психикалық жай-күйіне жағымсыз әсер ететін кибербуллингтің өріс алуы алаңдатарлық құбылыс.
Кибербуллинг — цифрлық технологияларды пайдалана отырып, қорқыту және қинау. Ол көбіне әлеуметтік желілерде, ойын платформаларында кездеседі. Кибербуллингке ұшыраған бала немесе жасөспірім өзін тығырыққа тірелгендей сезінеді. Кибербуллинг жасайтындардың мақсаты қорқыту, қорлау десек, ой-санасы қатпаған балаға жаман әсер етеді. Кибербуллингке ұшыраған бала күйзеліске салынып, ақырында суицидке баруы да мүмкін. Сондықтан кибербуллингке қарсы мақсатты түрде күрес жүргізу керек.
Осы бағытта Түркістанда жүзеге асып жатқан «Жасөспірімдердің цифрлық гигиена дағдыларын қалыптастыру және кибербуллингтің алдын алудың әдістемелік жүйесін әзірлеу» атты ғылыми жоба қоғам назарын аудартып отыр. Біз осы жобаның жетекшісі, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік универсиитетінің PhD, доцент м.а. Динара Қадірханқызы Бердімен сұхбаттасып, жоба мақсаты мен нәтижелері жайлы кеңірек білуге тырыстық.

– Динара Қадірханқызы, жоба атауына қарап, өте өзекті мәселеге бағытталғаны байқалады. Жалпы, бұл бастама қандай қажеттіліктен туындады?
– Шынында да, жобаның өзегі – қоғамда күн тәртібінен түспейтін мәселе. Біз қазір цифрлық дәуірде өмір сүріп отырмыз. Балалар мен жасөспірімдер интернет кеңістігінде еркін жүреді, алайда сол кеңістікте кездесетін қауіптер, яғни кибершабуылдар, буллинг, жалған ақпараттар оларды психологиялық тұрғыда шаршатып, кейде күйзеліске ұшыратады. Жобамыздың басты мақсаты жасөспірімдердің цифрлық гигиена дағдыларын қалыптастыру, интернеттегі өз-өзін ұстау мәдениетін үйрету және кибербуллингтің алдын алу жүйесін педагогтермен бірлесіп әзірлеу.


