Қызылордалықтардың 35 пайызы шағын және орта кәсіпкерлік салада жұмыс істейді

10 шiлде 2023, 20:37

Қызылорда облысында кәсібін дөңгелетіп отырған шағын және орта кәсіпкерлердің саны 37,5 пайызға ұлғайып, 72 685 бірлікке жетті. Бұл осы секторда жұмыспен қамтылғандардың жалпы санын
18 пайызға арттырып отыр. Демек жалпы саны 121700 адам шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылып отыр.

Бүгінгі таңда облыс экономикасында барлық жұмыспен қамтылғандардың шамамен 35 пайызы шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді. Бұл туралы бүгін Қызылорда облысының «Өңірлік коммуникациялар қызметі» КММ орталығында кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жайында өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Азамат Каюпов айтты.

Ұлттық экономиканың тұрақты дамуының негізгі факторы кәсіпкерлік саласы екені баршаға белгілі. Макроэкономикалық тұрақтылықтың негізі ретінде қолайлы бизнес-ахуалды құру – басты міндеттердің бірі. Облыста шағын және орта кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі 18,3 пайызға жетуі кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және оны дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана.

Бүгінде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба жүзеге асырылып, ауыл тұрғындары мен жастардың кәсіпкерлік бастамаларын жеңілдікпен несиелендіру жұмыстары басталды. Биылғы жылы кәсіпкерлікті қаржылай қолдау мақсатында әртүрлі көздерден шамамен 23 млрд. теңгеге жуық қаржы қарастырылып, жыл басынан бері 2 мыңға жуық жобаға қаржылай қолдау көрсетілген.

«Атап айтқанда, мемлекеттік гранттар беруге – 2,2 млрд. теңге, жастарға микрокредиттер беруге – 1,3 млрд. теңге, ауыл кәсіпкерлеріне микрокредиттер беруге – 3 млрд. теңге, банктер арқылы кредиттер беруге – 7,4 млрд. теңге бөлінді, «Аграрлық несие корпорациясы» – 6,6 млрд. теңге, «Қызылорда» ӨИО – 2,9 млрд. теңге қарастырылды.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында бизнестің жалпы несие портфелі 12,9 млрд. теңгені құрайтын 484 жобасы субсидияланды.
Қаржы ұйымдары арқылы шағын бизнестің 723 жобасы 9,3 млрд. теңгеге несиелендіріліп, жас кәсіпкерлердің 316 жобасын 2 млрд. теңге шамасында қаржыландыру мақұлданды. Оның ішінде аграрлық несие корпорациясымен – 7 млрд. теңге шамасында 378 жоба несиелендірілді. «Қызылорда» ӨИО арқылы – 2,3 млрд. теңгеге 345 жоба шағын несиелендірілді. Жастарға – 2 млрд. теңге шамасында 316 жобаға жылдық 2,5%-бен несие берілді, – дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Азамат Биғалиұлы.
Тағы да сандарды сөйлетсек, 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мемлекеттік гранттар жұмыссыз азаматтардың 722 жобасына табысталды.

«Негізінде 5 млн. теңгеге дейінгі гранттар беру конкурсын үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығында өткізу жоспарланған. Бөлінген қаржы – 124,250 млн. теңге. Қазіргі таңда Үкіметпен мемлекеттік гранттар беру құралына қосымша өзгерістер енгізілуде. Бұдан өзге, өңірде шағын өнеркәсіп парктерін құру қолға алынды. Ол үшін республикалық бюджеттен 1 млрд. теңге, ал жергілікті бюджеттен 100 млн. теңге қаражат қарастырылуда. Жыл соңына дейін жалпы ауданы 7,2 мың шаршы метр болатын 3 шағын өнеркәсіп паркін құру жоспарлануда. Оның екеуі шағын паркі – жаңа құрылыс («Сансызбаев» ЖК, «Алтай Транс Ойл» ЖШС), біреуі – қайта құру жолымен («Сүйеніш»ЖК) жүзеге асырылады», – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Туризм саласында, кәсіпкерлердің санитариялық-гигиеналық тораптарын (СГТ) күтіп-ұстау, жол бойындағы сервис объектілерін салу, сыйымдылығы жүргізушінің орнын қоспағанда, сегізден астам отыратын орны бар автомобиль көлік құралдарын сатып алу, туристік қызмет объектілерін салу, реконструкциялау кезіндегі шығындардың бір бөлігін субсидиялау қолдау құралдары да қарастырылған. Жыл басынан бері 2 кәсіпкердің жол бойындағы сервис объектілерін салу шығынын өтеу мәселесі республикалық бюджетте қаралып жатса, 17 нысанның санитариялық-гигиеналық тораптарын (СГТ) күтіп-ұстау шығындары мемлекет тарапынан өтелді.
Кәсіпкерлік саласын мемлекеттік қолдаудан бөлек, салықтық ынталандыру шаралары да қоса атқарылуда.
Биылғы жылы бөлшек сауда және халыққа қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлерге (қызметтің 190 түрі бойынша) бөлшек салық режимін қолдану мүмкіндігі берілді. Режим қосымша құн салығы мен әлеуметтік салықтан босатуды, сондай-ақ айналымнан 4% табыс салығын төлеуді қамтып отыр. Салық кодексіне сәйкес, облыста бұл 4 пайыздық мөлшерлеме жергілікті мәслихаттардың шешімімен 2 пайызға дейін төмендетілді.
Бөлшек салық режимін қолдану үшін Үкіметтің қаулысымен айқындалған қызмет түрлерімен облыста шамамен 35 мыңнан аса кәсіпкер жұмыс жасайды. Бұл кәсіпкерлердің алдағы уақытта осы бөлшек салық режиміне ауысуына, тиісінше салықты 2% мөлшерлемемен төлеуіне мүмкіндік бар.
Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру проблемаларының бірі – қолайсыз реттегіш жүйе және шектен тыс әкімшілік жүктеме екенін белгілі. Аталған проблеманы шешу үшін Мемлекет басшысы 2021 жылы 30 желтоқсанда Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері жөніндегі заңға қол қойғаны белгілі.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында алдағы бесжылдықтың шағын және орта бизнесті қолдауға арналу қажеттігін атап өтуі де бұл мәселенің басты назарда тұратынын білдіреді. Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша Премьер-министр берген тапсырмалардың бірі де осы халықтың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға байланысты болатын.
Бұған дейін аймақ басшысы өңірде кәсіпкерлікті қолдау және дамыту шараларын жүйелі түрде жүзеге асыру бойынша 2025 жылға қарай шағын және орта бизнестің үлесін 25 пайызға, ондағы жұмыспен қамтылғандардың санын 125 мың адамға жеткізу міндетін мәлімдеп, сала басшыларына жауапкершілік жүктеген.
Шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бағыты бойынша «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының орындалуы басты назарға алынады. Бұл ретте аймақта экономиканың шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту секторын одан әрі жетілдіру, бизнес климатты жақсарту іс-шаралары алдағы уақытта да жалғаса береді.

А.ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Қызылорда

09 тамыз, 14:35
Түркістан: Жасөспірімдерге арналған профилактикалық іс-шаралар өтуде
08 тамыз, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
08 тамыз, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды