Жайықтың жағасындағы жанталас
Ақ жайықтың асау толқындары бүгін долданып жатыр. Ақ көбік атып, жағаны жайпап жіберердей үйіріп соғады. Әдетте, өзен табаны ғана шымырлап ағатын қара су бүгін еш қисынсыз аударылып-төңкерілуде. Жайылманың жағасында 16 жастағы Айым ағысқа қарап, меңіреу кісіше мелшиіп қатып қалған. Көз алды тұманданып, бір шешімге келген жандай сұрланып, тістеніп алыпты. Долы толқындар періште қызды ағысқа сүйреп, қарт Каспийдің тұңғиығына тартып әкетуге асығып жатқандай. Қыз да соған бейіл сияқты. Нәзік денесін жел Жайыққа қарай тартса, бұл да соған ыңғай беріп тұр. Ақ жайық айдаһарша аранын ашады, Айым тілсіз мақұлыққа жұтылудың аз-ақ алдында тұр. Өмір мен өлім арасындағы осы бір көрініс көрер көзге тым сүркейлі, қорқынышты еді.
16 жасқа толып, құлын мүшесі көз тарта бастаған Айымды әкесі Бақытбек сырт көзден қызғанып әлек. Өзі діндар адам үшін қызының бойжете бастағаны азаппен бірдей болды. Оның үстіне Бақытбекке ұстаз болып, дін жолына тартқан азаматтардың түсінігі мүлде бөлек-ті. Олар «Намаз оқымасаң да болады. Бірақ Алла жолына қызмет етуің керек. Ол үшін жиһад жаса. Қызыңды жыныстық жиһадқа бер. Мұсылмандар 16 жасқа толған қыздың некесін қиып, күйеуге беруге асығу керек. Сенің қызың 16 жасқа толыпты. Ойлан!..» – деген.
Бұл әлгі «дінбауыр» атап жүрген жігіттердің сөзін ұмыта алмай, Айымның күн сайын қызғалдақтай құлпырып өсіп келе жатқанына қарап, ойы онға, санасы санға бөлінетінді шығарды.
Бір күні Бақытбек өз ойын әйеліне айтып көріп еді. Ол шоршып түсті. Арада тағы бірнеше ай өтті. Бақытбек «дінбауырларымен» жиі кездесіп, үнемі әңгімелерін тыңдайтын. Олардың сөзі құлағына балдай татып, судай сіңіп жатты. Сондағы мұның ең жақсы ұққаны – әлемде бір-бірімен жау екі түрлі ғана дұшпан бар екен. Олар – мұсылмандар мен кәпірлер. Мұсылман жігіттері үшін орындалатын шарт – жиһад жасау. Әйелдер үшін – жыныстық жиһад немесе 16 жасқа толған қызды мұсылманға екінші немесе үшінші әйелдікке беру. Ол осы ойға әбден бекінді.
Айым мектепке баруға дайындалып, айна алдында бойын түзеп жатқан. Бақытбек қызының үстіндегі мектеп формасына бір көз тастады да «Айым, енді сен мына киімді кимейсің. Мектепке де бармайсың. Оқымайсың» – деп шорт кесті. Ертеңгі шай қамымен жүрген әйелі Сәуле мұны естіп селк ете қалды. «Әкесі-оу, не айтып тұрсың? Оқымағаны несі? Қызың биыл мектеп бітіреді ғой. «Алматыдағы журналистика факультетіне береміз. Қызымыз журналист болады» – деген уәдеміз қайда қалады?» – деп күйеуінің сөзіне араласа бастады. Айым аң-таң. «Әке, сіз не айтып тұрсыз?» – деп көзі жасаурап, қаққан қазықтай сілейіп тұрып қалды…
Сол күні ол бір сыныпта бірге оқитын құрбысы Жансаяға айтты бар сырын. Жансаяның да әке-шешесі намазхан кісілер еді, ол мұндай әңгіменің өз отбасында да жиі айтылатынын жеткізді…
Бақытбек отбасына жайлы азамат еді. Бала-шағасын еркелетіп, әйелі Сәулеге дауыс көтеріп те сөйлемейтін. Сол күнгі таңғы шайдан кейін бұлардың арасындағы сыйластық жіңішке жіптей үзіле бастады. Қыз әке сөзін тұңғыш рет тыңдамады. Әйелі бірінші рет күйеуіне қарсы шықты.
Арада тағы бірнеше күн өтті. Бақытбектің үйіне «дінбауырлары» жиналып, әңгіме-дүкен құрып отырған. «Мұсылман әлеміндегі соғыс, кәпірлер басқарған елдердің тағдыры» – деген сөздер борандай гулейді.