Жобамыздың басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің цифрлық гигиена дағдыларын қалыптастыру және кибербуллингтің алдын алу бойынша кәсіби педагогикалық қызметті жоспарлау, ұйымдастыру мен іске асырудың әдістемелік жүйесін әзірлеу және іске асыру
– Сонда бұл бағытта нақты қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Жобамыз бірнеше маңызды бағытта жұмыс істейді. Теориялық негіздерден бөлек, біз Түркістан қаласындағы бірнеше мектепте жобаның практикалық бөлігіне баса назар аудардық. Атап айтқанда, мектеп психологтары мен педагогтерімен бірлесе отырып, кибербуллингке қатысты жағдайларды зерттеп, арнайы тренингтер мен семинарлар ұйымдастырдық. Осындай практикалық қадамдар арқылы біз әдістемеміздің тиімділігін сынақтан өткізіп, кері байланыс жинап жатырмыз.
– Кибербуллингке қатысушылардың психологиялық бейнесін ашу не үшін қажет?
– Бұл алдын алу және түзету жұмысында өте маңызды. Егер біз агрессордың ішкі әлемін, мотивациясын, отбасылық фонын түсінбесек, онымен дұрыс жұмыс істей алмаймыз. Сол сияқты, құрбандардың да психологиялық қолдауға мұқтаж екенін ескеру керек. Осы ретте екінші семинарымыз «Кибербуллингке қатысушыларды психологиялық қолдаудың формалары мен әдістері» атты жиынымыз киберқұрбандарды қайта бейімдеуге, буллерлердің агрессиясын азайтуға, жалпы қатысушылардың өзін-өзі реттеу дағдыларын дамытуға арналған практикалық ұсыныстарға толы болды.
– Осы семинарлардың практикалық пайдасы қандай болды?
– Семинар барысында қатысушылар нақты алгоритмдермен танысты: құрбандармен психологиялық жұмыс жүргізу әдістері, буллерлердің мінез-құлқын түзету жолдары, ата-аналар мен мұғалімдерге арналған ақпараттық жұмыстардың мазмұны, киберэтика мен интернет қауіпсіздік сабақтарын енгізу формалары. Ең бастысы біз бұл жұмыстың нәтижесі білім саласында ғана емес, отбасы ішінде де көрінуі тиіс деп білеміз. Өйткені киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуде ата-ананың медиасауаттылығы шешуші фактор болып табылады.
– Осы жобаның нәтижесінде қандай өнімдер дайындалады?
– Жобамыз аяқталғанға дейін бірнеше маңызды өнім ұсынылады:
«Цифрлық гигиена және кибербуллинг» оқу құралы; Жасөспірімдер арасындағы кибербуллингтің алдын алудың ғылыми-әдіснамалық негіздері» атты монография; «Қауіпсіз интернет» атты танымдық веб-сайт; Ғылыми мақалалар мен халықаралық конференциялардағы баяндамалар.
– Бұл жоба жалпы кімдерге арналған. яғни нақты тұтынушылары кім болады деп ойлайсыз?
– Ең алдымен жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдері, психологтар мен тәрбиешілер, одан кейін жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарында оқитын студенттері мен оқытушылары, ата-аналар, психология және педагогика саласындағы ғалымдар. Яғни бұл – кең ауқымды, жалпыұлттық мәселе. Сондықтан жоба нәтижелері тек ғылыми ортада емес, мектеп деңгейінде де кеңінен қолданылуы қажет.
– Сұхбатыңызға рақмет. Жасөспірімдердің қауіпсіз дамуына бағытталған бастамаларыңызға сәттілік тілейміз!

Бүгінгі таңда цифрлық орта – жасөспірімнің қалыптасу кеңістігіне айналғаны жасырын емес. Алайда, ол кеңістіктегі қауіптер мен психологиялық қысымдарды елемеу үлкен қателік болар еді. Түркістан қаласындағы мектептерде жүзеге асып жатқан бұл жоба жасөспірімдердің саналы цифрлық мәдениетін қалыптастыруға, кибербуллингтің алдын алуға нақты ғылыми-тәжірибелік шешім ұсынуымен құнды.
Мектеп пен ата-ана, психолог пен ұстаздың бірлескен әрекеті арқылы балаға қауіпсіз ақпараттық орта қалыптастыру – тек бүгіннің емес, ел ертеңінің де кепілі. Цифрлық гигиена – тек технологиялық сауаттылық емес, ол – тұлғалық тұтастықтың бір бөлігі.

Әлия Білдебекова,
Түркістан қаласы

Бүгін, 13:08
Түркістан: Бос орындар жәрмеңкесі мен форум өтті
Бүгін, 12:52
Түркістан: Балалар суицидіне түрткі болатын жағымсыз факторларға қарсы күрес жалғасады
Бүгін, 11:59
Түркістан: Жеті жылда тұрғын үй құрылысы үш есе өсті
Бүгін, 11:34
Кибербуллингтің алдын алу – суицидке жол бермеу
19 маусым, 16:05
Түркістан: Жеті жылда индустриалдық аймақтардың жұмысы өрледі
19 маусым, 15:22
Рухани құндылық: «Дәстүрін дәріптеген әз Түркістан» өнер фестивалі өтті
19 маусым, 14:41
Түркістан: Жеті жылда жалпы өңірлік өнім көлемі 4, трлн теңгеге жетті
18 маусым, 16:26
Шара Әбдірахманова: Бала ештеңе айтпаса да, іштей көмек сұрап тұруы мүмкін
18 маусым, 15:10
Түркістан: Келес ауданында газ тартылып, жол жөнделіп, ауыз сумен қамтылуда