Қызылордалық кәсіпкер Ботагөз Арқашбаева асыл тұқымды ешкі өсіру жобасын жолға қойып, тұтынушылар арасында жоғары сұранысқа ие табиғи өнімдерді нарыққа шығарып отыр. Кәсібін 10 ешкіден бастаған кәсіпкердің шаруашылығында бүгінде 100 бас асыл тұқымды ешкі бар.
Ботагөз Қызылорда облысы Шиелі ауданы Ыбырай Жақаев ауылында тұрады. Ол – мамандығы бойынша кәсіби биші, ауыл балабақшасында музыка жетекшісі болып жұмыс істейді. Мұнымен қоса, жеті жылдың көлемінде жеке кәсіппен айналысып келеді.
«Әке көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер» деген мақал үнемі ойымда тұрады. Өйткені бала күнімнен анамның көрсеткен үлгісі жеке кәсіппен айналысуыма себепші болды. Анам ешкі өсіргенді ұнатады. Анамның осы қызығушылығын кәсіпке айналдырса қалай болар екен деп ойлана келе осы істі қолға алдым. Оның үстіне үй жануарларының басқа түрлеріне қарағанда, ешкі өсіруге азық қоры аздау кетеді», – дейді Ботагөз Арқашбаева.
Ботагөз алғашында кәсібін бастағанда қолында жергілікті тұқымнан 10 ешкісі болды. Кейін ешкі өсіру мәселесін зерттей келе, сүт бағытын таңдап, ешкі тұқымын асылдандыруға көшеді.
«Кәсіпті қолға алған жеті жылдың үш жылын ешкі тұқымын асылдандыруға арнадым. Сөйтіп мал басын 100-ге жеткіздім. Нәтижесінде өнімділік артты. Әр ешкі күніне 3-6 литрден сүт береді. Нарыққа ешкінің сүтін, айранын, майы мен құртын шығарып жатырмын. Халықтың өзінің дастарқан мәзірінде табиғи өнімге басымдық беріп жатқаны қуантады. Негізі өнімдер сатуға шығарғанда-ақ жылдам өтіп кетеді. Шиелі ауданының өзінен артылмайды десем болады. Дегенмен Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларына да жіберіп отырмын. Ол жақта да тұрақты тұтынушылар қалыптасты», – дейді кәсіпкер.
Сұраныстың артуы кәсіпкерден өнім көлемін көбейтуді талап етені сөзсіз. Әрі Ботагөздің өзі де алдағы уақытта өнімдерін кең ауқымда сауда сөрелеріне шығаруды көздеп отыр. Кәсібін кеңейту мақсатында шағын цех ашып, құрал-жабдықтар алу үшін кәсіп иесі жеңілдетілген несие алуға бел байлайды.
«Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 6 пайызбен шағын кәсіпке несие алуға болатынын былтыр Шиелі аудандық кәсіпкерлік бөліміндегі мамандардан білдім. Құжаттарымды жылдам жинап, тапсырып, көп уақыт өтпей-ақ 17,5 миллион теңге несие алдым. Бұл қаржыға қазір шағын ғимарат салып жатырмын. Сондай-ақ сүт сауатын, май шайқайтын аппараттар, лоток, вакуумдеу құралдарын сатып алып қойдым», – дейді Ботакөз Арқашбаева.
Кәсіпкер құрылыс жұмыстары біткен соң осы жабдықтар арқылы өнім көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Шағын цех өнімін сертификаттауға мүмкіндік береді. Осыдан кейін дайын тауарды сауда орындарына шығаруға жол ашылады. Ботагөздің шағын кәсібінде әзірге үш адам тұрақты жұмыс істейді. Алдағы уақытта өндіретін өнім көлеміне қарай жұмысшылар санын да арттыруды қарастырып отыр.
Ерекше атап өтетін жайт, жақында Қызылорда қаласының сол жағалауынан шағын өндірістік аймақ іске қосылады. Бұл аумаққа азық-түлік өнімдерін шығаратын кәсіпкерлер орналасады деп жоспарланған. Бүгінде кәсіпкерлерге өз кәсібіне қажетті құрал-жабдықтар алу үшін «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 3 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі.
Айжан Жұмабекқызы,
Қызылорда облысы
Фото: «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығының баспасөз қызметі