Сол күні олардың ішіндегі әйелі жыныстық жиһадқа кеткен Бауыржан деген қырықты қырқалап қалған жігіт ағасының көзі еліктің лағындай Айымға түседі. Сөз арасында «Бәке, қызыңыз бойжетіпті. Мұсылман заңын білесіз. Менің әйелім жоқ… Сөзімнің төркінін түсініп отырған шығарсыз?» – деп бір тоқтады. Оны басқа «дінбауырлары» қолдап жатыр. Сәуледе үн жоқ. Айым кіріп-шығып, қонақтарға қызмет көрсетіп жүр. Ол бұлардың бөтен ойынан бейхабар.
Сол кештен кейін Бақытбек түсін жылытпай қойды. Ертесі кешке әйелі мен қызын оңаша шақырып, бар ойын жайып салды. Айымды кешегі қырма сақалды жігітке күйеуге беретінін, кешкі оқуға ауыстыратынын қадап айтты. Олардың пікірінің ескерілмейтінін әңгіменің басында-ақ кесіп тастаған…
Айым түнімен жылап шықты. Ертесі үйге әлгі сақалды жігіттер жиналды да, жас қыздың некесін қиып, өзінен екі мүшел үлкен кісіге ұзатты да жіберді. Ұзатты деген сөз ғана, қызды еркінен тыс берді. Бұл жылап-сықтап құрбысына қоңырау шалып еді, ол үнсіз тыңдады. Мұны жұбатқан да жоқ.
Тағдырлас құрбы
Айым күйеуге шығып кеткен соң, бұл хабар көрші-қоламға, туыс-туғанға тез таралды. Тіпті ол оқитын мектепке де жетті. Кешкі оқуға ауысқан соң, оны сыныптастары – Жансая бар бірнеше қыз іздеп келіп, әңгімелесіп, көңілін көтеріп қайтты. Бұрынғы оттай жанған айдай Айым жоқ: ол мүлде басқа жанға айналып кеткен.
Айымның аяқ астынан бүлінген тағдырын көрген Жансая қалың ойдан арыла алмайтын болды. Бір күні мұны да әкесі өзінен үлкен шалға бере салмасына кім кепіл?! Бұл соны ойлап, түн ұйқысы төртке бөлінеді. Өз тағдырын өзі жазбаса, Айымның аяғын құшатынын анық сезді. Содан әлеуметтік желі арқылы жас жігіттермен танысып, әке-шешесінен бұрын қамданып қалуға бекінген. Өзі сүйген жігітке күйеуге шығамын десе, ешкім қарсы келмес.
Жансая «көктен іздегенін жерден тапты». Әлеуметтік желі арқылы өзінен 9 жас үлкен, кескін-келбеті келісті жігітпен танысады. Айдос та намазхан болып шықты. Сөйтіп, жастардың «онлайн махаббаты» ғарыштық жылдамдықпен дамиды. Бірінші күні танысты. Екінші күні кездесті. Үшіншісі күні Айдос бұған өлердей ғашық болғанын, онымен некесін қиғысы келетінін айтты. «Іздегенге сұраған» – деген міне, осы! Жансая да қарсы еместігін сездірді. Сөйтіп, арада небары он шақты күн өткенде, бұлар үйленетін болып шешім қабылдады. Жансаяның 16-ға енді ғана толғанын, кәмелетке жетпей заң бойынша күйеуге шығуға болмайтынын ескерткен күйеу жігіт бұл некені ешкімнің білмегенін қалады. Сөйтіп, бір күні ол «дінбауырларын» шақырып, екі жас Атыраудағы бір қонақүйде оңаша неке қияды. Жастардың «ұрлық некесі» ертесі тағы да сол қонақүйде жалғасты. Қыз үйінен сабаққа кетемін деп шығып жүрген. 4-күні оны мұғалімдері іздеп, қыздың ата-анасына қоңырау шалады.
Оқиға осы тұсқа келгенде қырсыққа шалынды. Қыздың әке-шешесі Жансаядан болған мән-жайды сұрап біледі. Ол бәрін жайып салды. Айдоспен болған некенің себебін түсіндірді. «Сіздер мені өз еркімнен тыс бір шалға бере сала ма деп қорықтым. Айымның басына түскен тағдыр қамыты менің де мойныма ажырғы сала ма деп ойладым» – дейді. «Содан өзіммен қатар жігіт тауып, сіздердің алдарыңыздан өтіп, некемді қиғым келді» – дейді. Мұны естіген Жансаяның әке-шешесі үнсіз күйінді. Қызғалдақтай қызының тағдырына өздері себепші болғанын білген ата-ана амалсыздан күйеу жігітпен кездеспекші болады.
