Қызылорда: шалғай ауылдарда амбулатория құрылысы басталды

14 шiлде 2023, 15:10

Қызылорда облысы, Арал ауданы, Райым ауылдық округы Қызылжар елді-мекеніндегі дәрігерлік амбулаторияның іргетасын қалау жұмыстары басталды. Жалпы сомасы 400 млн теңгеге жуық қаржыны құрайтын бұл құрылыс осы үстіміздегі жылдың қазан айында аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Заманауи нысан іске қосылғанда мұнда дәріханалық бекет, қабылдау және оқшаулау бөлмесі, лаборатория, физиотерапиялық емдеу мен күндізгі емдеу кабинеттері жұмыс істейтін болады. Амбулатория бір мезгілде 20 адамды қабылдап, 14 тұрғынның стационарлық ем қабылдауына лайықталған.
Құрылысты «Астана сервис LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізу үстінде. Аталған ғимараттың құрылысына бірнеше ауыл тұрғындары жұмысқа тартылып отыр. Алдағы уақытта тағы да қосымша онға жуық адам құрылыс ісіне жұмылдырылады.
Дәл осы сияқты Арал ауданына қарасты Бөген ауылдық округінде де типтік жобадағы дәрігерлік амбулаторияның іргетасы қаланып, қауырт жұмыс жүргізілуде. Екі мыңға жуық тұрғыны бар ауылға арналған бұл ғимараттың құрылысын да қазан айында аяқтау жоспарланған. Мердігер мекеме «Аманқұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары нысанды белгіленген мерзімде аяқтау үшін барлық ресурс жеткілікті деп отыр.
Арал ауданы әкімдігінің тиісті бақылауында жүргізіліп жатқан бұл құрылыстар ауыл тұрғындарының ұзақ жылдардан бері көтеріп келе жатқан өзекті мәселесі болатын. Басы ауырып, балтыры сыздаған ауыл халқының барар жері – амбулатория мәселесінің шешімін тапқаны жұртшылықтың үлкен қуанышына айналып отыр.
Айта кетейік, былтыр Қызылорда облысында халық денсаулығын жақсарту мақсатында ең бірінші кезекте әлеуметтік нысандар құрылысына басымдық беріліп, білім, медицина, мәдени-спорттық – барлығы 17 ғимарат пайдалануға берілген. Шалғайдағы елді мекендерде 9 заманауи амбулаториялық бекет салынып, бүгінде ел игілігін көріп отыр. Сондай-ақ былтыр Қазалы ауданының орталығында бір мезетте 250 адамға арналған көпсалалы емхана ашылды.


Енді алдағы екі жылда аймақта 27 денсаулық сақтау нысаны бой көтереді. Бүгінде шаһардың сол жағалауында заманауи облыстық қан орталығының, 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, өңірде денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жыл сайын артып келеді. Осы жылы сала бюджеті – 104,1 млрд теңгені құрап отыр. Осыған сәйкес аймақтың медициналық мекемелерін заманауи техникамен қамтамасыз етуге 3,4 млрд теңге бөлінген. Өткен жылы денсаулық сақтау мекемелерінің жаңа құрылғылармен жабдықталуы 83,5 пайызды құрап, медициналық мекемелерге 20 санитарлық автокөлік берілген, шалғай елді-мекендердегі тұрғындарға қызмет көрсету үшін 5 жылжымалы кешен ұйымдастырылған.
Бүгінде Қызылорда облысында 18 стационарлық және 26 амбулаториялық медицина ұйымдарында екі жарым мыңнан аса дәрігер, он мыңға жуық орта буын маман халық денсаулығы мен өмірін сақтау жолында тер төгіп жүр.
Өңірде денсаулық сақтау саласын дамытудың кешенді жоспары бойынша жүйелі жұмыстар кезең кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша биыл елді мекендерде 15 дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық пункт пайдалануға беріледі. Ал қалған 11-і келер 2024 жылы іске қосылады.

А.Жұмабекқызы,
Қызылорда

 

09 тамыз, 14:35
Түркістан: Жасөспірімдерге арналған профилактикалық іс-шаралар өтуде
08 тамыз, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
08 тамыз, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды