
tengrinews.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қаңтар айында Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң баға берді. Президент облыста бірқатар салалармен бірге инфрақұрылымды жақсарту жайына тоқталып, нақты міндеттер жүктеді. Қызылорда облысында тұрғын үй құрылысы осы инфрақұрылымның негізгі бағыттарының бірі ретінде дамып келеді.

Осы орайда соңғы жылдары Сыр өңіріндегі тұрғындарын баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айтқан абзал. Мемлекеттік бағдарламалар мен бюджет қаржысы арқылы жүзеге асырылып жатқан жобалар аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымының әлеуетін арттыруға мүмкіндік беруде.
Облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Марат Мырзабеков jasqazaq.kz порталының тілшісіне берген сұхбатында өңірдегі тұрғын үй құрылысының барысы туралы баяндады. Ол осы саладағы жұмыстардың «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында іске асып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылы бюджет қаражаты есебінен барлығы 2477 пәтер пайдалануға берілген. Осы мақсатпен бөлінген қаржы 36 млрд теңгені құрады. Ал биыл 2400 пәтер құрылысына 55,6 млрд теңге бөлініпті. Бұл ретте өңірде құрылыстың сапасы мен нысанды уақытында тапсыруға айрықша мән беріп отырғанын атап өткен жөн.
«Бұл үйлер өңірдегі баспана кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Соңғы жылдары тұрғын үй құрылысына ерекше назар аударылып отыр. Биыл пайдалануға берілген пәтерлердің басым бөлігі Қызылорда қаласына тиесілі», – дейді Марат Мырзабеков.
Осы салаға жауапты басқарманың мәліметіне сәйкес, облыс орталығында 1895 пәтер пайдалануға берілді. Сонымен қатар аудан орталықтарында 332 баспана салынса, Байқоңыр қаласында 250 пәтерде қоныс тойы тойланды.
Басқарма басшысы келтірген деректерге жүгінсек, тұрғын үй құрылысы тек облыс орталығында ғана емес, аудандарда да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл өз кезегінде ауыл-аймақтардың дамуына да септігін тигізеді. Жаңа үйлердің салынуы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, сондай-ақ ауылдық жерлерге түрлі мамандық иелерін тартуға мүмкіндік береді.
Өңірде тұрғын үй құрылысы алдағы жылы да жалғасын табады. Қазіргі таңда ағымдағы жылға арналған жоспарлар да бекітілген.
Марат Мырзабеков, сонымен қатар, биыл атқарылатын жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, 2026 жылы бюджет есебінен 2400 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде 2360 пәтер Қызылорда қаласында, ал 40 пәтер Жаңақорған ауданында салынатын болады. Бұл жұмыстар өңірде тұрғын үйге деген сұранысты азайтуға бағытталып отыр.
Жалпы облыста жүзеге асырылып жатқан құрылыс жобалары халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдауға ықпал етуде. Алдағы жылдары жаңа тұрғын үйлердің саны артып, баспана кезегінде тұрған азаматтарға қосымша мүмкіндіктер жасалмақ.
Олжас Әбдіхалық