Айдосты шақыртты. Ол телефонмен сөйлескенде, қайынжұртымен танысуға асығып отырғанын айтып, қызды әбден сендірді. Алматыдан әке-шешесін алып келетінін, қызды ұзатып алатынын айтты. Жансаяның ата-анасы жаңа күйеу жігітті, бейтаныс құдаларды күту үшін кәдімгідей дайындыққа кірісіп кеткен.
Арада 4-5 күн өтеді. Уәделі күн де жетті. Құдалар күйеу жігітті күтіп отыр. Үйге алыс-жақыннан туыс-туғанның бәрі келген. Жансая таңнан бері ұялы телефонын қолынан тастамады. Қайта-қайта қоңырау шалады. Айдостың кеше ғана қосылып тұрған байланысы өшіп жатыр. Бұған не болды? Бір жамандыққа ұрынып қалмаса болғаны дейді бала көңілі. Сол күні қыздың туыс-туғандары бейтаныс құдаларды кешке дейін күтіп, ренжіп қайтты.
Ертесі күні мұның алаяқтық әрекет екенін іштей сезген қыздың жақындары құзырлы орынға арыз жазды. Бірақ ол кезде Айдостың қарасы Атыраудан ғайып болған еді. Тек түн жарымында бейтаныс нөмірден «Сен талақсың. Сен талақсың. Сен талақсың» – деген хат алды.
Жауқазындай жайнап тұрған Жансая бір күнде гүлдей солды. Әке-шешесі де бармағын шайнап отыр. Қыздарының тағдырына өздері кінәлі. Оны екеуі де біледі. Бірақ тіс жарып айта алмайды.
P.S.
Атырауда болған осы екі оқиғаға қатысты қазір қылмыстық іс қозғалған. Бірақ одан не қайыр? Айдай толықсыған Айымның (Кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілген – ред) тағдыры анау: шалға қосақталды. Ал жауқазындай жайнаған Жансая өз өміріне өзі балта шапты. Әке-шешесінің үкімінен қорқамын деп, бір алаяқтың аранына түсті.
Айтпақшы, Айыммен некесін қиған қырықты қырқалаған жігіт ағасы да, Жансаяның жанына жара салған жас жігіт те салафизм ағымын ұстанатындар болып шықты.
Сіз не дейсіз?
Назерке ЖЕТПІСБАЙ, «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының теологы:
Алматылық жігіттің қуыршағына айналған қыз баламен он айдан бері жұмыс істеп келеміз. Бастапқыда кейіпкеріміз жалған жолдасын жақсы көріп қалған. Оның сөздері жүрегіне жақын тигені сонша, әлгі жігітті «әлемдегі ең жақын адамым» деп қабылдаған. Жат ағымның идеологиясына әбден уланған қыз баламен бірден тіл табысып жұмыс істеу оңай болмады. Десе де, қыз баланы бізге оның анасы алып келді. Қыз ол жігітті біраз уақыт күтумен жүрді. Кейін ол жігіттің отбасы бары анықталды. Уақыт өте келе қыз балаға әлгі жігітпен арадағы қиылған некенің шариғатқа сай келмейтіндігін де түсіндірдік. Қазіргі таңда кейіпкеріміз Атыраудағы колледждердің бірінде білім алып жатыр. Ата-анасына деген көзқарасы, қарым-қатынасы да жақсарды. Әбу Ханифа мәзһабына оралған сіңліміз алдағы өмірінен тек қана жақсылық күтеді.
Әсем КАБДЕЛОВА, Қатира Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің мұғалімі:
Қыз балаларға қатысты мұндай трагедиялық жағдай біінші рет орын алып тұрған жоқ. Кәмелет жасқа толмаған бір қыз баламен салафи жігіттің көлік ішінде неке қиып, кейін қыздың аяғы ауырлаған кезде оны тастап кеткен. Атырауда осындай оқиға да болған. Кейін сол жігіттің алты баласы бар еркек екендігі анықталды. Міне, бұл баланың қалыптасуына негізінен отбасы, қоғам және оның ортасы ықпал ететіндігін көрсетеді. Мектеп жасындағы балалар арасындағы мұндай жағдай негізінен отбасындағы тәрбиенің ақсауында жатыр. Қазір ата-ананы күн көріс қамы толғандырады. Несиені өтеудің соңында жүріп ата-ана бала тәрбиесіне назар аудармай жатады. Сондықтан, мектеп, оқу орындарында дінтанушы, теологтармен сұхбатты жиілетіп, учаскелік полицейлерді де іске жұмылдыру керек.
Жарас ШӨКЕ,
Баян Жанұзақова